Ихсана Мадиярқызы – Елордадағы №76 мектеп-лицейдің 2-сынып оқушысы. «Барыс» хоккей ұлдар құрамасындағы жалғыз қыз. Хоккеймен 5 жасынан бері айналысады. Құрамада үш жылдан бері өнер көрсетеді. Анасына хабарласқанымызда, Ихсананың түрлі үйірмеге баратынын айтты. Кешке ғана тілдесу мүмкін болды. Хоккей ойнаудың шебері әңгімесін отбасынан бастады.

– Жасым 7-де. Отбасымда ата-анам, екі ағам, бір інім бар. Әкем де, анам да – экономист, экономика ғылымдарының докторы. Үлкен ағам Исмаил 9-сыныпта оқиды. «Астана» хоккей клубында жаттығады. Ойындарға шығып жүр. Екінші ағам Абдулла 6-сыныпта оқиды. «Санлин» футбол академиясында жаттығады. Інім Даниял екеуміз «Барыс» хоккей клубында жаттығамыз. Бес жасымда анаммен «Алау» мұз айдынына барып, алғаш рет коньки тептім. Маған мұзда сырғанаған қатты ұнады. Содан кейін анам мәнерлеп сырғанау үйірмесіне жазуды ойлады. Бір күні отбасымызбен «Барыс Арена» сарайына хоккей көруге бардық. Маған қатты қызық болды. Сол күннен бастап, хоккейге жазыламын деп ойладым. Ата-анам қарсы болғанымен, кейін көнді. Қазір «Барыс» хоккей клубында жаттығамын. Арманым – хоккейші болу. 16 жастан бастап Жоғары Лигадағы қыздар командасында ойнағым келеді. Өзімнің клубымды әрдайым мақтап жүремін. Бас қаладағы құрама жасақтайтын базалық клуб. Оның жетістігі өте көп. Құрлықтық Хоккей Лигасының (ҚХЛ) мүшесі. Хоккейге қызыққаннан кейін, анам жаңа құрама жасақтап жатқаны туралы хабарламаны көріп, бірден хабарласты. Медициналық тексеру қорытындысы бойынша денсаулы-ғым жарамды болды да, қабылдады. Сосын арнайы киімін сатып алдық. Алғаш жаттығуға 2018 жылдың 7 наурызында бардым. Мен ол күнді ұмытпаймын. Менен басқа екі қыз барды. Қалғаны – ұлдар. Мереке қарсаңы еді.
Жаттығу аяқталғаннан кейін мұз үстінде қыздарға қызғал-дақ сыйлады. Сол сәтте қатты қуандық. Алғашқы жаттығудан-ақ конькимен сырғанағанымды көріп, жаттықтырушым «Жарайсың!» деді. Қазір жетіс-тігім көп. Биылғы маусымдағы іріктеуден жоғары көрсеткішке жетіп, бірінші топқа өткен жалғыз қызбын. Іріктеу кезінде балалардың көбі шығып қалды. Тағы бір жетістігімді айтайыншы.

Канада хоккей федерациясының өкілімен кездесуге арнайы шақырылдым. Маған жылы лебізін білдіріп, ақ тілегін айтты. Ең өкініштісі, қазір мен жарысқа қатыса алмаймын. Өз ішімізде ғана ойнаймын. Жарысқа 10 жасқа толғаннан кейін қатыстырады. Менің хоккейші екенімді сыныптастарымнан бөлек, білім басқармасы да біліп алыпты. Хоккейден басқа спорт биімен айналысамын. Қазір аздап үлгермей жүрмін. Болашақта қайтадан қолға аламын. Хоккейге көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Көп еңбектенсем, жетістігім де көп болар еді. Ата-анамды да жиі қуантамын. Бос уақытымда ертегі оқығанды ұнатамын. Отбасымызбен қыдыруға шығамыз. Құрбыларыммен аулада ойнағанды жақсы көремін, – деді жас спортшы.

Алдыңғы қатарлы ойыншылардан қалыспай жүрген Ихсанаға жеңісті күнің көп болсын демекпіз.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА
«Ұлан» газеті, №9
3 наурыз 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз