Ерлі-зайыпты Бонни мен Ливингстон 1918 жылы Алабама штаты-ның Юнион Бринкс қаласына келді. Олардың қалтасында небәрі 50 доллар бар еді. Осы қаржыға күн көрудің жолын ойластырды. Ақылдаса келе, аулаға қырыққабат тұқымын екті. Оны сәл өсіріп, көшет күйінде сатты. Осыдан соң отағасы компания құрып, жеке мекемесіне әйелінің есімін (Bonnie Plants) берді. 1920 жылдардың басынан бергі жұмыстың нәтижесінде АҚШ-тағы 50 штатқа 300 өсімдік түрін (көкөніс, жемістер болуы керек) тарататын компания «Үшінші сұрыпты қырыққабат бағдарламасын» қолға алды. Алғаш рет осыдан 24 жыл бұрын басталған бағдарлама 2002 жылдан бері 48 штатта ұлттық бастамаға айналды. Жоба аясында мектеп оқушы-лары бау-бақшадағы жұмысты көзімен көріп, сонда еңбек етеді.

Бір күні 3-сыныпта оқитын Кэтидің мұғалімі «Үшінші сұрыпты қырыққабат бағдарламасымен» оқушыларға қырыққабаттың көшетін берді. 9 жасар Кэти қырыққабат көшетін үйінің артындағы бақшаға отырғызды. Көкөнісін баптап, қарап жүрді. Ал онысы күн санап өсе берді, өсе берді. Тіпті 40 фунтқа (18 келіден аса) дейін жетті. Қырыққабаттың сонша үлкендігіне таңғалған Кэти отбасымен жеп тауыса алмайтынын білді. Әке-шешесіне ерекше қырыққабатына ерекше үй табу керектігін айтты. Анасы жергілікті фермерлерге егін жинауға жәрдемдесетін мекемеге хабарласты. Ондағылар қырыққабатты Триконти отбасы үйіне/министрлігіне (Tricounty Family Ministries – қиын жағдайда қалған, аш-жалаңаш жүрген жандарға тамақтану, медицина, киім-кешек, жұмыс табу тұрғысында көмектесетін жекеменшік ұйым) табыстауға кеңес берді. Сөйтіп оны әкесінің жүк машинасына салып, Триконти отбасы үйінің асханасына сыйлады.

Кэти СТАГЛИАНО
(Katie Stagliano):
– 9 жасында 275 адамды тамақтандыруға көмектескен;
– 12 жасында 5 бірдей бағы болған;
– Feeding better futures байқауының гран-при иегері.

Құшақтасақ бола ма?

2008 жылдың мамыры. Кэти қырыққабатын әлгі асханаға алып барғанда ұзын-сонар кезекті көрді.

– Cол уақытта інім 4 жаста болатын. Ал қырыққабат інімнен де үлкен еді. Өзім өсірген өнімді діттеген жерімізге отба-сымызбен алып келдік. Ішке кіргенде тамақ жеуге тұрған соншалықты көп адамды көріп қайран қалдым. Мен оларға қырыққабаттың өздеріне арналғанын айтқанымда маған сондай мейірбан, қамқор көзбен қарады. Тіпті ішінде бір адам «Сені құшақтасақ бола ма?» деп сұрады, – деген Кэти екі күн өткен соң асханадан шақырту алды. Сол сәтте ол өз бақшасында өсірген көкөнісінен пісірілген сорпаны 275 адамның ішкенін білді. «1 ғана қырыққабат осыншама адамды тамақтандыруға көмектессе, 1 бақ-шадағы көкөніспен қанша жанды тойдыруға болады?» деп ойлады. Осы ой оны Katie’s Krops (Кэтидің өнімі) атты жеке кәсібін бастауға шабыттандырды.

– Менің өмірім осы кезде мүлде басқа бағытқа өзгерді. Аштық қиын жағдайға тап болған қаншама адамға, тіпті, бүтін бір отбасына ауыр тиеді, – деп проблеманы жүрегімен сезініп, салмақтай білген ол үйіне келе бақшасын тағы да өңдеп, топырағын қопсытып, қоқыстан тазартып, әзірлей бастады. Жыл бойына бақшасынан алған өнімді мұқтаждарға арнап сорпа пісіретін үйіне жақын маңайдағы асханаға беріп жүрді.

Футбол алаңындай бақшасы бар оқушы

Кэти тек өзінің көмектескені жеткіліксіз болатынын сезді. Сондықтан ақша жинауға кірісті. Оны өзге құрдастары мен заман-дастарына грант ретінде бергісі келді. Сондағысы – басқа балалар да өзі секілді көкөніс егіп, мұқтаждарды тамақтандыруға күш салса, олар да сауап алса дегені еді. Осы ойын іске асыру үшін Кэти Қарағайлы орман дайындық мектебінің директорынан көкөніс өсіруге рұқсат сұрады. Бұл үшін сол мектептегі өзге де оқушыларды көмектесуге көндіретінін және осының арқасында басқа балалар да қайырымдылықпен айналыса алатынын айтты. Директор Кэтиге футбол алаңының көлемімен бірдей болатын жер учаскесін берді. Мектептегі мұғалімдері мен сыныптастары алғыр қыздың ерекше бастамасын қолдай кетті.

Міне, керемет! Бірақ Кэти мұнымен тоқтамады. Ол өзінің Katie’s Krops, яғни «Кэтидің өнімі» деп аталатын жеке ұйымын құрып, кәрі құрлықтың барлық еліндегі бау-бақшаны баптап, өнімін үйсіз жүргендерді тамақтандыруға жұмсауды қалайтын 9 бен 16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерден тапсырыс қабылдай бастады. Оның бұл үкіметтік емес ұйымы өзінің бақшасындай өсіп, күннен-күнге кеңейіп, идеясын қолдайтындар-дың арқасында өркендей түсті. Осы уақыттағы жайын кейіп-керіміз былайша еске алады:

– Оңтүстік Каролинада бірнеше бақшаның жұмысын бастадық, бірақ мен «Кэти өнімінің» бүкіл АҚШ аумағында болғанын, кеңінен таралғанын армандадым. Осы арманымды орындау үшін өзім секілді қайырымдылықпен айналысқысы келетін балаларға грант бөлуді ұсындым. Бұл әрекетім ірі компаниялар мен ықпалды тұлғалардың жұмысыма, жобама деген сенімін оятты. Алғашқы грантқа барлық штаттың 9 бен 16 жас аралығындағы балаларынан 200-ден аса өтінім қабылдадым, – деп еске алыпты.

Әлбетте ол осындай нәтижеге жалғыз жете алмас еді. Оның осы сүйікті әрі пайдалы іспен айналысуына мектебіндегі мұғалімдері зор қолдау көрсеткен, мүмкіндік берген. Кей сұқбаттарында Кэти тіпті сабақта да оған түсіністікпен қарағанын, оқу ордасының еркіндік сыйлағанын айтады. Бұл – өте маңызды қолдау.

Егер кейіпкерімізді қабілетіне қарай құрметтемей, мүмкіндік бермей, жолына тосқауыл болса, дәл бүгінгідей болар ма еді? Екіталай. Осыдан-ақ Кэтидің мұғалімдері оқушыларының бүкіл пәнді «беске» бітіргеннен өмірде бәрібір барлық бағытты бірдей меңгеріп, бесаспап адам болмайтынын, одан гөрі белгілі бір кәсіпті, қызметті иеленгені және бір мамандықтың майталманы болғаны маңызды деп ұққанын білуге болатындай.

Періште азпаздар

Нәтижесінде кейіпкеріміз жыл сайын іріктелген балалардың бақшаны әзірлеп, күтіп-баптау жұмыстарына ақша бөле алатын деңгейге жетті. Бұдан бөлек Кэти осы жұмысын жандандыратын керемет идея ойлап тапқан. Ол қиындықтан қорықпайды. Бұл сөзімізге оның тура бір жыл бұрын берген сұқбатындағы мына ойы айқын дәлел бола алады:

– Осы жолда көп проблема кезікті. Соның әрқайсысы – бір мүмкіндік. Бір күні әдеттегідей көкөністерімді жинап, сорпа пісіретін асханаға келдім. Алыстан көзім жетпеді, әйтеуір бірдеңенің бұрынғыдай емес екенін сездім. Тыпырлаған тіршіліктің нышаны жоқ. Аптығып келіп есіктің тұтқасын тарттым. Сөйтсем сыртына «жабық» деген жазуы бар тақтайша ілініпті. Жүрегім аузыма тығылды. Бұл – біздің қаладағы мұқтаждарға тамақ беретін жалғыз асхана еді. Кейін білгенімдей, сорпа пісіретін дәмхана қаржылық дағдарысқа байланысты жабылуға мәжбүр болыпты. Мен сол уақытта небәрі 12 жаста едім, бірақ соған қара-мастан «Кэтидің өніміндегі» жергілікті бақ-шалар бұл мәселені шеше алатынын түсіндім. Шешім қандай болды? Біз өзіміздің бақшадан алынған өнімдерді асханаға бергенімізбен, өзіміз одан тамақ дайындамай-тынбыз. Неге бізге пайдалы ас әзірлемеске? Мен мектебімдегі (қоғамдық) тамақтану қызметінің басшысы Макнилл мырза мен 6-сыныптағы ғылыми жетекшім Кори Фуллерге бардым. Ойымды баяндаған соң, үшеуміз бірігіп жоспар құрдық. Бақшамыздағы көкөністерден түскі ас ұйымдастыратын болып шештік. Өзіміз өсірмейтін кейбір қажет заттарды сатып алдық.

«Кэтидің өнімі» бақшаларын өсіріп жүрген еріктілер бұл жобаны да бірауыздан қолдай кетіпті. Сөйтіп Кэти қолдаушыларымен бірге кештетіп ертеңгі түскі астың қамына кірісті. Макнилл мырза бас аспаз болып, Кэти мен оның талапшыл достарына асхананың қыр-сырын, пышақпен жұмыс істеуді үйретіп, кімнің немен және қалай айналысу керектігін көрсетіп, міндеттерді бөліп берді. Осылайша олар ерекше түскі ас әзірлеуге білек сыбана кірісті. Кэти бастаған ұжымға сол кенттегі қолы ашық, қамқор жандар көмекке келді. Ал түсте олардың тамағын ішуге келгендер 6-сыныптың оқушыларынан құралған кішкен-тай топтың осындай үлкен істі қолға алғанына, дәмді ас әзірлегеніне таңғалды. Сол күн батқанда асханадағы әрбір жан бір ғажайыптың басталғанын және оны өздері бастай алғанын түсінді.

Міне, дәл осы алғашқы түскі ас әзірлеу шарасының өткеніне тоғыз жылдан асты. Бірақ «Кэти өнімінің» түскі асы әлі күнге дейін үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Ғажап емес пе! Әрбір түскі асты бала аспаздар өз бақшасында өсірген өнімнен әзірлейді. Тамақ таппай тентірегендерді аштықтан аман алып қалады. Құдды періште аспаздар дерсің…

Өйткені олар – 9 бен 16 жас аралығындағы жаны таза, өздері кішкентай болса да пейілі кең, жүрегі жомарт жандар ғой. Жомарт болмаса, айналдырған 2 сағаттың ішінде 200-ге жуық адамға тамақ пісіріп тастамаушы еді.

– Осы уақыттың ішінде мен нені түсіндім? Шағын қаржыға пайдалы ас ішуге болатынын білдім. Біздікі – қарапайым, әдеттегідей ас, оны пісіруге қомақты қаржы кетпейді. Бірақ бұл – пайдалы, ыстық және құрамында ақуыз бен крахмалы бар, сабағынан жаңа үзілген көкөністерден әзірленген дәмді тамақ. Мен мына әлемге өзгеріс алып келу үшін қанша жаста екенің маңызды емесін түсіндім. Ашқұрсақ болып жүрген жан-дарға ыстық тамақ берудің қандай қуаныш сыйлайтынын ұқтым. Сонымен бірге қоға-мымның, өз қауымымның, достарым мен олардың ата-аналары, сондай-ақ өз әке-шешемнің қолдауы мені қалай бақытты ететінін сезіндім, – дейді Кэти.

Арманыңды айтпа

Ол бүгінде елу шақты штатта 100-ге жуық көкөніс бақшасын өсіріп отырған балалардың бас бағбаны. Кэти Аuthority-magazine-ге берген сұқбатында бір нәрсенің негізін қаларда ескеретін 5 кеңесін ұсыныпты:

1. Уақытың бәрін өз қалауыңша істеуге ешқашан жетпейді. Асқақ арман, биік мақсатың болады. Сол мақсаттарыңа бар назарыңды аудар, өйткені уақыт – қымбат.
2. Әр адамның өз ойы бар (әсіресе интернетте). Сені жек көретіндерді (аяғыңнан шалатын-дарды) елеме, болмысыңнан айныма.
3. Көмекті қабыл ал. Бұл сенің әлсіз екеніңді білдірмейді, керісінше, ақылды етеді.
4. «Рақмет» сен үшін әлемдегі ең күшті сөз бола алады.
5. Ешкімнің ешқашан саған тым кішкентай (немесе кәрі) екеніңді айтуына жол берме. Адамның жасы – кедергі емес, бар болғаны сан ғана.
Бес кеңесін ұсынған кейіпкеріміз өмірдің сабағынан түйгенін айтуды сұрағанда:
– Адамдарға арманыңды айтпа, істеп көрсет, – депті.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №9
3 наурыз 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз