Адамның тағдыры оның есіміне байланысты. Мұны қазақ халқы ертеден біліп, балаға ат таңдауға ерекше мән берген. Азан шақырып ат қою дәстүрі де солай пайда болған. Белгілі тұлғалардың есімін беру арқылы баланың бойына соның қасиеттерін сіңіргісі келген. Баланың мінезі мен сырт келбетіне жақсы әсері болсын деген ниетпен Көркем, Нәзік, Батыр деген есім таңдаған.

Қоғамда басқа ниеттен туған есімдер тобын да кездестіруге болады. Мысалы, есімінде «ұл» сөзі бар қыздар қауымы. Күнделікті өмірде Ұлболсын, Ұлбала, Ұлдана есімді қыздарды жиі кездестіреміз. Ал Қызболсын, Қыздана, Қызберсін дегенді ше? Бұл сұраққа «жоқ» деп жауап беру – заңдылық. Себебі ер адамды жоғары қою, ұрпақ жалғастыратын ұл баланы аңсау – қазақ халқына тән қасиет. Мұндай дәстүр тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде де бар.

Қазақ халқында ер бала күткен, ұл баланы аңсаған әулет өмірге келген қыз балаға «құпия коды» бар есім беріп, жауапкершілік жүктеген. Мұндай есімді қыздан кейін өмірге ер бала келсін деп ырымдайтыны белгілі. Ырымнан туған есімдер тізбегі Ұлболсын, Ұлбала, Ұлтуар, Ұлпан, Ұлдарай, Ұлмекен, Ұлберсін, Ұлту, Ұлжалғас, Ұлжан, Ұлдана деп келіп, Жаңыл, Жаңылсын, Жаңылхан, тіпті Болдыгүл, Тоқтагүл, Тоқтажанмен бітетіні тағы бар. Ал көптен күткен ұл балаға Құдайберген, Тәңірберген, Бақберген деген есім беріледі.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда Ұлболсын есімді 75 400 қыз-келіншек бар екен. Бұл статистиканы былтыр халықаралық қыздар күнінде БҰҰ-ның халық мәселелері жөніндегі қоры ЮНФПА жариялаған. Ұлболсын есімді қыз-келіншектердің жартысынан астамы (53,6%) ауылда тұрса, 46,4 пайызы қалалық жерде тіркелген. Елімізге Ұлболсынға ұқсас мағынадағы 294 қыз есімі бар. Қыздарға «Ұл» сөзі бар есімдер көбіне (69,6%) оңтүстік өңірлерде беріледі екен.

Осындай «ерекше» есімге ие қыздардың өз есіміне көңілі тола ма? Отбасы оларға қандай жауапкершілік жүктеді? Есімі тағдырына қалай әсер етті? 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осындай есімді қыздардан сұрап көрдік.

Ұлжан ИБРАИМОВА, журналист:

Есімімді ұл болсын деп емес, ұлы ана болсын деп қойған

Менің есімім – Ұлжан. Атымды әкем қойған. Есімімді ұнатпай, ата-анама ренжіген кезім есімде жоқ. Мектепте Ұлжан есімді қыздар болмады. Ал Айгерім, Аяулым есімді қыздар әр ауылда, әр мектепте, тіпті әр сыныпта болатын. Сондықтан өзімді де, есімімді де ерекше деп қабылдадым. Үйдегілер де ұл баланы қалаймыз деп айтпайтын. Мен – үйдің тұңғышымын. Менен кейін үш сіңлім және бір інім бар. Сіңлілерімнің есімі – Ажар, Нұрай, Назгүл. Үйіміздің кенжесі ғана ұл бала.

Адамның тағдырына есімі әсер етеді дегенге сенем. Саналы өміріме, қазіргі жеткен жетістігіме ұлы Абайдың анасының есімі септігін тигізген шығар. Ұлы ақынды өмірге әкеп, оны тәрбиелеген тұлғаның атын алып жүру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Есіміңе лайық болу үшін әрдайым ізденісте жүресің, алға ұмтыласың. Есімімде үлкен мән-мағына бар екенін сезінемін. Мен Ұлжан есімінің мағынасын ұл болсын деп емес, Ұлы ана болсын деп түсінемін.

Қыз балаға басқа ниетте есім қоюды дұрыс деп ойламаймын. Ертеректе ер адамның деңгейі жоғары болған шығар. Жаңа қоғамда әйел мен еркектің дәрежесі тең. Оны күнделікті өмірде барлық саладан байқап жүрген боларсыз. Болашақта өзімнің балама лайық есім беремін деп ойлаймын.

Ұлбала БЕГАЛЫҚЫЗЫ, студент:

Мен Ұлбала емес, жай ғана қара қызбын

Менің есімім – Ұлбала. Алматы қаласындағы Сәтбаев университетінің студентімін. Туған жерім – Түркістан облысының Шәуілдір ауылы. Отбасында 7 қызбыз. Мен –
төртіншісімін. Атымның неге Ұлбала болғаны да осыдан түсінікті болар. Кішкентай кезімде есімімнің Ұлбала болғанына қатты ренжитінмін. Себебі үйдегі басқа қыздардың есімінде «Ұл» деген сөз кездеспейді. Нұргүл, Таңшолпан, Нұртолқын, Айкөркем деген әдемі есім иеленген. Сосын Жаңыл деген сіңлімнің есімі менікімен мағыналас.

Кәмелеттік жасқа толып, жеке куәлік алғанда атымды ауыстырып алам деп ойлайтынмын. Бірде анама атымды ауыстырғым келетінін айттым. Неге маған әдемі есім қоймағанын сұрадым. Сонда анам:«Қызым, адам азан шақырылған атын өзгертпеуі керек. Несі бар, әп-әдемі есім. Бәріміз үйреніп қалдық», – деп райымнан қайтарды. Сөйтсем, есімімді атамның інісі Ниязбек есімді көкеміз қойыпты. Қазақ халқы үлкенді тыңдайтын халық қой. Ниязбек көкемді жақсы көремін. Бала күнімде үйіне жиі баратынмын. Үйіндегілер мені жақсы көреді. «Біздің қызымыз, қара қызымыз» деп еркелетеді.

Менің есімім Ұлбала болғанымен, өкінішке қарай, артымнан ерген інім болмады. Адамға есімі әсер етеді деген рас болса керек, ер мінезді болып өстім. Сөзімде тұруға тырысам. Басқа қыздар сияқты майысып жүрмеймін. Өз әре-кетім үшін өзім жауап берем. Кейде батылдығым да бар.

Барлығы Алланың қолында. Құдай маңдайыңа ұл көруді жазбаса, мейлі он қыздың атын ырымдап қойсаң да, ештеңе өзгермейді. Болашақта өзім тұрмысқа шығып, балалы болғанда балаларыма ең әдемі ат таңдауға тырысам. Кейін ес білгенде бізге рақмет айтып, өз есімін мақтан тұтса екен деймін.

Қоғамда түрлі пікір бар. Оны сүзгіден өткізіп, жақсысын қабылдау өзіңе байланысты. Қалаға келіп, студент атанып, жаңа ортада адамдар-мен танысқанда есімімді әркім әртүрлі қабылдайтын. «Үйіңде қанша қыз бар?», «Ата-анаң бірден жұмаққа кіреді екен ғой», «Атың затыңа сай екен» деген сияқты пікірлер айтылып жатады. Қазір есіміме қатысты комплекс жоқ. Қазір мені достарым Ука деп атайды. Ал отбасым мен туысқандарым үшін жай ғана Қара қызбын. Осылай еркелеткені өзіме ұнайды.

P.S. Жалпы, қоғамда адамды жыныстық, жастық, нәсілдік немесе этникалық белгілеріне қарай бөлу дискриминация деп аталады. Статистикалық көрсет-кіштер Қазақстанда жыныстық дискриминация азайып келе жатқанын көрсетеді. БҰҰ-ның халық мәселелері жөніндегі қорының мәліметінше, соңғы отыз жылда қыздарға Ұлболсын есімін беру азайып келе жатыр екен. Мәселен, 1990 жылдан 1999 жылға дейін мұндай есім 13 803 қызға берілсе, 2010-2019 жылдары бұл көрсеткіш 12 264-ке дейін кеміген.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №9
3 наурыз 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз