Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталатынын айтты. Төтенше жағдай режимінен кейін сабаққа барамыз ба? Биыл қорытынды аттестаттау емтиханы мен ҰБТ қалай өтеді? «Ұлан» Білім және ғылым министрлігінің ресми мәлімдемесінен осы сауалдарға жауап іздеп, түсіндіреді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 11 мамырдан кейін де оқушылар мен студенттер қашықтан оқуды жалғастыра беретінін айтты. Орта білім беретін оқу орындарында оқу жылы жоспарға сәйкес 25 мамырда аяқталады.

БЖБ мен ТЖБ тапсырамыз ба?

Төртінші тоқсанда тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) бір рет, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) бір рет болады. Бұл оқушылар мен ұстаздарға аса қиындық туғыза қоймайды дейді министр.

ТЖБ негізгі пәндер бойынша өтеді. Ал өзін-өзі тану, көркем еңбек, музыка, дене шынықтыру, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, графика және жобалау, қоғам және дін, алғашқы әскери дайындық сабақтарынан тоқсандық жиынтық бағалау болмайды.

Оқушы бақылау жұмысын үйде жазатын болғандықтан, мұғалім ТЖБ мен БЖБ тапсыратын күнді алдын ала белгілеп, оқушыларға хабарлауы керек. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларына БЖБ мен ТЖБ тапсыру кезінде уақытқа шектеу қойылмайды. Асхат Аймағамбетов жиынтық бағалауды қашықтан тапсыратын оқушыларға бастысы жақсы баға алу емес, берілген бағдарламаны жақсы меңгеріп шығу екенін айтты.

Қорытынды аттестаттау емтихандары болмайды

Әдетте 9-11 сынып бітіретіндер аттестат алу үшін емтихан тапсырады. Төтенше жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігі 9-сынып үшін қорытынды аттестаттау емтихандарын, ал 11-сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдады.

«Түлектер мемлекеттік емтихан тапсырмайды. Жылдық баға ағымдағы бағаларға қарап шығарылады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қазіргідей жағдайда ең әділ және оңтайлы шешім осы болмақ», – деді Асхат Аймағамбетов.

 ҰБТда IV тоқсанның сұрақтары болмайды

Әзірге ҰБТ тапсыру тәртібінде өзгеріс жоқ. Дәстүрлі форматта, тиісті уақытта өтеді деп жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда қосымша санитарлық шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.

ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер онлайн қабылданады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет емес. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштер 10 мамырға дейін ent2020.testcenter.kz сайтында қабылданады.

ҰБТ сұрақтары мектеп бағдарламасында оқылған негізгі тақырыптарды қамтиды. Оқу бағдарламасына сәйкес 11-сыныптың IV тоқсанда жаңа тақырыптар аз, көбі бұрын өткен тақырыптарды бекітуге арналған. Сондықтан Ұлттық тестілеу орталығы 2020 жылғы ҰБТ-да IV тоқсанның бағдарламасын қамтымайтынын мәлімдеді.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов: «ҰТО-ның сайтында сынама тесті тегін пайдалануға болады. Әрбір пән бойынша 70 нұсқа әзірленді. Карантин кезінде оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуына жағдай жасаймыз», – деп мәлімдеді.

Студенттер емтиханды қалай тапсырады?

ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО-да емтихан тапсыру мен дипломдық жұмыстарды қорғау бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірледі. Facebook-тегі тікелей эфирде ҚР Білім және ғылым вице-министрі емтихан мен диплом қорғау қалай өтетінін хабарлады.

1, 2, 3-курс студенттері емтиханды үш форматта тапсырады. Ал соңғы курстағы студенттер кешенді емтихан тапсырып, диплом жұмысын қорғауы керек. Емтиханды қай форматта өткізетінін әр ЖОО өзі таңдайды.

  • Емтиханды қашықтан тапсыру;
  • Пән бойынша бағаны ағымдағы бағаларының негізінде қою;
  • Емтихан тапсыру мерзімін шегеру. Бұл формат емтиханды кейін тапсыруға мүмкіндік береді.

Диплом қорғау мен кешенді емтихан қалай өтеді?

Карантиндік шектеулер алынбаса, диплом қашықтан қорғалады. Диплом жұмысын алдын ала қорғау ақпан-наурыз айында болғандықтан, негізгі жұмыстың көп бөлігі атқарылды.

Ал кешенді емтихан тапсыру үшін ЖОО мына үш әдістің бірін қолдана алады.

  • Кешенді емтиханды қашықтан тапсыру;
  • Жиынтық бағаны базалық пәндер бағасының негізінде қою;
  • Кешенді емтиханды жазға не күзге ауыстыру.

 Түлектер жаңа жүйеге дайын ба?

Дәстүрлі форматтан жаңа жүйеге көшу түлектерге қалай әсер етіп жатыр? Олар диплом жұмысын қалай жазып, ҰБТ, кешенді емтихан тапсыруға қалай дайындалып жатыр? Қашықтан оқу мен емтихан тапсырудың қандай тиімді-тиімсіз тұстары бар? Өздерінен сұрап білдік.

Алмас БОРИС, мектеп түлегі:

–Маған қашықтан оқу алғашында қиынға соқты. Біріншіден, үйге берілетін тапсырма көбейді. Бәрін өз бетіңше орындауың керек. Екіншіден, күнде гаджетке телміріп отыру денсаулыққа зиян. Үшіншіден, кейде интернет дұрыс болмай қалады. Бірақ ұстаздарыма алғысым шексіз. Бізбен әрдайым байланыста болуға тырысты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқандай, дәл қазір бұл әдіс тиімді ме, тиімсіз бе деп пікір таластыруға уақыт жоқ. Басқа салған соң, көндігіп, үйрену керек.

ҰБТ-ға да өзің дайындалатын болған соң, ыңғайлы тәсіл іздедім. Әртүрлі сайт, парақшалардан тест сұрақтарын қарап, онлайн сынақ тапсырып жүрмін. Төтенше жағдайдың бір пайдасы – уақытыңды басқаруға үйретеді. Бос уақытымда әдеби кітаптар оқып жүрмін.

Ең қиыны – өмір бойы армандаған соңғы қоңырауымыз соғылмай қалғаны. Мектептегі достарымды, қызық күндерімізді сағындым. Әр оқушы мектеп бітіру кешін, соңғы қоңырау салтанатын ерекше күтеді ғой. Бірақ, қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап, сақтық шараларын сақтап отыруымыз керек деп ойлаймын. Әлі-ақ әлем Covid-19 індетінен айығып, бақытты күнге қайта ораламыз деген үміттемін.

Жібек ОҢҒАРБЕК, АТУ түлегі:

4-курста емтиханды 2020 жылға дейін тапсырып тастадық. Жоспар бойынша өндірістік тәжірибені де наурызға дейін өтіп, есебін тапсырып үлгердік. Сондықтан оқу процесіне карантин режимі қатты әсер ете қоймады. Университет басшылығының шешімімен диплом жұмысының орнына 3 мемлекеттік емтихан тапсыратын болдық. Мен Алматы қаласында тұратындықтан, емтихан кезінде байланыс жақсы болды. Ереже бойынша емтихан кезінде студенттің веб камерасы мен микрофоны қосулы болуы керек. Бірақ кей студенттерде байланыс жағынан проблема болды. Егер байланыс үзіліп кетсе, емтихан нәтижесі күшін жояды немесе студентке қайта емтихан тапсыруға тура келеді. Сондықтан университет әкімшілігі интернеті жылдам құрылғыларды пайдалануға кеңес береді.

Еркежан ТҰРЛЫБЕКОВА, Нархоз университетінің түлегі:

Елдегі төтенше жағдай менің оқуыма қатты әсер етпеді. Соңғы курс болғандықтан пандемия кезінде диплом жазумен айналыстым. Университет басшылығы мемлекеттік емтихан болмайтынын хабарлады. Сондықтан бар күшімді диплом жұмысын жазуға салдым. Ағылшын тобында оқитындықтан дипломды ағылшын тілінде жаздым. Интернетте ағылшын тіліндегі ғылыми зерттеулер мен мәліметтер қоры қолжетімді. Сондықтан аса қиын болмады. Антиплагиатқа онлайн жүктейміз, дипломды да онлайн қорғаймыз. Екі тексеруші болады. Диплом жұмысын қорғаған соң олар саған сұрақ қояды. Диплом қорғау кезінде интернет желісі дұрыс жұмыс істеуін қадағалаңдар деп тапсырды.

Дайындаған Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №19
12 мамыр 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз