Ислам атаның ізгілік сабағы

Ислам ата жеті жастағы немересі Иманды ертіп көшеде келе жатты. Жолда оларға атасы қатарлас бір ақсақал жолықтыЕкі ата бір-бірімен қос қолдап амандасты. Онан соң құшақтасты. Иман олардың қасынан бес-алты қадам ұзап кетіп, атасын күтіп тұрды. Біраз жөн сұрасқан соң, екі ата тағы да қол алысып қоштасты. Немересінің қасына келген атасы:

– Иманжан, сен неге ана атамен амандаспай қасынан өтіп кеттің, – деді ренішті сыңай танытып.

– Ата, ол кісіні мен танымаймын ғой, – деді Иман желкесін қасып.

– Сен танымасаң, мен танимын ғой, балам-ау! Атаңды ұятқа қалдырдың. Біз мұсылманбыз, қазақпыз. Мұсылмандардың таныса да, танымаса да бір-бірімен амандасуы үлкен парыз  саналады. Ата-бабамыз сол парызды бұлжытпай орындаған. Сәлемдесуді адамдардың бір-біріне, әсіресе кішінің үлкенге құрметі, ілтипаты  деп бағалаған. Сондықтан да артында «Сәлем – сөздің анасы» сияқты көптеген ұлағатты сөз қалдырған.

Атасы осы сөздерді айтып бір тоқтағанда Иман «ата қазір» деп, ұзап бара жатқан қарттың артынан тұра жүгірді. Оны қуып жетіп, алдынан шықты да

қос қолын ұсынып амандасты. Ақсақал еңкейіп Иманның маңдайынан сүйді.

Иман кері бұрылып атасына қарай жүгірді. Келген бойда:

– Ата, ана атаға амандасып келдім. Бұдан былай олай істемеймін. Кешіріңізші! – деді ентіге сөйлеп.

– Е-е, балам, мұның енді жөн болды. Қателігіңді бірден түзедің. Мен кешірдім сені, – деп, немересінен басынан сипаған Ислам ата іле-шала:

–Атаға не деп амандастың? – деді.

– Өзіңіз үйреткендей  «Ассалаумағалейкум, ата!» дедім.

– Ол кісі не деді?

– «Уағалейкумассалам, балам! Бақытты бол, көсегең көгерсін!» – деді.

–Иә, ол көпті көрген Сабыр деген ақылды ақсақал ғой. Сен ол кісіге амандасу арқылы өзіңе үлкен сауап алдың. Өзіңнің мұсылмандық парызыңды, қазақи әдебіңді орындадың. Қазақша айтқанда сен ол кісіге: «Сізге бейбітшілік, амандық тілеймін!» – дедің. Ол кісі саған: «Мен де саған бейбітшілік, амандық тілеймін!» – деді. Сонан соң батасын берді. «Батамен ер көгереді, жауынмен жер көгереді» дегенді мен саған жиі айтам ғой. Батаны көп алсаң, жаман болмайсың, ботам! – деді Ислам ата Иманға мейірлене қарап.

Бір кезде Иман кілт тоқтай қалды. Шалқая атасына қарап:

– Ата, неге барлық адамдар «Ассалаумағалейкум!» деп амандаспайды? Апай бізге «Сәлеметсіңдер ме!» дейді ғой, – деді. –Ислам ақсақал немересінің сұрағына бір күліп алды да әңгімесін бастады.

– Сұрағың дұрыс, балам! Мен жаңа айттым ғой, «Ассалаумағалейкум!» деген мұсылманша амандасу. Дүние жүзіндегі екі миллиардқа жуық мұсылман халықтары әр тілде сөйлесе де бір-бірімен осылайша амандасады. Бұл тек ер адамдарға ғана тән сәлемдесу. Сондай-ақ әр халықтың өзінің ұлттық дәстүріне сай сәлемдесу әдебі болады. Бізде де солай. Қазақтар да бір-бірінен: «Мал-жан аман ба?, Амансыз ба?, Есенсіз бе?, Армысыз!, Сәлеметсіз бе?» – деп, амандық-есендік сұрап жатады, балам. Ал сендердің мектептерің ресми орын болғандықтан, апайларыңның «Сәлеметсіңдер ме?» деп амандасуы өте орынды. Сен мені түсіндің ғой, Иманжан!

– Түсіндім, ата!

– Тек мұсылман халқы емес, басқа да көптеген халықтар сәлемдесу әдебін жоғары бағалайды. Олардың да амандасу дәстүрінде бір-біріне ұқсамайтын қызықты жәйттер көп. Ол туралы тағы бірде айтып беремін. Ал, міне, мектепке де келіп қалдық. Сабағыңа бара ғой! – деген Иман ақсақал мектепке қарай құлдырыңдап жүгіріп бара жатқан немересінің артынан сүйсіне қарап ұзақ тұрды.

Сәлемдесу әдебі

Жасы кіші адам үлкендерге бірінші болып амандасады.

Атта отырған адам жаяу адамға бірінші сәлем береді.

Ат үстінде, көлік ішінде отырып амандасуға болмайды. Түсіп сәлемдесу керек.

Сәлемдескенде орнынан тұрып, ізет білдірген абзал.

Суретін салған Ерлан Момбаев

«Балдырған» журналы, №2
Ақпан, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз