Диана Абухан – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Бакалаврды қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған ару қазір Италияның астанасы Римде Sapienza Università di Roma оқу орнында магистратурада оқып жатыр. Емтиханын ойдағыдай тапсырып, сұқбатқа қуана келіскен кейіпкеріміз шет елдегі қызықты сәтін, студенттік өмірін және бала арманы жайлы әңгімелеп берді.

Диана – Орал қаласынан шалғайда жатқан шағын ауылдан шыққан талапты қыз. «Менің қарапайым ауылдағы мектепті бітіріп, шет елде оқып жатқаным ауыл балаларына мотивация болсыншы», – деген тілекпен сұқбатын бастады.

– Еуразия Ұлттық университетінде жүргенімде, 4-курстың бірінші семестрін академиялық ауысым бағдарламасымен Түркияның Денизли қаласындағы Памуккале университетінде оқыдым. Бағдарлама студентке бір семестр немесе бір жылға шетелде оқуға мүмкіндік береді. Бұл жайлы мен кеш білдім. Уақытымның тығыз екенін біліп, керекті құжатты жинадым. Ағылшын тілінен IELTS сертификатын алу үшін екі ай көлемінде дайындалып, керекті балды жинап, құжаттарымды тапсырдым. Көп кешікпей Түркияға бір семестр оқуға шақырту келді. Ол жақта біз Еуропалық Erasmus бағдарламасының студенттерімен бірге болдық. Көп дос таптым. Олардың білімге, жеке тұлғалық дамуға көзқарасы біздікінен өзгеше. Түркияда жүріп, магистратураның бағдарламаларын іздедім.

– Академиялық ауысым бағдарламасы тегін ғой?

– Иә, тегін. Бағдарлама аясында үш мемлекетті және сол елдегі бір оқу орнын таңдайсыз. Таңдаған университеттің талабына сай құжат өткізесіз. Оны осы жақтағы оқу орныңыздың бас координаторы жібереді. Жауап күтесіз. Басты мақсат – таңдаған университетіңіздің талаптарына сәйкес келіп, шақырту алу. Жолақысын және жататын орныңызды төлеудің екі жолы бар. Толық грант ұтып аласыз немесе өз қаржыңызбен барасыз. Мемлекет грантын ұтып алу үшін универдегі үлгеріміңіз, қосымша сертификатыңыз және қоғамдағы белсенділігіңіз маңызды.

– Ағылшын тілін қалай үйрендіңіз?

– Ағылшын тілін мектептен бастап үйрендім, курсқа қатыстым. Универде уақыт тапшылығынан оқи алмадым. Ағылшын деңгейім IELTS тапсыруға жеткіліксіз болды. Бірақ қалайда осы бағдарламаны пайдаланып, шет елге кеткім келді. Уақыт болса тығыз. Бір аптаның ішінде Астанадағы ең мықты репетиторды тауып, хабарласып, жағдайды және деңгейімді айтқанымда менеджер менің деңгейіммен бір ай жарым уақытта IELTS тапсырудың мүлдем мүмкін емес екенін айтты. Менде бір-ақ ой болды: «Мақсатым – айқын, ешнәрсе маған кедергі бола алмайды». Орысша айтқанда, «вижу цель, не вижу преград». Сөйтіп мені дайындайтын ұстаздың нөмірін тауып алып, жағдайды түсіндірдім. Ол кісі қиын болатынын, нәтижеге қол жеткізе алмасам, барлық жауапкершілік өз мойнымда екенін айтып, ертесіне келуімді өтінді. Айтқым келгені, бір адамның қолынан келген дүние басқалардың да қолынан келеді. Ынта мен ниет болса, жетуге болмайтын мақсат жоқ. Қиынға соққаны рас, оңай деп айтпаймын, бірақ нәтиже соған тұрады.

– Шет елдегі өмір туралы не айтасыз?

– Біріншіден, мүлдем басқа менталитетпен, біздікіне ұқсамайтын өмір сүру салтымен танысасыз. Бұл аналитикалық ойлау қабілетін дамытып, өмірде кездесетін әртүрлі жағдайға басқа қырынан қарауға көмектеседі. Себебі адам өзі көріп жүрген ортадан немесе өмір салтынан басқаны аңғармаса, сол ортаға әбден бейімделіп алады да, тек біржақты саралайды. Бұл әсіресе шетелде белгілі бір уақыт аралығында өмір сүргенде байқалады.

Екіншіден, білім деңгейі, білім беру жүйесіндегі әдіс-тәсілдері өзгеше. Профессорлар барынша студенттің жеке ойына, берілген материалды өз деңгейінде қалай түсінгеніне көбірек мән береді. Бірге талқылап, дұрыс бағыт беруге тырысады.

Үшіншіден, әрине, біздің ғажайып ғаламшардың әдемі жерлерін көріп, саяхаттауға берілген мүмкіндік. Әр мемле-кеттің және өмір сүріп жатқан халықтың басқаға мүлдем ұқсамайтын, өзіне ғана тән ерекшелігі болады.

Студентке керек ақпарат профессордың сайтында тұрады

– Түркия мен Италияның айырмашылығы қандай?

– Түркияның жастары табиғатынан өте жұмсақ, жарқын мінезді. Жанға жайлы, сазды әуен тыңдағанды жақсы көреді. Ал итальялық мүлдем басқаша. Италия барлық мәдениеттің, заңның және білімнің бастау алған жері деп білемін. Италиялықтар таза интеллигент деп айтсам болады. Кітап оқығанды жақсы көреді, театрға барғанды ұнатады. Әлемдегі алғашқы қойылымдар да Италиядан бастау алған ғой. Бірақ қазіргі заманның жастары бір-бірінен қатты өзгешеленеді деп ойламаймын. Гаджеттарды бәрі бірдей жақсы көреді.

Италия – өте керемет мемлекет. Осы уақытқа дейін мен үшін Италия тек сапалы, былғары етік пен сөмке, киім-кешек арқылы белгілі еді. Оқуға түскеннен кейін бұл елге ғашық болдым.

Италия – картадағы етікке ұқсайтын мемлекет. Климаты бойынша, жылылықты жақсы көретін адам үшін өмір сүруге өте қолайлы. Әрине, солтүстік тұстары салқынырақ келеді. Альпі тауларының сұлулығына көзіңіз тоймайды. Әлемдік деңгейде бұлардың ұлттық тағамдары – паста мен пицца ең танымал тағамдар және ең дәмді асхана да Италиянікі. Сондай-ақ теңізі қатты ұнайды. Теңізбен Түркиядан доспын.

Италия – тегін білім алуға мүмкіндік берген бірден-бір мемлекет. Жаныма жағар нәрсенің барлығы осында десем артық емес. Шуақты күн, жұмсақ климат, жылы теңіз және ғасырлық құндылығы бар мәдениет пен білім, ең бастысы әлемдік бестікке кіретін сапалы медицина.

– Оқып жатқан мамандығыңыз жайлы айтып берсеңіз…

– Бұл жақта экономика маман-дығында оқып жатырмын. Ла-Сапиенца университеті – 1303 жылы құрылған әлемдегі ең көне университеттің бірі. Еуропадағы білім беру рейтингі бойынша алдынғы орында. Бас корпус – Римдегі ең көне ғимарат. Италия архитектурасымен ерекшеленетін болғандықтан, университет ғимаратраттары да ерекше үлгіде салынған.

Білім беру жүйесіне келетін болсақ, жалпы шетелдік оқу орындарына тән еркіндік бар. Студент сабаққа қатыспаса да болады. Ешкім қадағаламайды. Ең бастысы екі жылға берілген (магистратурада) кредит санын жауып, емтихан тапсырасыз. Бірақ жеткілікті балды жинай алмай қалсаңыз, ешқандай ақысыз келесі айға қойылған емтихандарға қатысасыз. Бір сабақтан қанша рет емтиханға кіре алатыныңызды сол пәннің профессоры веб-сайтында көрсетіп қояды. Бар болғаны тіркеліп, өзіңізге қолайлы уақытта тапсырасыз. Ал, емтихандарға дайындалуға арналған барлық мәлімет профессордың веб-сайтында тұрады. Айта кететін жайт, емтиханға дайындалу үшін 24 сағат кітапхана жұмыс істейді. Студенттерге арналған асханалар бар. Профессорлармен қарым-қатынас мүлдем басқаша, студентті өте қатты құрметтейді. Жеке сұрақтарыңыз болса, сөйлескіңіз келсе, әр профессордың студент қабылдайтын регламенті бар, ол да сайтта көрсетіледі. Сондай-ақ университет ауласында тегін таза су ағып тұрады. Сатып алмай-ақ, кез келген жерден бөтелкеңізге су құйып аласыз. Бұл жалпы Еуропаның экология жүйесі жағынан әлдеқайда дамығанын көрсетеді. Әрдайым қоршаған ортаны ластамауға шақырады.

– Диана, Еуропа таңғалдырудан жалықпасын. Оқуыңызға сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

«Ұлан» газеті, №7
18 ақпан 2020 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз