Мен қазір айтыскер Айбек Қалиев жұмыс істейтін оқу орнында оқимын. Ағайға сұқбатымды «Ұлан» газетіне жіберетінімді айтқанда, балалық шағына саяхаттап, ойға шомды. «Кішкентай кезімізде « Ұлан» газеті «Қазақстан пионері» деген атпен шықты. «Ақ желкен» журналы ол кезде «Пионер» болатын. Екеуінің де «Ұлан» және «Ақ желкенге» айналуының куәсі болдым. Осы басылымдарға жазылып, алғашқы тырнақалды туындыларымыз жарыққа шықты. Сол  кезде әр нәрсеге жауапты қарау керек екені қазір есімізге түсіп отыр. «Мына жерін былай жазсаң, өлеңің тамаша болар еді. Келесіде осы ескертпелерді ұмытпа» деген сияқты жауап хаттар алатынбыз редакцияда істейтін ағай-апайлардан. Соның бәрі әсер етті. «Ұланға» жазғандарым шыққанда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Қарақалпақстаннан хат алдым. Мектеп оқушылары бір-бірімізбен хат алмасып, шығармашылық байланыс жасап тұратынбыз. «Ұланның» сол кездегі таралымы, беделі қандай болғанын осыдан-ақ біле беруге болады», деп сүйікті газетім туралы айтқанда, еңсем көтеріліп қалды. Сосын ағайға дайындап барған сұрақтарымды қоя бастадым.

  Ақындық өнеріңіз неше жасыңызда байқалды?

– Кішкентай кезімізде теледидардан айтыс көріп жүрдік, сол кезде қызығушылық болды. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын сыныпта оқыдым. Бір сабақ арнайы шығармашылыққа арналатын. Ұстазымыз Ғалымжан Бекетов шығармашылық сабақта өлең, әңгіме жаздырады, айтыстырады. Солай шимай-шатпақ жазып жүрдік. Айтысқа 10-сынып оқып жүргенде шыққанмын. Ол кезде оқушылар айтысы аудандық, облыстық деңгейде өтетін. Содан бастап айтыс өнеріне ден қойып, ізденіп, айтыскер ақын ретінде сахнаға шыға бастадым.

Отбасыңызда айтысқа жақын адамдар бар ма?

– Қазақ «қанда болады» деп айтып жатады ғой. Нағашыларымыз да, түп нағашыларымыз да, өзімнің әжем де өнерден алыс емес. Қанмен келген дүние деп ойлаймын.

Ақындықты қаннан берілген қасиет деп жатсыз, ал домбыраны қалай үйрендіңіз?

– 5-6 жасымда туысқан ағамның үйіне барсам, домбыра тұр екен. Қызықтым. Сол домбыраны ағам сыйға тартты. Сосын тәтем «Жазда апамның ауылына, барып едім қыдырып» деген әннің әуенін үйретті. Содан күнде таңертең  домбыраны даңғырлатып жүрдім. Мектепке барғаннан бастап домбыра үйірмесіне қатыстым. Бірлік, Серікбай деген ағайларымыздан тәлім алдым. Солай мектеп ансамблінде, кейін ауылымыздың ансамблінде өнер көрсететін деңгейге жеттік.

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қағидамен өмір сүремін.

Кімдерді үлгі тұттыңыз?

– Қазақтан шыққан данышпандар көп қой. Ахмет Байтұрсынұлын, сол кісінің айналасындағы Алаш арыстарын үлгі тұтамын. Айтыста бала кезде теледидардан көрсеткен ақындардың барлығына ұқсасам дедім. Ол кезде Торғай ақындарының дүрілдеп тұрған кезі… Қонысбай ағамыз, Жадыра, Альфия, Әсия апайларымыз. Соларға еліктедім. Жаныма ең жақын болғаны –Батыс Қазақстан өңірінің ақыны Қатимолла Бердіғалиев. Студент кезде өзіміздің буыннан жоғары Аманжол, Мэлс ағаларымызды, қазір өзім мақамымен айтып жүрген Бекжан Исағали ағамды қатты үлгі тұттым.

Мектепте қалай оқыдыңыз?

– Өте жақсы оқыдым. Медальмен бітірдім. Университетте де жақсы оқыдым. Әлі күнге шейін мұғалімдерім айтып жатады. Физикадан беретін мұғаліміміз «физика қуғаныңда жақсы ғалым болатын едің» десе, химиядан сабақ берген ағайымыз «мықты химик болар едің» дейді. Бірақ негізгі бағытым әдебиет болды.

Айтысқа қалай дайындалдыңыз? Мектеп кезіндегі айтыстарыңыздан қызықты оқиғаңыз бар ма?

– Айтысқа алғаш шығуымның өзі қызық. Теледидардан айтыс көріп жүрдік. Қатты қызықтық. Сыныптастарым бар, бір көшенің бойында тұратын балалар бар, айтысты  көріп алып, қораның   ішінде айтыс ұйымдастыратынбыз. Бірде мектепте іс-шара болды. Менен жоғары сынып оқитын, айтысқа қатысып жүрген бала бар еді, сол баланың айтысқа шығатын қарсыласы келмей қалды. Сонда сыныптастарым «сен айтысасың ғой» деп, ортаға итеріп, қолыма домбыра ұстата қойды. Өмірі сахнаға шығып, айтысып көрмегем. Бірақ қысылғаннан айтысып кеттім. Қалай айтысқанымды білмеймін. Сыныптарым ортаға итеріп шығармағанда, айтысқа келу-келмеуім екіталай еді…

Сіз үшін айтыста алған ерекше жүлдеңіз қайсы?

– Әрбір жүлде еңбекпен келеді ғой, мәселе оның бағасында емес. Ең басты жүлде – халықтың, көрерменнің ықыласы. Кейде жеңіске бергісіз жеңілістер болады. Сондай сәттер адамның есінде жақсы сақталады. Мысалы, баяғыда жекпе-жек айтыс болды. Сонда Мэлс Қосымбаев ағамызбен айтыстым. Тең деңгейде айтыссақ та, ол кісі мені телефон арқылы берілетін дауыспен жеңіп кетті. Сол кезде халық шулап, ортаға шықты. Мен үшін халықтың ықыласынан артық жүлде болған жоқ. Сондықтан сол айтыс әлі есімнен кетпейді.

– Өзіңізден кейінгі айтыскерлерге қандай пікір айтасыз?

–Айтыс бір орында тоқтамай, жылдан-жылға дамып жатыр, көркемдік жағы болсын, басқа қырлары болсын. Айтысты синкретті өнер дейміз, яғни жан-жақты біте қайнасқан. Кейінгі буыннан айтыс өнеріне зор үлес қосып жүрген мықты ақындар шығып келе жатыр. Солардың бірін атасам, бірінің аты қалып қойып, реніш туып жүруі мүмкін. Бірақ Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Дархан Әбдіманатұлы, Мейірбек Сұлтанханды ерекше атауға болады.

–Әңгімеңізге көп рақмет!

Перизат ШӘДЕН,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының 1-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №15

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз