Қазақстанда әлемнің ТОП-20 теннисшінің қатарына кірген спортшы болмаған еді. Жақында осы белесті 20 жастағы Елена Рыбакина бағындырды. Ол қазіргі кезде  WTA рейтингінде 17-орында тұр.

Биылғы жылы теннисші WTA аясындағы Шеньчжэн, Хобарт, Санкт-Петербург және Дубайдағы жарыстардың финалында ойнады. Жалпы, Рыбакина 2020 жылы 25 матч өткізіп, соның 21-інде жеңіске жеткен екен.

«Жаттықтырушыммен көп жұмыс істедім. Маусым алдындағы дайындығым керемет болды. Соңғы үш жарысымда допты ойынға қосу жағынан өзгеріс бар. Бұған дейін бір додада жақсы өнер көрсетсем, кейінгісінде сәтсіздікке ұшырап жататынмын. Яғни тұрақтылық болмайтын. Ал қазір өте жақсы өнер көрсетіп жүрмін. Соның арқасында жеңісім көбейіп келеді. Бірақ әлі де жетілдіретін тұстарым бар. Тәжірибем де артып келеді. Әрдайым жаңа нәрсе үйренгенді жақсы көремін. Мысалы, Санкт-Петербургтегі финалдан кейін арада бір апта өткенде Дубайдағы жарыстың шешуші сайысында Симоне Халеппен кездестім. Екеуі екі түрлі финал. Осы аралықта ойынымды жақсарта алдым деп ойлаймын. Жаңа маусымда «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың біреуінде топ жаруды көздеймін. Қалай болатынын көре жатармыз. Әрине, тырысамын. Алайда қазіргі мақсатым әлемнің ТОП-15 теннисшісінің қатарына ену», – дейді Елена Рыбакина.

Осы ретте «Рыбакина деген кім? Қайдан шыққан спортшы?» деген сұрақ туады. Елена Қазақстанға Ресейден қоныс аударған. Ол 1999 жылы 17 маусымда Мәскеу қаласында дүниеге келген. Тенниспен бес жасынан бастап айналысқан. Бұл спортқа әкесі баулыған. Өйткені кезінде әкесі де тенниспен айналысқан. Еліміздің азаматтығын 1 жарым жыл бұрын алған. Сол кезде ол рейтингте екінші жүздіктің соңында тұратын. Ал қазір 17-орынға дейін көтерілді. Мақтауға тұрарлық нәтиже.

 Соңғы бір жылдағы нәтижеңіз керемет. Бұл жетістігіңізді немен байланыстырасыз?

–  Бәрі жылдам болып жатқанына өзім де таңғалдым. Бапкерім екеуміз көп жұмыс істедік. Қазір толықтай тенниске берілгенмін. Уақытымды алатын өзге ештеңемен айналыспаймын. Мысалы, оқуды айтамын. Екеуін қатар алып жүру қиын. Бұрын күнде сабаққа баратынмын. Ал қазір ол жағынан барлығы реттелді.

 Маусымды керемет бастадыңыз. Осы ретте өзіңізді кінәлайтын қателік жоқ шығар?

–  Шынымен де ештеңе жоқ. Өмірімде алғаш рет маусымаралық дайындығым керемет болды. Бұл жолы 6-7 апта дайындық жүргіздім. Оған дейін әрі кетсе 3 апта дайындалатынмын. Бірақ алғашқы жарысымда-ақ жоғары нәтиже көрсетемін деп ойламаған едім. Жалпы алғанда, әрине, бәріне көңілім толады.

 Сонда маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынында қандай өзгеріс болды?

–  Бір жыл бұрын Стефано Вуковпен жұмысты бастадық. Жаттығу жұмыстарын Словакияда өткізіп жүрміз. Ол жақта теннис корттары өте көп. Өзіңді толықтай тенниске арнауға барлық жағдай қарастырылған. Сосын турнирлер де жеткілікті. Сол себепті көп жаттығу жасай алмайсың. Біз әрбір күні жаттығу процесін өзгертіп отырдық. Техникалық тұрғыдан ғана емес, тактикалық қателіктермен де жұмыс істедік. Жаттықтырушым көп нәрсе үйретті.

 Нақты нені өзгертті?

–  Бастысы, ол менімен барлық уақытта бірге. Күніне 24 сағат қасымда деп айтсам болады. Бұл мен үшін жаңалық. Осыған дейін жекелей емес, топпен бірге жұмыс істегенмін. Сол себепті менімен бапкерім жарыстарға аса көп бара қоймайтын. Одан кейін Андрей Чесноковпен бірге жаттықтық. Ол да онша қатты жарыстарға бара алмады. Тек 1-2 рет болған шығар. Ал қазіргі жаттықтырушым көп көмектеседі. Оның қолдауын кортта ғана емес, алаңның сыртында да сеземін. Үйренген жаңа нәрселерім жеткілікті.

 Егер Ресейден кетіп, Қазақстанның намысын қормағанда мұндай нәтижелерге қол жеткізе алар ма едіңіз?

–  Қазақстанның атынан жарыстарға қатысып жүргеніме қуаныштымын. Қазақстан мені қолдайды. Әсіресе, қаржылық тұрғыда көмектерін аяп жатқан жоқ. Сосын Федерация кубогында өнер көрсеткім келеді. Біздің қыздар Бельгиядан ұтылып қалды. Өкінішті. Қиын ойын болды. Алдағы уақытта келесі кезеңдерге өтуге мүмкіндігіміз болады деп ойлаймын.

 Ресейге қайтып оралмайтын шығарсыз?

–  Шынымды айтсам, бұл туралы ойланбаған екенмін. Қазақстанның намысын әрі қарай қорғай бергім келеді. Бұл ел маған ең қиын кезеңде көмектесті. Алдағы уақытта жағдай қалай өзгеретінін білмеймін. Бірақ Ресей туралы әңгіме дәл қазір жабық деп айта аламын.

 Қазақстан құрамасы сапында бірде-бір ойын өткізген жоқсыз. Енді Федерация кубогында өнер көрсету үшін келесі жылды күту керек…

–  Өкінішке қарай, әзірге мүмкіндік болмай жатыр. Бельгиядан жеңіліп қалдық. Мен қатыса алмадым. Бельгия құрамасы сапындағы қыздардың барлығымен кездесіп көргенмін. Тағы бір рет соларға қарсы ойнағым келеді.

 Енді Олимпиада ойындарына бара алмайсыз. Негізі рейтингіңіз сай келіп тұр емес пе?

–  Әрине, рейтинг бойынша қатыса алар едім. Алайда Федерация кубогында ойнамағандықтан Олимпиада ойындарына жол жабық. Төрт жылдықтың басты додасынан тыс қалатыным өкінішті.

 Словакияда әлемнің бұрынғы төртінші ракеткасы, 2014 жылғы Аустралия ашық біріншілігінің финалисі Доминика Цибулкованың академиясында жаттығатыңыз рас па?

–  Иә, дәл солай.

 Ол өзі көмектесіп тұра ма?

–  Шынын айтқанда оны тек екі рет алыстан көрдім. Мен мұнда әрі кетсе бір немесе екі аптаға келемін. Сосын ол үнемі Братиславда бола бермейді. Мен бұл жерде өз бапкеріммен жаттығамын. Сондай-ақ фитнес-жаттықтырушылар көмектеседі.

 Жетістігіңізді отбасыңыз қалай қабылдап жатыр?

–  Ата-анам қуанып отырады. Осындай прогресс болады деп ешкім күткен жоқ. Олар бір жыл бойы қалай жұмыс істегенімізді көрді. Мен көп уақытымды отбасымнан тыс өткіземін. Бұрын Мәскеуде жаттығатынмын. Ал қазір өзге мемлекеттемін.

 Маусымға қандай мақсат қойып отырсыз?

–  Маусымды ТОП-15 немесе 20 теннисшінің қатарында аяқтағым келеді. Егер одан да жоғары болып жатса, тіпті керемет. Бастысы, корттағы қателіктерден сабақ алуды үйрену керек. Менде қателік көп. Қазіргі уақытта тенниске 24 сағатымды арнаймын. Өзге қызығушылықтарыма уақыт жоқ. Бос уақытым болса, жақындарыма арнауға тырысамын.

Айта кетейік, Елена Рыбакина осыған дейін әлемнің үздік теннисшілерінен София Кенин (АҚШ), Элизе Мертенс, Кирстен Флипкенс (екеуі де – Бельгия), Шуай Жанг (Қытай), Хизер Уотсон (Ұлыбритания), Каролин Гарсия (Франция) секілді мықтыларды жеңген.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №10
10 наурыз 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз