Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «пандемия» деп атаған індеттің алдын алу мақсатында Қазақстан мемлекет басшысының жарлығымен бір айлық төтенше жағдай жарияланды. Жарлыққа сәйкес, мектептерде демалыс ерте басталып, жоғары оқу орындары қашықтан білім беруге көшті. Ал шетелдегі қазақ отбасылары қалай өмір сүріп жатыр екен?! Оны бізге Арсен мен Ажардың және Амирдің анасы айтып берді.

Айгерім ЖОЛДЫБАЕВА (Сеул қаласы, Оңтүстік Корея):

–Бізде төтенше жағдай белгісіз уақытқа созылды. Бірақ күн сайын тексеріс жоқ. Көп зауыт, фабрикалар жұмыс істеп тұр. Кейбір жұмыс орындарында адамдарды ақысыз демалысқа жіберді. Жағдай тұрақты. Ұлымыз Амир Халибай биыл мектепке барады.  Оңтүстік Кореяда оқу жылы 2 наурызда басталады. Қазіргі жағдайға байланысты наурызда басталған жоқ. Біз де қашықтан оқуға көштік. Оқу 1-сынып оқушыларына 20 сәуірден басталады. 4-11-сыныпқа 16 сәуірден басталды. Бізге Naver мобайл қосымшасы арқылы онлайн сабаққа тіркелуге рұқсат қағаз берілді. 1-сыныпқа арналған екі кітапша үлестірді. Оны бірігіп оқимыз. 6 сәуірде мектепке барып, қосымшамен таныстық. Ұстаздар қалай қолдану керек екенін үйретті. Мектепке дейін қосымша үйірмелерге қатысты. Әлі күнге дейін қатысып жүр. Мектепке дайындық үйірмесі болғандықтан, онлайн оқу жүйесі енгізілмеді. Әзірге тоқтап тұр. Дәстүрлі оқу мен қашықтан оқудың айырмашылығы бар екенін түсініп жатырмыз. Мектептегі бала айналасымен танысады, сыныптастарымен бірге жүреді. Мұғаліммен қарым-қатынас жасайды. Сыныптағы тақтаның өзі балаға әсер етеді. Қашықтан оқу жүйесін бәріміз бірге «оқимыз». Қанша бала болса, сонша онлайн жүйесіне қосыласың. Балалардың жан-жақтан айқайлаған даусынан-ақ ештеңе түсінбейсің. Жағдайға байланысты баламызды үйден оқытуға міндеттіміз. Қазір қолдағы бар кітапты ғана оқимыз. Амир бөлмесіне кіріп, өз бетінше сабақ оқуға үйреніп жүр. Қашықтан оқу жүйесі әлі толық жүйеге енгізілген жоқ. 20 сәуірде сабақты бастаймыз. Балаларға оқулықтар ғана берілді. Басқа техникалық құралдар берілген жоқ. Өйткені тегін кәріс мектебіне қабылдандық. Кәріс тілінде оқиды. Ақылы мектептерде берілуі мүмкін. 10 наурыздан бері сілтеме арқылы балаларға әртүрлі тапсырмалар берілген. Балалар бос уақытында ютуб арнасынан сабаққа қосымша мәліметтерді көреді. Оқу дайындығына арналған жаттығуларды орындаймыз.

АУЫЛДАҒЫ ОНЛАЙН  ОҚУ  ЖҮЙЕСІ АЛАҢДАТАДЫ

Марал АЗАМАТОВА (Түркия,  Бұрса қаласы):

–Түркия еліне де індет жетті. 16 наурыздан бастап, төтенше жағдай жарияланды. Қашанға дейін созылатынын білмейміз. Оқу орындары онлайн жүйеге көшті. Жұмыс орны тоқтап, біраз адам жұмыссыз қалды. Қызым Ажар Жанділда Бұрса қаласындағы  Fethiye Şehit Öğretmen Şekip Akın İlkolu мектебінің 2 «Ж» сыныбында оқиды. Ұлым Ахмет Sevgi Çiçekleri атындағы балабақшаға барады. Қызымның оқуы онлайн жүйеге көшті. Ұлымның балабақшасының әлеуметтік желіде парақшасы бар, содан көріп отырамыз. Күнделікті ойын мен іс-шаралар өтеді. Біздің міндетіміз тапсырмаларды балаға орындатып, көмектесу. Баланы үйден жалықтырып алмай, уақытын қызықты өткізу. Балабақшаға баратынын ұмытып кетпеуі керек екен. Онлайн жүйеге біржақты пікір білдіре алмаймын. Бірақ дәстүрлі оқу жүйесі тиімді екен. Оның бірнеше себебі бар. Бала қоғамға бейімделеді. Мектепте оқуға сай атмосфера болады. Достарымен араласады. Қосымша үйірмелерге қатысады. Физикалық қабілеті артады. Үйден оқу өте қиын екен. Бір ата-ананың күн сайын төрт балаға сабақ оқытуы оңай емес. Онлайн режим болғасын барлығына бір смартфон жетпейді. Кем дегенде бір бала екі сағат сабақ орындайды. Әрі қарай оқу түрін айтпаса да түсінікті. Байланыс жүйесі мәз емес. Ауылдағылардың жағдайы не болмақ?!. Нәтижесінде балалардың оқуға ынтасы жоғалады. Түркияда мұғалім сабақты уотсап арқылы жібереді. Аптасына бір рет 25-30 парақ тапсырма береді. Қалған күндері  Eba бағдарламасы бойынша екі сабақтан өтіп тұрады. Әзірге мектеп әкімшілігі тарапынан жеңілдік жоқ. Бірақ жолдасымның оқу орнынан азық-түлік беріледі. Тегін нан таратылады. Бұл бұрыннан қалыптасқан көмек екен. Төтенше жағдай кезінде қала әкімі бір айға азық-түлік таратты. Маска сатуға тыйым салынды. Апта сайын бес дана тегін маска беріледі. Бос уақытымызда балалармен бірге ойнаймыз. Дене шынықтырумен айналысамыз. Арасында  мультфильм көреміз. Таза ауа жұтып, балконға шығамыз. Соңғы күнде 20 жастан төмен балалар мен 65 жастан  қарттарға сыртқа шығу тыйым салынған. Үй ішінде жүгіру марафонын жасадық. Сурет салып, би билейміз. Ертегі кітап оқып, талдаймыз. Тездетіп мектеппен қауышайық деген тілегім бар.

ЖОЛАҚЫ МЕН КҮНДЕЛІКТІ  ҚАРАЖАТ ҮНЕМДЕЛДІ

Мәншүк АХМЕТЖАН (Монреаль қаласы, Канада):

–Канаданың Монреаль қаласында тұрамыз. Жағдай тұрақталды. Адамдар үйде отыруға үйренді. Балалар онлайн оқып жүр. Біздің ұлымыз үйде. Өйткені балабақша да жұмыс істемейді. Төтенше жағдайдың арқасында білім алу мен беруге деген көзқарас өзгерді. Біраз мектептер мұндай жағдайға дайын болмады. Бірақ бейімделіп, «жоқтан бар жасады». Соның арқасында онлайн оқу жүйелі қалыптасты. Бұл жүйенің артықшылығы өте көп. Балалар ақпараттық технологияны дұрыс әрі пайдалы қолдануды үйренді. Қосымша мәліметтерді өздері іздеп үйренді. Сабаққа қажетті видео мен аудио материалдар қолжетімді болды. Отбасы бюджетіне де салмақ салмайды. Жолақы мен күнделікті қаражат үнемделді. Балалардың көңілі мен ойы тек сабақ оқып, дайындалу. Әлеуметтік жағдайында соққы болды. Ойын алаңы да жабық. Адамдармен қарым-қатынасы үзілді. Физикалық жүктеме жоқ. Өзін-өзі бақылау мен басқаруда мәселе туындауы мүмкін. Біздің ұлымыз мектепке бармайды. Балабақшаға қабылданды. Жағдайға байланысты жабылып, төлемақысы да тоқтатылды. Ал тәрбиешілер мен жұмыссыз қалған жандарға федералды республиканың басшылығымен әр адамға 200 доллар көмек пен 850 долларға дейін баланы қамтамасыз етуге арналған қаражат берді. Бұл балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан бөлек. Апта сайын балабақша ұжымы болатын өзгерістер жөнінде хабарлайды. Кейде сілтемелер арқылы балаларды дамытатын бағдарламалар жібереді. Канадада қатаң режимдегі төтенше жағдай енгізілмеді. Шетелде болмаған адамдарды күштеп үйде отыруға мәжбүрлемейді. Жұмыстан кейін отбасымызбен табиғатқа шығамыз. Қаланың сыртына қыдырамыз. Үйде отырса, теледидардан бас алмайды. Ол денсаулығына өте зиян болғасын, осындай шешімге келдік. Қазір дүниежүзі картасын үйреніп жатырмыз. Математикалық есептеуді үйрену де жоспарда бар.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

“Ұлан” газеті №16

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз