Жаңа ғасырда жаңа мамандықтар сұранысқа ие болып жатыр. Жаңа мамандықтар бұрынғыдай 20-30 жылда емес, енді әр 3-5 жылда пайда бола бастады. Мысалы, бұдан 10 жыл бұрын SMM маманы, спичрайтер сынды мамандықтар туралы мүлде естімеген едік. Ал қазір мұндай мамандықтың неше түрі бар. Қазір тіпті үйде отырып-ақ жақсы табыс табатын фрилансерлер жетіп артылады. Оларға сұраныс та көбейіп келеді. Солардың бірі – копирайтерлер. Бұл мамандық туралы не білеміз?

Копирайтер – жарнамалық мақсатта мәтін жазып сататын адам. Оның жазған мәтіні өнімнің сатылымына, компанияның танымалдығына әсер етеді. Копирайтер тапсырыс берушімен ғана емес, аудиториямен де ортақ тіл табысатын, білімді, жан-жақты болуы шарт. Ал сауатты копирайтер кілт сөздерді қолдану арқылы компанияның қызметін пайдалануға немесе өнімін сатып алуға итермелейді. Копирайтердің міндеті – тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес жазылған мәтінді белгіленген мерзімде ұсыну. Бұл мамандық тілді жақсы білуді, кәсіпке бейім, сатуға икемі болуын талап етеді.

Қазір әлеуметтік желілер кәсіптің негізгі құралына айналды. Инстаграмда парақшасы жоқ кәсіпкерді елестету қиын. Бұрын орыс тіліндегі бизнес-парақшалар көп болса, қазір орыстілді блогерлер қазақша блог жүргізе бастады. Өйткені қазақ аудиторияcының көбеюі себебінен үлкен компаниялар да қазақ тіліне көңіл бөле бастады. Аудитория қайда болса, ақша сонда екені айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік желіде тұтынушыға өнімді өтімді жарнамалайтын мәтін керек. Осы тұрғыдан қазақтілді копирайтерлерге сауал қойдық:

1. Қазақтілді копирайтерлерге сұраныс бар ма?
2. Кәсіптегі копирайтингтің рөлі қандай? Сату мәтіні қалай жазылады және оның көлемі қандай болуы керек?
3. Копирайтерлер қанша табыс табады?

Ақерке КАМАЛ, копирайтер:

1. Қазір әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі са­уатты жарнама жасау үшін сұраныс өте көп. Ал жарнама мәтінін жазатын копирайтерлерге де сұраныс бар деген сөз.

2. Кәсіптің өрге басуының бірден-бір құралы – әлеуметтік желі. Әсіресе, Инстаграм. Инстаграмдағы мәтін 1600 символдан аспағаны дұрыс. Жазылу құрылымына келетін болсақ: тақырыптан (назар аудартудан), тұтынушының жанды жеріне тиюден (проблемадан), шешім жолдарынан, ұсыныстан, әрекетке шақырудан тұрады. Құрылымын сатылатын затқа қарай өзгерте беруге болады. Бастысы – жазуға дағдылану.

3. Алматы қаласындағы мәтіннің «майын тамызып» жазатын копирайтерлердің орташа табысы 80.000 теңгеден басталады.

Данияр ЖІГІТБЕК, копирайтер:

1. Әрине, сұраныс бар. Өйткені, қазақтілді аудитория күннен-күнге артып келеді. Бірінші себебі, қазір қоғамда кәсіпкерлікке қызығушылық пайда болды. Кәсіпкерлер өзін дамытып, жарнаманың негізгі көзі әлеуметтік желі екенін мойындады. Инстаграмда жеке бренд қалыптастыру және өнімді сату үшін міндетті түрде мәтін керек. Мәтінді оқу арқылы тұтынушы ақпарат алады. Кей кәсіпкерлер уақыты тығыз болғанда немесе жақсы мәтін жаза алмағаны үшін копирайтерлердің қызметіне жүгінеді.

2. Копирайтинг – маркетингтің мәтінге негізделген түрі десек те болады. Оқырман арасында ұзақ мәтінге қарағанда қысқа мәтін жақсы оқылады деген пікір бар. Меніңше, мәтіннің ұзақ не қысқа емес, қызықты болғаны маңызды. Егер бірінші сөйлеммен-ақ оқырманды баурай алсаң, онда оны соңына дейін оқитындай етіп жазуға болады. Алайда әзірге кең көлемдегі мәтінге сұраныс жоқ. Сататын мәтіннің қалай жазылатыны туралы толық жауап бере алмайтын шығармын. Себебі, бұл бір курстың жүгін көтеретін ауқымды тақырып. Бұл – өнер. Копирайтингте түрлі әдіс бар. Кіріспе қандай болуы керек, негізгі бөлімге қалай өту керек, қалай бітіру керек, бәрі пысықталған әдістер.

3. Бұл коммерциялық құпия. Мәселенің бәрі тапсырысқа, сосын білім мен тәжірибеге байланысты. Мәселен, сіз енді бастап жатқан копирайтер болсаңыз, ақшаны емес, бірінші мәтінді ойлау керек. Басты мақсат – сапалы жазуды үйрену, сол арқылы сізге ақша төлеуге дайын аудиторияны қызықтыру. Сіз емес, сізді іздейтіндей маман болсаңыз, тапсырыстар өз-өзінен келе береді.

Мәтін жаза білу не үшін керек?

Қазір кей компаниялар қызметкерді жұмысқа аларда әуелі оның әлеуметтік желідегі парақшасын қарайды. Былайша айтқанда, әлеуметтік желі сіздің кішігірім бет-бейнеңіз болып саналады. Әрине, екінің бірі сататын мәтін жаза алмауы мүмкін. Дегенмен жеке брендинг үшін сауатты мәтін жаза білу керек-ақ. Сіз тамсанып жүрген кей әртістер мен кәсіпкерлердің парақшасын арнайы SMM мамандары мен копирайтерлер жазатыны анық. Ғалымдар адамның интеллектін жазу қабілетіне қарай бағалауға болады дейді. Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай шағым айтып келген қызметкерлеріне ойын қағазға жазып келуін өтінеді екен. Демек, адам ойын қағаз бетіне түсіру барысында шағымының орынсыз екенін немесе қате шешім қабылдап жатқанын түсіне алады. Осыған қарап-ақ жаза білудің өмірімізде қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.

Сатылатын мәтін негізінен мынандай қағидаларға негізделеді:

  • Проблеманы айта отырып, қызығушылық тудыру;
  • Проблеманың нақты шешімін ұсыну;
  • Ұсынылған шешімнің жолдарын көрсету;
  • Айтылған нәрсенің бәрі рас екенін дәлелдеу.

Мәтін жазып үйрену үшін…

Жазу машығын қалыптастыру үшін күнделікті бір-екі сөйлем болса да жазып отыру қажет. Кейін біртіндеп 10-15 сөйлемге дейін көбейтесіз. Не жазарыңызды білмесеңіз, ойыңызға не келеді, соны жазып көріңіз. Үйрену солай жүзеге асады. Табысты копирайтерлер сөздің құдіретін сездіретін мынадай амал-тәсілдерді қолдануды ұсынады:

• Не жазатыныңызды анықтап алыңыз. Қай салаға қызығасыз? Мәселен, саяхат, бизнес, музыка, кітап саласы, тағы басқа;

• Кез келген ақпаратты сторителлинг әдісі (белгілі бір оқиғаны баяндай отырып) бойынша жеткізу;

• Қызықты тақырып қою. Тақырыбы тартпаса, мәтін де оқылмауы мүмкін.

• Қысқа әрі нұсқа жазу. Бір сөзбен айтқанда, аз сөзге көп мағына сыйғыза білу. Себебі Инстаграмдағы жазба газет-журналға шығатын мақала емес екенін ұмытпаған абзал.

• Жазып болғаннан кейін міндетті түрде бірнеше рет қайталап оқу. Мәтінді қайталап оқу барысында артық сөйлемдерді алып тастайсыз, қайталанған сөздерді синониммен ауыстырасыз.

• Жазба соңында әрекетке шақыру немесе сұрақ қою.

Содан кейін оқырманды қызықтырудың түрлі әдіс-тәсілін меңгеруге болады. Жазған мәтініңізді оқып, үнемі кері байланыс жасайтын аудитория қалыптастырып алған соң, сатудың қыр-сырын үйрене бастайсыз.

Ешқашан өзіңіз кешпеген сезімді жазбаңыз. Себебі, оқырман оған сенбейді. Автор жыламаса, оқырман да жыламайды. Автор таңғалмаса, оқырман да таңғалмайды. Сондықтан жазу қабілеті және оны сата білу – өнер. Ал өнерді үйрену еңбекқор адамдарға ғана тән қасиет.

Жандарбек Жұмағұлов

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2020

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз