Ерке Ерланқызы – қазақ халқының ертегілері мен түркі халықтарының мифологиясындағы образдарды Швеция еліне насихаттап, жұртшылықты тамсандырып жүрген қазақ қызы. Ол – суретші, иллюстратор-дизайнер. Алматыда туып-өскен. Бала кезінен сурет өнеріне қызығушылығы оянып, 5-сыныпта көркемсурет мектебіне барады. Т.Жүргенов атындағы колледждің кескіндеме факультетінде білім алып, кейіннен магистратурада дизайнерлік шеберлікті меңгерді. Туындыларының өзге суретшілерден айырмашылығы мен ерекшелігі өте көп. Композициялары қазақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнегімен көмкерілген. Әсіресе, жас қыз-келіншектердің образын шебер бейнелеп, киімдерін заманауи үлгіде сәндеген. Ерке сурет салу өнерінің құпиясын айтып берді.

Швецияға алғаш  саяхаттап барғанмын. Жергілікті халықтың мәдениетімен танысып, тарихи ескерткіштерін тамашалап, рухани мәдениетіне сүйсіндім. Швециялықтар өздерінің мифологиясы жайлы фильмдер түсіріп, жазушылар фантастикалық кітаптарды жиі жазады. Осылайша туристерге  мәдениетін насихаттауға ерекше мән берген. Мұндай мәдениетті көргенде қазақ жастарының ежелгі аңыз-әңгімелер мен эпостық жырларға, халық ертегілеріне қызығушылық танытпайтынына іштей налыдым. Менің ойыма сол кезде ғажап идеялар келді. Қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі жұртының мифологиясын бейнелеу өнері арқылы жаңаша үлгіде дәріптегім келеді. Түркі мифологиясы туралы мәлімет өте аз. Қосымша мәліметтердің барлығын әртүрлі ақпарат көзінен жинаймын.  Ата-анам маған қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Әкем – тарих пәнінің мұғалімі, үйде жеке кітапханамыз бар. Кішкентай кезімде әкем ертегінің түр-түрін айтып беретін. Әсіресе, қиял-ғажайып ертегілерді ұйып тыңдайтынмын,  күннен-күнге аңыздардағы жұмбақ тіршілік иелерінің өміріне қызығушы едім. Әкемнің балалық шақтағы құлағыма құйған әңгімелері бүгінде өмірі бағдаршам іспетті. «Жезтырнақ», «Күнікей қыз», «Мыстан кемпір», «Жалмауыз кемпір», «Жын-пері», «Бақсы» кейіпкерін шығармашылығыма арқау еттім. Маған жақсы тәрбие беріп, өнерімді дамытуға үлес қосқан ата-анама шексіз алғысымды білдіремін. Швецияға жолдасыммен келдім. Ол осында жұмыс істейді. Біз жас болғандықтан саяхаттауға және жаңа нәрсе үйренуге қызығамыз. Тәжірибе жинаймыз, басқалардың  өмір салтын көреміз. Бұл шынымен де шабыттандырады. Сіз бір жерде тұрсаңыз, бәрі  үйреншікті және қарапайым болады. Кәдімгі өмір салтын түбегейлі өзгерткен кезде құндылықтарды қайта тізесіз. Маған отбасылық музыка фестивалі аясында  елдегі банктердің бірінен ұсыныс түсті. Қазіргі уақытта Shoqay’s  брендін жарыққа шығарумен айналысамын, – дейді Ерке.

Қазір  суретші қыз Швецияның Стокгольм қаласында шығармашылығын дамытып жатыр. Еркенің парақшасынан түрлі кескіндемені көруге болады. Әр туындысы сондай тиянақты. Осыдан-ақ суретшінің әр жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын байқауға болады. Қазір түрлі жанрды алып жүрген суретші көп. Еркенің ерекшелігі де жоқ емес.

– Мен майлы бояумен  салатын дәстүрлі суретшімін. Бірақ өнер артта қалмайды екен. Заман ағымына сай түрлі қиялдан графикалық бағдарламалар арқылы сурет салуға болады. Кейбір суретшілер көпшілік назарынан қорқады. Сынға қалудан именеді немесе туындысына сенімсіз. Жаңа нәрсені ойлап тауып, оны қолданудан еш қорықпау керек. Тек тәжірибе арқылы ғана образ бен стиль қалыптасады. Кейде суретшінің жұмысын бағаламайды және тиынға жұмыс істейді деп ойлайды. Бірақ олар елдің және ұлттың мәдениетін дамытатын, халықаралық көрмелерге қатысатын, өз елінің мәртебесін көтеретін суретшілер екенін ұмытып кетеді. Егер өнер өмірде маңызды рөл атқармаса, өнерсіз өмір сүру тым қызықсыз болар еді. Ешкімді тыңдамаңыз, өзгенің орынсыз кеңесіне еріп, қате шешім қабылдамаңыз. Өміріңіз өз қолыңызда. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп Абай атамыз айтып кеткендей, әрқашан  өзіңізге сене біліңіз. Сенімділік кез келген шақта  жеңіске жеткізеді. Әрбір істі жүрек қалауымен жасауды ұмытпағаныңыз абзал, – дейді Ерке.  

Бойжеткен туған жерін, Отанын, жақындарын сағынғанын айтып, көңілі босады.  «Шығармашыл жандардың жаны нәзік» деп күлімсіреді. «Ұлан» газетінің 90 жылдық мерейтойымен де құттықтап, сәлем айтты.  

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы облысы,

Қаскелең қаласы.

“Ұлан” газеті, №18

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз