Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Диана Сәлімгереева мен Даяна Булатбекова Оңтүстік Кореядағы әлемнің үздік 10 университеті қатарындағы Ульсан Ұлттық ғылым және техника  университетінің (UNIST) білім грантына ие болды. Ұлттық университеттің ерекшелігі – шетелдік студенттерге арналған ақылы бөлім жоқ. Үміткер міндетті түрде грант иегері болуы керек. Білім ошағы 2007 жылы ашылған. Кореяның «өндіріс ошағы» атанған Ульсан қаласында орналасқан. Бұл қалада әлемге әйгілі Hyundai Motors, Heavy Industries, SK Energy зауыттары жұмыс істейді. Қос талапкерді жеңісімен құттықтап, әңгімелескен едік.

Ұлан: Қыздар, грант құтты болсын! Жарайсыздар! Шетелде оқуды қашаннан бастап жоспарладыңыздар?

Даяна: Диана екеуміз бір сыныпта оқимыз. Оңтүстік Кореяның Ұлттық ғылым және технологиялар университетіне (UNIST) толық грант ұтып алдық. Екеуміз де инженерия департаментіне түстік. Мен 2-курстан бастап, urban engineering (азаматтық құрылыс) мамандығын жалғастырамын. Оқуға қалай түскеніміз туралы нақты ештеңе айта алмаймыз. Себебі бәсеке өте жоғары болды. Қазақстан бойынша 18 оқушы шақырту алды. Нақты қандай критерий бойынша өткенімізді білмейміз. Бірақ біздің сабақ үлгеріміміз бен халықаралық тестілеу жүйесінің қорытындысы өте жақсы. Сабақтан тыс тереңдетілген қызметтегі жетістіктердің де әсері болды. Өзін-өзі басқару, еріктілік, олимпиадалар, жобалар, спорт және мотивациялық эссе де жоғары бағаланған деп болжап отырмыз.

Диана: Биология факультетін таңдадым. Бірінші жылы жалпылама сабақ оқимыз. Кейін биомедицина бойынша инженерияға ауысқым келеді. Кореяда бұл оқу бөлімі өте жақсы дамыған. Үздік факультеттердің қатарына кіреді. Даянаны толықтырғым келеді. Біздің жеке құжаттарымыз тіркелген портфолио да шешуші рөл атқарды. UNIST-ға түскен 18 оқушы SAT және IELTS емтихандарынан жоғары нәтиже көрсеткен мықты үміткерлер. Халықаралық олимпиада мен жарыстың жүлдегерлері. Жәутіков олимпиадасы, физика, химия, биология және математика пәндері бойынша республикалық олимпиаданың үздіктері бар.

Ұлан: Шетелде оқу үшін дайындықты неден бастаған жөн?

Диана: Алдымен нақты мақсат қою керек. Мамандық пен университетті де нақты шешіп алу керек. Оқушылар үшін қойылатын талаптарды мұқият оқыған жөн. Шетелге құжат тапсыру біздің елдегіден өзгеше. Сондықтан бәрін жоспар бойынша істеген дұрыс. Мектеп ұсынатын мүмкіндікті дұрыс пайдалануға кеңес беремін. Оқулықпен ғана шектелмей, қосымша мәліметтер іздеген дұрыс. Қосымша үйірмелерге жазылып, білім көкжиегіңізді кеңейткеніңіз жемісін береді.

Даяна: Мектепте оқып жүргенде шетелде оқуды армандасаң, 8-9-сыныпта-ақ дайындалу керек. 11-12-сыныпқа көшкенде оқу кезеңіндегі білім мен дағдыны жинақтап, мектепте белсенді болып, олимпиада мен жобалар байқауында бақ сынаған дұрыс. Өзінің мамандығымен байланысты пәндерді тереңнен зерттеген жөн. Шетелде оқуға мақсат қою арқылы өзіңіздің қай бағытқа жақын екеніңізді білесіз. Мамандығыңызға қызығушылық жоғарылаған сайын, жеке дағды мен академиялық дәрежеңіз көтеріледі. Өзіңізге сенім пайда болады. Кез келген жағдайға пікір білдіретіндей көзқарас пайда болады. Барлық мүмкіндікті пайдалану керек.

Ұлан: Сіздер тілді қалай үйрендіңіздер? Қандай лайфхак ұсынасыздар?

Диана: Даяна екеуміз де үш тілде еркін сөйлейміз. Болашақта корей тілін үйренуді жоспарлап отырмыз. Ол жақта халықтың көпшілігі ана тілінде сөйлейді. Автобус аялдамаларының атауларын, дәмхана, ас мәзірі және күнделікті өмірге қажетті сөздерді үйреніп алу керегін түсіндік. Өзімізге де қызық болып тұр. Ульсанда еркін жүру үшін жергілікті халықтың ана тілін үйрену міндетті. Әлеуметтік желідегі барлық жаңалықты ағылшын тілінде оқимын. Басқару тілін де ағылшыншаға өзгертіп тастадым. Түрлі видеолар көргенді жақсы көремін. Тілді үйренгенде сол тілде аудио тыңдау тез үйренуге көмектеседі. Тыңдалымды жақсартуға таптырмайтын әдіс.

Даяна: Ағылшын тіліміз Advanced деңгейде. 12-сыныпта IELTS тапсырдық. Менің нәтижем – 8,0, ал Диана 7,5 алды. Тіл үйрену адамның қалауына байланысты. Егер бір нәрсені қалайтын болсақ, еш қиындықсыз соған қол жеткіземіз. Кез келген тілдің бастапқы грамматикасы мен сөйлем құрылысын түсініп алу керек. Одан кейін сөздік қорды көбейтіп, жаттығуға болады. Ең маңыздысы тілдік орта болса, жаңа тілді меңгеру өте оңай.

Ұлан: Таңдаған мамандықтарыңыз туралы толық түсіндіріп берсеңіздер… Болашақта сұранысқа ие ме?

Даяна: Орта мектепте оқып жүргенде құрылыс саласына барғым келді. Қаланың инфрақұрылымы мен технологиясына, конструкциясына қатты қызығамын. Математика пәнін жақсы көремін. Жоғары сыныпқа келгенде физикаға жүйрік болдым. Жаратылыстану бағытына бүйрегім бұрып тұратыны рас. Инженерия саласын да сол үшін таңдадым. 10 жылдан кейін біздің мамандыққа сұраныс жоғары болатынына сенемін. Оқуымды бітіргеннен кейін, еліміздегі инфрақұрылымды дамытуға үлес қосамын. Еліміздің гүлденуіне себепкер болғым келеді.

Диана: Мектептегі барлық пәнді жақсы көремін. Бірақ биологияға қызығушылығым ерекше. Жыл сайын олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысамын. Маған биология-химия, математика, физика және түрлі жаратылыстану ғылымдарын біріктіріп оқыған ұнайды. Макро және микро деңгейдегі күрделі процесті зерттеген ұнайды. Болашақта биология саласындағы ғылыми қызметті дамытқым келеді. Елімізде ғылым саласының дамымай отырғаны жасырын емес.

Ұлан: Әңгімелеріңізге рақмет!

Еркежан ӘУЕСБЕКОВА,

О.Бөкей атындағы мектеп-лицейдің

11-сынып оқушысы.

Өскемен қаласы

Шығыс Қазақстан облысы.

«Ұлан» газеті, №19
12 мамыр 2020 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз