Сұлтанали Нұрманұлы  –  Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Күні кеше Гарвард университетінен шақырту алды.  Былтыр осы мектептің қос түлегі – Селимжан Чалышкан мен Ақназар Қажымұрат зияткерлер арасында алғаш рет Гарвард университетінің грант иегері атанған еді. Биыл Сұлтаналиге бұйырды. «Университетке түсу туралы қазақша ақпарат мүлдем жоқ. Қазақтілді балаларға қиын. Барлық құпиямды айтып берейін. Сендердің де қолдарыңнан келеді», деп әңгімесін шабыттана бастады.

 – Бала күнімде Гарвард университетінің атын естігенмін. Бірақ адамдар Америкаға қалай барады деп ойлаушы едім. 10-сыныпта АҚШ-тың ең мықты университеттерінің бесеуіне қабылданған Антон Моргуновтың блог жазбасын оқыдым. Тұрақты оқырманына айналдым. Есімде қалғаны – өмір сүру шығыны еді. Ол жақта өмір сүру мен университетте оқу жылына 80 мың АҚШ доллары екен. Ол ақшаны қалай табуға болады деп қатты уайымдағаным есімде. Антонның блогынан бір нәрсені түсіндім. Америкалық жоғары оқу орындары шетел оқушылары мен студенттеріне қаржылық жағдайына байланысты оқудың толық бағасын төлейді. Бұл мықты университеттердің қолында. Өйткені оларда бюджет қаражаты көп. Сүйікті блогерімнен өзі түскен MIT, Columbia, Caltech университеті туралы мәлімет іздедім. Менің де қолымнан келетінін білдім. Талапкердің толық грантын өтеп беретін университеттердің тізімін жасадым. Гарвард пен Ричмонд университеттері, Дартмут колледжі және Кореяның алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеу және технология университеті шақырды. Үш университеттен Гарвардтың айырмашылығы – имиджінде. Кореяның білім жүйесі америкалықтарға ұқсамайды. Гарвард өте үлкен. Студент саны көп. Әрі Бостон қаласында орналасқан. Дартмут болса кішкентай, үлкен қаласы да жоқ. Бірақ студенттері өздерін керемет бақытты сезінеді, дейді кейіпкеріміз.

Ең көп ақпаратты prepcholar.com сайтынан алдым. Бұл жүйені қолдану үшін ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеруің керек. Интернетке «How to get into Harvard/Stanford/Dartmouth/Richmond?» деп жазсаңыз, барлық ақпарат шығады. Орысша іздесеңіз де болады, негізі ресурс ағылшын тілінде. YouTube желісінен  пайдалы видеолар көруге болады. Алғашында көп ақпарат алып, жүйелей алмадым. Былтыр Селимжан Чалышканның түскенін білесіздер. Selimzhanc инстаграм парақшасын құнды мәлімет табуға болады. Мен де бірнеше лайфхак ұсынайын. Ең алдымен ақпаратты түсініп оқыңыз. Мен дедлайн уақытын мұқият оқымай, біраз университеттің құжат қабылдау күнінен кешігіп қалдым. Уақыт құртпай, нақты мақсатқа әрекет етіңіз. Біраз сынақ тапсырдым. IELTS немесе TOEFL, SAT Reasoning немесе ACT тест жүйесі қолданылады. Әрқайсынан сынама тест тапсырып,  SAT to ACT conversion table платформасы арқылы салыстыруға болады. Мен SAT пен АСТ-ға таңдау жасай алмай, бірден SAT тестіне ақша төлеп қойдым. АСТ-ды жақсы тапсыруым мүмкін еді.Сіздер олай қателеспеңіздер! Уақыттың барлығын SAT тестілеуіне жұмсадым. Дайындықты 10-сыныптың жазында бастап, үш рет тапсырдым. Сегіз ай бойы дайындықты үзбедім. Мектебіміздің 12 жылдық екенін де ескеріңіз. Бірінші рет  1600 ұпайдан 1510 ұпай жинадым. Соңғы рет 1560 ұпайды еншіледім. Бұл тест университетке даярлығыңызды сынайды. SAT немесе АСТ-ға дайындалған соң IELTS тапсыру оңай болады. SAT-ке бес ай дайындалдым. IELTS-ке бір ай дайындалып, 8.0 балл алдым. Бұл емтиханда 8 балдан асырып жинау деген талап жоқ. Керісінше, SAT-қа күш салыңыз. Ағылшын деңгейіңізден шектік ұпайды жинасаңыз жетіп жатыр. Университеттер көбіне 7.0 немесе 7.5 сұрайды. TOEFL да IELTS-тың баламасы. Екеуі де бірдей қабылданады. Тек Massachusetts Institute of Technology (MIT) университеті ғана IELTS-ты  мүлдем қабылдамайды.  TOEFL  ғана қабылдайды. Бірақ оған SAT мен SAT Subject жіберіп-ақ түсуге болады. IELTS/TOEFL тапсыруға көп уақыт құртпаңыз. Екеуін тапсыру 55 000 теңге мен 180 доллар тұрады. SAT Subject Tests басқа пәндерден біліміңізді сынайтын тест. Америкада оқығыңыз келсе, жаратылыстану бағытын таңдағаныңыз дұрыс. Математика мен физика, химия  пәндеріне бір ай дайындалдым. 11-сынып соңында бірге тапсырдым. Үшеуінен 800 ұпай жинадым. Химия пәнін 12-сыныптың желтоқсанында ғана тапсырдым. Бұл пәнді қатты білмеймін, бірақ 12-сыныптың сабақтары жеңілдеп, уақытымның көп бөлігін химия оқуға арнадым. Бұл тестілеу туралы prepscholar.com сайтында толық мәлімет бар. Ал өзім үйренген нәрселер есіме түссе, sultanalinnn парақшама жазамын, дейді өзі.

«МЕНІҢ ЖЕҢІСІМ – АНИМАЦИЯ ФИЛЬМІ МЕН  ЖАЗҒАН ЭССЕМ»

Сұлтаналидің арманы көп. Математика саласын да меңгергісі келеді.  Киноиндустрия саласына да бүйрегі бұрып тұрады. Анимация жанрында фильм де шығарып үлгерген. Белгілі сценарист, өнер қайраткері Ерлан Төлеутайдың шәкірті екен.

АҚШ-қа оқуға түсудің ең маңызды бөлімін айтайын. Емтихандар мен жинаған ұпайларыңыз алғашқы сынақтан құтқарады. Ал extracurricular activities бөлімінен өту де күрделі. Бос уақытыңызда немен айналысатыныңыз туралы баяндап бересіз.Қарапайым спорт және ән айтамын, би билеймін деген жеткіліксіз. Бұл бөлім тағдырымды шешетін болғасын ұнайтын іс табу керек болды. Уақытының көп бөлігін сабақ оқумен өткізетін оқушыда сүйікті іс қайдан болсын?!. Сабақтан шаршағанда телефоннан ойын ойнаймын. Америкалық оқушылар секілді бизнес ашып, кәсіби спортпен айналыспаймыз. Жалпы сабақтан тыс кез келген істе жетістікке жету бізде жоқтың қасы емес пе?!. Мектеп жанындағы үйірмелер де кәсіби деңгейде үйретпейтіні жасырын емес. Бір күні кино көруді әдетке айналдырдым. Киноға өнер ретінде қарадым. Ата-анама осы саланы меңгергім келетінін айттым. Бір күні әкем Ерлан аға Төлеутаймен таныстыру үшін «Қазақфильм» киностудиясына апарды. Анимация бөлімімен таныстырды. 3D форматында фильм жасайтын шығармашылық топпен таныстым. Анимацияға қызығуым мультфильм көруден басталды. Бағлан аға видеосабақтар берді. Екі айдай анимацияның қыр-сырын үйреніп, жаз біткенде тұңғыш жобамды аяқтадым. KhanAcademy сайтындағы «Pixar in a Box» онлайн сабағы қызығушылығымды оятты. Disney-дың  Pixar киностудиясының аниматорлары  түсірген видеосабақтан көп мәлімет алдым. «Admission» қысқа метрлі анимация фильмін жасап шығардым. Кәсіби деңгейге жетпейді. Дыбыс қосып үлгермедім. Бірақ оны өзім жасап шығуым үлкен жетістік еді. Бұл жұмысқа аптасына 40 сағат жұмсадым. Шынымды айтсам, мені Гарвардқа түсіретін халықаралық олимпиадаларда жеңісім болмады. Халықаралық олимпиададан Антон химиядан алтын, Селимжан биологиядан қола медаль алған еді. Ақназардың жетістігі бәріне мәлім. Менде екі пәннен ғана жүлде болды. Математикадан халықаралық, ағылшыннан Білім министрлігінің республикалық олимпиадасынан күміс медаль иелендім.  Гарвардқа түсу үшін олимпиада маған көмектескен жоқ. Ақназардың басты жетістігі олимпиада болса, мен киноның арқасында түстім. Олимпиаданың ықпалы болған жоқ. «Халықаралық жарыстың жүлдегері болмасаң, шетелге оқуға түсе алмайсың» деген ойдың қате екенін түсіндім. Басқа да мүмкіндігі мол екен. Менің жеңісім кинематографиядағы жұмысым мен жазған эсселерім. Осы орайда Ерлан аға мен анимация ұжымына алғыс айтқым келеді. Өміріме жол ашып, қолұшын берген ағалардың еңбегін ұмытпаймын, дейді Сұлтанали.

– 10-сыныпқа дейін математикамен тұрақты айналыстым. Тренерім Нұрсұлтан ағай Серғалиұлы менің шаршап жүргенімді байқап, кеңес демалуға кеңес берді. Олимпиаданың резервінен өз еркіммен шықтым. Содан ағылшын оқуды ойладым. Сол жылы олимпиададан күміс медаль алдым. Америкаға түсу үшін олимпиада міндетті емес екен. Өйткені біліміңнен гөрі, қабілетіңді анықтайтын жобаңа қарайды. Ата-аналарға айтарым, балаларды күштеп олимпиадаға бермеңіздерші! Оның орнына балаңыздың ой-өрісі дамитын, өзі қалайтын саланың бастапқы  курсына жаздырыңыз. Болашақта математика саласын меңгеремін. Кино саласын қосамын. Бұл double major әдісі. Бірақ Американың  оқу жүйесінде ұнаған мамандығыңды таңдауға бір жыл уақыт береді. Оған дейін саясат пен психологияны да оқып көремін. Математика ғылымы жұмыс табудың қайнар көзі. Гарвардқа түспей тұрып, кино саласына баруға қорқатын едім. Қазір де қорқыныш жоқ емес. Бірақ жеңудің жолын білемін. Шетелге оқуға түсу болашаққа салынған даңғыл. Қатты шабыттанып жүрмін. Ал іні-қарындастарыма айтарым, әрекет етуді бүгіннен бастау керек екен,  деп әңгімесін аяқтады Сұлтанали.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

“Ұлан” газеті 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз