Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жарап тұр. Күні кеше осы мектептің оқушысы Сұлтанали Гарвардқа оқуға түсіп еді. Өткен аптада зияткерлік мектептің түлегі Айнұр Алкеева әлемнің 5 университетінен шақырту алғаны қуанышты еселеді. Жас талапкер biome­dical engineering маман­дығы бойынша Norwich University-дің (АҚШ) білім гран­ты­на ие болды. Жыл сайын әлемнің үздік 25 та­лап­­керін ғана қабылдай­тын Honors Program бағдарламасына тапсырған. Purdue University, The University of Arizona, University of Houston, Fisher College және Whitworth University де талапкердің  құжаттарын қабылдаған.

– Мектеп бітіруімізге санаулы уақыт қалды. Төтенше жағдайға қарамастан, онлайн оқу жүйесіне көштік. Жобалардан бөлек, үй тапсырмасын да күнделікті орындаймыз. Кітап оқимын. Шынымды айтсам, шетелде оқуды армандамадым. Маған әсер еткен – мектеп ұжымы. 7-сыныптан кейін мектепке қабылданған балалардың дені шетелде оқуды ойлайды. Мақсат қойып, армандайды. Алдыңғы буын түлектердің жетістігі – кейінгілерге үлгі. Мысалы, бір ғана Селимжанның жетістігін әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүреміз. Шетелге тапсыруды 11-сыныптан бастап ойлап, дайындала бастадым. Тәуекел еттім. Негізі 10-сыныптан бастап дайындалу керек. SAT пен IELTS тапсырдым. Америкалық жүйеге негізделген тест жүйесі. Бірнеше рет тапсыруға болады. SAT-ты жылына бес рет тапсыруға болады. Бірінші қадамың сәтсіз болса, екіншісіне жол ашық деген сөз. IELTS-ты үш апта немесе ай сайын тапсыруға болады. Шетелде оқудың басты артықшылығы – әлемді тану. Басқа мәдениет және өркениетпен танысу. Еліміздегі университеттер де мықты. Бірақ заман ағымына сай әлемдік деңгейдегі университеттің қабырғасында білім алудың мүмкіндігін қарастырған дұрыс. ҚБТУ, Назарбаев университетінде оқып жатқан студенттерді мақтан тұтамыз. Мамандығын дұрыс меңгеріп, болашақта жүзеге асырса еліміздің дамуына үлес қосар еді. Еліміздегі университеттерге практика жетпейді. Теория жақсы дамыған. Жалғыз КИМЭП-те ғана практика жақсы дамыған. Қарапайым студенттердің өндірістік іс-тәжірибесін ұйымдастырып, тауып беру – университеттің мойнында. Арнайы практиканың мәселесімен айналысатын орталық та ашылған. Түрлі жәрмеңке мен оқушыларға арналған ашық есік күнін өткізеді.

Шетел университеттерінің үлкен талабы – талапкердің қызығушылығына мән береді. Білімнен бөлек, сүйікті ісің болмаса – бәрі бос сөз деген. Оқуға түсу пен түспеуді анықтайтын соңғы қадам – жеке қызығушылық. Өте маңызды кезеңнің бірі. Менің де қатысқан олимпиадам көп. Орыс тіліне қатты қызығамын. Өткен жылы НЗМ мектептері арасында пәндік олимпиадада үшінші  орын алдым. Мектепішілік кезеңде екінші орын алдым. Hackathon ІТ өнімдерін жасайтын технологиялар жарасына қатыстым. Technovation бай­қауы­ның республикалық кезеңінің жеңім­пазымын. Әлемдік турдан сүріндік. ЮНЕСКО клубы кон­­ференциясының қатысушысымын. Қазақстандық сту­денттер арасындағы пі­кір-сайыс турнирлердің бір­неше дүр­кін фи­налисімін. Қа­зақстан БҰҰ-да во­лонтерлік қыз­мет­пен айна­лысамын. Сонымен бірге мек­­тептің өзін-өзі басқару жүйе­­сінің мүшесі, және NIS Paper мек­теп газетінің авторымын.  Exponental  Magazine жур­на­лының негізін қалаушылар­дың бірімін.

Қазір мені шақырған университеттерді таңдамадым. Тез арада шешуім керек. Таңдаған мамандығым  – biome­dical engineering. Денсаулық сақтау саласындағы барлық аппаратты жасайды. Мысалы, магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппаратын менің мамандығымның түлектері жасап шығарады. Протезді де медицина саласының инженерлері дайындайды. Әлемге керек мамандықтың бірі екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Біздің елде де медициналық инженерия енді дамып жатыр. 2018-2019 жылдары бағдарлама енгізіп, батыс өңірінен өндіріс ошағын салуды жоспарлады. Мен университетті бітірген кезде, бұл саланың жағдайы жақсы болады, – деп сенеді жас талап.

                                                                                      Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

“Ұлан” газеті, №18

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз