Шынайы өмір виртуал өмірден әлдеқайда керемет екеніне кейіпкеріміз Нұртаза Шоқатаевтың әңгімесі арқылы көзіміз тағы да жете түсті. Әлеуметтік желіге телміргендер өз әлемін қалай шектегенін осы мақаладан кейін түсіне жатар. Нұртаза – Сүлейман Демирел университетінің түлегі. Оның бір жыл әлеуметтік желіден бас тартып, уақытын өзін дамытуға жұмсағаны бізге үлкен ерлік болып көрінді. Журналымыздың негізгі оқырманы жастар болғандықтан, бұл тақырып оларға жақын деп ойлаймыз.

ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Мұның ресми атауы – номофобия. No mobile phone phobia (Nomophoba) – мобильді телефонсыз қалу қорқынышы деген мағынаны білдіреді. Қазір номофобия адамдардың үлкен проблемасына айналды.

2018 жыл. Жаңа жылдың алды. Миға ештеңе қонбай, ештеңеге мотивация болмады. Мақсат бар. Ұмтылыс жоқ. Барлығын кейінге қалдыруға әдеттенгенімді жиі байқай бастадым. Үздіксіз білім алуға жұмсау керек ішкі күштің жоғалып бара жатқанын сездім. Бұрынғы өзіме ұқсамай кеттім. Спортпен айналысуға, жеке дамуға уақытым жетпеді. Ойланып қарасам, уақытымның бәрі әлеуметтік желіге кетіп жатыр екен.

Содан «әлеуметтік желіні өшірсем қалай болады?» деген ой келді. Артынша VK желісіндегі аккаунтымды өшіріп тастадым. Одан соң Facebook, Instagram, WhatsApp өшірілді, соңында телефонды қолданбайтын күнге де жеттім. Басында қиын болды. Бірақ әр әлеуметтік желіні өшіру үшін 3, 4, 7 күн аралығында интервал сақтадым. Білінбеді. Оның орнына Youtube арқылы видео көріп, әлем жаңалықтарын оқуға көштім. Кейін оны да азайттым. Негізі номофобияға басымен кеткен адамның одан толық бас тартуы 3 айдан 6 жыл аралығында қалыптасуы мүмкін екенін оқығанмын.

 

НӘТИЖЕСІНДЕ…

Өзіңе көңілің толмау, құрметтемеу, жақсы көрмеу сынды ойдан арыла бастағанымды байқадым. Мүмкін 2019 жылдың маған берілген нығметі осы шығар. Өзіңді басқаша тәрбиелеу ерекше ләззат сыйлайды екен. Әсіресе 345 күн. Нәтижесінде ұзақ уақыт жоспарлаған істерді жүйеледім, ұйқыны реттедім, бассейнге баратын уақытым көбейді. Екі рет IELTS емтиханын тапсырдым. Біріншісінде 5.5, екінші рет тапсырғанда 7.5 алдым. Салмақ қостым. 64 келі болған едім, 80 келіге жеттім. Түнде қай уақытта ұйықтасам да, таңғы алтыда қиналмай тұрып кететін болдым. Критикалық, аналитикалық ойлау жүйем жоғары деңгейге көтерілді. Ота жасатқан соң көзімнің көруі 100 пайыз жақсарды. Шаршамаймын, ішкі энергия қалыпқа келді. Төрт айдан кейін ғана нәтижесін көре бастадым. Алғашқы бір-екі ай түк сезілмейді. Өйткені алғашқы айларда толық бас тартып үлгермейсің.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ НЕГЕ КЕРЕК?

Әлемде ғылыммен айналысатын адамдар әлеуметтік желіні мүлде қолданбайды екен. Олар мүлдем басқаша ойлайды. Мәселен, Назарбаев университетінің профессоры Майкл Льюис мырзаның ешқандай желіде аккаунты жоқ. Профессор ондағы жеке мәліметтер құпия сақталатынына сенбейді. Оның айтуынша, жас буын әлеуметтік желіні жасап шығарғандардың өнімін қалай пайдаланып жүргеніне алаңдайды-мыс. Зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желілер адамға өздері ойлағандай бақыт сыйламайды. Сен әлеуметтік желілерді қаншалықты көп қолдансаң, олар соншалық көп пайда табады. Әлеужеліні қолданатындар тек сондағы ақпаратқа ғана сенеді, ал ғылыммен айналысатындар қосымша оқиды, анализ жасайды. Қазір Америка, Еуропа елдері басқа елдің азаматтарын елге кіргізерде бірінші әлеуметтік желісіне қарайды екен. Саяси көзқарасы қандай, діни ұстанымы радикал емес пе, бәрін тексереді. Яғни бұл адамның паспорты сияқты болғандықтан, саяси жағынан зиян болуы мүмкін. Адамның не істеп жүргенін бақылап отырудың өзі үлкен саясат.

Әлеуметтік желі арқылы хакерлер жеке мәліметтерді алып, банк картасын ұрлауы мүмкін. Инстаграмда Stories пайда болғалы адамдар уақытын басқара алмай қалды. Олардың қайда, кіммен, не істеп жүргенін көріп отыра- мыз. Бұрынғыдай сағыныш сезімі жоқ. Осы жағынан да зиян ба деймін. Қазір ешкімге қой дей алмайсың. Мұны әркім өзі шешеді. Зиян екенін бәрі білгенмен, ешкім одан бас тартпайды. Бұл, былайша айтқанда, есірткі секілді тәуелділікке апарады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ КІРМЕСЕ ТҰРА АЛМАУ ДЕРТ ПЕ?

Әлеуметтік желіден бас тартқан біраз адамды көрдім. Біреуі бір ай, енді біреуі төрт ай шыдадым деп жатады. Бірақ 100 күн шыдаған адамды әлі көрмедім. Бір үйреніп кетсең, біртіндеп оңай бола бастайды. Тіпті оны ойлауға да уақыт болмай кетеді. Өткен жылы сәуірде бір ай телефонсыз жүрдім. Керек адам өзі тауып алады дедім де, үйге тастап кеттім. Достарыммен электронды пошта арқылы хат алмасып тұрдым. Бұл бір жағынан кімнің дос, кімнің жақын екенін ажыратып береді, екінші жағынан уақытыңды басқаруды үйренесің.

«Назар жетіспеу» деген жаңа термин бар. Кім өзіне көбірек көңіл бөлсе, өзгелердің назарын қажет етпейді деп ойлаймын. Өзіңді үнемі дамытып жүрсең болғаны. Біздегі көп адамның дерті – әлеуметтік желідегі жұлдыздарға, әртістерге тіркеліп алады да, жақсы өмір сүруі үшін өзі ешқандай әрекет жасамайды. Әлеуметтік желіде өзіңе керек адамдарға ғана тіркелу керек. Берік Сұлтанның бір жазбасы әсер етіп, біраз адамнан шығып кеттім. Инстаграмда 3000 адамға тіркеліппін. Сөйтсем кім көрінгенге жазылып, уақытымды құртып жүр екем. Инстаграмда қанша адамға жазылсаң, сонша адам сенің назарыңа таласады. Осыны жақсы түсіну керек. Назарыңды қайда бұрып жүрсің, соны бір бақылаған жөн. Бұл эмоционалды интеллектке көп әсер етеді екен.

БІР ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БОЛДЫ?

Бір жыл әлеуметтік желіге кірмегеннен кейін аккаунтымды жаңа жыл күні бір-ақ қостым. Шынымды айтсам, ешқандай өзгерісті байқамадым. Сол адамдар, сол көңіл-күй, әркім өз түйгенін жазып жүр екен. Кейбіреулер өзін дамытып жүргенін,
енді біреулердің көзқарасы, жазу стилі өзгергенін, тіпті, кейбір адамдардың мүлде басқа жаққа кеткенін байқайсың. Бұл сенсіз де болатын құбылыс. Оны тоқтата алмайсың. Өз басым ештеңе жоғалтқан жоқпын деп ойлаймын. Бір жылдық үзіліс тіл үйренуге, қосымша білім жинауға, жаңа дағдылар қалыптастыруға көп көмегін тигізді. Осыдан соң әлеуметтік желіден мүлде бас тарту туралы ой келіп жүр. Тек жұмысқа арналған бір аккаунт қалдырып, қалғандарын өшіретін шығармын. Жеке аккаунттарым болмайды. Алайда YouTube-тан бас тартпаймын. Ол жақта пайдалы дүние көп.

Әлеуметтік желіден «қолым босаған» соң бос уақытымды қалай пайдаланам деп басым қатты. Әлеуметтік желіде отырып та жұмыс істеуге болады, бірақ әркімнің өз қызметі, өз миссиясы бар. Кім, нені қалайды, соны істеуі керек, бірақ болашағың үшін уақытың мен жоспарларыңды ұмытпаған абзал. Себебі белгілі бір жаста адамның биологиялық жасы қабілеттерін тежейді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай атамыз айтқандай, өзіңді өзің ғана тәрбиелейсің. Қазір жастарға «әлеуметтік желіде отырма» деп айтуға құқымыз жоқ. Бірақ болашақта университеттер де онлайн форматқа көшеді. Бәрі онлайн боп жатқанда одан бас тарту өте қиын. Сондықтан әркім өзі шешкені дұрыс. Ең бастысы, қайда бара жатқаныңды, уақытың мен энергияңды неге жұмсап жатқаныңды білсең және үлкен арманың мен алға қойған мақсатыңды ұмытпасаң болғаны.

Нұртаза Сүлейман Демирел университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазір АҚШ-та жүр. Айтуынша, сол жақтағы оқу орындарын қарап жүр екен. Алдағы уақытта өзін бизнес және IT саласында сынап көргісі келеді. Біз де Нұртазадай арманы асқақ замандасымызға сәттілік тіледік.

Жазып алған Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз