Адам қорқуға құмар. Бұл әдет не қасиет бала күннен-ақ басталады. Мысалы, бір-біріне ұйықтар алдында қорқынышты әңгіме айтпаған балалар кемде-кем. Олар өз ауылдарындағы адам тұрмайтын үйлерде ақ адамдар өмір сүретінін, түнде ол үйлерден шулаған дауыстар шығатынын айтып жатып ұйқыға кетеді. Мұндай әңгімелер арасында балаларға ұнамсыз адамдардың адам жегіштерге немесе қаны бұзылған қылмыскерге айналып кету ықтималдығы да жоғары. Әрбір ауылда, әрбір қалада мұндай әңгімелердің болмауы мүмкін емес. Өйткені қорқыныш адам ағзасының, психикасының ажырамас бөлігі. Бәлкім бұл адамға ең қажетті сезімдердің де бірі болса керек. Махаббат, сүю, мейірім деген қасиетті сезімдермен қатар тұратын…

Әрбір аймақта кездесетін осындай әңгімелерді киноға айналдыру кино тілінде хоррор жанрындағы фильмдер деп аталады. «Хоррор» қазақша қорқынышты деген сөз. Қорқынышты фильмдердің көптеп түсірілуі, оларға көрерменнің көп жиналуы – фильмдерге сұраныстың көптігін айғақтайды. Мысалы, 2017 жылы жарыққа шыққан «Ол» (Оно) фильмі әлем кинотеатрларында 700 миллион АҚШ долларын жинады. Бұл киноны түсіруге кеткен ақшадан 21 есе көп. Дәл осы фильм ең көп қаржы жинаған қорқынышты фильмдер легін бастап тұр. Жалпы, адам не үшін мұндай фильмдерге көп құмартады? Әлде олардың пайдасы бар ма? Біз осы мәселені зерттей келе өте қызық ақпараттарға тап болдық. Бір қарағанда сүйкімі жоқтай көрінетін кинолардың адамға пайдалы екені тіпті де таңғалдырады. Сонымен…

Қорқынышты фильмдердің пайдасы. Физиологиялық тұрғыдан

Тісіңіздің сыздап ауырып тұрғанын елестетіңізші. Үш-төрт күн бойы ұйқыңыз бұзылып, қабағыңыз ашылмай, дұрыстап тамақ іше алмай… Осындай жан қиналыстардан кейін тіс дәрігерінің есігін қағасыз. Дәл осы дәрігердің табалдырығын аттаған сәтте аяқ астынан тісіңіздің ауруы басылғанын байқадыңыз ба? Өйткені тіс дәрігерінің адамды қалай емдейтінін білесіз. Оның тісіңізді тесіп, ине салатынынан да хабардарсыз. Осы емделулер алдындағы қорқыныш тісіңіздің ауырғанын сездірмейді. Өйткені бойыңызда адреналин бөлініп жатыр. Ол ауруды толықтай емдемесе де, сыздаған ауруды уақытша сездірмейді. Яғни сіздің бойыңызда пайда болған қорқыныш негізгі ауруыңызды елетпей тұр. Бұл жалған әрі уақытша қорқыныштың әсері. Ал қорқыныш жалған, өміріңізге қауіп төндірмейтін, әрі уақытша болса ол пайдалы қорқыныш.

Иммундық жүйе тұрғысынан

Британдық ғалымдар 2010 жылдары қорқынышты фильмдердің адамға әсерін зерттеу үшін бірнеше эксперимент өткізді. Оған 72 адам (36 әйел, 36 ер) қатысты. Эксперимент барысында ғалымдар адам ағзасының күйін үш рет тексерістен өткізген. Қорқынышты фильм көргенше, көріп отырған сәтте және көрілімнен кейін.

Нәтижесінде қорқынышты фильм көріп отырған адамдардың қанының құрамында лимфоциттердің көбею процесі байқалады. Лимфоциттер иммундық жүйенің өте қажетті және маңызды жасушалары. Адам ағзасына түскен вирус, бактерияларды жою осы жасушалардың негізгі жұмысы.

Артық салмақ тұрғысынан
Иә, иә. Қорқынышты фильм көру адамды артық салмақтан арылтпаса да, жақсы көмектеседі. Яғни артық салмақтан арылу үшін кешенді түрде спортпен айналысып, диета ұстап жүрген адамдар қорқынышты фильм көруді де әдетке айналдырғаны жөн.
Бұл жөнінде 2012 жылы ағылшын ғалымдары жария етті. Толықметражды қорқынышты фильм көру барысында адамдар бойындағы 113 калорияны шығарып тастай алады екен. Бұл – жарты сағат жаяу жүргенде шығатын калория көлемі. Ал қорқынышты фильмдер ішінде калориядан арылту рейтингі бойынша «Жарқырау (Сияние)» фильмі көш бастап тұр. Бұл фильм атақты актер Джек Николсон мен режиссер Стэнли Кубриктің тоғысынан туған ғажайып туынды.
Интим өмір тұрғысынан
Жоғарыда айтып өткен 36 жұп қатысқан эксперимент нәтижесінде тағы бір анықталған қызықты дүние мынадай: Фильм көрсетіліміне дейін жұптастырылған әйелдер өз жұптарының (ер адамдар) кейпін суреттеп, оны қағазға түсіріп береді. Ал қорқынышты кино көрсетілімінен кейін олар жұптары жөнінде тағы жазба қалдырған. Сонда кино көрсетіліміне дейін өздері ұсқынсыз деп суреттеген жұптарының тартымды жақтарын көптеп жазып қалдырған.
Сонымен қатар кино көрсетілімінен кейін бүкіл эксперимент қатысушыларының интимді қатынастарға жауап беретін ми бөлігі бірнеше сағат бойы өте белсенді жұмыс істеген.
Тағы бір қызығы өте қорқақ әйелдермен жұптасып, қорқынышты кино көрген ер адамдар, қорқынышын көрсетпейтін әйелдердің жұптарына қарағанда, кинодан өте жоғары әсермен шығыпты. Бұл әйел табиғатына тән қорқақтық ерлерге өзін қорғаушы ретінде сезінуге көп мүмкіндік беретінінің айғағы деуге толық негіз бар.
Психика тұрғысынан
Көп адам қорқынышты фильмдерді психикасына кері әсер етеді деп көрмеуге тырысады. Бірақ мұндай фильмдер адам психикасына зиян емес, керісінше пайдалы екенін көбі біле бермейді.
Мұның бәрі адреналиннің әсері. Адам ағзасында адреналин бөлінген сайын жүрегі жылдам жұмыс істеп, тиісінше ағзадағы зат алмасу процесін жылдамдатады. Мидың жұмыс істеуін жақсартып қана қоймай, жылдамдата түседі. Бәлкім суретші Сальвадор Далидің ұйықтау мәнері осы негізге құрылса керек. Адам оқыс дауыстан қорқады. Ал оқыс қорқу нәтижесінен адреналин бөлінеді десек, С.Дали креслода отырып, қолына бірнеше кілт жинақталған дөңгелекті ұстап отырып ұйықтаған. Бүкіл денесі босап, қолынан ауыр кілт еденге түскенде шошып оянады. Суретші осы сәтте ми қатты жұмыс істеп, идея келеді деп түсінген.
Голландиядағы Утрехт университетінің психологтары адам ағзасы бүгінгі күні қажетті адреналин ала алмайтынын айта келіп, бұл олқылықтың орнын қорқынышты фильмдердің толықтыратынын алға тартады. Ал жеткілікті көлемдегі адреналин адам өмірін жақсартып, белгілі бір деңгейде ұзарта түседі.
Дегенмен де…
Қорқынышты фильмдер психикалық тұрақты, психологиялық сау адамдарға ғана пайдалы. Ал психикасы жараланғыш, бос адамдарға мұндай фильмдерді көруге рұқсат етілмейді. Психикалық тұрақсыз адамдар қатарына балалар мен жасөспірімдер кіреді.
Қорқынышты фильмдерді бірінші кезекте балаларға көрсетуге болмайды. Өйткені олардың психологиясы әлі қалыптасып үлгермеген және олардың негізгі үлгі алар адамдары үлкендер. Олар кинодағы әрекеттерді көре жүріп, ол нәрсенің барлығын қалыпты санайды. Оған себеп баланың шынайы өмірді кинодағыдан ажырата алмауында. Олар киноны да шынайы санайды.
Жасөспірім жаста бала бойындағы гормондар ойнақшып, эмоцияға берілгіш келеді. Олар шын өмірді кинодағыдан ажырата алғанымен де, кино олардың бойындағы онсыз да көп адреналинге адреналин үстеп береді. Яғни мұндай сәтте олар кез келген дүниеге баруы ықтимал.
Қорытындылай келгенде…
Қорқынышты фильмдерді психикасы қалыптасқан, психологиялық тұрақты үлкен адамдар көруі керек. Осы тектегі адамдарға ғана ол белгілі бір деңгейде пайдалы…
Балалар мен жасөспірімдерді қорқынышты киноларға жолатпау керек!

Негізгі сауалға жауап…

Сонымен біз неге қорқынышты фильмдерге құмармыз? Бұл жөнінде ғалымдар былай дейді: Соңғы 100 жылдық адамзат тарихы үшін тыныш өтіп жатыр. Олар бұрынғыдай табиғатпен етене байланыста емес.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезінен бері адамдар күнделікті қорқынышта өмір сүріп келді. Күнделікті жыртқыштармен жолығысу, жаугершілік заман, заңсыздық көп қоғамда өмір сүру… Мұның бәрі адам ағзасын адреналинге тәуелді етті. Ал бүгін ше? Бүгінгі күні дамыған мемлекеттерде мұндай қорқыныш сезініп, адреналин (экстремал немесе құмар ойындардан басқа) алу мүмкін емес. Адаммен мыңжылдықтар бойы бірге жасасқан қорқыныш сезімін бүгінгі тыныш әлемдегі адамдар ағзасы сағынса керек-ті.
Адамның қорқынышқа, қорқынышты фильмдерге қызығушылығын осындай дүниелермен ғана түсіндіруге болатын шығар… Басқа нендей ұсыныстарыңыз бен болжамдарыңыз бар?

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз