Ислам Сүлеймен – Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Исламға Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және Ұлыбритания елдерінің университеттерінен тегін білім алуға ресми жолдама келді. Исламға Оңтүстік Кореяның Underwood International College, Yonsei University мен Woosong University және Гонконгтың The University of Hong Kong тегін білім алуды ұсынған. Сонымен қоса, оқушыны University of Delaware (АҚШ), New York University Shanghai (Қытай) және University of Westminster (Ұлыбритания) оқуға шақырған. Исламның аталған жоғары оқу орындарына қабылдануы жайлы аз-кем әңгімелестік.  

Бұл оқу орындарының грантын қалай ұтып алдыңыз?

Шыны керек, жоғары сыныпқа көшкеннен бастап шетелдің білім беру саласына қызыға бастадым және болашақта әлемнің белгілі бір университетінде оқуды мақсат еттім. 11-сыныптың аяқталуымен қажетті құжаттарды дайындап, университеттердің қабылдау талабына сай IELTS, SAT сынды түрлі стандарт емтихандарды тапсырдым. Осы орайда айта кетерлігі, университеттерге сәтті қабылдану үшін тек үздік баға мен емтиханның жоғары көрсеткіші жеткіліксіз екенін аңғардым. Сөйтіп өзімнің тұлға ретінде жан-жақты екенімді дәлелдеу мақсатында портфолио жасадым. Оған мектеп қабырғасында не одан тыс қатысқан үйірмелеріңіз және жалпы қызығушылықтарыңыз жайлы ақпарат, жеткен жетістіктеріңіз, соның ішінде түрлі олимпиада мен ғылыми  жобалар кіреді. Тамыз айында Common Application және CSS Profile сияқты порталдарға тіркеліп, өзім жайлы ақпаратты енгізген едім. Қабылдану уақыты басталысымен өтінішімді (application) қажетті жоғары оқу орындарына жібердім. Желтоқсан айында алғашқы қабылдану жайлы хат келді.

Енді қай оқу орнын таңдап отырсыз?

Болашақта оқитын жерімді әлі таңдап жүрмін. Нақты таңдалған мамандық бойынша сапалы білім алуды қалаймын. Студентке кең көлемді білім мен тәжірибе ұсынылса, көп ұзамай ол өз ісінің нағыз шебері болады деген сенімдемін.

Бала кезден тіл меңгеріп, жаңа мәдениетпен танысу аса қызықтырғандықтан, болашақ мамандығымды «халықаралық қатынастармен» байланыстырғым келеді. Келешекте дипломат ретінде жаһандану дәуірінде мемлекеттің дамуына үлесімді қоссам деген ниетім бар.

Ислам, жазған ғылыми жобаларыңыз бірнеше елде үздік деп танылыпты…

10-сыныптан бері туризм, өлкетану саласы қызықтырған еді. Нәтижесінде, ұстаздарыммен «Қазақстандағы сакралды туризмді дамыту» атты зерттеу жобасымен айналысуға кірістім. Мұндағы басты мақсатымыз – туризмге жалпы әсер етуші факторларды анықтап, аталған саланың келешектегі даму перспективасын болжау болды. Зерттеудің алғашқы сатысында өңірдің тарихи-киелі орындары, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесі, Исабек Ишан Хазірет кешені және өзге де сакралды орындар зерттелді. Сонымен қоса, шетелдік туристерге арналған Sacred Tourism Kazakhstan атты ақпараттық мобильді қосымша құрастырдық. Саяхатшыларға арнайы белгілі сакралды орын жайлы негізгі сипаттамалық ақпарат, жалпы инфрақұрылым мен орташа қанша қаражат жұмсалатыны  жайлы мәлімет ұсынылды. Қолданушылар тарапынан жақсы қолдауға ие болған зерттеу жобасы түрлі дәрежедегі білім додасында жоғары бағаланды. Алғашқыда зерттеу жұмысы Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жобалар  конкурсына ұсынылып, І орын иеленді. Одан кейін Ресейдің Қазан қаласында өткен «Жылдың үздік ғылыми зерттеуі» халықаралық конкурсында ІІІ орынға ие болып, Ыстамбұл қаласында өткен «Тіл, Білім және Мәдениет» атты ІІ ғылыми конференцияда «Жылдың жас зерттеушісі» номинациясында жеңімпаз атанды. Сонымен қоса, мобильді қосымша Берлин қаласында өткен ЮНЕСКО Sustainable Tourism конкурсында 2019 жылдың үздік жобалары санаты бойынша финалист дәрежесін иеленді.

«Ұландық» достар сіз сияқты жетістікке жетуі үшін неге баса назар аударғаны жөн? 

Достар, әрдайым армандаңыздар. Алдарыңызға белгілі бір мақсат қойыңыздар, бастысы алдын ала дайындыққа жеткілікті уақыт жұмсаңыздар. Шыны керек, бүгінгі таңда баршамыздың жан-жақты дамуымыз үшін мүмкіндік өте көп. Әр мүмкіндігіңізді толық қолданып, уақытты тиімді өткізіңіздер. Бүгінгі еңбегіңіз ертеңгі күннің негізі деп түсініңіздер.

Жоғары оқу орнына түсу үшін тек керекті емтихандарды ғана тапсыру жеткіліксіз екенін тағы бір атап өткім келеді. Қосымша ретінде арнайы портфолио жиынтығы және сапалы мотивациялық хат болғаны жөн. Бастысы, құжаттарды тапсыру кезеңі басталмай тұрып, кем дегенде жарты жыл уақыт аралығында дайындығыңызды бастаған тиімді шешім болады. Баршаңызға сәттілік, еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

Әңгімеңізге рахмет!

Мерей АУҒАЛИ,

«Ұланның» жас тілшісі.

Мұса Шорман ауылы,

Баянауыл ауданы,

Павлодар облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз