Дінмұхамед Алтынбекұлы – Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Жақында Италиядағы үздіктер қатарындағы Tor Vergata University оқу орнының грантын жеңіп алды. 1982 жылы іргетасы қаланған. Студенттер саны бойынша үшінші орын алады. Дінмұхамед университетке SAT, IELTS емтихандарынан жоғары нәтиже көрсетіп, ауызша емтихан тапсыру арқылы өтіпті. Сондай-ақ, Италиядағы Sapienza университетіне 100% және Ресейлік Экономика университетіне 70% білім грантын жеңіп алды. Тапсырған сынақтары туралы әңгімелеп берді.

– Шетелдік университеттер туралы интернеттен білемін. Маған Италиядағы Tor Vergata университеті ұнады. Барлық жағынан зерттедім. Ресейдегі жоғары экономика мектебіне де құжат жібердім. Sapienza университеті де – әлемнің үздік оқу орындарының бірі. Әлемнің үздік университетінде білім алуды армандадым. Университеnтің сайты арқылы өтінім беріп, құжат тапсырдым. Өтінім жарнасы 100 еуро. Өзім төледім. 10-12-сыныптың аттестат қағазын тіркеу міндеттелді. IELTS және SAT емтиханының нәтижелері де сұралады. IELTS-тың ұпайы 6.0-дан кем болмауы керек. SAT-тың ұпайы 1200-ден көп болуы керек. Италиядағы оқу орындары ауызша емтиханға мән береді. Мен университеттің оқытушыларымен сұқбаттастым. Ресейге түсу үшін онлайн тест тапсырдым. Үш университеттің де талаптары қиын. Жыл сайын мыңдаған түлектің тауы шағылып, үміті үзіледі екен. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік қана түсетінін түсіндім. Білімді талапкерлерді өздері таңдап алады. Италиядағы Tor Vergata университетін таңдадым. Ол жақтың зертханалары жақсы дамыған. Жаһандық басқару мен құрылыс инженериясы мамандығы бойынша білім алғым келеді. Ресейдегі жоғары мектепке халықаралық экономика факультетін таңдадым. Ағылшын тілі – әлемнің қақпасы. Міндетті түрде тіл үйрену керек. Оқуымды аяқтап, елге қызмет етуді армандаймын, – дейді Дінмұхамед.

Аяулым ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ұланның» жас тілшісі.

Ақтөбе қаласы

“Ұлан” газеті, №18

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз