Жазғы демалыс кезі. Үлкен арықтан бақшаға су жіберіп жүргем. Бір кезде кетпенім «шақ» етіп қатты бір нәрсеге тигендей болды. Темір екен. Суға түсіп, алып шықтым. «Урал» белесебедінің бүлінбеген қаңқасы. Суға шайып қарасам, жап-жаңа екен. Тек екі дөңгелегі жоқ. Ойда жоқта кез болған мұндай олжаға абдырап қалдым. Қаңқаны көтеріп үйге келдім. Әке-шешеме көрсеттім.

Ертесі қаңқадан белесебед құрастыра бастадым. Өйткені, өзімде әлі белесебед жоқ еді. Болғанын қатты қалайтынмын. Енді, міне, сол олқылықтың орнын өз қолыммен толтырмақпын. Негізі, менде біраз жыл бұрын белесебед болған. Ол кезде мен әлі мектепке бармаған едім. Ағам Құрмет әскерге кетті де, белесебедін бізге қалдырды.

Біз деп отырғаным, Макира әпкем екеуміз. Қуаныштан жарыла жаздадық.

Күнде белесебедке мінгесіп алып, көшенің шаңын аспанға көтердік. Артымызда топырлаған бала. Шуылдап қалмайды. «Әй, шаңдатпаңдар!» – деп үлкендер ұрысатын. Алғашқыда мен белесебедке отыруға жүрексіндім. Соның алдында белесебедтен құлап, жүрегіме тиген еді. Бірақ Макира әпкем қоймады.

– Қорықпа, құлатпаймын! Ақырын айдаймын. Артыма отырасың. Великті мінгесіп тепкен жақсы … – деп тұрып алды. Амалсыз келістім.

Көрші тұратын Нұрсапанның баласы Бодан да бізге еріп ойнап жүрген. Менің мінгескенімді көріп, бақырып қоя бергені. Тұтас көшені басына көтерді. Сұқ саусағымен бізді нұсқап:

– Маған анау белесебедті алып бер,– деп еңіреп жүріп алды. Әкесі қасына келіп еді, жылағанын тіпті үдете түсті. Жұбатып еді, қоймады. Бір кезде әкесі бізге бұрылып:

– Ей, қыз, белесебедті бері әкел! – деді зілді дауыспен. – Сендердің белесебед тепкен нелеріңді алған, – деді артынан.

Сөйтті де, баса-көктеп келіп, әпкемнің қолындағы белесебедті жұлып алды. Әпкем екеуміз жылап үйге келдік. Макира әпкем үлкендерге мән-жайды түсіндірді. Бірақ олар ләм-мим демеді.

Көршілермен бет жыртысып жатуды дұрыс көрмесе керек. Тек анам:

– Құдай өзі жазасын берсін! Екі баланы сонша жылатқаны несі, сұрайтын сұраушысы жоқ дегені ғой, – деді күңкілдеп…

Кейін әскердегі ағама хат жазып, болған жайды айттық. Сонда білдік, кезінде Нұрсапанның інісі ағама белесебедтің дөңгелегін берген екен. Көрші соны бұлдап, белесебедімізді тартып алыпты.

Содан кейін бізде белесебед болған жоқ-ты. Енді соның орнын толтырудың сәті түскендей. Қажетті бөлшектерді балалардан сұрап, асыққа, бәкіге айырбастап, жинай бастадым. Табылмағанын Талқанбай саудагерден сатып алдым. Бөлшектерінің кейбірін тат басып кетіпті. Бірақ, оған ренжіген жоқпын. Табылғанына қуандым. Кәдеге асып, қажетіме жарады.

Жаз ортасы ауа мен өз қолыммен құрастырған белесебедімді далаға алып шықтым. Великтің рөліндегі қоңырауды басып-басып қалып едім, шылдырлай жөнелді. Оны естіген ата-анам, әпкелерім таңырқай қарады. Белесебедімді бір айналып шығып, мақтауымды асырды. Көңілім толқып, өзімді үлкен бір іс тындырғандай сезіндім. Енді көлігімнің қалай жүретінін көрсетпекке асықтым.

Менің көп уақытым «барып кел, алып келмен» дүкен мен үй арасында өтетін. Енді жаяу салпақтамайтын болдым. Үй мен дүкеннің арасы бірден жақындап кеткендей болды.

Тақымым ерге тиген соң ерекше қуат алғандай болдым. Көңілім көтерілді. Құрама белесебед болса да, ойлы-қырлы жерлерден ортекедей орғып өттім. Қайрақбай досымның үйі біраз жерде болатын. Құйындатып тез-ақ жетіп бардым. Ол маған таңдана қарап:

– Әй, қайдан жүрсің? Көктен түстің бе, әлде жерден шықтың ба? – деді.

Белесебедтің ар жақ, бер жағына шығып, ризалығын білдіріп, құшағын ашты.

– Мә, көрімдікке мына мотоциклдің айнасын ал! Сарайдан тауып алып едім, енді саған сыйладым. Бір қажетіңе жарар. Сенің қолыңнан бәрі келеді. Белесебедіңе орнатып ал, – деді мәз болып.

Досымның ыстық көңіліне қуанып қалдым. Сосын екеуміз күні бойы белесебедті сәндеумен болдық.

Көп ұзамай мен екінші белесебедімді құрастыруға кірістім…

Талдықорған қаласы.

Суретін салған Ерлан Момбаев

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2020

3 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз