Апамның айтқаны ма, әлде кітаптан оқығаным ба, кинодан көргенім бе, білмеймін, әйтеуір жақсы бала ата-анасына қамқор болуы керек. Жігіттің ең жақсысы – жақындарын жақсы көруі тиіс. Әйтпесе, ата-анасына опа бермеген бала кейін ешбір қызды жақсы көріп, отбасы болғанда да жауапкершілікті сезінбейді. Осындай ойлар ауық-ауық кез келген адамды мазалап тұратыны бар. Содан кейін бе, ата-анасын, бауырларын қалай бар, солай қабылдайтын, жақсы көретін, сыйлайтын адамдарды көрсем, құрметпен қараймын.

Бүгін оқырманды сондай жақсы баламен таныстырғым келеді. Оның аты-жөні – Иса Байбақ (Әлеуметтік желілерге Isa Baibak деп жазып, тауып алуға болады). Әлеуметтік желіде таныстық. Мен секілді қанша адам оны әлеуметтік желі арқылы танитын шығар. Анасы екеуі гитарамен ән шырқайды. Иса гитарамен сүйемелдесе, анасы әуелетіп ала жөнеледі. «Дауысы қандай керемет!» деп қана қоймай, ана мен баланың қарапайым, жарасымды отырысына сүйсініп, қызығып қарайсың. Бір минутқа жетер-жетпес әндерін тыңдаған сайын, «тыңдашы, мына кісілер сондай күшті екен» деп қанша адамға бөліскенім есімде жоқ. Әйтеуір көргеннің бәрі ол кісілерді жақсы көріп қалады. Әлеуметтік желілердегі топтарда «Қайдансыздар?», «Нағыз талант мына апайымыз ғой», «Фонограммасыз біздің көп әншілер бұлай айта алмас еді», «Осы уақытқа дейін қайда жүргенсіз?» деген пікірлер үсті-үстіне жазылып жатады.

Иса домбыра, гитара тартады. Домбыра тартуды анасы үйреткен екен. 1995 жылы дүниеге келген. Отбасында алты бала, Иса – екін-шісі. Анасының өнерін насихаттап жүрген жігіттен оқырман жиі сұрайтын «қайдансыздар?» деген сұраққа жауап алдық. Олар Жетісай қаласының Жүзімдік ауылының тұрғындары екен.

«Анам Есенай Әзімбайқызы Айтмамбетова 1972 жылы Өзбекстан облы-сының Жизах облысында дүниеге келген. 1993 жылы әкем Мұхтармен шаңырақ көтеріпті. Екеуінің жас айырмашылығы он бір жас. Анам кішкентайынан музыкаға жақын болып өскендіктен, мектеп бітіре сала оқушыларға ән-күй сабағынан дәріс беріп, балаларды өнерге баулыпты. 1991 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы педагогика училищесінің ән-саз бөліміне оқуға түсіпті. Оқу орнын 1994 жылы бітірген. Одан кейін мектептерде, балабақшаларда жұмыс істеді. 2018 жылдан бері «Бірлік» мәдениет үйінде жұмыс істейді. Ауданда «Жұлдыз-ай» дейтін эстрадалық ән айту үйірмесінің жетекшісі», – деп таныстырды анасын.

«Анам сахнада ән салған әншілерді көрген сайын «шіркін-ай, мен де осылай сахнаға шықсам ғой. Менің сахнаға шыққанымды көргенде, ата-анамда да арман болмас еді» деп отыратынын еститінмін. Сол кезде анамның арманын орындағым келді. Соңғы бір жылда әлеуметтік желіде анамның айтқан әндерін жүктей бастадым. Бәлкім, халықтың қолдауымен үлкен сахнаға шығып қалар деп ойладым. Өзі мүлде әлеуметтік желіде отырмайды, аккаунты жоқ. Анам тұрмыс құрып, алты баланы өмірге әкеліп, аналық миссиясын орындау үшін үлкен өнер жолынан қалыс қалып қалған ғой. Әйтпесе, студент кезде қатар оқыған достарының арасында анамды осал болды деп ойламаймын. Достарының арасында елге танылғандары да бар. Мысалы, Жұбаныш Жексенұлы анаммен бірге оқыған екен», – дейді Иса.

Әлеуметтік желіде жазған әр пікірді мұқият оқиды екен. «Алла разы болсын», «Анаңыз ұзақ ғұмыр жасасын», «Үлкен сахнада көруге тілектеспін», «Осы уақытқа дейін қайда тығылып жүрсіз?» деген пікірлер көп жазылады. Сондай пікірлерді оқығанда анамның көзіне жас келеді. Сол кезде мен де толқып кетем. Барлық бала үшін анасы ерекше ғой. Ал мен анамды өте талантты адам деп есептеймін. Талантын балалары үшін құрбан еткен адамды қалай құрметтесе де жарасады. Мен той ұйымдастырып, өнер көрсетемін.

Кейде анам да жақындарымыздың тойына барып ән салады. Фоно-граммасыз шырқағанына қарап, бәрі ерекше әсермен тыңдайды. Анам өте қабілетті. Мысалы, әлеуметтік желіге қандай әндерді жүктеу керек екенін мен таңдай-мын. Сөзін жазып апарып берсем болды, репетиция жасамастан видеоға түсіре береміз. Әлеуметтік желіде Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова, Жазира Байырбекова сияқты әншілер анамның ән айтқанын көріп, жылы пікір қалдырыпты. Қуанып қал-дық», – деп ағынан жарылды Иса.

Байбақтар әулеті өте ұйымшыл көрінді. Исаның ата-анасы қарашаңырақта қалған. Бұл әулетте қазір 48 немере бар. Бәрінің жиналатын жері – қарашаңырақ. Сол шаңырақтың берекесін келтіріп отырған да кейіпкеріміздің анасы. Балаларына үнемі үлкенді сыйлауды үйретіп келеді.

Енесін құдайындай күтеді. Оның дәлелін де отбасылық фотоальбомнан көргендей болдық. Мұхтар аға мен Есенай апайдың тұңғышы Шерхан әжесі Қалипаны Меккеге қажылыққа апарып келіпті. Бізді әжесін арқалап алған немеренің әрекеті қызықтырды. «Бастапқыда әжем ағамның арқалағанына көнбеді. Бірақ қаладан келген ағам әжеммен бірге туыстармен амандасуға барғанда, жолда шаршап қалмасын деп арқалап алған ғой. Сөйтсе әжем: «Ұят болады, ойбай, түсірге» басты. Бірақ ағам: «Мен сізді Меккеге де арқалап апарам» деп бой бермеді. Солай әжемізді Меккеге де апарып келді», – дейді Иса отбасындағы ерекше фотолар туралы баяндағанда.
Бұл шаңырақтан нағыз қазақы тәрбиенің үлгісін көргендей болдық. Аналардың арманын орындағысы келген балалардан айналдық.

P.S. Ал достар, сендер аналарыңның арманын білесіңдер ме? Бір сәт сырласып көріңдерші. Ата-ана үнемі саған жағдай жасап, керегіңді тауып беруге міндетті сияқты көрінетін шығар, иә? Бірақ баланың да ата-ана алдында міндеті бар екенін ұмытпағайсың.

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №9
3 наурыз 2020 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз