Кәусардың әжесі ауылға барып келді. Құр қол келмей, құрт пен ірімшікті молынан ала келіпті. Есіктен кірген бойда сөмкесін ашып жіберіп, алдынан жүгіріп шыққан немерелеріне ауылдың дәмін үлестірді. Кәусар қып-қызыл ірімшіктің біреуін аузына салды да:

– Тәттісін-ай! – деп тамсанды.

– Әрине, тәтті! Бұл деген нағыз ірімшік. Мәйек қосылған, – деді әжесі. Жұп-жұмсақ, уылжыған ірімшікті таңдайына басқан Кәусар бір сәтке ойланып қалды. Ойланғаны – «мәйек» деген сөзді бір жерден естіген сияқты. «Қайдан естідім?» дей бергені сол еді, есіне сап ете түсті. Анада ғана апайлары «Мақал – сөздің мәйегі» деген тақырыпта ашық сабақ өткен жоқ па? Кәусар сол жолы мақал-мәтелді көп жаттап, «бестік» баға алған болатын. Бірақ ол кезде «мәйек» деген сөзге мән бермеген екен. «Мәйек» деген не екен, ә? Бұл сөздің ірімшікке қандай қатысы бар?» деп іштей ойлана берді. Шәй үстінде осы сұрақтарын әжесіне қойды.

– Мәйек деген ұйытқы. Онымен сүтті ұйытып, ірімшік жасайды, – деді әжесі.

– Қызық екен?.. – деді Кәусар таңғалып. – Ал «мәйекті» қайдан алады сонда?

– Оны жас төлдің, көбіне қозының ұлтабарынан алады.

– «Ұлтабар» деген қарын ба?

– Иә, ұлтабар – қарынның бір бөлігі. Қазақтар уыз емген жас төлді сойып, ұлтабарынан қырынды алады. «Мәйек» деген – осы.

– Сосын не істейді?

– Сосын жақсылап кептіреді. Ертеректе мәйекті шаңыраққа іліп қойып кептірген екен. Әбден кепкен соң мәйекті жылы сүтке салып, сәл шайқап, бетін жауып қойса, сүт тез арада іркілдеп ұйып шыға келеді.

– Айтпақшы, «мәйекті» кей өңірде «мәндір» деп те атайды, – деді әжесі әңгімесін жалғап. – Бірақ екі сөздің мағынасы бір – ұйытқы. Енді түсіндің бе?

Кәусар:

– Түсіндім, әже! – деді де, артынан:

– Ал «мақал – сөздің мәйегі» деп неге айтады? – деп сұрады.

– Ол былай, – деді әжесі. – «Мәйек» сөзі уақыт өте келе «бір нәрсенің мәні, өзегі, арқауы» деген сияқты мағынада қолданылып кеткен. Кей жерде дәнді «мәйек» дейді. Балауса шөп, шабындықты да «мәйек» деп атайды. Семірген малды «мәйегі аузынан шықты» дейтіндер бар. Сол сияқты, «мақал – сөздің мәйегі» десек, «мақал – сөздің мәндісі» дегеніміз.

– Енді бәрін ұқтым! – деді Кәусар әжесіне. Сөйтті де, дастарқандағы ірімшікке қайта-қайта қол созып, сүйсіне жей берді. «Мәйек» деген сөздің мәнін білгендіктен бе, ірімшік бұрынғыдан да тәтті болып кеткендей…

Суретін салған Елана Лысенко

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз