Көктем келді. Бұл айда адамда әлсіздік пайда болып, жұмысқа деген ерік-жігер жоғалады. Кейбіреулер мұны адамның иммунитетінің төмендігімен байланыстырады. Иммунитет тек көктемде ғана төмендей ме? Қай уақытта қалыпты болады? Әртүрлі дәрумен иммунитетті көтеруге көмектеседі деген рас па? Одан бөлек тағы не нәрсе иммунитетті нашарлатады? Осы және өзге де сұрақтарға интерн-терапевт Назерке Ермекқызы жауап берді.

– Ең әуелі қарапайым сұрақтан бастасақ. Иммунитет деген не? Ол қай кезде
әлсірейді? Қай кезде қалыпты деңгейде болады?

– Қарапайым тілмен айтсақ, иммунитет – ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті. Ал сәл ғылыми тілмен айтсақ, ағзаны сыртқы әсерлерден, яғни вирустардан, бактериялардан, сонымен қатар мутацияға ұшыраған жасушалардан қорғай алу қабілеті. Иммунитеттің қай кезде әлсіреп, қай кезде қалыпты деңгейде болатынын түсіну үшін, оны қалыпты деңгейде ұстап тұруға не әсер ететінін білуіміз керек. Сонда ғана оны түсіну бізге жеңіл болады. Ең біріншіден жеткілікті ұйқы қажет. Бізде қай кезде ұйықтасақ та бәрібір, бастысы 7-8 сағат ұйықтасақ болды деген стереотип бар. Бұл дұрыс емес. Адам уақытында ұйықтауы керек. Мәселен, кешкі сағат 21:30-22:00-ден бастап мелатонин деген гормон бөлінеді. Оны ұйқы гормоны десек те болады. Оның бөлінуі және біздің неге дәл сол уақытта ұйықтауымыз маңызды?Себебі, мелатонин ағзадағы иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне, жаңа жасушалар түзуіне әсер етеді. Егер біз сол уақытта ұйықтамасақ, онда соған орай иммунитетіміз де нашарлай бастайды. Сол үшін мүмкіндігінше 22:00-ден кеш жатпаған дұрыс. Сонымен қатар, қараңғы бөлмеде ұйықтау өте маңызды. Қараңғы бөлмеде мелатонин жақсы бөлінеді. Мелатонин рак ауруының алдын алады. Өйткені, ол ағзада түзілетін ісік жасушаларының бөлінуін тоқтатады.

Екінші – дұрыс тамақтану. Біз көп жағдайда сау кезімізде емес, әбден ауырғанда ғана тамақтану мәселесіне көңіл бөлу туралы ойлаймыз. Иммунитет жұқпалы ауруларға қарсы тұрсын десеңіз, дұрыс тамақтануға мән беріңіз. Фастфуд, газдалған сусындар, қуырылған ащы, тұзды тағамдардан бас тарту қажет. Бұлардың ағзаға мүлде пайдасы жоқ, сондықтан мүлде тұтынбаған абзал. Дұрыс тамақтану – диета емес, керісінше сіздің ағзаңызға қажетті көмірсудың, ақуыздың, майлардың жеткілікті деңгейде
түсуі, яғни біреуінің артық немесе біреуінің кем түспеуі. Сондықтан көкөністер мен жемістерді көбірек тұтыну керек. Күніне кем дегенде 1.5-2 литр су ішіңіз. Тағы бір айта кетерлік жайт, етті жақсы көреміз. Аптасына жоқ дегенде үш рет ет жейміз. Мүмкіндігінше ет жеуді де азайтқан дұрыс. Ет ағзада холестериннің жоғарылауына әсер етеді. Егер холестерин көтерілсе, қант диабеті, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары дамиды. Үшіншіден – физикалық жаттығуларға көңіл бөлген жөн. Ол жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алады. Оған мүмкіндігіңіз болмаса, ең құрығанда күнделікті жаяу жүру керек. Адамдар дәрінің күшіне сеніп алған. Денсаулығымызды дәрінің күшімен ғана оңалтқымыз келеді. Жетістікке еңбек арқылы жетесіз ғой, демек денсаулықты да көңіл бөлу, еңбектену арқылы жақсарта аламыз. Жоғарыда айтқанның бәрі баланста болса, иммунитетіміз де қалыпты деңгейде болады және осылардың біреуі бұзылса, сәйкесінше төмендейді.

– Көп жағдайда әлсіздікті сезінгенде адамдар түрлі дәрумен пайдалануға әуес
келеді. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Адам баласы көп жағдайда аурудың себебін іздемейді. Әлеуметтік желідегі әртүрлі дәруменнің жарнамасына алданамыз. Дәрі-дәрмекке алданбаңыз десек, біреулер «жоқ, бұл дәрі маған көмектесті» деуі мүмкін. Оны былай түсіндірейін. Медицинада «плацебо эффекті» деген термин бар. Плацебо – дәрі емес, бірақ сіз оны дәрі ішіп жатырмын деп сеніп ішкеннен кейін оң әсерін береді. Жалпы дәрумен ішкеннен пайда бар ма? Кез келген дәруменді жарнамасына қарап іше беруге болмайды. Ең әуелі дәрумен туралы дұрыс ақпараттарды білуіміз керек. Дәрумендер екі топқа бөлінеді: суда еритін және майда еритін. Егер майда еритін дәрумендерді шамадан тыс қолданатын болсақ, олар ағзада жиналып, токсикалық әсер береді. Оған Д, К, А, Е дәрумендері жатады. Сол үшін сақтықпен ішкен жөн. Дәрумендер қолданысқа және сатуға шығарылған кезде ешкім оның құрамын тексермейді. Себебі, Америкада дәрілер қауіпсіздікке тексерілгенмен, дәрумендер тексерілмейді. Олар дәрілік топқа кірмейді. Ал қораптың сыртындағы natural деген жазу, оның ішінде табиғи дәрумен бар екенін дәлелдемейді. Оның құрамында таза дәрумен ғана болмайды. Целлюлоза, дәмі жағымды болуы үшін неше түрлі дәмдеуіштер мен бояғыштар да қосылады.

Қандай дәрумендер ішу керек? Ішпес бұрын дәрігерге тексеріліп, анализ тапсыру қажет. Мәселен, қаннан фолий қышқылын тексеруге болады. Егер жеткіліксіз болса, ішесіз. Оны жүктілікті жоспарлап жүрген немесе жүкті әйелдерге ішу керек. Себебі, эмбрионнның дамуының 7-аптасында баланың омыртқасының қалыптасуына ықпал етеді. Австралияда қарапайым барлық нан дайындалатын ұнға В9 дәруменін қосқаннан бері, омыртқа патологиясымен туылған балалар бірнеше есе азайған. D дәрумені рахиттің алдын алу үшін кішкентай балаларға міндетті түрде тағайындалады. Тек мөлшерін қадағалаңыз. D дәруменін ішу үшін, қандағы мөлшерін тексертіп алыңыз. Егер төмен болса ғана ішкен жөн. Және оны біз күн сәулесінен алатынымызды ұмытпаңыз. Теріге күн сәулесі әсер еткеннен кейін ол D дәруменіне айналады. Кальцийдің ағзаға сіңірілуіне әсер етеді. Сонда мүлде дәрумен ішуге болмай ма? Ағзаға дәрумен қайдан түседі? Дәрумендер тамақпен бірге түседі. Қаншалықты жеміс-жидектерді, көкөністерді жегенде дәрумендер ағзаға солармен бірге түседі.

– Мәселен, бөлмеде біреу түшкірсе немесе бөлмеге ауырып жүрген адам кірсе, келесі күні ауырып қалады. Бұл да иммунитеттің төмендігі ме?

– Бірінші себеп – иммунитеттің төмендігі. Ағзамызға мән бермегенде, созылмалы күйзеліс болғанда ол ауруды қабылдауға бейім болады. Бір бөлмедегі екі адамның бірі ауру болып, біреуі сау болса, неге екінші адам ауру жұқтырады? Ол аурудың инкубациялық кезеңіне байланысты  Вирус адам ағзасында бастапқы үш күнде болады. Осы кезде басқа адаммен байланысқа түссе, ауру жұқтырады. Себебі біреуінің ағзасында вирус бар, екіншісінің иммунитеті төмен. Сол себепті оңай жұқтырады. Екінші себеп – психология. Біз көп жағдайда оған мән бермейміз. Мысалы, бір адам екінші адамның ауру екенін біліп тұрып, қазір жұқтырып алуым мүмкін деп ойлайды. Дәл осылай ойлағаннан кейін де ауырып қалуы мүмкін. Әрине, вирустан қорғану үшін ең бірінші гигиеналық шараларды дұрыс сақтау қажет.

– Пайдалы ақпараттарыңызға рақмет!

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз