Автомат жинаудың шебері Камилия Мырзаханованың есімі әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс. АК-74 автоматын 46 секундта жинаған мектеп оқушысының бейнежазбасы желіде лезде тарады. Тіпті оқырманы көп шетелдік парақшалар да бөлісіпті. Аз күнде танымалдыққа ие болған
Камилияның өмірімен таныстық. Болашақтағы арман-мақсатын айтып берді.

– Туған жерім – Жамбыл облысының Меркі ауданы. Бірақ үш жасымнан бері Алматыда тұрамын. №126 мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысымын. Бос уақытымда ән айтып, билегенді жақсы көремін. Домбыра тартамын. Спортпен тұрақты шұғылданамын. Волейбол ойнаған ұнайды. Одан кейін түрлі тамақ пісіргенді жақсы көремін. Анамның жанында жүріп, түрлі тамақ пісіруді үйреніп алдым. Мектепте белсенді оқушылардың бірімін. «Жас сарбаздар» ұйымының белді мүшесімін. Кішкентай кезімде ағам әскери училищеге барды. Үйге келгенде үстіндегі формасына қатты таңғалып, қызықтым. Әңгімесін тыңдаудан жалықпай, сұрақтар қоятынмын. Бір күні автомат жинау туралы әңгіме айтып берді. Атам майор болған. Балалары әкесінің жолын қуып, әскери қызметкер болды. Анамның айтуынша, отбасымызда әскери адам көп екен. Қанмен берілген қасиет деді. Болашақта ұшқыш болғым келетін. Аспанда ұшып жүргенімді көз алдыма елестетемін. Бірақ елімізде қыздарға арналған ұшқыш даярлайтын оқу орны жоқ екен. Енді физика саласын таңдап отырмын. Интернеттен менің қалаған оқу орным Мәскеуде екенін білдім. Мүмкіндік болса сол жаққа барып білім алғым келеді.

Автомат жинауды қалай үйренгенімді және таралып кеткен видео туралы айтып берейін. 10-сыныпқа көшкенде алғашқы әскери дайындық пәнін оқитынымызды естіп, қатты қуандым. Сабаққа күн сайын дайындалып келетінмін. Бір күні ағайымыз автоматты таныстырды. Оның бөліктері мен жинап-шашу үлгісін көрсетті. Бір рет көрсеткеннен кейін екі-үш рет қолымды жаттықтырып, жинап көрдім. Бір күні өзім шашып-жинап жатқанымды видеоға түсірдім. Оны парақшама жүктедім. Екі апта өткеннен кейін шетелдік азамат менің видеомның астына бір парақшаны белгілеп кетіпті. Мен оған қатты мән бермедім. Екі күннен кейін менің видеом әлемге таралып кетіпті. Оқырманы көп түрлі парақша көшіріпті. Ағайыма видеоны әкеліп көрсеткенде, қатенің бар екенін айтты. Видеоның қаралымын ұмытып, қатесін іздей бастадық, – дейді Камилия.

Ұлдарға ең қолайлы сала әскери қызмет екені белгілі. Қыздар жағы бара бермейді. Алайда Камилия сыныбындағы ұлдарға мотиватор болған көрінеді.

– Бұрын ұлдар жағы АӘД сабағына мән бермейтін. Менің бейнежазбам оларға мотивация болды. Автоматты шашып-жинағанда, олар да қызығушылық танытты. Одан кейін бір-бірімізбен жарыстық. Қазір сыныптастарым – ең үлкен қолдаушым. Видео таралғаннан кейін негатив пікірлер көп болды. «Қыздың орны – ас үй», «Автомат ұстаған жараспайды» деген пікір көп болды. Мен қатты қиналдым. Дұрыс болмады-ау деп күйзелдім. Бірақ сыныптастарым мен достарым жақсы пікір айтып, қанаттандырды. Қазір жаман пікірлердің ешқайсысын оқы-маймын. Болашақта әскери саланың адамы болсам, қыз балаларға арналған арнайы әскери оқу орнын құрар едім. Қазіргі сынақ – ҰБТ. Содан жақсы ұпай жинап, қалаған мамандық иесі болғым келеді, – деп әңгімесін аяқтады Камилия.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА
«Ұлан» газеті, №9
3 наурыз 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз