Таиландта ауыр атлетикадан әлем чемпионатының қорытындысын көргенде бұл спорттың қазіргі жағдайы расымен ауыр екенін байқадық. Тіпті үлкен сенім артатын ешкімнің қалмағаны көңілге қаяу түсірді. Дегенмен кейіпкеріміз Рахат Бекболаттың жетістіктерін көріп, ауыр атлетикадан әлі де атой салатын спортшылар бар екеніне үміттендік. Жақында ғана әлем рекордын орнатқан Рахатпен әңгімелесудің сәті түскен еді.

2004 жылы дүниеге келген Рахат әйгілі зілтемірші Илья Ильиннің жерлесі. Рахат та Илья сияқты әлемге әйгілі спортшы болуды армандап, ауыр атлетиканы серік еткен.

– Қызылорда қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Екі ағам және әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін. 1987 жылы туған үлкен ағам Азамат мемлекеттік қызметкер болса, екінші ағам Ғафур 1989 жылғы. Ал әпкем Инабат – студент. Анамның есімі – Ботагөз. Ағаларым спортпен шұғылданғандықтан, мені де спортқа баулып өсірді.

Кішкентайынан спортқа бейім болған Рахат бірден ауыр атлетика спортына қатысқан. Мұның себебі де бар.

– Төрт жасымнан бастап каратэ спортына қатысып, ауладағы балалармен футбол ойнап өстім. Алты жасымда спорт үйірмесіне жазылуға барғанда ауыр атлетикадан басқа ешқандай спорт қабылдамады. Өйткені басқа спорт үйірмелері баланы он жастан бастап қабылдайды екен. Шыны керек, басында ауыр атлетиканың қандай спорт екенін түсінген жоқпын. Бірақ жаттығудан қалмай, бапкерлердің тапсырмасын орындай бердім. Ал 6-сыныпта Жалаңтөс Баһадүр атындағы мектеп-интернатқа түсіп, спортпен кәсіби түрде айналыса бастадым. Еңбек етсең, мұратқа жетесің. Расында да, адам ерінбей еңбек еткенде ғана мақсатына қол жеткізе алады. Мен де қажырлы еңбек пен шүмектеп төккен тердің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізіп, үлкен додаларда топ жара бастадым.

Әр спортшының жетістігінің артында үлкен еңбек пен білікті бапкер тұрады. Рахат бапкерлерінің арқасында ауыр атлетикадан біраз белесті бағындырып, әлемнің үздік зілтеміршілерінің қатарына кірген.

– Ауыр атлетиканың қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкерім – Нұржан Смаханов. Қазір жеке бапкерім Арман Абдреевтің қоластында жаттығамын. Жүгіруге аса мән бермегендіктен, еріншектердің спорты дегенді көп естимін. Дегенмен басқа спорт түрлерінің спортшылары екі уақыт жаттықса, біз үш мезгіл жаттығу жасаймыз. Бапкерлерім зілтемір көтеру тәсілін өте жақсы үйретті. Жаттығу барысында тәсіл мен тактикаға қатты мән береміз. Өйткені жұлқа көтерудің өз тәсілі болса, серпе көтерудің тәсілі басқа. Әрине, айла-тәсілден бөлек аяқ пен белдің күші мықты болуы керек. Зілтемірді көтергенде күшті аяққа салып, сосын барып белдің көмегіне жүгінген жөн.

Әлем және Азия рекордтарын орнатқан Рахат ауыр атлетикадан спорт шебері. Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүр.

– Алғаш рет жарысқа 8 жасымда қатыстым. Ақтөбе қаласында өткен турнирде қанша
келі көтергенім есімде жоқ, бірақ чемпион атанғанмын. 9 жасымда 14 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, 6-орын иелендім. Қарсыластарым үлкен болса да, жеңілгеніме қатты намыстандым. «Келесі жолы міндетті түрде есемді қайтарам» деп сес көрсеттім. Осы уақытқа дейін барлық салмақта сынға түсіп, үш дүркін Қазақстан чемпионы болдым. Жасөспірімдер арасында әжептеуір нәтиже көрсеткен соң, халықаралық турнирлерде сынға түстім. Бірақ үлкен турнирлердің бәрін 96 келі салмақта ұттым. 2019 жылы наурыз айында Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атандым. Жұлқа көтеруде 144 келі, серпе көтеруде 179 келі салмақты бағындырып, қос бағдарлама бойынша 323 келіні еңсердім. Бұл спорттық мансабымдағы ең үлкен жеңістің бірі болды. Жеңіс тұғырына көтеріліп, Әнұранымыз шырқалғанда кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, ерекше бір күй кештім. Әлем чемпионатынан кейін 10 күндей демалып, Азия чемпионатына дайындалу үшін жаттығуға қайта кірістім. Болгарияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бабымда болдым. Бірақ оқу-жаттығу жиынынан келген соң аздаған демалыс берді. Сол уақыт аралығында жарақат алып қалдым. Сөйтіп Азия чемпионатының алдында өткен Қазақстан Спартакиадасында сәтсіз өнер көрсетіп, қоланы қанағат тұттым. Дегенмен Кореяның Пхеньян қаласында жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын және күміс жүлдеге қол жеткіздім. 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында чемпион, 20 жасқа дейінгі жастар арасында күміс жүлдегер атандым. Жұлқа көтеруден 156 келіні бағындырып, Азия рекордын, серпе көтеруден 196 келіні көтеріп әлем рекордын орнаттым. Лас-Вегастағы әлем чемпионатында қоссайыс бойынша 323 келіні еңсерсем, бұл жолы 352 келіні бағындырдым. Құрама қоржынына жалғыз алтын жүлдені салып, еліміз бен бапкерлердің артқан үмітін ақтадық.

96 келі салмақта өнер көрсететін Рахат Илья Ильин сынды мықты спортшылармен тең дәрежеде өнер көрсетіп жүр. Тіпті 102 келі салмақта да чемпион атанып, рекорд орнатқан.

– Өздеріңіз білетіндей, 96 келіде бәсеке өте жоғары. Басты қарсыласым – өзімнің жақсы досым, қарағандылық Артем Антропов. Артем- нан бөлек Рүстем Сыбай да 96 келі салмақтағы мықты спортшының бірі. Биыл Ташкентте жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында 102 келіде бағымды сынадым. Себебі Артем екеуміз екі салмақта чемпион атанғымыз келді. Аллаға шүкір, Азия құрлығының 20 елінен сынға түскен спортшылардың ішінен топ жарып, әлем рекордын орнаттық. Қос жаттығу нәтижесі бойынша 356 (158+198) келі зілтемірді еңсеріп, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгі жастар арасында чемпион атандым. Осылайша жұлқа көтеруден 158 келі мен серпе көтеруден 198 келіні еңсеріп, тағы да Азия мен әлем рекордын жаңарттым. Үшінші кезеңде 208 келіні еңсерерде асығыстық таны- тып, аздаған қателік жібердім. Негізі жаттығуда 210 келіні көтеретінмін. Дегенмен екінші орын алған қарсыласымнан 14 келіге көп көтердім. Айтпақшы, Артем досым да 96 келіде чемпион атанды.

Иә, екі салмақта Әлем және Азия рекор- дын орнатқан Рахат Ташкентте өткен Азия чемпионатының ең үздік спортшысы атанды. Ол тіпті Илья Ильиннің соңғы нәтижесінен озып кетті. Ташкенттегі сайыста 102 келіде сынға түсіп, қос жаттығу нәтижесі бойынша 355 (160+195) келімен топ жарған Ильямен Рахат жақсы қарым-қатынаста.

– Илья Ильинді бала күнімнен танимын. Илья сияқты қазағымыздың атын әлемге шығаруды армандап өстім. Спортшы ретінде Илья мен Александр Зайчиковты үлгі тұтамын. Олар әркез маған ақыл-кеңестерін айтып, білмегенімді үйретеді. Осы соңғы Азия чемпионатында дайындық барысында Илья ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесін бөлісті. Бірде 210 келіні көтере алмағанымда: «Аздап демалып ал. Әркез мұндай көрсеткішке жету де оңай емес. Келесі апта міндетті түрде еңсересің. Сенің 212 келіні бағындыратын әлеуетің бар», – деп жігерлендірді. Александр Зайчиковпен бірге оқу- жаттығу жиынында болғанда көп көмектесті. Зілтемір көтерудің түрлі тәсілін үйретіп, болашағымнан үлкен үміт күтетінін де айтты. Бұның бәрі үлкен додаларда пайдасын тигізді.

Рахат допинг дауына шалдыққан ауыр атлеттердің жағдайын жақсы біледі. Бапкерлері де тыйым салынған препараттардан хабардар. Өзі де бұған сақтықпен қарайды.

– Әр спортшы өзінің не ішіп, не жейтінін қадағалауы тиіс деп ойлаймын. Допингке қарсы ережелер туралы мағлұматтың бәрін білеміз. Допинг қабылдағандарды жауапкершілікке тартатын заң жобасынан да хабардармыз. Өз басым мұндай нәрселерді ешқашан пайдаланып көрген емеспін.

Рахаттың басты арманы – Олимпиадада жеңіске жету. Кейіпкеріміздің бұл арманына жететініне еш шүбә келтірмейміз. Жасындай жарқыраған спортшының болашағы зор.

– Олимпиадада атой салу әр спортшының арманы ғой. Бұйыртса, сол байрақты бәсекеде көк туымызды желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтатқым келеді. Арман-мақсатыма жету үшін аянып қалмаймын. Өзімді 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарының чемпионы ретінде көремін. Алла қаласа, сол кезде тағы да сұқбаттасармыз.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз