Үзіндісі ғана беріліп отырған бұл топтаманың ауқымы кең. Себебі  отанымыздың қасиетті жерлері көп. Демек, топтама әлі де жазылып жатыр. Мақсаты – Қазақстанның киелі жерлер географиясын жас оқырмандарға өлеңмен таныстыру, аңыздарға шолу, тарихқа үңілу. «Киелі жерлерге саяхаттың» алғашқы бөлімі былтырғы жылдың аяғында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының дәстүрлі «Алтын тобылғы» әдеби байқауында «Балаларға арналған жылдың үздік шығармасы» номинациясын жеңіп алды. Авторы өздерің жақсы білетін – Асылан Тілеген ағаларың. Ендеше, туған жердің тарихымен өлең жолдары арқылы танысып көрейік!

I. ЖОЛҒА ӘЗІРЛІК

Мұрасын біл бабаңның,
Еске мықтап түй оны.
Мынау дархан далаңның,
Барлық жері киелі.

Көл, өзені дара аққан,
Сүйсіндірген басқа елді.
Шебер Құдай жаратқан,
Бар табиғат қастерлі.

Жұмбағы көп жасырған,
Аралаймыз жер-көкті.
Сонау орта ғасырда,
Қала салған сәулетті.

Өз тілі бар тастың да,
Сөйлететін ұл болса.
Анау төбе астында,
Ашылмаған сыр қанша?!

Мынау бел де, дала анау,
Бәрі-бәрі тарихың.
Мақтанышың болар-ау,
Рухыңды жанитын.

Тұлпар мініп, ту алған,
Ұл боларсың ер, дана.
Сені күтіп тұр алдан,
Кие қонған кең дала.

II. САПАР

Қазығұрт тауы

Шығыс, түстік, батысты,
Өлең қылдық бәдіздеп.
Қазығұртқа қатысты,
Ел ішінде аңыз көп.

Тіршіліктің нұры құт,
Сүймеген жан жазықты.
Жаратқанын ұмытып,
Адам біткен азыпты.

Сиқын көрген елінің,
Нұх пайғамбар налыпты.
Пайғамбардың көңілін,
Жаппар Ие таныпты:

«Адам барды ұмытты,
Жануар жи қосақтап.
Жауын жаумақ қырық күн,
Алып кеме жасап бақ».

Болып Құдай әмірі,
Топан басты жаһанды.
Нұх кемесі – дәу, ірі,
Бір төбеге апарды.

Аңыз солай кешегі,
Өтіп қанша тас-құздан.
Қазығұрт тау осы еді,
Жан аяғын басқызған.

«Қазығұрттың басында
кеме қалған» аңызы –
Баба сөзі расында,
Шын тарихы тәрізі.

Жартас жаққа қара ана,
Қақ бөлінген.
Аты әйгі.
«Адам ата – Хауа ана
тасы» деп жұрт атайды.

Көзата деп аталған,
Бұлағы да шипалы.
Таңдай бөлек татар дәм,
Іш,
Үстіңе құй тағы.

«Бектау ата» тауы мен үңгірі

Бәрі көркем – бұлақ, шың,
Мұнда да көп аң ізі.
«Бектау» жайлы сыр ашсын,
Асан Қайғы аңызы.

Желмая-күн зулап құр,
Келді Арқаға түн көшіп.
Ертеңгісін жұмбақ бір,
Қос бәйтерек тұрды өсіп.

Тау асыпты ол демде,
Табиғатқа қайран қап.
Қазығұртқа келгенде,
Әлгі ағаш тұр жайраңдап.

Тау болса да кішірек,
«Бектау ата» атақты –
Бір әулие ісі деп,
Әулиешоқы атапты.

Ақмешіт үңгірі

Мешіт аты таңылған,
Ғажабы көп не түрлі.
Жер астына салынған,
Дәу киіз үй секілді.

Аңыз жайын ұқтырып,
Әңгіме айтсақ білікті:
Оң мың әскер тік тұрып,
Намаз оқып шығыпты.

Естілердей құс назы,
Таңғы азанның даусындай.
Үңгір іші қыс-жазы,
Мәңгі өзгермес маусымдай.

Ішіндегі тал, шынар,
Аңсайтындай жарық нұр.
Мөлт-мөлт етіп тамшылар,
Жарқабақтан тамып тұр.

Бекет ата мешіттері

Еске сақтап ал-дағы,
Ұлықтаумен жүр оны.
Құлағың сал, кел, қане,
Бекет ата кім еді?!

Жүріп әскер сапында,
Ілім жайын көп ұқты.
Аты шыққан батыр да,
Сәулетші де болыпты.

Хиуа барып тәлім ап,
Оқытты елдің ұлдарын.
Орны – құтты шаңырақ,
Шәкірт жиған бірқауым.

Ел ішін көп аралап,
Тыйып думан-сауықты.
Әр қиырды жағалап,
Төрт мешітті салыпты.

Соғып боран, жаңбыры,
Кетті деме ажары.
Төрт мешіттің барлығы,
Тау астында, ғажабы.

Үңгір емес,
Ол – мешіт,
Зиярат қып атаны,
Келуші көп жол кешіп,
Артып жатыр қатары.

«Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі

Кесенесі асылдың,
Тарихыңды ұқтырған.
Он төртінші ғасырдың
Куәгері
Тік тұрған.

Дін үйреткен жан бопты,
Қожа-Ахмет атамыз.
Бабтың ізін жалғапты,
Оның жолы – аталы із.

Оқымай-ақ атүсті,
Ұстаздарын таң қылған.
Ислам дінге қатысты,
Өз ілімін қалдырған.

Жыл өткен соң нешеме,
Көшіп заман билігі.
«Тұрғыз, – депті, – кесене»
Әмір Темір бұйрығы.

Тысын қалай теңдепті,
Металл қалай майысыпты?!
Қабырғасы өрнекті,
Күмбезі де айшықты.

Жасап жазы-қысында,
Іс қылғанмен жабылып.
Әмір Темір тұсында,
Бітпей қалған салынып.

Өмір-өзен алға ақты,
Уақыт тоқтап қалған ба?!
Игі істі жалғапты,
Кейін келген хандар да.

Мұра солай жасалған,
Ішінде көп бөлімі.
Қабырғаға қашалған,
Құран, хадис бөлігі.

Артық басқа жерлерден,
Сондықтан да киелі.
Осы жерде жерленген,
Асылдардың сүйегі.

III. ОРАЛУ

Болды, сірә, ғажап күн,
Артта қанша жол қалып,
Жері мынау қазақтың,
Төрт бұрышын шарладық.

Шаршатады жол деген,
Күтті қанша аңғарлар.
Тауымыз бар көрмеген,
Бұрылмаған жолдар бар.

Сауран, Шарын, Бозоқты,
Кешкендейміз жаяулап.
Даласында қазақтың,
Барлығы да аяулы-ақ.

Азық алдық көп жылдық,
Қазына көп ақтарса.
Үлгермеген тағзым қып,
Кесенелер көп қанша?!

Көріскенше, жас досым,
Жиірек шық сапарға.
Арман алға бастасын,
Таныт елді жаһанға!

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз