Тарих қайталана ма?

Дәуір өлімі

Өнер – ой мен сезімнің жетістігі. Ал бір дәуірде дүниеге келген өнер туындылары сол кезеңнің тұтас көңілкүйін бере алады. Мысалы, ХХ ғасырды қарастырып көрелік. ХХ бас кезеңі бүкіл әлемдегі бөлінулер мен тәуелсіздік жариялау кезеңі болған. Бұл кезеңді идеялар кезеңі деп атауға болатын шығар. Өнер туындылары да ақсүйектік өмірден кетіп, кіші адамдар трагедиясын жырлай бастады. ХХ ғасырдың орта тұсы дүниежүзілік соғысқа тура келген. Әлемді қасірет жаулады. Қайғылы әннің әуені жайлады. Тұтас әдебиет, өнер соғыс нәубетін жазды, жырлады. Бірақ адамзат қасірет шеге беруден шаршайды екен. Оның үстіне соғыс нәубетін көрмеген, соғысты кітаптан оқып, кинодан ғана көрген ұрпақ өсіп келе жатты. Бұл ұрпақ 60-жылғылар болатын. Әлемдік өнердің дамуын осы кезеңмен, осы ұрпақпен шендестіруге болады. Музыка, әдебиет, кино бәрі-бәрі жанжақты дамыды. Адамзат үшін бейғам кезең басталды. Қазақ әдебиетінде де, өнерінде де осы 60-жылғылар көп аталады емес пе? Әрине, әлемдік бейғам кезең КСРО-ға 70-жылдардың орта кезеңінде жетті. Сонымен, әлемдегі 60-жылдар…

Әлемдік сахнаға «Битлз» көтерілді. Голливуд жеңіл вестерн фильмдер түсіріп жатыр. Аса танымал муызка «Рок энд ролл». Әлем дөңгелене билеп жатыр. Өнердегі, Голливудтық фильмдердегі адам психология сы екінші орынға түсті. Зауыт, фабрикалар тоқтаусыз жұмыс істейді. Бүкіл компания біткен сапаға жұмыс істеп, бүгінгідей әлемді ақша жауламаған бейғам кезең. Бейғам дәуір. Бұл дәуір 1955 жылдардан 70-жылдарға дейін жалғасты. Дәлірек айтқанда, 1969 жыл. 8 тамыз. Сағат түнгі 10:35-ке дейін жалғасқан. Ал аталған дәуірді өлтірген – Чарльз Мэнсон атты қылмыскер еді. Оқиға қалай өрбіді?

Айтып өткеніміздей, 1970 жылдарға дейін Голливуд жеңіл комедиялық, вестерн фильмдер түсірген. Адам психологиясы, жантану мәселелері, алып идеялар айтыла бермейтін. Комедия элементтері басым еді. Ал дүниені өзгерткен, киноға ауыр идея жүктегісі келіп еңбек еткен режиссерлер қатарында Роман Поланскийдің есімі жоғары аталады. Ол отбасында бақытты адам, 60-жылдары танымал режиссер. Әйелі Шерон Тейт те дәл сол кезеңге тән бейғам, көңілді, сұлу, танымал актриса болатын. Бүгінгі күнінен басқаны ойламай, ауыр идеялардың маңынан алыс жүретін ол: «Мен бүгінгі жеткен жетістіктерімнің ешбірін арман етпедім. Талпынбадым. Өмір ағымы осылай болды», – деген екен. Иә, ол осындай тұтас тұлғасымен дәл бейғам 60-жылдардың символы болатын. Сол символ 1969 жылдың 8 тамызында, сағат түнгі 10:35-те асқан жауыздықпен өлтірілді.

Чарльз Мэнсон – сол уақта-ақ өмірінің 17 жылын түрмеде өткізген қылмыскер болатын. Темір торға екінші рет тоғытылған шағында ол гитарада ойнауды үйреніп, діни сауатын ашып келген. Оның түсінігінде Иса пайғамбар мен Ібіліс достасып, әлемде бірге үстемдік жүргізуі керек еді. Осы теорияға сәйкес Чарльз өзін Иса пайғамбар деп таныстырып, қоғамнан безген жастарды жанына жинап, «Отбасы» деп аталатын «секта» құрған. Иә, секта. Бұған басқаша атау беру мүмкін емес.

Чарльз Мэнсон үлкен сахнаға шығып, соңынан мұнан да көп «үмбет» ерткісі келеді. Продюсер Терри Мэлчер оған осы жолда көмек көрсету үшін біршама жұмыс істеген. Бірақ ісін соңына дейін жеткізбеді. Арада біршама уақыт өтіп, Чарльз Мэнсон өзінің үш бірдей сенімді «үмбетін» кек алу үшін Терри Мэлчердің үйіне жұмсаған шақта, продюсердің үйінде Роман Поланский мен Шерон Тейт өмір сүріп жатқан болатын. Дәлірек айтқанда режиссер Лондонда түсірілімде болып, әйелі мен оның достары болған бұл үйде. Арғы жағы түсінікті шығар. Осындай қателік негізінде Чарльз Мэнсон бейғам 60-жылдардың жендетіне айналып шыға келді.

Бұл жай ғана сәйкестік шығар. Бірақ әлемдік кинотанушылар осылай баға беріп, вестерн дәуірін түйіндеген болатын. Голливудта 1970 жылдардан бастап бүгінгі бізге таныс идеялы, күрделі сюжет пен белгілі бір деңгейде адам психологиясын көрсетіп, өмір мәнін түсіндіруге тырысқан фильмдер түсіріле бастады.

Біздің дәуір

КСРО-дағы бейғам кезең 70-жылдардың орта тұсында басталғанын сөз еттік. Бұл 90-жылдарға дейін жалғасты да, бұл кезеңді Горбачев өлтіріп тынды. Жалпы осылай айтылады. Бірақ КСРОның құлауы табиғи процесс болған. Сол кезеңнен бастап қазақ
өнері, әсіресе киносы мен ән өнері жетімсірей бастады. Әдебиетінде сүйектілер әлі де бар еді. Ал кино өнеріндегі ұрпақ ауысу кезеңінде өкіметтің құлауы – ауыр соққы болған.

КСРО шеңберінен босап шыққан елдердің барлығында алғашында депрессиялық көңіл-күй басым болды. Орыс та ән өнеріндегі шансон дамыды. Қазақ ауыр тағдырлы термеге қайта оралды. Дегенмен көршілес Ресей мен өзге де мемлекеттердің эстрадасы, киносы ертерек ес жинады. Бүгінде бұл мемлекеттерден шыққан фильмдер мен әндер әлемдік деңгейде бірлі-жарым болса да танылып жүр. Ал қазақ өнері өткен ғасырдың соңында есеңгірегеннен әлі ес жия қойған жоқ. Мысалы, біздің халық тәуелсіздіктің алғашқы оншақты жылында термесін тыңдап, тойында өзбектің әндеріне билеп жүрген. 2000 жылдары халықтың әл-ауқаты көтеріле бастағанда той трендке айналды. 70 жылдық бұғауда ата-бабасының үш жүздің басын құрап берген асы мен тойын халық сағынып-ақ қалған екен, әлі толастар емес. Сәйкесінше, біздің де ән өнері сол той-томалақтың деңгейінен әлі өсе алмай жатыр. Әрине, енді-енді шығып келе жатқан таланттарды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жалпылама біздің ән, музыка өнері әлі пафос пен пиардан ары аса алған жоқ. Ал қазақ киносының халы тіпті нашар. 90-жылдан бүгінгі күнге дейінгі төбе көрсетер фильмдерді саусақпен санауға болады.

Мақала қазақ өнеріндегі жекелеген ағымдар мен жанрларды қарастырып отырған жоқ. Бұл жағынан келгенде биік өнер саналар бірнеше туындыны атауға болады. Бірақ олардың бәрі тар аудиторияның шеңберіндегі дүниелер екенін ұмытпағанымыз абзал. Ал біз мақаламызда бұқаралық өнер турасында сөз етіп отырмыз…

Біздің бұқаралық сипаттағы әндеріміздің той әндері екенін айттық. Бұқаралық сипаттағы әдебиет әлі толық қалыптасқан жоқ. Бұқаралық сипаттағы кинолар жансыз, жалған сериалдар мен комедия дан аспады. Отандық телеарналардан көрсетілетін сериал біткенді көру мүмкін емес. Актерлердің сенімсіз һәм сезімсіз ойындары, сценарийдің нашарлығы мен түсірілім сапасы жүрек айнытар деңгейде. Ал бүкіл халыққа таныс, жарнамасы зор фильмдердің барлығы комедия. Кез келген елдегі бұқаралық фильмдер бастауы осы жанр екеніне дау жоқ. Бірақ ол елдерде комедияның өзі мемлекеттік тілде түсіріледі емес пе? Ал бізде орыс тілінің дәурені жүріп тұр. Отандық туынды деп кірген фильмнің көбінде орысша әңгіме тыңдайсыз. Арасында қазақша жеңіл әзілдер жүріп отырады. Сонымен қатар бүгінгі танымал фильмдер тізімінде эстрада жұлдыздарының фильмдері де жетерлік. Әнші өзіне жарнама жасап түсіреді, ал әншінің жүзі өз киносына жарнама. Айналып келгенде халыққа берер түгі жоқ.

Таныс дилемма

Көпшілікке таныс дилемманы қайталағымыз келеді. Өнердің дамуы үшін халықта сұраныс болу керек пе, әлде өнер өзінше дамып, халықты жетелеуі тиіс пе? Қазақ тілінде, комедиядан өзге жанрда кино түсіріп, кинотеатрға шығарып фильмнің бюджетін ақтау мүмкін емес. Ал орыс тілінде комедия түсіріп, касса жинай бергеннен қазақ киносы дамымайды. Қайтпек керек?

Былай қарағанда, кинотеатрлардағы ең көрілімді фильмдер голливудтық фильм дер. Ол картиналардың барлығы 5-6 кинокомпанияның туындысы. Яғни Голливудтағы бір компания әртүрлі жанрда түсіре береді. Мағыналық жағынан терең, бірақ көрермен тарапынан көп қолдау таппаған картинаның бюджетін келесі бір көрілімді картинаның жиған бюджеті жауып отырады. Ал көпшілік тарапынан қолдау таппаған фильмдер көбіне кинофестивальдерге қатыстырылады. Бұл кинокомпанияның коммерциялық жағы мен киноның өнер деңгейін баланс та ұстауға көмектеседі. Ұлттық бұқаралық кино өнерін дамытып, екіжақты баланс ұстау үшін біздің мемлекет бір кинокомпанияны бірнеше жыл қаржыландыруы тиіс деген ой келеді. Ақша болған жерде сапалы кино туады. Оның үстіне, кинодағы және еліміздегі ресми тілдің рөлін төмендетудің жалғыз жолы – осы ғана.

Тарих қайталана ма?

Бүгінгі қазақ өнеріне сырттай қарап отырып, халқымыз бейғам күн кешіп жатыр деп ойлауға толық негіз бар. Әнде – той, кинода – комедия. Бірақ сіз бен біз қазіргі халықтың жағдайын жақсы білеміз. Ал шын халықтық картинаны көрсетер бұқаралық өнер болмай тұр. Яғни бүгінгі өнер мен халық екі жолда. Өнерде бейғамдық болғанмен, өмірде Голливудтың 70-жылдары басталып кеткен. Ал бұл бейғамдықты кім өлтіреді? Қазақтың жақсы мағынасындағы «Чарльз Мэнсоны» кім болмақ? Ал жақсы мағынасындағы «Шерон Тейті» ше?

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз