Қазақстандағы футбол клубтарында алдымен облыстың әкімі ауысады, сосын клубқа жаңа директор келеді. Ол бас бапкер мен спорт директорын алмастырады. Осыдан соң команда құрамы толықтай өзгеріп, жаңа ойыншылар келеді.

Бұл жиі қайталанатын сценарий. Осындай жайтты 2019 жылдың қараша айының соңында Қарағандыдан көрдік. Жергілікті «Шахтер» клубының директоры болып бұрынғы футболшы Ерлан Оразаев тағайындалды.

Ерлан Оразаев 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басындағы қазақ футболының жұлдыздарының бірі еді. Ол қатарластары арасынан талантымен дараланған. 1999 жылы Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысқан. Сол чемпионатта кейіннен «Спартак», «Тоттенхэм» және «Депортиво» командаларында ойнаған хорватиялық Стипе Плетикосаның қақпасына гол соққан жалғыз қазақ футболшысы. Бірақ 2005 жылы 26 жасында жарақатына байланысты карьерасын аяқтады. Одан кейін футболда мүлдем қызмет еткен жоқ. Есесіне, өзге секторда бағы жанды: заң департаментінде жұмыс істеді, ұлттық компанияда ірі жобаларға  басшылық етті.

Дегенмен, 15 жылдық үзіліс кезінде қазақ футболындағы кейбір мәселелерді ұмытып қалса керек. Әсіресе, жүрген жерінде шөп шықпайтын ресейлік Дмитрий Селюкпен тым жақын болуы «Шахтер» жанкүйерлерін қатты алаңдатып отыр.

Былтырғы құрамнан бас бапкер Николай Костов пен бірнеше ойыншы кетті. Олардың арасында әсіресе команда капитаны, «Шахтердің» түлегі, ұлттық құраманың мүшесі, қақпашы Игорь Шацкий мен жас талант Оралхан  Өміртаевтың «Тобылға» ауысып кетуі жергілікті жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырды. Одан бөлек, тағы бір жас футболшы Дмитрий Бачек те туған жерінің командасымен қош айтысты.

Жоғарыда аталған ойыншылардан өзге бірнеше ойыншы «Кеншілер» сапынан кетті. Олардың арасында Иван Пешич, Марат Шахметов, Милош Видович, Доньет Шкодра секілді футболшылар бар.

Маусымаралық үзіліс кезінде «Шахтер» сапына мына ойыншылар келіп қосылды: Давид Юрченко («Енисей»), Арсен Хубулов («Енисей»), Усман Мұхаммед («Тамбов»), Александр Кислицын («Оқжетпес»), Абдель Ламанж («Қайсар»), Гидеон Баа («Хонка»), Алию Абубакар («Олимпик», Донецк), Седрик Куаджа («Слуцк»), Жереми Манзорро («Ертіс»), Асланбек Кәкімов («Ақтөбе»).

Африкалықтардың Қарағанды командасына жиналып жатқанына ықпал еткен – ресейлік агент Дмитрий Селюк. Бас бапкер Вячеслав Грозныйдан бастап, бірнеше ойыншыны «Шахтерге» Селюк әкелген. Әрине, тегін емес екені анық.

Абдель Ламанж, Гидеон Баа, Алию Абубакар, Седрик Куадио, Мұхаммед Усман секілді ойыншылардың арасында тәуірі Ламанж деуге болатын шығар. Былтыр «Қайсар» сапында өнер көрсеткен. Қазақстан чемпионатынан хабары бар. Гидеон Баа деген тіпті Қазақстанның бірінші лигасына жарамаған. Бір кездері «Қайрат А» сапында 7 ойын өткізген.

Баа өзі туып-өскен Ганадағы реалити-шоуда жеңіске жетеді. Бұл сайыстың бас жүлдесі ретінде «Челси» командасына сынақтан өту мүмкіндігі берілген. Бірақ футболшыны ағылшын клубында қалдырған жоқ. 28 жасқа дейінгі карьерасына қарасақ, тек Финляндияның ХИК клубында сәл-пәл дұрыс ойнаған. Басқа жерде жарытпаған. Тіпті, Америка асып MLS-қа да барып қайтқан. Алайда жарақатына байланысты ойнаған жоқ.

Алию Абубакар u-17 жасқа дейінгі Нигерия жасөспірімдер құрамасында бес ойын өткізген (оның жасы 23-те). Бес жыл бұрын 17 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған деп айтылғанымен, ФИФА-ның ресми сайтында футболшының аты-жөні жазылмаған. Соған қарағанда іріктеу кезеңдеріне қатысып, мундиальдың финалдық кезеңінен тыс қалса керек. Одан бөлек, футболшы жыл сайын команда ауыстырады екен. Былтыр жазда Донецкінің «Доимпиакос» командасымен келісімшартқа отырып, Украинада бар-жоғы екі ойын өткізді. Соңғысы – 4 тамыз. Енді Қарағандыға келіп, алаңға бір-ақ шығады.

Мұхаммед Усманның «Атлетико» командасының бас бапкері Диего Симеонемен түскен фотосынан басқа мақтанатын ешқандай жетістігі жоқ. 25 жастағы футболшы осыған дейін ресми түрде 4 командада ойнап, 25 матчқа қатысқан.

Шабуылшы Седрик Куадио – Беларусь чемпионатынан ауысып келді. 2018 жылы 5 гол соғып, былтыр 19 ойында тек екі рет көзге түсті.

Әйтеуір, арасында Жереми Манзорро, Асланбек Кәкімов бірлі-жарым жөні түзу ойыншыны алған.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз