Соңғы жылдары ауыр атлетика спортында жағымды жаңалық азайып кеткен болатын. Допинг дауынан кейін Олимпиада ойындарындағы жүлделерімізден айырылдық, қайта-қайта дисквалификация алған спортшылар бар. Әлем чемпионаттарында жолымыз болмай жүрген. Көптеген жанкүйер «қазақ ауыр атлетикасының бар құдіреті допинг болғаны ма?» деп кейігені белгілі. Өстіп жүргенде 16 жастағы Рахат Бекболат көңілімізді бір көтеріп тастады.

Өзбекстанның Ташкент қаласында ұлдар, қыздар және жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Осы сайыста 16 жастағы Рахат Бекболат әлемдік рекорд орнатты.

Қызылорда ауыр атлетика мектебінің тәрбиеленушісі қоссайыс қорытындысы бойынша 356 келі (158+198) көтеріп, қарсыласынан 14 келіге озып кетті. Ол 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер және 20 жасқа дейінгі жастар арасында чемпион атанды. Ал екінші орын Ираннан келген Аболфази Хакнурдаға бұйырды – 342 келі (154+188). Үздік үштікті өзбек Азимджон Ходжиев иеленді. Бұл спортшы қоссайыс қорытындысы бойынша 333 келі көтерді (152 + 181).

Рахаттан бөлек жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында отандастарымыз 13 медальге ие болды. 9 алтын, 2 күміс, 3 қола. Жалпы, байрақты бәсекеге сары құрлықтың 20 елі қатысқан. Қазақстан атынан барған спортшылардың барлығы да жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтсақ, чемпион атанғандардың қатарында Гүлнұр Ыбырай (64 келіге дейін, қыздар), Сайхан Тайсуев (67-ге дейін, жасөспірімдер), Карина Кузганбаева (81-ге дейін, жасөспірімдер), Нұрғиса Әділетұлы (89-ға дейін, жасөспірімдер), Артем Антропов (96-ға дейін, жасөспірімдер), Айсамал Сансызбаева (81 келіден жоғары, қыздар және жасөспірімдер арасында) және Рахат Бекболат (102 келіге дейін, жастар және жасөспірімдер арасында) бар.

Абылай Әуелханов 55 келіге дейінгі жасөспірімдер арасында күміс және осы салмақта жастар арасында қола медальға, Гүлнұр Ыбырай алтыннан бөлек, 64 келіге дейінгі жасөспірімдер арасында күміс медальға, Сайрамкез Ақмолда (61-ге дейін, жасөспірімдер) және Есенкелді Сапи (81-ге дейін, жасөспірімдер) қола медальға ие болды.

Рахат Бекболат, әлемдік рекорд иесі:

– Дайындығымыз жақсы өтті. Былтыр күздегі Азия біріншілігінен кейін дайындала бастадым. Ол кезде де әлемдік рекорд жасағам, бірақ 96 келіде. Ал мұнда 102 келіде рекордқа қол жеткіздім. Осы жолы бұдан да жоғары нәтиже көрсетемін деп ойлағанмын. Әсіресе, серпеде 208 келіні бағындырамын деп едім. Болмады, тым асығып кеттім.

Бала күнімнен Илья Ильинді үлгі тұтып өстім. Тіпті, ваннаға кіріп, сол секілді шашымды «ёжик» қылып жасап алатынмын. Илья Ильин спорттық бабында болғанда одан ешкім озған емес. Серпеде 246 келіні көтергенін жақсы білесіздер. Бұл өте көп. Екеуміз арасында сөйлесіп қаламыз. Бала күнімде бір көргенмін. Сосын оқу-жаттығу жиындарында кездестік. Ол бірге жаттыққан кезде ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетеді.

Айтпақшы, Рахат Бекболат Ташкентте Илья Ильиннен озып кетті. Ол Ташкенттегі Бірлік чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Қоссайыс нәтижесі бойынша қазақстандық ауыр атлет 355 келіні (160+195) бағындырды. Ал Рахат Бекболат 356 келіні көтерді. Яғни атақты жерлесінен бір келіге артық көтерген.

Екінші орын Қатардан келген Фарес Эльбахқа бұйырды – 353 (159+194) келі. Қола жүлдені жергілікті спортшы Омарбек Шохназаров еншіледі. Ол 341 (155+186) келіні көтере алды.

Айта кетейік, Илья Ильин допингке байланысты екі жылдық дисквалификация мерзімін өтеп болған соң, алғаш рет халықаралық жарыста жеңіске жетті.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз