Күнделікті өмірде нан мен суды өмірлік қажеттілік үшін пайдалансақ, білім алуды өмірлік қажеттілік деп қарауымыз керек. Осы қағиданы жақсы түсінгендер жырақтан білім іздеп, елге оралып, туған жерде тер төгіп жүр десек те болады. Бүгінгі кейіпкеріміз НЗМ түлегі маңғыстаулық Азиза Әлбетованың да ұстанған қағидасы сондай. Ол Қытайдың Гонконг қаласындағы политехникалық университеттің студенті. Біз Азизамен Гонконгта білім алу және ондағы өмірі жайлы сұқбаттастық.

– Гонконгта оқу грантына қалай ие болдыңыз?

– Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-сынып оқып жүргенде Назарбаев Университетінде оқимын деп жоспарладым. Бірақ ізденіп, сұрастыра жүріп, Гонконг политехникалық университетінде мен қалаған мамандық бар екенін білдім. Өзімді сынамақ болып әрі шетелде оқудың қандай екенін білейін деп, керек құжаттарды тапсырып, сұқбаттардан өтіп, Гонконг қаласына оқуға түстім. Оқып жатқаныма үш жыл болды.

– Мамандығыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Гуманитарлық факультеттегі әртүрлі мамандыққа арналған ағылшын тілі мамандығында оқимын. Демек әртүрлі саладағы ағылшын тілінің қолданысын, жалпы тілдің қалай жұмыс істейтінін қарастырады. Оқуымның бірінші жылында көбіне Еуропа, Азия елдерінің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен таныссақ, келесі жылында коммуникация саласында білім алдым. Коммуникацияның түрі көп: кәсіби, тиімді, академиялық түрлерін меңгеріп, қалай, қай жерде қолданылатынын үйрендік. Үшінші жыл басталғалы тіл саласына көбірек тоқталып жатырмыз. Тіл дегенді көбі дұрыс түсінбей, бізді нақты бір тілді үйренеді деп ойлайды. Олай емес. Тілдің лингвистика жағынан қалай қолданылатынын, қалай жұмыс істейтінін зерттеп, фонетика, синтаксис жағын қарастырамыз.

– Жергілікті тілді үйрену қиынға соқпаған шығар? Көбіне қай тілде сөйлесесіздер? Сабақ қай тілде?

– Шыны керек, тіл жағынан аса қиындық көрмедім. Өйткені университеттегі сабақтар да, түрлі іс-шаралар да ағылшын тілінде өтеді. Кейде оқудан тыс уақытта, кафелерде тұрғындар ағылшынша түсінбегендіктен, қиындық болады. Көбінесе ағылшынша сөйлесеміз.

– Университеттегі күндеріңіз қалай өтуде? Білім беру бағдарламасы қандай екен?

– Гонконг қаласының білім беру бағдарламасының Қазақстаннан өзгешелігі – сабақ кестесінде. Гонконг университетінде сабақ кестесін ыңғайымызға қарай қоя аламыз. Мысалы, қай оқытушы сабақ бергенін қалайсың, соның уақытына қарай өзің кесте жасап, сабақтарға бара аласың. Күніміздің көбі университетте өтеді. Кітапханаға барамын. Сабақтан кейін қазақстандық студенттер қосылып, өзге елден келген достарымызбен әңгіме-дүкен құрамыз.

– Оқуыңызды аяқтаған соң елге ораласыз ба?

– Шетелде оқып жүрген студенттерге ең жиі қойылатын сұрақ (күліп). Иә, Қазақстанға келіп, елімнің болашағын көркейтіп, дамуына үлес қосқым келеді. Мүмкіндік туып жатса, Гонконгта бір-екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинап, еліме жаңа идеялармен, жоспарлармен келсем деймін.

– Гонконгта студенттерге қандай жағдай жасалған?

– Бұл қала әлемге бизнес орталық ретінде танымал. Сондықтан білім алуға, жұмыс істеуге, бизнес ашуға барлық мүмкіндік жасалған деуге болады. Гонконгқа табанымыз тие салысымен әуежайдан күтіп алып, жатақханаға орналастырды, университетке келген күні кампуспен толық танысып шықтық. Барлық мән-жайды түсіндірді. Университеттің өзінде көптеген орталық, кеңсе бар. Әп-сәтте саған көмегін, кеңестерін беретін мұғалімдер қасыңнан табылады. Қысқасы барлығы оқуың үшін, өзіңді жақсы сезінуің үшін жасалған.

– Шетелде оқуға ата-анаң­ның көзқарасы қалай болды? Әдетте қазақ отбасылары қыз балаға көп еркіндік бермейді ғой…

– Иә, біздің елімізде қыздарға көп шектеу қояды. Бірақ, менің отбасымда ондай жағдай ешқашан болған емес. Ата-анам түсіністікпен қарады. Шетелде оқығым келеді деген шешімімді бірден қолдап, сенім білдірді. Сол үшін оларға алғысым шексіз. Қыз бала болсын, ер бала болсын, білім алу үшін барлығының құқы тең болу керек деп ойлаймын.

Нұрлыхан Жұмахан

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз