Әлемді дүр сілкіндірген індеттің зияны спорт саласын да айналып өтпеді. Пандемия спортсүйер қауымға да ауыр тиді десек те болады. Спорттық іс-шараның барлығы тоқтап тұр. Тіпті төртжылдықтың басты додасы саналатын Олимпиада ойындарының тағдырын өзгертті. Біз қандай спорт додаларының кейінге шегерілгенін теріп көрдік.

КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛГЕН ТУРНИРЛЕР

Жаңа маусымды бастап жатқан Қазақстан Премьерлигасы тоқтатылды. «Барыс» командасы сынға түсетін 13 жылдық тарихы бар Гагарин Кубогы да тоқтатылып, алғаш рет иесіз қалды. Індет асқынбай тұрғанда жарыстар қауіпсіздік шараларын күшейтіп, кейбірі көрерменсіз өткізген. Дегенмен әлемді жаулаған індет спорт саласын да айналып өтпесі анық еді. Футболдан Еуропа чемпионат- тары енді қыза түскенде орта жолдан тоқтатылып, Чемпион- дар лигасы да аяқталмай, жарты жолда қалды. Халықаралық деңгейдегі ауқымды жарыстар бір жылға дейін шегерілді. Алдымен фут- болдан Еуропа чемпионаты 2021 жылға қалса, артынша төртжылдықтың басты додасы – Токио Олимпиадасы да келесі жылға қалдырылды. Олимпиадаға аймақтық іріктеу турнирлері де келесі жылға жоспарланып отыр. Хоккейден өтетін әлем чемпионаты да күзге шегерілді. Әлемге әйгілі UFC тұжырымымен келісімшартқа отырған Шавкат Рахмоновтың алғашқы жекпе-жегі де өтпей қалды. Барлық жарысты кейінге шегерген UFC басшылары UFC 249 турнирінің болатынын мәлімдеді. Өйткені күллі әлем күткен бұл турнирдің басты жекпе-жегінде атақты Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фер- гюсон жұдырықтасуы керек болған. Бірақ Нурмагомедов Ресейдегі карантинге байла- нысты Америкаға бара алмай- тынын айтып, Тони Фергюсон жекпе-жектен бас тартты. Осылайша күллі аралас жекпежек жанкүйерлері күткен қос спортшы арасындағы бәсеке бесінші рет өтпейтін болды. Соған қарамастан турнир АҚШтың батыс жағалауындағы үндіс резервацияларының бірінде өтетіні соңғы уақытқа дейін айтылып келді де, бір-ақ сәтте тоқтатылды.

 

ОЛИМПИАДАНЫҢ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛГЕНІ СПОРТШЫЛАРҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТПЕК?

Әлбетте, Токио Олимпиадасының кейінге шегерілгені спортшыларға оңай болмағаны анық. Әсіресе, қазір бабында тұрған спортшыларға қиынға соғуы мүмкін. Алайда індетке байланысты Халықаралық Олимпиада комитетінің мұндай шешім қабылдағаны дұрыс. Әрине, бұл жайт кейбір спортшыларымыздың көңілкүйін түсіргені анық. Өйткені нағыз бабында, рейтингте алғашқы үштікте жүрген спортшыларымыз тағы бір жыл мықтылығын дәлелдеуі керек болады. Осы тұрғыдан алғанда, төртжылдық доданың кейінге қалғаны қиын. Алайда, бұл басқа да жас спортшылардың Олимпиадаға баруына үлкен мүмкіндік береді. Қазір рейтингте ұпайы жетпей жатқан спортшылар үшін мүмкіндік көп. Олар енді берілген мүмкіндікті барынша дұрыс пайдаланып, жарыстан орын алуға, тиісті ұпайды иеленуге жанын салады. Спортшы- лар да Олимпиаданың кейінге қалғанына әртүрлі пікір айтып жатыр. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чем- пионы Елдос Сметов: «Олимпиада ойындарының шегерілгені маған берілген мүмкіндік», – десе, садақ ату спортының шебері Санжар Мұсаев: «COVID-19 індеті жоспарымыздың күлін көкке ұшырды», –деп өкінішін білдірді. Қалай болғанда да, денсаулық бәрінен маңызды. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығар. Олимпиаданың кейінге шегерілгені спортшыларымыз үшін қайырлы болсын деп тілейміз.

КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН СПОРТШЫЛАР

Коронавирус жұқтырғандар қатарында спортшылардың да қарасы көп. Бұл індеттің зардабын ең көп көрген – футболшылар. Әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналдудың командаластары Даниэль Ругани, Блез Матюиди және Пауло Дибаладан індет анықталған. Сондай-ақ вирус жұқтырған «Челси» шабуылшысы Хадсон-Кал- лум Одои бір аптаның ішінде вирустан құлан-таза айыққан. Жалпы Еуропаның үздік чемпионаттарында бақ сынайтын 25-тен астам футболшы коронавирус жұқтырған. Тіпті «Арсеналды» жаттықтыратын Микель Артета мен түркиялық атақты бапкер Фатих Терим де коронавирустан қашып құтыла алмаған. Аты аңызға айналған футболшы Паоло Мальдини де коронавирустан қалай емделгенін, дәм мен иіс сезбей қалғанын айтты. Жалпы баскетбол, волейбол, шахмат, күрес, кәсіпқой бокс, теннис, мәнерлеп сырғанау сынды спорттың өкілдері де осы дертке шалдыққан. Баскетболдан екі дүркін олимпиада чемпионы, NBA жұлдызы Кевин Дюрант, Рио Олимпиадасының чемпионы, Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында грекрим күресінен топ жарған кубалық Исмаэль Борреро, америкалық кәсіпқой боксшы Трэвис Кауффманның да коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Америкалық шахматшы Ирина Круш, франциялық волейболшы Эрвин Нга- пет, бразилиялық теннисші Тьаго Сейбот Уайлдтан вирус табылған. Көрші Ресейдің спортшылары да COVID-19 індетін жұқтырған. Жас пен кәріні талғамай қылғытып жатқан бұл індетке қазірге еш дауа болмай тұр.

Әлемдік спортшылар арасында 21 жастағы испаниялық «Атлетико Портада Альта» әуесқой футбол клубының ойыншысы Франциско Гарсия вирустан көз жұмған. Әлемге әйгілі бапкер «Манчестер Ситидің» тізгінін ұстайтын Хосеп Гвардиоланың анасы да COVID-19 вирусынан қайтыс болыпты.

КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСУГЕ ҚАРЖЫ БӨЛГЕН СПОРТШЫЛАР

Қатерлі індетке қомақты қаржы бөлген спортшылар да аз емес. Солардың бірі – «Ювентус» командасының шабуылшысы, атақты Криштиану Роналду. Роналду Португалияда коронавирус жұқтырғандарды емдейтін үш емханаға 1 миллион еуро бөлген. Сондай-ақ өзінің қонақүйлерін тегін аурухана етуге рұқсат берген. Анасы осы індеттен қайтыс болған Хосеп Гвардиола да Covid-19 індетімен күрес қорына 1 мил- лион еуро, «Барселонаның» капитаны Лионель Месси де 1 миллион еуро аударса, оның командаласы, уругвайлық Луис Суарес еліндегі жағдайы төмен отбасыларын азықтүлік пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. «Барселона» командасының бұрынғы ойыншысы әрі капитаны болған Хави Барселоның ауруханасына 1 миллион еуро бөлген. «ПСЖ» шабуылшысы Неймар жасырын 880 мың еуро, қайырымды футболшы Мохамед Салах Египеттің ауруханаларына 1,17 миллион еуро берген. Әлемнің ең үздік теннисшілері Новак Джокович пен Роджер Федерер де 1 миллион еуро көлемінде еліне қаржылай көмек көрсетті. Екі салмақ дәрежесі бойынша UFC ұйымының бұрынғы чемпионы, атышулы Конор МакГрегор туған елі Ирландияға 1 миллион еуро аударып, қайырымдылық жасады. Бұл індетке қарсы ең көп қаржы бөлген америкалық «ЛосАнджелес Клипперс» баскетбол клубының иесі Стив Балмер болды. Ол 25 миллион доллар бөліп, соның 10 миллионын коронавирусқа қарсы вакцинаны ойлап табуға көмек ретінде берген. Айтпақшы, Геннадий Головкин, Арман Оспанов, Бейбіт Ыстыбаев сынды еліміздің спорт жұлдыздары да қиын-қыстау кезеңде халықтан көмегін аямауда.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз