Пандемия кезінде жеке бас гигиенасымен қатар ақпарат гигиенасын сақтау да маңызды. Қазір әлеуметтік желілер арқылы түрлі ақпарат тарап жатыр. Ондай мәтін, аудио, видео, фото қолданушылар арасында ғарыштық жылдамдықпен тарап, дүрбелең туғызады. Кейде үйде ата-анаң мен жақындарың да пандемия мен саясат туралы әңгіме айтып отырса, соған сеніп қалуың мүмкін. Ондай адасушылыққа жол бермес үшін мына ережелерді есте ұстаған жөн.

Адамдар қандай аңызға жиі сенеді?

«Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық», «Естігеніңе емес, көзіңмен көргеніңе сен» деген сөздер бекер айтылмаса керек. Бірақ кейде көзбен көре алмайтын абстрактілі ойлар мен оқиғаларға тап болып жатамыз. Мұндайда сыни ойлау, сараптау арқылы ақиқатқа жетуге болады.

«Аңыз бен ақиқатты ажырата білу бала кезден қалыптасқан психологияға байланысты» дейді психолог мамандар. «Адам неге жалған ақпаратқа әуес болады, қандай ақпаратқа сенеді, ақпарат дәуірінде адам өзін қалай тәрбиелегені дұрыс» деген сұрақтарға маманнан жауап сұрап көрдік.

«Ешқандай вирус жоқ, мұның бәрі – біреудің ойыны»

Осылай ойлайтын адамдар не вирус жоқ деген аңызға сенеді немесе бар індетті мойындамай, жағдайды өзінің пайдасына шешуге тырысады. Бірақ мұндай адамның өзі вируспен бетпе-бет келуге іштей қорқуы мүмкін.

«Вирус жоқ» деген пікір неден пайда болуы мүмкін? Балалар психологы Махаббат Борашқызының айтуынша, бала кезінен қастандық теориясына сенетін адамға айналасының бәрі жау сияқты боп көрінеді. Балаларды өмірде жоқ қорқынышты нәрселермен қорқыту олардың қоғамға, адамға, шындыққа деген сенімін азайтып, бойына үрей ұялатады. Сондықтан оларға қорқынышты, адамға зиян келтіретін нәрсенің бәрі біреудің қиялы боп көрінеді. Ал мұндай адамдар өз тұжырымына басқаларды да сендіргісі келеді. Қолын жумайды, көшеде емін-еркін жүреді, оқшауланбайды. Олардың әрекеті мен пайымы өзі үшін де, өзгелер үшін де қауіпті екенін түсінсе де, өзінің батыл екенін көрсеткісі келеді. Осы әрекетін ақтап алу үшін «Қазір болып жатқан нәрсенің бәрі саясаттың ойыны» деген қауесет таратады.

«Жақында бәріміз өлеміз, бірақ мұны бізден жасырып отыр»

Біреу вирустың қаупіне сенбесе, енді біреудің қатты сенетіні сонша халық арасында дүрбелең туғызуға дайын. «Олар бізден шындықты жасырып отыр. Әлемдегі, елдегі ахуал біз ойлағаннан әлдеқайда жаман. Жақында бәріміз өлеміз, ақырзаман келеді» деп ел ішінде дүрлігу туғызатындар әлеуметтік желіде шок-контент жіберіп, мұндай заман туатынын көріпкелдер әлдеқашан болжап қойғанын айтады.

«Үкімет бізге бар шындықты айтпайды, негізі ауырып жатқандар мен өлгендердің саны біз ойлағаннан көп» деген тұжырым жасайтындардың сөзі қаншалықты шындыққа жанасады? Мұндай жағдай кімге қандай пайда әкелуі мүмкін? Өзің ойланып, сараптап көрші.

Психологияда адамның мұндай әрекеті өзін маңызды сезінгісі келгеннен, билікке ұмтылудан туындайды деп түсіндіреді. Мұндай адамдар «Мен саған айттым ғой! Маған сенгеніңде бұлай болмас еді. Мен болсам бүйтер едім, сүйтер едім» деген мазмұндағы әңгіме айтқанды жақсы көреді. Басқа адамдар дүрбелеңге еріп, үрейленіп, таңғалған кезде өздерін жоғары сезінеді. Дүрбелең кезінде адам логиканы, сыни ойлауды өшіреді, ми қарапайым өмір сүруге бағытталған мүлдем басқа механизмдерді іске қосады. Сондықтан дүрлігуге бой алдырмауға тырысу керек. Дүрбелең туғызушы адамдар кейде өз айтқанына өзі сенбеуі де мүмкін.

 «Оқшаулану емес, үйқамақ!»

Психологияда бұл мінез-құлық «басқарудың сыртқы локомотиві» деп аталады. Адам өз өміріндегі қиындықтарға басқа біреу кінәлі деп ойлайды. Мұндай адамдар қазіргі ситуацияның жақсы жақтарын іздеуге тырыспайды, кінәлі адамдарды іздеуге тырысады. Алайда мұндай адамдардың проблемасы ешқашан таусылмайды. Егер оларға жұмысқа бар десе, тағы да кінәлілер табылады. Жолдағы көлік кептелісіне де, жұмыстағы келеңсіздікке де басқалар кінәлі болып шығады. Егер адам ойлау жүйесін өзгертуге тырысса, оқшауланудың пайдалы тұстарын көріп, жақсы істерге бейімделе алады. Оқшаулану – үйде жақсы кітап оқып, фильм көріп, сүйікті ісіңмен айналысып, жақындарыңмен көңіл көтеру үшін таптырмас уақыт.

 Жеке бас гигиенасы деннің саулығы үшін, ақпарат гигиенасы сананың саулығы үшін керек

Ғылыми білімнің төмен болуы адамдар арасында осындай пайымдаулар мен дүрбелең туғызады. Тіпті кейбір білімді деген адамның өзі пандемияның қаупі мен ережесін, вирустың қалай таралатынын білмейді. Сондықтан сендерді үнемі тексерілген, нақты ақпарат көздерінен ақпарат алуға шақырамыз. Ал ақпаратты қалай тексеру керегін factcheck.kz сайтының редакторы Думан Смақов былай түсіндіріп берді. Factcheck.kz – ақпарат құралдарындағы мәліметтер мен әлеуметтік желідегі жазбалардың рас-өтірігін тексеретін сайт.

Күнделікті өмірде ақпарат гигиенасын сақтау үшін мына ережелерді білу керек:

  • Біріншіден, кез келген ақпарат пен хабарламаға сыни көзбен қарау керек.
  • Екіншіден, кез келген ақпаратты эмоциямен, сезіммен емес, ақылмен қабылдау керек.
  • Үшіншіден, жақынымызға, танысымызға осы ақпаратты жібермес бұрын бұл оларға зиян келтірмей ме деп ойлану керек.

Жеке бас гигиенасын сақтау деннің саулығы үшін, ал ақпарат гигиенасын дұрыс сақтау мидың, сананың саулығы үшін керек. Ал әртүрлі ортада айтылатын дәлелді-дәлелсіз әңгімелерді сүзгіден өткізу үшін адамда ақпарат сүзгісі болуы керек. Мұндай сүзгіні медиасауаттылықты меңгеру арқылы қалыптастыруға болады. Ол үшін «Ұланның» оқырмандарына Mediasabak.kg сайтын (Қырғызстанның сайты), Balapan телеарнасын, Factcheck.kz сайтын оқуға кеңес беремін.

Ал ақпаратты тек ресми органдардың парақшасы мен сайтынан оқу керек. Әлеуметтік желі қолданушыларының ақпаратына емес, ресми орган өкілдерінің сөзіне сенуіміз керек.

Кейде ересек адамдар да өтірік пен шындықты ажырата алмауы мүмкін. Сондықтан бала олардың да қателесуі мүмкін екенін ескерсе екен дейміз. Қазір ақпарат дәуірі болғандықтан, ашық ақпарат көзі көп. Соны оқып, ізденіп оқиғаның анық-қанығына көз жеткізуге болады.

Әлеуметтік желіде тарап жатқан аудио, видео, фотоматериалдардың рас-өтірігін тексерудің қарапайым жолдары бар. Өкінішке қарай, әзірге аудионы тексеретін арнайы бағдарлама жасалған жоқ. Ал видео мен фотоны тексерудің бірнеше жолы бар. Ол туралы factcheck.kz сайтының нұсқаулығынан толық ақпарат алуға болады.

P.S. Жас дос, біз сенің медиасауатты, сыни ойлай алатын, жалған ақпаратқа сенбейтін және айналасындағы адамдарды да нақты ақпарат алуға шақыратын тұлға болғаныңды қалаймыз және сенім артамыз.

 Дайындаған Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті (№14, 7 сәуір 2020)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз