1077-полктің қолбасшысы жаңадан келген жауынгерлердің әрқайсымен жеке әңгімелесіп, мүкіндіктері мен ерекшеліктерін мұқият  зерделеді.

  • Иә, Әбдібеков, – деді қолбасшы. – Сіздің қандай іске ыңғайыңыз бар?
  • Мен, Төлеуғали Әбдібеков, мылтықты жақсы атамын. Мерген – аңшымын…
  • Қайдағы аңшы, сіздің құжаттарыңызда Оңтүстік Қазақстан өңірінен келген, кәсібі – мақташы деп жазылған ғой?!
  • Солайы, солай, жолдас командир. Бірақ менің туған жерім – Семей облысының Жарма ауданы. Әкем кәсіпқой аңшы, мені де соған баулыған…

Оңтүстік Қазақстанның әр түкпірінен жиналған жаңа жасақ құрамында Калинин майданына келіп түскендер арасында  бұрындары әскер қатарында болғандардың бірі Төлеуғали еді. Әскери қызметін сонау қиырдағы Хабаров аймағында өтеп қайтқаннан кейін өзі еңбек еткен «Пахта-Арал»  кеңшарына  қайтып оралып, мақта өсіру бригадасын басқаруын жалғастырған. Енді міне, дауыл алдындағы көлдей тұнып тұрған бейбіт те берекелі шақтың күл-талқаны шығып, «басы сайран дүниенің арты ойран» болып, неміс фашистерінің тұтқиылдан  шабуылы бүкіл халыққа терістіктен соққан желдей тиді емес пе?

…Командир Төлеуғалиға жиын соңынан өзіне келуді бұйырды. Ондағысы жауынгердің мергендігін іс жүзінде сынап көру екенін жас жігіт бірден түсінген еді. Өзінің сынақтан сүрінбей өтетініне Төлеуғали кәміл еді.

Оның бала кезіндегі азамат соғысынан кейін қазақ даласы, ауылдары үлкен қиындықтарды бастан өткеріп, түрлі ауру белең алып, ашаршылық дендеген шақтарда әкесі Насырхан күнкөру қамымен аңшылыққа ден қойған еді. Төлеуғали өсіп, ержеткенде әкесі оған нысанаға дәл тигізуді, аңдыған олжасын шыдамдылықпен қадағалауды, кез келген қиындыққа төтеп беруді үйрете бастаған. Сол кездің өзінде жақын маңдағы ауыл-аймақ «жас аңшы» атап кеткен Төлеуғалидың даңқ-дабыры дүйім жұртқа тарап кеткен болатын. Оның қанжығасындағы қомақты олжасы тіпті тәжірибелі деген сақа аңшылар мен ақсақалдардың өзін таң-тамаша қалдыратын.

Командир Төлеуғалиға көз ұшындағы қашықта тігілген консерві қалбырларын нұсқады.

  • Қане, мерген-аңшы, ана қалбырларды көріп тұрсың ба? Олар – қалбырлар емес, Отанымызға баса-көктеп  кірген фашизм жендеттері. Егер сол тұрған он «солдаттың» бірін қалдырмай  нысанаңа алсаң, мен саған оптикалық көздеуіші бар мылтық сыйлап, полктің мергендер тобына қосамын, – деді қолбасшы.

Қолына алған қарапайым мылтықпен он «фашистің» бірде-біреуін қалдырмай «сұлатып салған» жас жауынгердің сұрмергендігіне куә болған айнала жұрттың таңырқамасқа шарасы қалмады.

Командир уәдесінде тұрды. Төлеуғали оптикалық көздегіші бар мылтыққа да ие болды, полктің мергендер тобына да бірден қабылданды.

Майданның май алып тұрған шұғыл шағы. Айнала атыс-шабыс. Қарша бораған от пен оқ түгілі, оқыстан атылған мылтық дыбысын  естіп-білмей келген жасынмұрт жас балалар үшін бұл дегенің ғаламат үрей еді. Бірақ, олардың әрқайсының көкірегінде опасыз жауға деген шерменде кек бар болатын. Көзсіз ерлік көксегеніңе жеткізбейді. Ол кез – ұрысып жүріп – үйреніп, үйреніп жүріп – соғысатын сәт болатын.  Әр жүректі «Соңымда қалған ата-анам, елім-жерім» дейтін отаншылдық асқақ сезім билейтін. Жасы да, кәрісі де соған ұмтылатын. Әр көкейде сайрап тұрған соңғы үміт – «өзім кетсем де, елім мен  жерім жеңіске жетсін» деген ізгі ниет болатын.

Төлеуғали майданға кірген алғашқы күннен бастап-ақ Постольников деген орыс жігітімен достасып алды. Өзінен екі-үш жастай кішілігі болса да, оқ-дәрі иіскеп, қанды шайқастардың бел ортасында болып келгені айтқан әңгімесінен де, өңіріндегі «Ерлігі үшін»  медалінен де аңғарылып тұр. Сталинград  майданының сұрапылынан суарылып шыққан көрінеді.

  • Гриша, – дейді Төлеуғали. – Сен осы Өзбекстаннанмын дедің бе?
  • Иә, нағыз тоқ қала – Тошкеннің өзіненмін. Ал сен, Қазақстанның қай өңірінен боласың? Біресе Оңтүстік Қазақстаннан келдім дейсің, өзім Шығыс өңірінің қазағымын дейсің, сонда бір аяғың Шымкентте, бір аяғың Семейде – екі өңірдің арасында талтайып тұрғансың ба? –  деп, Григорий да қуақылана жымияды.
  • Ой-хой, ол дегенің ұзақ әңгіме. – Төлеуғали тыңдаушысының назарын өзіне қарай құлата бұрып алу үшін айтайын дегенін нығырлап, маңғаздана қалады. – Мен ауыл-аймақта азамат соғысының  белең алып тұрған кезінде  туған екенмін. Ол кезде қызылдар мен ақтардың отрядтары, қала берді қарапайым қарақшылар бірін-бірі алмастырып, ми-палауша араласып жатқан уақыт болса керек. Елдегі жұрт қайсысының ақ, қайсысына жақ боларын білмей, дел-сал күйге түскен шақ.

Блиндажда қамыс төсеніште қатар жатқан екеуінің әңгімесі таусылар емес. Қырғын ұрыстан сілесі қатып келген қаруластарына кедергі жасамауға тырысып, сыбырласа сөйлесіп жатқандары.

  • Ел де, жер де, ауыл да, адамдар да сұмдық қалжырады. Алғашқыда әкем екеуіміз дала-түзді, тау-тасты аралап, аңшылықпен күнелткенбіз. Келе-келе түз тағысының өзі сасқаны сайға, қашқаны қайда лаққаны белгісіз, бұрынғыдай емес, сирексіп кетті. Ауылдағы  халық та тоз-тоз болып, жан-жаққа бассауғалап жөнеп жатты. Менің әкем ғана туған топыраққа табан тіреп, тапжылмады. Бай-манаптар  түгілі, азын-аулақ тірлігі барлардың өзі сотталғаны сотталып, қатталғаны қатталып, қыбырласып-жыбырласып, кейбіреулері Сібір асып, арқа еті – арша, борбай еті – борша, кетеуі кетіп, байтал түгілі бас қайғы болып әбден әбіржіді.
  • Толян, сен сонда Семейден қалай Шымкент асып жүрсің?
  • Отыз екіде ашаршылық әбден асқындап кетті емес пе? Көшпенділердің күнкөрісі – мал-мүлкі талан-таражға салынған соң хал-ахуалы мүскінге айналды. Жиған-тергені бар, ауқатты дегендер айналасындағы жақын-жуық, туған-тумаларын ертіп алып шекарадан бел асып жатты. Ауыл адамдарының тұрмысы байлауға келсе де, күрмеуге келмейтін бейшаралыққа ұрынды. Мүлдем қауқары жоқтар аштан қырылып, қыбыр-жыбырға шамасы келетіндер өлместің күнін көруге көшті. Сол кезде мені Мақтааралда тұратын жұрағат өздеріне шақырды.
  • Сөйтіп, аңшыдан мақташыға айналдым десеңші?
  • Солайы солай. Тағдырдың тықсыруымен өз елімнің ішінде өзге өңірден бірақ шықтым.

***

Қан майдан соғыс күн өткен сайын күшіне ене бастады. Күн өткен сайын мергендер де жауды аңду өнерін  меңгере түсіп, оны алдап соғудың небір қитұрқы әдістерін игеруге итермеледі.

Биіктікті алу үшін болған шайқас бір аптадан астам уақытқа созылды. Осы аралықта Әбдібеков он тоғыз  неміс солдатын жер жастандырды. Ақыр соңында ержүрек панфиловшылар биіктікті өз иелігіне  икемдеген  болатын. Қарсыластардың қабырғасы қақырап, жүрегі жүлгіленіп-ақ қалды. Дегенмен, жау әскері қайтадан  қарсы шабуылды бастап кеп жіберді.

Осы жолғы шайқас Төлеуғали үшін оңайға соғайын деп тұрмаған сияқты. Өзі жатқан окопқа қарай жаудың жиырма бес жендеті ентелеп келеді. Олар – жиырма бес, Төлеуғали – жалғыз. Ажал алқымынан алайын деп тұр ма? Жоқ. Оңай олжа бола салатын адамың Төлеуғали  емес. Жаны қылыштың қырында, ұстараның жүзінде тұрса да, жақындап келе жатқан жауыздарды оң жамбасына ала жығылады. Сұрмерген көз жанарын оптикалық көздегішке жақындата берді. Әне, біреуі тіпті таяқ тастам жерге таяп қалыпты. Өзі – офицер. Мылтық шүріппесі сұқ саусақтың  ілмегіне икемделіп, сырт еткені сол еді, жаңағы жау офицері омбы қарды сүзген қалпы етпетінен жалп етті. Төлеуғалидың жанары көздегіштен ажырар емес. Тағы да бір жау солдаты қар құшты, тағы біреуі, тағы біреуі …

Төрт немістің жандары жаһаннамға кетті.

Жау әскері зәресі зәр түбіне кетіп, жанын қоярға жер таппай, абдырап-ақ қалды. Сасқан үйрек артымен сүңгиді дегендей, мергеннің қай тұстан қақпақылдай үйіріп отырғанын біле алмай қалай болса солай, оқ боратып, басқа-көзге қарамастан бұрқылдатып жатыр. Ал, сұрмерген болса, жау солдаттарын бірінен соң бірін аспай-саспай сұлатуда. Айтып-айтпай не керек, ақыр соңында немістер де мерген отырған тұсты аңдағандай болды. Енді олар жатқан  жерінен қозғалмай атысуға кірісті. Окоптың үстінен, Төлеуғалидың төбесінен құлағын шуылдатқан жау оғы қарша борауда. Атыс бірнеше минутқа созылды. Жалғыз мергенге оннан астам неміс солдаты оқ жаудырып жатыр. Әбдібеков оп-оңай беріле қойсын ба, жау әскерінің қатары да біртіндеп сирей берді.

Биіктіктің етегіне жиырма бес «фриц» жақындаған болатын. Енді қалғаны үш-ақ неміс. Жиырма үшінші жау солдатын Төлеуғали өз окобына 60 метр жақындағанда жайратты. Қалған екеуі жан сауғалап, қашып үлгерді.

Неміс әскерінің бір взводын жер жастандырған Әбдібеков биіктіктің қарсы қапталында жан алып-жан беріп, жаумен арпалысып жатқан қаруластарына жәрдем беруге ұмтылды. Ол жерде тағы да он екі немісті ажал құштырды.

Дәл осы бір күндік шайқас үстінде Төлеуғалидың жалғыз өзі 35 жау солдатын жер жастандырды. Оның ерлігі туралы хабар сол заматта-ақ Калинин майданының  аумағына ғана емес, одан тысқарыға да көзді ашып-жұмғанша тарап үлгерді.

Қазақта «палуанмен күреспе, күштімен тіреспе» деген сөз бар емес пе. Сұрмергеннің қанжығасына байланған «олжасы» ай санап емес, күн санап қомақтылана берді.

Холм қаласын жаудан азат ету шайқасының алғашқы күні-ақ Төлеуғали 17 фашисті жалғыз өзі жайратты. Екінші күні қарсы шабуылға шыққан неміс әскерін жау соққысынан қираған танк қалқасында отырып баудай түсірді. Олардың саны – елу сегіз. Үшінші күні майдан жүргізу тәсілі күрт өзгерді. Енді немістер қарсы шабуылға түнделетіп шығатын болды. Араларында  Әбдібеков те бар жауынгерлер тобы шеңберлі қорғанысқа көшті де, сан жағынан басымдығына қарамастан қарсыластарын қынадай қырды. Мерген қолынан жантәсілім болған жау әскерінің саны тағы да жиырма тоғызға артты.

1942 жылы желтоқсан  айында өткен 8-Гвардияшыл атқыштар двизиясында өткен мергендердің 2-слетінде берілген есеп бойынша аға сержант Төлеуғали Әбдібековтің  219 фашисті жер жастандырғаны туралы ресми  хабарланды.

Ал 1943 жылы Бүкілодақтық радио арқылы даңқты, ержүрек-мерген  Төлеуғали Әбдібеков туралы шындықты ұйымдастырылған арнайы хабар жалпақ елге жайып салды.

  • Толян, – дейді Гриша. – Даңқың мен дақпыртың жер-дүниеге жария. Басқасы басқа, саған Кеңестер Одағының Батыры деген  атақты неге бермейді осы?
  • Сен де қатырасың, Гриша. Неге екенін білмей отырған адамға ұқсап неге сұрайсың?

Екі жылдық майдан алаңында бір-бірін сүрінсе демеп, жығылса көтеріп, өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір төбеден табыламыз деп жүрген жан досының мына сауалына Төлеуғали шырт етіп, шамдана қалды:

  • Айналып кетейін, Гриша, менің өмірбаяндық анкетамда Кемелбай ағам 58-баппен айдалып кеткенін өз қолыммен жазғанымды көзіңмен көріп едің ғой?!
  • Сен де айтады екенсің, – дейді Григорий. – Сонда, Сталин жолдастың «Баласы әкесі үшін жауап бермейді» деген аталы сөзі қайда қалмақшы?
  • Оның бәрі жолда қалатын долбарлар. Әкеміз үшін емес, ағамыз үшін жағымызды айыра салады. Жалпы, өз басым атақ үшін емес, абырой үшін жанталасып жүрген адаммын.

Жағымды да жарасымды әңгімелермен қатар осындай «ырың-жырың» қағытпа екі достың  арасында анда-санда болса да, белең алып қалатын. Бірақ, ара жыртысу, бір-бірінен ауылын бөлек салу деген сұмдық болып көрген емес.

Сұрапыл соғыстың екі жарым жылы арасында көрген барлық құқайының ішіндегі Төлеуғалидың  жүрегіне өшпес жара салған күн – 1943 жылдың қаңтары болды.  Майдан алқабындағы жан досы  Григорий Николаевич Постольников  шырқыраған жанын қиып, сұм ажалға кеудесін тосты.

Дарылдаған жау қаруының өкпесінен өңмеңдей шыққан отты оқтың өрекпіген екпіні біздің жауынгерлердің бас көтеруіне ерік берер түрі көрінбейді. Отты қылыштай ышқынған оқ-жалыннан жамырай  құлап-сұлап жатқан қаруластарын көргенде от-жүрегі кеудесін кернеген Григорий  Постольников шұғыл шешімге келіп, жалын бүркіп тұрған дзот өңешіне қақпақтай кеудесімен ұмтылды. Амбразура тамағына сүйек тығылған төбеттей болып, үні бірден өшті. Есіл ер өр кеудесімен кесірдің алдына кесе-көлденең тұрды. Оқ-жауыннан бой көтере алмай жатқан жауынгерлер атойлап, алға  ұмтылды.

Мелихово деревнясы жаудан азат етілді. Қаншама бейбіт елдің, қаншалықты жауға шапқан жауынгердің жанын сақтап қалған Григорий Николаевич Постольников жиырма бес жасында  шыбын жанын пида етіп, шейіт болып  кете берді.

Осы ерлігі үшін Григорий Постольников І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Бір кем дүние! Жан досынан айрылған Төлеуғалидың жандүниесін жалын шарпыды. 1944 жылдың 23 қаңтарында зират басында тұрып: «Қыршын  кеткен майдандас досым, өз бауырың, қазақтың ұлы Төлеуғали, сенің  қасиетті қабіріңнің  басында өзің үшін  жаудан өш алуға ант етемін. Дәл бүгінгі күнге дейін дейін менің қолымнан 393 фашист ажал құшты. Алдағы шайқастарда бұл санды бірнеше есе арттырып, бір сен үшін ғана кек алуға ант етемін» деп ағынан жарылып, ағыл-тегіл болды.

Осы кездің өзінде қарсылас жақтың қарабеттері Төлеуғалиға «қара тажал»  деген дақпырт ат қойып алған болатын. «Қара тажал» орналасатын жерге аяқтарын аңдап басатын. Жататын жері қайда, ататын жері қайдан, біле алмай дай-далапайы шығатын.

Ал жан досынан қапыда айрылған күннен бастап «қара тажалдың»  қаскүнем жауға деген қаны мүлде қарайып алған болатын.

Мерген берген сертте  тұрды. 44-жылғы қысқы шабуылда алғы шептен ешкімге орын бермеді. Оның құралайды көзге атқан мергендігінен нысана тайқып көрген емес. Оның шепке шыққан әрбір сәті жаужүрекпіз деген дұшпанның өзінің шашын тік тұрғызатын. Немістің менмін деген небір мергендері қыр соңына түсіп аңдығанымен, Төлеуғали жалғыз өзі олардың қаншасын жайратып тастайтын.

Бұл өзі аңыз сияқты әңгіме болуы әбден мүмкін. «Қара тажалдың» адам таңғаларлық алапат тірліктерін көзімен көрген куәгерлердің сайда саны, қырда қыры қалмай бара жатқаны жүрегіңді жаралайды.

Тұп-тура, Гена досы бақилық болған, Кеңес әскерінің құрылған кезімен қат-қабат келген күні Төлеуғалидың жау мергеніне жекпе-жегі сайма-сай келе қалмасы бар ма. Дәл сол күні Төлеуғали жау жақтың мен деген бір мергенімен жеке-дара айқасқа түсе қалған еді. «Атар таңның өтінде жүрсең де, батар күннің бетінде жүрме» деген бар. Дәл сол күні Төлеуғалиға қатты суық тиіп, қызуы көтеріліп, науқастанғанына қарамастан, ет қызуымен қатты шайқасқа араласа қалғанын қарамайсың ба?! Ескі әдіспен еншісі өзіне бола қояды деп ойлаған. Осы жолы ойы іске аспады. Немісің де осал жау емес. Бір сәт оның алдын орап, алғашқы атыста атқан оғын Төлеуғалиға дәл тигізді. Жанды жеріне  жалп етіп тиген оттай ыстық оқ-жарадан есін бір сәт жоғалтып алғанымен, сұрмерген де есесін алуға шамасы жетіп, соңғы оғымен қарымталасын қармап үлгерді. Алайда, ажал келсе, «тажал» да қарсы тұра алмайды екен,  қансырап барып үзіліп жүре берді. Бұл даңқты мергеннің нысанасына ілінген 397-ші, ең соңғы қарсыласы  еді.

Төлеуғали Әбдібековтің мәйітіне осылайша, 1944 жылдың 23 ақпанында Калинин облысы, Ново-Сокольники ауданындағы Насва стансасының солтүстік-шығыс жағынан топырақ бұйырды.

Есіл ердің №2916 мергендік мылтығы өзінің үздік шәкірттерінің бірі, жас мерген, қатардағы гвардияшыл жауынгер Әшірәлі Оспанәлиевке тапсырылды. Жаужүрек шәкірт соғыста 128 неміс әскерін жер жастандырды. Оның ұстазынан мұраға алған мылтығы қазір Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұражайында сақтаулы.

Төлеуғали Әбдібековтің ерлігі атаусыз қалған жоқ, «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» ордендерімен, қара жер қойнына кеткен соң «І дәрежелі Отан соғысы», «Ленин» ордендерімен марапатталды.

Ол ешкімнен марапат сұраған емес. «Қарыздасып өлме, қарыздасып өлсең де, арыздасып өлме» деген ұстанымы да болған шығар. Отанын сүйді, Отаны үшін шыбын жанын қиды. Дивизия басшылығы бір емес, үш рет Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынғанда, бір ұсыныс та өтпеді-ау.  Сталин жолдастың «Баласы әкесі үшін жауап бермейді» деген дуалы сөзі қай жерден қағылып, қаңғып кеткенін жаратқан иеден өзге тірі жан білмейді.

Қанат  ҚАЙЫМ, жазушы  

“Ұлан” газеті, №18

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз