Ұлттық тестілеуге бір ай уақыт қалды. Төтенше жағдай кезінде уақыттың көп бөлігін дайындыққа арнадым. Бір күні Инстаграм желісінен елордадан ашылған «140+1» білім орталығының жарнамасына көзім түсті. Бизнеске құрылған орталық болар деп ойласам да, қоңырау шалып қызықтым. Қосымша білім беру мекемесінің көп артықшылығын білдім. Ұстаздардың білім беру әдісі де өзгеше. Қазақстандағы 3000-нан астам талапкерге бес күн қатарынан тегін марафон ұйымдастырды. Математикалық сауаттылық пәнінен қатыстым. Марафон жоспарында таңертеңгі жаттығу, ас ішу, әуен тыңдау, мотивациялық кино көру, негізгі сабақтар, үй тапсырмасы мен қатемен жұмыс та бар. Марафон аяқталған соң орталықтың негізін қалаған ұстаздармен әңгімелесіп, ой бөлістік. 

Бауыржан  ЖӘДІГЕРОВ, география пәнінің мұғалімі, куратор:

БІР ОТБАСЫНЫҢ МҮШЕСІМІЗ

Марафон ұйымдастыру Нұрбек, Нұрдәулет, Санжар ағайдың идеясы еді. Еліміздің жастарына қалай көмектесеміз, біз де қиын сәтте балаларға қолдау көрсетейік деген мақсаттан пайда болды. Марафон арқылы балалардың білімін жетілдіріп, өзіндік жүйе қалыптастырып, қорқыныштан арылуға көмектескіміз келді. Орталық  жақында ғана ашылды, әзірге ауыз толтырып айтатын жетістігіміз жоқ. Бірақ оқушыларымыздың білім деңгейі жоғары. Тестілеуден 136 балл жинаған оқушыларымыз бар. Бұл жер келушілерге ұнайды. Түлектерімізбен мақтанамыз.

Біздің орталықтың тағы бір ерекшелігі – ұстаздарымыздың біліктілігі мен білімінің мықтылығында. Біз бір отбасы мүшелері секілдіміз. Өйткені оқушылармен  аптаның барлық күнінде байланыста боламыз. Бізге аға-әпкесіндей қарайды. Біздің ұстаздар жалдамалы емес. Оқушылармен түңгі 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Қосымша білім беру орталығына барып дайындалған өте дұрыс. Орталықтан тек білім алып қоймай, достар табады. Болашағын өзгертетін қадам жасауы мүмкін. Өзіне мақсат қойып, өміріне сабақ алады. Жеке дайындалған өте қиын, біреу бағыт-бағдар бергені дұрыс. Адамға тек білімде ғана емес, өмірде де ұстаз керек.

Санжар БЕКБОЛАТОВ, физика-математика пәнінің мұғалімі:

ИНЖЕНЕР-МЕХАНИК МАМАНДЫҒЫНА СҰРАНЫС КӨП

Менің салам оқушылар үшін өте маңызды. Олар физика пәнінен формула жаттап қиналады. Біз формула жаттаудың ең оңай әдісін үйретеміз. Ең оңай жолы – практикада жаттау. Есепті шығару барысында формуланы бірге түсініп отыру керек. Есеп шығарған сайын формула да миға тез жатталады. Физика ғылымында жауабы жоқ сұрақ өте көп. Бірақ зерттеймін деген адамға, ғылымның жолы ашылатыны анық. Технологияның дамуына байланысты инженер-механиктерге сұраныс өте жоғары. Мысалы, атомдық физика мен кванттық физика бөлігінің  30-40%-ы ғана белгілі. Бұл – зерттелмеген деген сөз. Болашақ жас мамандар осыны ескерсе екен. Орталық бес күн бойы тегін мектеп түлектеріне марафон өткізіп жатыр. 3000-ға жуық оқушымен байланысқа шығып, әрқайсының үй жұмысын тексердік. Қатемен жұмыс жүргізіп, есептің шешу жолдарын түсіндірдік. Төтенше жағдайда талапкерлер де әбігерге түсті. Түрлі орталықтың жарнамасы қаптап кетті. Болашақта білім беру саласына үлес қосқымыз келеді. Бала оқығысы келіп, ізденіп сұрап жатса, әрқашанда жауап беруге дайынбыз.

Нұрдәулет БЕЙСЕНҒАЗИЕВ, тарих пәнінің мұғалімі:

НЕГІЗГІ БІЛІМ ОҚУЛЫҚТА

Мектептегі мұғалімдер тек оқулықпен шектелетіні белгілі. Түрлі жағдайға байланысты интернеттен оқулыққа қосымша мәліметі түсіндіре бермейді. Қосымша орталықтың бір пайдасы оқушылар тақырыпқа сай жаңа дүниелерді біледі. Сабақ берген кезде, тек ҰБТ-да келеді деген сұрақтармен шектелмеймін, тарихи оқиғалардың қалай орын алғанын, кім қайдан шықты, не үшін соғысты, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіремін. Егер оқушы оқиғаны түсінетін болса, бәрі де оңай болады. Оқушылардан «ертегі тыңдап отырғандаймыз» деген пікірді естіп, шабыттандым. Тарихымызды білу – бүгінгі ұрпақтың парызы, бұлжымас заңдылық. Елбасы  «Бізге тарих өткеннің қателіктерін қайталамау үшін қажет» дейді. Демек, біз дамыған ел болу үшін тарихымызды білу міндет.  Өткен тарих – болашаққа бағдар. Тарих дегеніміз – рухани байлық. Оқушылардың дені уақытша білім жинайды, оқиғаның реттілігін, тарихын білмей, тест нұсқаларын жаттайды. Бұл – мәңгілік азық болатын білім емес. Тестке келетін сұрақтардан гөрі, оқиғаның мән-жайын анықтап, зерттеген дұрыс. Сұрақ-жауап түрінде жаттауға болмайды. Негізгі білім – оқулықта. Түсінбеген жағдайда немесе тақырып қызық болса қосымша білім ресустарынан іздеген жөн.

Нұрбек ҚАНАЙ, математикалық сауаттылықтан тренер, орталық директоры:

                                ЖОҒАРЫ ҰПАЙ ЖИНАУДЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Мықты, тәжірибелі ұстаз көп. Бірақ солардың сабақтарын кейбір оқушылар түсінбей жатады. Ол жерде екі тарапты да кінәлау дұрыс емес. Бала дүниеге келгенде екі бағытта дамиды: гуманитарлық және жаратылыстану. Әр балаға өзінің ойлау деңгейінде түсіндіру керек. Мысалы, гуманитарлық бағыттағы оқушыларға қарапайым, әдеби тілмен сабақ түсіндіремін. Өмірде қандай болсам, сабақ беру тәсілім де сондай. Әзілмен, қоғамдағы күнделікті жағдаяттармен түсіндіремін.

Бала секілді ойлауға тырысамын. Алдымен оқушылардың деңгейіне түсіп, есептің қате нұсқасын көрсетемін, сосын қалай шығару керек екенін түсіндіремін. Бұдан шығатын нәтиже – қатемен жұмыс істеуді үйренеді. Есеп шығарған кезде, есептерді кезең-кезеңімен бастау керек. Оңай есептен бастап, сатылап қиын есептерге көтерілген дұрыс. Өйткені уақыттан ұтылып қаласыз. Бір есепке 10-15 минут арнауды дағдыға айналдырмау керек. Оңай есепті шығарғанда ми талшықтары қозғала бастайды. Жоғары ұпай жинаудың айтарлықтай құпиясы жоқ. Мен Амангелді атындағы жалпы орта мектепте оқыдым. Математикадан беретін ұстазым Бақытжан Байдаханов оқушыларға есеп шығаруды сатылап көрсететін. Ұстазымның сол берген сабағы менің өмірлік ұстанымыма айналды.

P.S. 10-сынып оқушылары, сендерге де жақсы жаңалық бар. «140+1» орталығы сендер үшін де тегін марафон өткізеді. Үлкен сынаққа дайындықты бүгіннен бастаңдар! Орталықтың  парақшасына кіріп, толық ақпаратпен таныса аласыздар.

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы облысы

Қаскелең қаласы.

“Ұлан” газеті, №18

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз