1954-1968 жылдары Америкада Азаматтық құқықтар қозғалысы болды. Бұл – АҚШ-та талай ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқан қара нәсілдердің қарсылығы. Афроамерикалықтар онда заңды түрде төмен тапқа жатқызылатын. Олар қара нәсілді болғаны үшін ақ нәсілділермен тең білім алу, жоғары қызметке орналасу түгілі, қарапайым қоғамдық орындарда шеттетілді. Қара нәсілділерге ақ нәсілділермен бірдей театрды, мектепті, тіпті бір дәретхананы қолдануға рұқсат берілмейтін талаптар да болған. Осындай қисынсыз қағидаларға қарсы шыққан топтың басы-қасында жасөспірім Клодетт Колвин де бар еді.

 Клодетт КОЛВИН (Claudette COLVIN):

  • 15 жасында елдегі жүйеге қарсы шыққан;
  • Автобуста құқығын талап еткені үшін қамауға алынған;
  • Бүтін бір құрлықтағы заңды өзгертуге бастамашы болған афроамерикалық.

Өзіңе сену – ең үлкен күш

 Клодетт Алабама штатының астанасы Монтгомериде (Montgomery) 1939 жылдың 5 қыркүйегінде туған. Ол қаланың қара нәсілділерге арналған кедей ауданында өсті. Мектепте алғыр оқушы болды, әрдайым алда жүрді. Себебі ол терісінің түсіне қарап қоғамнан аластататын, құқықтарын шектейтін жүйе мен заңдары бар елде өз күшіне ғана сену керегін бала кезден түсінді. Сабақты ынта-ықыласпен оқыды. Белсенді болды. 1900 жылы негізі қаланған Түрлі-түсті адамдарды дамыту ұлттық қауымдастығына (NAACP – National Association for the Advancement of Colored People) мүше болды.

Қайсар қара қыз қара нәсілділерге арналған Букер Талиаферро Уашингтон атындағы жоғарғы мектепте оқыды. Бұл да бекер емес, Букер Талиаферро Уашингтон – афроамерикалық қоғамда көшбасшы болған, бірнеше президентке кеңесшілік еткен, құлдардың ішінен шығып бас болған жан. Байқасаңыз, қара нәсілділер оқитын мектептерге де өздерін ақсүйек санайтын ақ нәсілділердің есімі берілмеген. Бұл қара нәсілділерге қатысты қорлықтың кейіпкеріміз өміріне дейін де нешеме жыл жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Клодетт мектебіне қоғамдық көлікпен қатынайтын. Себебі сол кездері ақ нәсілді қатарластары мен сыныптастарының ата-аналарында бар жеке машина оның әке-шешесінде болмады.

«Біз сатып алғымыз келген киімді өлшеп көре алмаймыз»

1955 жылдың 2 наурызы. Ол әдеттегідей автобусқа мінуге аптығып келе жатты. Асығып кіре сала дереу қоғамдық көлік ішіндегі арнайы қара нәсілділерге бөліп қойған орынға жайғасты. Артынша ақ нәсілді жолаушылар автобусқа міне бастады. Сол заманда қоғамдық көлікте ақ нәсілділерге орын жетпей қалса, автобустың артқы бөлігіндегі қара нәсілділер орнын босатып беруге міндетті болатын. Кенет ақ нәсілді әйел мінді. Көлік жүргізуші Клодетт пен оның қатарында отырғандарға 3-4 адамдық кең орынды әлгі ақ нәсілді жолаушының жалғыз өзіне босатып беруді бұйырды. Кейіпкеріміздің жанындағы 3 қыз бірден орындықтан тұрды. Бірақ Клодетт пен оның жанындағы жүкті әйел орын босатудан бас тартты. Өйткені олар онсыз да қара нәсілділерге бөлінген артқы орындықта отыр еді.

Жүргізуші Клодеттке автобустың айнасынан қарап: «Who is it?», яғни «Мынау не өзі?»  деп зіркілдеді. Кейіпкеріміз жүргізушінің дәл осы сөзіне қатты намыстанды. Себебі ол адамға «it – не» деп зат ретінде қарап, ашықтан-ашық кемсітті. Содан қара қыз да қасарысып, қозғалмай қойды. Өзінің қажетті аялдамасына жетпейінше, орнынан тұрмайтынын ашып айтты. Сонда көлік жүргізуші: «Сен орныңнан тұрмасаң, мен полиция шақырамын!» – деп жекірді. Бірақ Клодетт қатқан қазықтай отырған орнында қатып қалды. Сәлден соң полиция да келді. Екі бірдей тәртіп сақшысын көргенде артқы орындықтағы қара нәсілді ер адам Клодеттің жанындағы аяғы ауыр әйелдің жылжуы үшін қимылдай жөнелді. Бірақ қара қыз қозғалмады. Сол себепті қос полицей Клодетті еркінен тыс автобустан сүйреп шығарып, қолына кісен тағып, қамауға алды. Қарсылық кезінде К.Колвин дәл сол күні мектеп газетіне қара нәсілділердің киім дүкендеріндегі қарапайым киім өлшейтін бөлмелерді пайдалана алмайтынын жазған мақаласын есіне түсірді. Жергілікті тұрпайы дәстүр туралы жеткізген ол: «Біз сатып алғымыз келген киімді өлшеп, шақтап көре алмаймыз. Аяқкиім сатып алу үшін қоңыр түсті пакетке өз аяғыңның схемасын сызып баруың керек», – дейді.

«Менің конституциялық құқығым бұзылды!»

The Rev. Martin Luther King, integration leader, addresses a crowd on a street in Lakeview, New York May 12, 1965. The Nobel Prize winner arrived in the day from Atlanta, Ga., for a whirlwind tour of Nassau County to advance the cause of African Americans in that area. (AP Photo)

Оның автобустағы әрекетін мектептегі кейбір оқушылар құптаса, кей құрдастары ессіздік, ақымақтық деп қабылдады. Өйткені қаншама жылдан бері қалыптасып қалған көзқарасты, тіпті заңды өзгерту олар үшін мүмкін емес жағдай еді. Ал автобустағы оғиғаның куәгері, Клодеттің сыныптасы Энни Ларкинс Прайс  естелігінде:

  • Есімде, автобус лық толы болды. Артқы айнадан жүргізушінің оған қалай бұйырғанын көзіммен көрдім. Клодетт жекірген жүргізушіге: «Бұл – менің конституциялық құқығым!» деп, ал полицейлер алып бара жатқанда: «Менің конституциялық құқығым бұзылды!» деп айғайлады», – дейді.

Клодеттің сыныптастары автобустан түсе сала оның үйіне жүгіріп, кейіпкеріміздің анасы қызметші болып істейтін үйге қоңырау соққан. Анасы Клодеттің көлігі бар тәрбиеші-пасторы (Pastor – шіркеу қызметкері) Х.Джонсонды ертіп, полиция бөлімшесіне тартты. Ал сыныптастары Клодеттің кішкентай бауырларына қарап қалды.

Америкалық балалар мен жасөспірімдер жазушысы Филип Хуз «Клодетт Колвин» атты кітап жазған. Сол еңбекте кейіпкеріміз автобустағы жағдайдан кейінгі жайтты былай баяндайды:

  • Мамам мені темір тордың ішінде көрген кезде қатты жыладым. Оның да көңілі босады. Ол маған ұрыспады, айғайламады да. Жай ғана «Клодетт, бәрі дұрыс па?» деп сұрады.  Содан соң қасиетті Джонсон маған көмектесіп, біз үйге қайттық. Үйге жетемін дегенше жұрттың бәрі автобустағы оқиғадан хабардар болып алыпты. Көршілерім жер-жебіріме жетіп, тіпті мені өлтіргісі келді. Бірақ мен өзімді бақытты сезіндім, көңіліме мақтаныш ұялады. Өйткені мен қаншама ересек адамның қолынан келмегенін істей алдым! Түрмеден үйге келе жатқан жолда қасиетті Джонсон маған: «Клодетт, мен сенімен мақтанамын! Әр адам Құдайдан өзіне еркіндік сұрап құлшылық қылады. Біз бәріміз жалбарынамыз, тек жалбарынамыз. Бірақ сен бізден басқашасың. Құлшылығыңның жауабын ертеңіне алуды қаладың. Сен тап қазір Монтгомериде революцияны бастадың, алып келдің», деді. Мен осы сөзін ешқашан ұмытпаймын. 

Жыл бойғы күрестің жемісі

Осыдан соң кейіпкеріміз соттасумен жүрді. Өйткені оған полицейлердің жалған жаласы кесірінен бір басына 3 айып тағылған еді. Клодетт белсенділігін тоқтатпай, өзі секілді құқығы тапталған қара нәсілділермен бірікті. Соның нәтижесінде оның дауысы да, күші де күшейе түсті. 1956 жылдың ақпанында Клодетт тағы 3 адаммен (Аврелия Браудер, Сьюзи МакДональд және Мэри Луиза Смит) бірігіп, конституциялық құқығының тапталғанына шағымданып, өз аймағындағы сотқа арыз тастады. Сот ісі баяғыдан ұзақ жүреді, әлбетте беріле салмайтын айыпталушы болса, сот отырыстарының кейінге шегеріле беретіні бар. Сол секілді Клодеттің жақтастарымен бірге шағымданған арызы да бірнеше рет сотта қаралды. Жанетта Риз есімді азамат жоғарыдағы талапкер төрттіктің бесіншісі болған. Бірақ ақ нәсілділер қауымдастығының қорқытқанынан өтірік мәлімдеме жасап, қатардан шығып қалды. Тіпті сотқа да келмеді. Талапкерлер ішіндегі бір адамның теріс мәлімдемесі әсер етіп, аудандық сот 1956 жылдың 5 маусымында автобустағы қара нәсілділердің қарсылығын Конституцияға қайшы қып шығарды.

Төрт талапкер сонда да берілмеуге бел буды. Оның үстіне штаттағы түрлі қалаларда осы оқиғаны естіген қара нәсілділер көтеріле бастаған-ды. Сондықтан олардың арыз-талабын қанағаттандыру мақсатында облыстың және Алабама штатының соты шағымды АҚШ-тың Жоғарғы сотына жолдады. Апелляциялық сот (Белгілі бір шығарылған шешімге қарсы шыққанда, азамат тағы бір қарауға өтініш бере алады. Мысалы, оқуға тапсырғанда комиссияның шешіміне талапкердің көңілі толмаса, апелляцияға беруіне болады. Сол секілді сот ісінде де облыстық деңгейдегі соттың шешіміне келіспеген жағдайда Жоғарғы сотқа шағымданады – А.Ш.) арадағы жарты жылға жуық күрестің қорытындысында 1956 жылдың 13 қараша күні қоғамдық көлікте жолаушыларды нәсіліне қарай бөлмеуге бұйрық шығарды.

Табандылық – жеңіске жетелейтін жол

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның жалғыз тұяғы (ұрпағы), жазушы Челси Клинтон «Ол табандылық танытты» (She persisted) атты кітабына Клодетті кейіпкер еткен. Кітапта Ч.Клинтон кейіпкері туралы: «15 жасар Клодетт Колвинді Монтгомери, Алабамадағы мектебінен үйіне қайтып келе жатқан автобуста бар болғаны афроамерикалық болғаны үшін ақ нәсілді әйелге орнын босатып беру бұйрығы күтіп тұрды. Ол орнын босатуға қарсылығымен табандылық танытып, 9 ай өткенде Роза Парксты (Rosa Parks) дәл қазіргі Азаматтық құқықтар қозғалысының бағытын көрсететін көптеген әрекеттер сынды таңдау жасауға шабыттандырды», – деп жазды.  Иә, Роза Паркс жоғарыда жазылғандай, «Монтгомери автобус бойкот» (Montgomery bus boycott) деп аталған Азаматтық құқықтар қозғалысының бастаушысы, азаматтық белсенді болды. 15 жасар жасөспірім бастап, қалған қара нәсілді белсенділер қостаған қарсылық ақыры елдегі жүйені, тіпті заңды өзгертті. Әрине, бұл оңай болған жоқ, нақ осы Азаматтық құқықтар қозғалысы да 15 жылдай жүрді. Өйткені нәсіліне қарай бөлу, шеттету тек автобуста ғана болмайтын. Қоғамдық жердің бәрінде бар еді. Соның барлығын жою оңай болмады. Әйткенмен, табандылық – талайды жеңіске жетелеген жол.

Сол жүйе мен заңның, бүтін бір құрлықтағы көзқарастың өзгергені арқасында қара нәсілді адам АҚШ тарихында алғаш рет президент болды. Американың 44-президенті, қара нәсілді Барак Обама президенттік мандатын қолға алған кездегі бір сөзінде: «Мен сол белсенділер болмағанда, осы жерде тұрмас едім», –деді.

Сөз соңында кейіпкеріміздің кең таралған афоризмдерін ұсынамыз:

  • Мен жай ғана орнымнан қозғала алмадым. Тарих мені орындыққа желімдеп тастады (Балалар бұл сөзді мұғалімдерімен немесе ата-анасымен бірге талқылайды деп үміттенеміз. Десе де, бір ауыз түсіндіре кетейік. Клодетт осы ойы арқылы өз әрекетімен тарихты жасағанын жеткізіп тұрА.Ш.).
  • Мен жасөспірім ретінде осы жағдайда ересектер неге бір нәрсе айтпайды екен деп ойладым. Олар біздің бөлуді қаламайтынымызды біледі ғой? Мен әділетке жетудің жеңіл жолы жоқ екенін түсіндім және қазір де солай екенін білемін. Сіз оны әсірелеп, боямалай алмайсыз. Бар болғаны орныңыздан тұрып, «Бұл әділдікке жатпайды!» деп айтуға тиіссіз.
  • Меніңше, Құдай барлық адамды жақсы көреді. Неге ол бізді ғана жамандыққа қияды?!
  • Ол (ақ нәсілді әйел) бізбен бір қатарда отырғысы келмеді, себебі бұл біз соның өзіндей жақсы адам екенімізді көрсетіп қояр еді.

Айтпақшы, кейіпкеріміз әлі де сол өзі өскен мекенде тұрады. Алдағы қыркүйекте 81 жасын тойламақ.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

“Ұлан” газеті, №19

Мақалада пайдаланылған материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден оқи аласыздар:

https://en.wikipedia.org/wiki/Claudette_Colvin

https://www.biography.com/activist/claudette-colvin

https://www.npr.org/2009/03/15/101719889/before-rosa-parks-there-was-claudette-colvin

https://en.wikipedia.org/wiki/Civil_rights_movement

https://en.wikipedia.org/wiki/Browder_v._Gayle

https://www.youtube.com/watch?v=vCkjB8edydU

https://en.wikipedia.org/wiki/Rosa_Parks

https://www.azquotes.com/author/49944-Claudette_Colvin

https://sites.google.com/a/students.ankenyschools.org/claudette-colvin/poems-and-quotes/quotes

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз