Төтенше жағдай кезінде қаптаған мәселенің алды болып, балаларды үйден оқыту машақаты қоғамда біраз дауға айналды. Қашықтан оқыту туралы арнайы жүйе де, тәжірибе де жоқ болғандықтан, халық абдырап қалды. Сондықтан карантин кезінде бала оқытуға мұғалім бір шабылса, ата-ана екі шабылып әлекке түсті. Мектеп мұғалімінің қалай оқытатыны туралы бағдарлама жетерлік. Ал ата-ана баланы ненің бетіне қарап оқытады? Ендігі жерде баланың жеткілікті білім алу-алмауы тікелей ата-анаға да байланысты болып отыр. Өйткені оқушылар оқу жылын үйден шықпай, мектепке бармай аяқтауға мәжбүр.

Уотсап желісінде ағай-шуға басқан аналардың сөзіне бәріміз күле қарағанымызбен, оның астарында жанайқай, шарасыздық жатқаны анық. Үйде бірнеше баласын қатар оқытып жатқан ата-аналарға көмек болсын деп, осы мәселеге қатысты педагог мамандардың кеңестерін беріп отырмыз.

Қарлыға Сәдуақасова, Алматы облысы, Талғар ауданы білім бөлімінің басшысы:

Қазір баланың тәрбиесімен айналысуға таптырмас мүмкіндік туды

Педагог Қарлыға Айсабекқызының айтуынша, баланы үйде дұрыс оқыту үшін ата-ана мен мұғалім тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Балаларының оқуына байланысты барлық ақпаратты мұғалімнен сұрап білу, оқыту нәтижесін назарда ұстау, оқуға байланысты болып жатқан жағдайларды қайыра хабарлау, тапсырманың уақытылы орында- луын бақылауға алу, оны мұғалімге жіберуді қадағалап, қажет кезде көмектесу ата-ананың міндетіне кірсе, мұғалімнің де жауапкершілігі дәл осындай болуы керек. Қарлыға Айсабекқызы бұған қоса мұғалім балаға мектепте ғана ықпал ететін тұлға болғандықтан, енді жауапкершіліктің көп бөлігі ата-анада екенін баса айтты.

«Бала чатта отырып мұғалімге тіл тигізетін болса, мектептің педагогикалық ұжымын сынып- тастарына балағаттаса және сондай бір әдепсіз қарым- қатынас жасаса, оның бәрінің алдын алатын іс-шаралар да қарастырылған. Бала тәрбиесі үшін қабылданған барлық қаулының орындалу- ына, баланың адамгершілік тәрбиесі үшін өз отбасында бірлік пен татулық қағидаттарын ұстануына, қашықтан оқыту кезінде қанағаттанарлықтай білім мен тәрбие алуына, оның осы жұмыстарына тиісті бақылау жасалуына, осы негізде кәмелеттік жасқа дейінгі салауатты өмір салтына сай қалыптасуына да алдымен ата-ана жауапты, – деді оқу бөлімінің басшысы. – Керек кезінде уотсапқа қосылып, сабақ өту ғана емес, баланың тәрбиесімен айналысуға да зор мүмкіндік жасалып отырғанын пайдаланып, баласын қараусыз, қадағалаусыз қалдырған кездің орнын толтырып, ер баланы кәсіп меңгеруге, қыздарды іс тігуге үйренуге талаптандырған дұрыс. Бұл, әрине, оңай емес. Себебі мұғалімге баласын тапсы- рып, білім беруін талап етіп қана отырған ата-ана баласының жеке қасиеттерін, қабілеттерін осы уақытқа дейін толық білмеген де болар. Тіпті мұғалімге артық талап қойған кездерін де кейбір ата-ана іштей мойындаған шығар деп ойлаймыз. Ата-анаға ең басты айтатынымыз, қазіргі кез бала тәрбиесіндегі олқылықтарды жоюға, толық тіл табысуға мүмкіндік туды- рады. Қашықтан оқыту бала үшін күйзеліске апарып соғуы да мүмкін. Әрқашан сөзін сөйлейтін, тіпті ұрыспайтын ата-анасының алдында дұрыс нәтиже көрсете алмай, ұрыс есту баланың өзіне деген сеніміне кері әсер ететінін де есте ұстаған абзал. Қабілет, сана, жауапкершілік, еңбекқорлық, тағы да басқа бала бойынан көргісі келетін, өздері талап ететін қасиеттер ата-баба қанымен, ана сүтімен келетінін де ұмытпаған жөн. Кез келген бала – қабілетті, дарынды. Алайда табысты оқушы болып, өмірде өз орнын табу үшін тек «төрт» пен «беске» оқу шарт емес».

Қарлыға Айсабекқызы бұл жолғы қашықтан оқыту ата- ана үшін де, мұғалім үшін де, оқушы үшін де үлкен тәжірибе екенін, болашақта қашықтан оқыту жүйесі қолға алынса, еш қиындық болмайтынын да айта кетті. «Интернетті пайдалану арақашықтықты қысқартумен қатар, мұғалім мен оқушыға анағұрлым көп еркіндік береді. Енді оқушы тапсырмалармен өзіне ыңғайлы уақытта айналыса алады. Мұғалім материал мазмұнын жедел түрде өзгерте алады. Қашықтан оқытудың жетістігі – оқушылардың мұғалімнің қатысуынсыз өз қабілеттерін аша алатынына сендіреді, өз бетінше жұмыс жасауына ынталандырады. Сондықтан оқушылар мұғалімнің бағыттауымен жұмыстың тех- никасы мен әдістемесін игеріп, білімін өз бетімен толықтыруды үйренеді.

Баланы үйде қалай оқыту керек деген тақырыптың қасына бұл мәселелерді неге тізбектеп отырмыз? Өйткені қашықтан оқыту туралы айтқанда, ата- ананың мектептегі алатын орны жайлы әңгімеге қайта ораламыз. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген де қағидат бар. Сондықтан қандай жағдай болса да, баланы өмірге бейімдеуде ата-ананың орны бөлек. Мектеп, ата-ана, ұстаз болып бірігіп, сапалы білімді, саналы тәрбиелі, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – ортақ мақсат».

Айман Нұрғожанова, No147 гимназияның биология пәнінің мұғалімі:

«Сабақта не істеп отырдың?.. Соны да білмейсің бе?» деген сөздермен балаға көмектесе алмайсыз

Ең алдымен ата-ана баласының сабағы басталатын кезде әр нәрсеге жұмсап, көңілін алаңдатпай, сабаққа дайындалуына жеткілікті жағдай жасағаны жөн. Әсіресе бастауыш сыныпта оқитын балаға ұрыспай, зекімей, мейлінше көмектесу керек. Бала сабақты түсінбесе, өз бетімен орындауға шамасы жетпесе, пән мұғалімімен хабарласып, түсініп алуға тырысу керек. «Сабақта не істеп отырдың?», «Соны да білмейсің бе?» деген сөздерді мүлдем қолданбау керек. Кейбір оқушының жекелеген пәндерден үлгерімі нашар болуына осындай сөздер де себеп болады.

Мұндай балаларға жүйелі және нақты көмек беру керек. Сонда ғана олардан нәтиже шығып, қиындықты жеңіп, оқуға талпынысы артады. Жаңағыдай сөздерді есту баланың дамуына, психологиясына кері әсер етіп, сабақ оқуға ынта-жігері кемиді. Мұндай бала өз күшіне сенбейді, күдікпен өмір сүреді, әр нәрседен күдерін үзіп, жалтақ болып кетеді. Кішкентай бала болса да, өзіне үлкен адам ретінде қарағанды ұнатады. Сондықтан оның таңдауына түсіністікпен, ішкі «шека- расына» құрметпен қарау керек. Үйде оқулықтарын, тағы да басқа керек заттарын өз орнына, яғни үстелдің сол жағына реттеп қоюға дағдыландырған дұрыс. Артық заттар тұрмауын, алды шашылып жат- пауын түсіндіру қажет. Осының бәрі бір-біріне әсер етеді. Карантин кезінде үйде де мектептегідей тәртіп болғаны дұрыс.

Ата-аналардың біразы оқушылардың 4-тоқсанды жазда оқығанын қалады. Бірақ көп мек- тепте кондиционер жоқ, күн ыстық кездегі санитарлық талаптарға толық жауап бермейді, әрі жаз айында демалмаған баланың күзде қайта сабаққа баруы денсаулығына өте зиян. Сондықтан күн қатты ысымай тұрғанда онлайн оқып, балалардың демалысқа шыққаны жөн.

Әйгерім Қалдыбекқызы, SANA оқу-дамыту орталығының директоры, жылдам оқу әдістемесінің авторы, филология ғылымдарының магистрі:

Барлық ата-ана педагог емес

– Елімізде болып жатқан қазіргі жағдай барлық нәрсенің қадірін терең түсінуге себепкер болды. Әсіресе, қашықтан оқуға көшкен білім жүйесі бала алдындағы мұғалімнің, сонымен қатар ата- ананың рөлі мен міндетінің қаншалықты маңызды екенін нақты айқындап берді. Біресе онлайн оқимыз деп, біресе қашықтықтан оқимыз деп, бірізділікке түсе алмағанбілімжүйесі ұстаздармен ата-аналарды біраз абдыратты. Ғаламторға қосылған қажетті техникамен қамтамасыз етуді ата-ана уайымдаса, экранның арғы жағынан сабақты сапалы түсіндіру үшін мұғалім алаңдады. Соның арқасында екі тарап бір-бірінің салмағын айтып шағымданды. Бірақ бұл жерде ең ауыр салмақ та, жауапкершілік те балада (Бірақ оның пікірімен ешкім санасып жатқан жоқ). Соны екі тарап та түсінуі керек. Өйткені, біріншіден, бала осы уақытқа дейін көрмеген қашықтан оқу жүйесіне бейімделуі керек. Екіншіден, бір үйде бір телефонға телміріп отырған 3-4 бала бар. Үшіншіден, әр пән мұғаліміне дер кезінде жауап беру үшін жанталасып, әр топтың арасында «адасып» жүрген де сол бала. Төртіншіден, оқыған, жаттағанын экранның алдына келгенде сасқалақтап, дұрыс жеткізе алмай, қабілеті толық ашылмай жатқан да – бала. Бесіншіден, «Балапан» мен телефонға қатар алаңдап, зейіні шашырап жүрген де – бала.

Оған ар жақтан мұғалімдер тапсырманы жаудырса, бер жақтан ата-анасы төбесінен төніп, бақылап отыр. Осы кезге дейін мектепке тапсырып қойып, алаңсыз жүрген ата-ана баласының қалай оқып жүргені көз алдында әшкере болған кезде, көңілі толғаны риза болып, көңілі толмағандар баласына айғайлап,ұрып-төпелепжатыр. Мұны біз әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Осы тұрғыда мен балаға айғайлап дауыс көтеру, күш қолдану дегенге мүлде қарсы екенімді айта кетейін. Өйткені бұл – өз баласын өзі қаламайтын деңгейде қабылдай алмайды, өзін ақтап алу үшін бар кінәні балаға төгіп жатыр, баласының қарсы келе алмайтынын, әлсіз күш екенін біліп, іштегі бар ашу-ызасын содан алады, соңына келгенде, «не істесек те өзіміз білеміз» деп, ата-аналық құқығын осылай пайдаланып жүр деген сөз!

«Прикосновение мастера» деген ұғым бар. Яғни мұғалімнің түсіндіруі мен ата-ананың түсіндіруі балаға екі бөлек әсер етеді. Өйткені барлық ата-ана педагог емес. Десек те, қазіргі форс-мажор жағдайында олар барынша шыдамды болып, көрегенділік танытуы керек. Барлық ата-ана дәл осы кезде өздерінің міндеттерін терең түсініп, жауапкершілікті баласына ғана жүктеп қоймай, онымен бірге көтеруі тиіс. Баласына барынша қолдау көрсетіп, осы сынақтан бірге шығуы тиіс!

P.S. Біз айтып отырған мәселе осы карантинмен бірге біте қалатын нәрсе емес. Бұған дейін де бастан өткен, бұдан кейін де жалғаса бермек. Сондықтан үйдегі бала тәрбиесіне оқшаулау кезіндегідейжауапкершілікпен қарау барлығымызды жаңа тәртіпке үйретері сөзсіз.

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз