Елімізде төтенше жағдай мен карантин мерзімі жарияланғалы бері әр мамандықтың қадірін біліп, олардың жұмысын бағалай бастадық. Карантин кезінде дүкенге шықсам, аулада тұрғындар емін-еркін футбол ойнап жүр екен. Ал біздің жанымыздағы үш үйден коронавирус анықталып, подъездердің есігін сыртынан бекітіп тастаған. Қып-қызыл баннер де желімделген. Бірақ оны ескеріп жатқан тұрғындар жоқ. Кейбірі асыр салып ойнап, енді бірі балаларын арбаға салып алып серуендеп жүр. Яғни, төтенше жағдай мен карантиннің ережесін сақтамай, тәртіп бұзып жатыр. Егер бәріміз мектепке, университетке, жұмысқа бармай, бірақ аулада топтанып ойнап, серуендейтін болсақ, бұның несі карантин? Қатты ашуландым. Көріністі камераға түсірдім де, 102-ге қоңырау шалдым. Болған жайтты баяндадым. Диспетчер мекенжайды, аты-жөнімді нақтылап жазып алды. Бес-он минут өткенде бейтаныс нөмір қоңырау шалды. Учаскелік полиция екен. Шынын айтсам, қоңырауыма мұндай реакция күтпеген едім.

Күніне мен секілді қанша адам полицияға хабарласып, шағым айтады екен? Әркім әртүрлі жағдаймен хабарласады. Бір сәт учаскелік полицияның жұмысына үңіліп көрейікші. Бейбіт күннің тәртіп сақшысы, Отан қорғаушысы нағыз солар емес пе? Ендеше, оларды да тыңдайық.

Мерей Ахметов Нұр-Сұлтан қаласындағы Байқоңыр ауданының учаскелік полициясында қызмет етеді. Жоғары оқу орнын бітірген соң әскери борышын өтеп, ішкі істер органында қызмет етуге шешім қабылдайды. Бала кезде әр бала жәбір көрген адамдарға көмектесіп, қылмыскерді тұтқындап, полицияның рөлінде ойнап көреді емес пе? Мерей де кішкентай кезінен полиция кейпіне талай енген. Көрші полиция ағаның формасына қызыққан. Әскерден келген ағаларының киімін киіп, қолын шекесіне қойып, өскенде солар секілді Отан алдындағы борышын өтейтініне сенген. Сол үшін тезірек есейсем деп асыққан. Қазір бала кездегі ойыны шындыққа айналып, қоғамда тәртіп сақтауға үлесін қосып жүр.

«Бізге күніне 50-60 шағым түседі. Карантин басталғалы шағымданушылар бұрынғыдан әлдеқайда көбейді. Төтенше жағдай кезінде үйде жұмыс істемей жатқандықтан ішімдік ішіп, отбасында шу шығарып, көршілерінің мазасын алушылар көбейген. Қазір көршілерінің үстінен шағымданушы көп. Өйткені әдеттегідей емес, бәрі үйде болғандықтан көрші пәтерде, үйде не болып жатқаны анық естіледі. Бірі көрші үйдегі жәбірленушіге алаңдаса, енді бірі өз қауіпсіздігі үшін қорқады», – дейді тәртіп сақшысы.

Жай күндері ең жиі тіркелетін шағым да отбасылық жанжал екен. «Бізге түсетін шағымдар ұқсас. Мысалы, күйеуі мен әйелі жанжалдасады. Оған баласы ара түседі. Ақыр соңында 102-ге қоңырау шалады. 12-13 жасқа келіп қалған бала әкесінің анасымен жанжалдасып жатқанына қарап тұрмайды. Анасын қорғап, әкесіне қарсы шығады. Осындай кезде бала да таяқ жейді. Алайда отбасылық жанжалдың соңы көбіне өзара ымыраласумен бітеді. Ішкен күйеуі кешірім сұрайды, сосын ана мен бала кешіреді. Біз ескерту жасаумен шектелеміз», – дейді Мерей.

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік де жиі кездесетін шағымдардың бірі екен. Әлімжеттік, әсіресе, колледжде оқитындар арасында көп дейді. Көбіне 102-ге колледжде оқитын баланың анасы хабарласатын көрінеді. «Негізінен колледжге балалар жан-жақтан оқуға түседі. Жергілікті балалар шеттен келген балаларға әлімжеттік жасайды. Шәкіртақы түсер кезде белгілі бір соманы жинап беруді талап етеді. Айтқан сома жиналып тұрмаса, телефондарын ломбардқа өткіздіріп, әйтеуір ақша алып кетудің амалын жасайды. Телефоны жоқ, ұнжырғасы түсіп жүрген баланың жағдайын анасы бірінші байқайды. Жағдайын сұрап сөйлескенде, күші тасыған топтың баласына әлімжеттік жасағанын біледі. Сосын 102-ге қоңырау шалып, шағым түсіреді. Шағым бізге түскендіктен бірінші боп барамыз. Сосын кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторға тапсырамыз. Онда әлімжеттік жасаған баланы есепке алады. Есепке алынған бала үнемі бақылауда болады», – дейді.

Мерей балалардың кейде тым қатал болатынын әрі өтірік сөйлейтінін де жұмыс барысында жиі кездестіретінін айтады. «Бірде бөлімшеге 12 жасар баладан қоңырау түсті. Құқығының тапталғанын айтты. Бардық. Арызданып тұрған төрт бала екен. Шағым бойынша дүкен қожайыны оларды ұрған. Сөйтсек, мәселе басқаша болып шықты. Анықтағанымызда қожайын оларды ұрмаған. Дүкеннен арқасынан қағып шығарған. Ал балалар болса, бірнеше рет дүкенге зат алуға кірген кейіп танытып, ұрлық жасаған. Ол әрекет камераға түскен. Кіп-кішкентай балалардың осындай қулықты қайдан ойлап тауып шығарғанына таңғалдық. Сондықтан үйде ата-аналар балаларымен көбірек жұмыс істесе дейміз. Кішкентай кезінде осындай қулыққа барған бала есейгенде қандай адам болады? Сосын қазір ер баланың тәрбиесіне де алаңсыз аналар жауапты болатынын да жиі байқаймыз. Жоғарыда әлімжеттік жасалған балаларға анасы араша түспесе не болар еді? Сол әлімжеттікті жасап жүрген балалардың да ата-анасы бар. Неге олар үйінде балаға біреудің затын, ақшасын алып қою қылмыс екенін кішкентайынан бойына сіңіріп өсірмейді? Неге олар тек заң қызметкерлерінің алдына келгенде ғана баласының оғаш қылығын көріп ұялған болады? Түнгі 11-ден таңғы 6-ға дейін жасы он сегізге толмаған балалардың ата-ананың қарауынсыз көшеде жүруіне болмайтынын неге білмеген болып шығады? Мұның бәрі үйдегі тәрбиенің «жемісі» деп ойлаймын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Сондықтан ата-ана бір сәт баласының тәрбиесіне үңілсе. Қоғамда әділеттің орнауына әр отбасы жауапты. Заң қоғамның барлық өкіліне бірдей. Кішкентай қылмыс жасасаң да, соған лайықты жазасы болады», – дейді тәртіп сақшысы.

Ж.Аймаханқызы

“Ұлан” газеті, №18

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз