Экология мәселесі – кез келген адамның жауапкершілігі. Қоршаған ортаның ластануына сіз бен біз тікелей себепкерміз. Ал экосауат әдеттерін күнделікті өмірге қалай енгіземіз? Экобелсенді болудың ерекшеліктері қандай? 21 күнде экобелсенді болуды қалай үйренеміз? Мен сіздерге тәжірибемді айтпақпын.  

Бір жыл бұрын 9 сәуір күні әдеттегідей әлеуметтік желіде отыр едім. Америка елшілігінің парақшасындағы #21daysofgreen челленджін байқап қалдым. Қатысуға ниеттендім. 21 күн челлендж тапсырмаларын орындап, кейін бұл әрекеттерді күнделікті өмірде пайдалана бастадым. Экоөмір сүріп жүргеніме бір жылдың жүзі болыпты. Сіздерге орындаған тапсырмаларым туралы айтып қана қоймай, мұндайдың күнделікті өмірде іске асуын тілеймін. Айтпақшы, неге 21 күн десеңіздер, кез келген әдетті қалыптастыру үшін 21 күн қажет екен. Егер үзбей әрі ынталы орындасаңыз, жақсы әдет қалыптастырасыз.

Бірінші күні қоқыс журналын жазуды бастаңыз! Күнделік жазуды әдетке айналдырған адамдар үшін қоқыс журналын жазу аса қиындық келтірмейді. Күні бойы тастаған барлық қоқысты оның мөлшеріне қарамай, тізімін жасаңыз. Қоқыс журналына мән берсеңіз, күнде қанша қоқыстың пайда болуына себепкер екеніңізге көзіңіз жетеді. Кейін барынша қоқыссыз өмір сүруге, яғни қоқысты қайта өңдеу үшін маркировкаларын жаттап, таза өмір сүруге тез бейімделесіз.

Екінші күні істейтін әрекетіңіз – дүкенге немесе базарға барсаңыз, жаңа қоржын немесе целлофан сатып алғанша, матадан тігілген экодорба алып бару. Бұл өте баяу шіритін полителен пакеттің азаюына сіздің тигізер үлесіңіз. Қазіргі таңда экодорбалармен қатар, арнайы жеміс-жидек, көкөністер салатын тор дорбалар бар. Дүкенге барып келген соң, жуып, кептіріп, қайтадан пайдалана бересіз. Бұл әдетті барлық адам игерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Айтпақшы, сауда үйлерінен гөрі базарда жеміс-жидектерді сатып алған жөн. Дүкенде олар полиэтилен қаптамада оралып тұруы мүмкін. Ал базарда дорбаңызға емін-еркін таңдап тұрып сатып ала аласыз. Бағасы тиімді әрі елдегі ішкі кәсіптің дамуына да үлесіңізді қосасыз. Бұл үшінші күні игеретін әдетіңіз болсын!

Төртінші күні киіміңізді кір жуатын машинада суық сумен жуып көріңіз. Иә, суық сумен. Өйткені ыстық су электр қуатының көп жұмсалуына себепкер болады. Ал кейбір киімдерді суық сумен жуға болатынын ескертеміз. Сонымен қатар, кір жуатын ұнтақтың қаптамасы неғұрлым көлемді болса, соғұрлым ол ұзаққа жетеді. Қалтаңызды жиі қақпайды.

Бесінші күн шығармашылыққа толы болсын. Кейбір маркировкасы бар пластиктер қайта өңелмейді. Оған тетрапакет, химиялық өнімдердің құтылары жатады. Бірақ оларға жаңа өмір сыйлап, үйіңізге қажет киім ілгіш немесе пластик бөтелкеден қаламсап қоятын құты жасауыңызға болады. Бұл әр адамның шығармашылық фантазиясына байланысты.

Алтыншы күні етсіз тамақтанып көріңіз. Иә, «жесең тісіңе кіретін, жемесең түсіңе кіретін» еттен бас тарту қазақтар үшін сәл қиынырақ болар. Бірақ бір күн көкөністермен тамақтану арқылы қаншама малдың өмірін сақтап қаласыз әрі ағзаңызды пайдалы дәрумендермен байытасыз.

Жетінші күн – электровампирлермен майдан. Үйден шығарда ток көзінен барлық құрылғыны суырыңыз. Бұл әдет электр қуатын үнемдеуге және қауіпсіздікке жауап береді.

Бір аптаның мерзімі, яғни жетінші күні өзіңізге есеп беріңіз. Бұл әдеттер өміріңізге енсе, сіз – қаһармансыз! Экологияның бұзылуы туралы дабыл қаққанша, әрекетпен көрсете білейік! Иә, бастапқы кезде бұл әрекеттерді жасау, яғни бірден экобелсенді болу мүмкін емес. Бірақ алдымен өзіңізге, кейін айналадағы адамдарға әсер ете бастағанда, ерекше сезімге бөленесіз!

Келесі аптаның 7 экотапсырмасын орындауға дайынсыздар ма?

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №19
12 мамыр 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз