Биыл қазақша дубляждалатын мультфильмді асыға күттім. Әлеуметтік желіде «Болашақ» корпоративтік қорының парақшасын қарап жүретін едім. Содан алғашқы дубляждалатын мультфильм «Алға» деп аталады екен. Алдын ала көрсе-тіліміне барып, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевпен сұқбаттастық. «Алға» мультфильмі, дубляж жұмысы, кастинг және алдағы уақытта қандай фильмдер көрсетілетінін біліп алдық.

«Алға» – қазақ тіліне дыбысталып, отандық кинопрокатқа мемлекеттік тілде шыққан отыз төртінші фильм. Мультфильм отбасымен бірге көруге арналған. Анимациялық фильм желісі бойынша ағалы-інілі эльфтер Иэн мен Барли тролльдер, гоблиндер, гномдар, кентаврлар мен пырақтар мекендейтін таңғажайып әлемде өмір сүреді. Баяғыда олардың әлемі сиқырға толы болған. Ол заман өтіп, енді ғажайып тіршілік иелері ұшақпен ұшып, көлік мініп, қазіргідей өмір сүріп жатыр. Ойда жоқта Иэн мен Барли қайтыс болған әкесінен сыйлық алып, ескі аңыздарда айтылған нағыз сиқырды тауып алмақшы. Сиқыр тасын іздеуге арналған сапар шытырман оқиғаға толы болады. Фильмде Иэн блокнотына жазған жазудың бәрі қазақша жазылады. Disney фильмінде мәтін атауы алғаш рет қазақшаланып отыр. Disney компаниясы өнімін қазақша дыбыстайтын дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, фильмді дыбыстауға 20 күндей уақыт кеткен.

Дубляж кастингі қалай өтеді?

Достар, «Мұзды өлке ІІ» мультфильміндегі Олафты білетін шығарсыңдар. Сол Олафты дыбыстаған – Қалибек Қуанышбаев театрының актері, «Өзіңнен баста» жобасының дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев. «Алға» мультфильміне дубляж жұмысы қалай өткенін режиссер айтып берді:

– Бұл – мен дубляж режиссері болған оныншы фильм. Фильм ағылшыннан қазақшаға аударылып, редакцияланған соң аударма түпнұсқамен үйлестірілді. Кейіпкер сөйлегенде аудар-ма тілдегі сөйлем ауыз қимылына сай келуі керек. Осы жұмыстардан соң барып фильм біздің қолға өтеді. Қазақшаға дыбыстайтын адамдарды тек театр және кино актерлары сияқты кәсіби мамандардан іріктеп аламыз. Дауыстың бәрін Disney компаниясы бекітеді. Иэнге Заңғар Әбенов, ағасы Барлиге Бәзіл Сұлтанғазы дейтін жас актерлар дубляж жасады. Бір қызығы, «Алғаның» түпнұсқасында Иэнды Том Холланд, қазақшасында Заңғар Әбенов дыбыстады. Том Холланд басты рөлді сомдаған «Өрмекші адам» картинасында өрмекші адамды Заңғар Әбенов дубляждады. Ендеше, Заңғарды Томның ресми емес қазақша дауысы деуге болады, – дейді дубляж режиссері.

2019 жылдың қарашасында шыққан «Мұзды өлке ІІ» мультфильмінде Абай өлеңінен үзінді оқылады. Disney компаниясы дубляж режиссерінен фильмге ақын өлеңін шынымен қосқан-қоспағанын сұрапты.

– «Мұзды өлке ІІ»-де Абайдың «Күз», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деген үзінділерді қостық. Мен компанияға Абайдың өлеңі халыққа түгел таныс екенін, солайша ақын сөзі халық сөзіне айналғанын айттым. Disney мұнымызды түсініп, қолдады. «Мұзды өлкеде» оқиға болып жатқан нақты ғасыр, мемлекет белгіленбегендіктен дубляжға аздап еркіндік бердік. «Алғада» америкалықтар бала кезден оқып өскен эльф, гном сияқты ертегі кейіпкерлері болғандық-тан, америкалықтардың ұлттық ерекшелігі көрінетіндіктен көркемдік негізді бұзуға бол-майды. Десек те, Барли тарихи ойындарға, тарихи жорықтарға қатты қызығатындықтан оның аудармасына батырлар жырынан сөз қостық. Ол сөздерді жыр білетін адам танып жатар, – деді Шах-Мұрат Ордабаев.

Биыл қандай мультфильмдер дубляждалады?

2020 жылы Disney компаниясының 7 фильмін қазақшаға аудару жоспарланған. «Алға» – соның алғашқысы. Одан кейін «Мулан», Artemis fowl, «Жан», «Джунглидегі круиз», Michelle against the machines және Raya and the last dragon фильмдері қазақша дыбысталады. Түпнұсқадағы атауларды беруіміздің себебі бар. Бұл фильмдер әлі аударылмады. Сондықтан атауын әзірге түпнұсқада қалдыруын дубляж режиссері ескертті.

«Алға» мультфильмінің дубляжын «Болашақ корпоративтік қорының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында «Меломан» компаниясы, Aray Media Group студиясы мен BI Group құрылыс холдингі бірлесіп іске асырған. Цифр құқығы ашылған соң фильмді IVI онлайн кинотеатрынан көруге болады.

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №10
10 наурыз 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз