Жақында сөмке сатып алдым. Ноутбук, сабаққа қажет оқулықтар, су, тамақ бәрін салып жүретіндіктен, сапалы материалдан тігілген сөмке іздедім. Өзі сапалы, бағасы да аса қымбат емес бұйым іздеп отырып, Инстаграм желісіндегі nomadbags.kz парақшасына тап болдым. Бұл жерден елімізде шығып жатқан арзан әрі әдемі сөмкелерді көріп таңғалдым. Содан бұл кәсіптің нәсібін көріп жатқан Шолпан Андасовамен таныстым. Қазақстандық брендтің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер не себепті сөмке шығару саласын таңдағанын, оған Nomad деген атау қоюға не түрткі болғанын әңгімелеп берді.

– Алматының тумасымын. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде аударма ісі мамандығын тәмамдап, осы салада біраз жұмыс істедім. Кейін өміріме өзгеріс енгізу қажет екенін түсініп, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында оқыдым. Екінші мамандығым – заңгер. Авиация саласында маркетинг бойынша жұмыс істедім. Кәсіпті бастамас бұрын екі жылдай ой үстінде жүрдім. Өйткені кәсіп бастау біз ойлағаннан да күрделі. Бірақ біздің мемлекетте жас кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарламалар бар. Бұған қуанып қана қоймай, іске асыру қажет. Иә, кәсіп деген оңай емес. Бәрін үтір-нүктесіне дейін жоспарлау керек. Бастапқыда кәсібімді іске асыруға Atameken кәсіпкерлер палатасы көмектесті. Кейін кәсібімнің жоспарын бірнеше рет көшірдім. Бірақ кәсіпті іске асырғанда қиындық еселене түсті. Кей сәтте бұл маған не үшін қажет деп ойлап, бәрін тастағым келетін сәттер де болды. Алайда дәл қазіргі уақытта бұл кәсіпті бастағаныма өкінбеймін. Өйткені алған адамдардың сөмкеге көңілі толып, жылы лебізін айтып жатыр. Мұндайда ерекше шабыттанасың. Шетелге кетуге сан түрлі мүмкіндік болса да, Қазақстанда қаламын. Біз болмасақ, елдің экономикасын кім көтереді? Осы елдің патриоты екенімді жариялап айтпасам да, бәрін іспен көрсеткім келеді.

– Не себепті сөмке шығару кәсібін таңдадыңыз?

– Саяхаттағанды жақсы көремін. Жиырмаға жуық елде болдым. Саяхатқа шыққан сайын сол мемлекетті еске түсіретін бір зат сатып алғым келеді. Мысалы, Әзербайжанға барсаң, сол елден сатып алған затты күнделікті өмірде пайдаланып, сол затты көрген сайын әдемі естеліктер еске түседі. Әдетте саяхатқа шыққанда шабадан алып, артынып-тартынып жүрмеймін. Ыңғайлы киініп, бір сөмкемен саяхаттап келетінім бар. Бірде Прагаға барғанда, сол елдің мәдениеті сезілетін ұлттық нақыштағы белгілері бар сөмке сатып алдым. Сол сәтте неге бізде осындай сөмкелер жоқ деп ойладым. Бізге де туристер келеді ғой. Оларға Қазақстаннан естелік болатындай сөмкелер бар ма деп зерттей бастадым. Содан бізде отандық сөмкелер жоқ екенін білдім. Мысалы, бізде мектеп оқушыларының сөмкесі Қытайда шыққан. Бізде бәрі сырттан импортталады. Өз өніміміз жоқтың қасы. Сондықтан 2018 жылдың соңында осы кәсіпті қолға алдық.

– Кәсіпті қалай бастадыңыз?

– Жоспар құруға 4-5 ай уақыт кетті. Бұл алыпсату емес. Сондықтан ұзақ болды. Бірінші кезекте кәсіпті бастау үшін команда керек. Бізде тігінші көп болғанымен, сөмке тігетіндер саусақпен санарлық. Сондықтан тігіншілерді қайта оқытып, біліктілігін арттырдық. Сөмкенің сапасы, сатылымға шығуы, бағасы, мұның бәрін ойластыру оңай шаруа емес. Сөмкенің бір дизайнын жасау үшін бір жарым ай уақыт кетті. Біз сөмкені тіге салып, бірден сатпаймыз. Біресе дизайн ұнамауы мүмкін, біресе түстер үйлеспейді. Одан қала берді сөмкеге ауыр заттар салып немесе үстіне су құйып матасының сапасын тексереміз. Әбден дайындалып, тамыз айында сөмкемізді сатылымға шығардық. Кәсібімді бастаудың ұзаққа созылып кетуіне перфекционист қасиетім себеп болған шығар. Мен әр істің нақтылығына көз жеткізбейінше, ештеңені де қолға алмаймын. Сөмкенің 13 түрін шығарамыз, әлеуметтік желіде тек үш түрін жарияладық. Біресе маған фотограф ұнамай қалса, енді бірде сатып алушыларға ұсынылатын сөмкенің сапасы ұнамай қалуы мүмкін. Жеті рет өлшеп, бір рет кескенді дұрыс көретін адаммын.

– Сөмкенің дизайнына авторлық құқық сақталған ба?

– Екінші мамандығым заңгер екенін айттым кеттім ғой. Авторлық құқықтың не екенін білемін. Өзгенің идеясын ұрлауға құқығым жоқ. Командамен бәрін ойластырып, дизайнын құрастырып, авторлық құқығымызды бекіттік. Еш жерден көшірмейміз, қайталамаймыз. Бір сөмкенің моделін дайындау үшін бір жарым ай уақыт кетеді. Ал матаны Кореядан аламыз. Өкінішке қарай, бізде отандық мата жоқ. Сондықтан сапалы матаны Кореядан алуға тура келеді. Егер менің осы сөзімді естіген қазақстандық мата өндіруші болса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Сатып алушылардың пікірі қандай?

– Тамыз айының 8-і күні сөмкелерімізді сатылымға шығардық. Әлеуметтік желіде парақшалар ашып, жарнамалай бастадық. Сонымен қатар, түрлі жәрмеңкеге қатысамыз. Жәрмеңкеде сөмкелерімізді сатып алушы көп. Бірақ ауыздан-ауызға тарайтын жарнама ең жақсы шығар. Өйткені бір адамға сөмке ұнаса, ол басқаларға ұсынады. Бізде оған қоса тегін жеткізу қызметі бар. Сөмкенің атауында философиялық мән бар екенін сатып алушыларға айтқанда, олардың ықыласын көріп, патриоттығына сүйсінесің. Сатушылардың жұмысына күмән келтірмеймін. Бірақ кей сәтте өзім сатушы болып, жәрмеңкедегі сатып алушылардың пікіріне назар аударамын.

– Отандық сөмкелеріңіздің бағасы қалта көтере ме?

– Көп жағдайда отандық бренд бағасы өршіп тұрады. Сондықтан біз сөмкенің бағасын кез келген адамның қалтасы көтеретіндей етіп жасадық. Балаларға арналған сөмке 3600 теңге болса, ең қымбаты 8000 теңге тұрады. Сонымен қатар, жүгіруге арналған жилеттер 9000 теңге тұрады. Оқушыларға арналған сөмкені бірнеше рет сынақтан өткіздік. Өйткені оқушылардың оқулықтары, құрал-жабдықтары ауыр болады. Сондықтан 16 келі кір тасын сөмкеге салып, оны бір апта іліп қойдық. Сөмке жыртылмады. Сонымен қатар сөмкенің «Оңай» картасын салуға ыңғайлы қалташасы бар. Ал балалар сөмкесінде баланың аты-жөні мен ата-анасы туралы ақпарат жазуға болатын түссіз қалташа бар. Егер сөмке жоғалып кетсе, қалташадағы анықтама арқылы көрсетілген нөмірге хабарласуға болады. Тауға шығуды жақсы көретіндерге арналған сөмкелер де бар.

– NOMAD деп атадыңыз…

– Бренд атауын өзім ойлап таптым. Бізде бұл атау жауыр болғанын мойындаймын. Бірақ біз экспортқа шығуды жоспарлап отырмыз. Сол сәтте қазақтығымызды насихаттайтын атау қажет. Nomad атауы түркітілдес халықтарға ортақ. Логотиптегі N және M әріптері – Алатауды бейнелейді. Себебі бренд Алматыда, осы таудың етегіндегі қалада пайда болды. O әрпі – күн. Тарихқа көз жүгірткен әрбір жан ата-бабамыз ежелден күнге бас игенін біледі. A әрпі – киіз үй. Көшпенділердің символы. Бұл – біздің тарихымыз. Біз Неономадизмді бейнелейміз. Қай жерде жүрсең де, шаңырағың сенің жаныңда, жүрегіңде. А әрпінің үстінде – бүркіт. Ел рәміздерінің бірі, еркіндік пен тәуелсіздік белгісі. Сызық ұлан-байтақ Отанымызды бейнелейді. А нүктесінен Б нүктесіне бағыт – вектор. Көкжиегі ашық және кез келген шыңға қол жеткізе алатын барлық еркіндік және батыл адамдарды бейнелейтін бренд философиясы. Біз әрдайым арман-мақсатына сапар шеккен, шыңды бағындыруға барар жолдағы жолаушымыз.

– Әлеуметтік бағыттағы «Вижу руками» кәсібіңіз туралы айтсаңыз…

– Былтыр екі жобамды іске асырдым. Қиын болғанымен, жеміссіз емес. Көп саяхаттағандықтан ол жақта әлеуметтік кәсіп өте қарқынды дамығанын байқадым. Шығыс Азия мемлекеттерінде болғанда, зағип массаж жасаушыларға адамдардың қалай қарайтынын көріп, қатты таңғалдым. Біздің қоғамда зағип жандарға көзқарастың қандай екенін білесіз. Олар оқу бітірген соң жұмыс таба алмай әуре болады. Social Impact Award халықаралық конкурсына үш айдай уақыт қатыстым. Әлеуметтік жобаның не екенін менторларымыз түсіндіріп, қарқынды жұмыс істедік. Он жобаның ішінде үштікке еніп, «Вижу руками» әлеуметтік кәсібін бастадым. Бұл конкурс 22 елде іске асырылған. Басым көпшілігі Еуропа елдерінде танымал. Қазақстан бұл конкурсқа екінші жыл қатысып жатыр. Алғаш рет Венада басталған. Қазір кәсібім дамып, массаж жасайтын бірнеше орын аштық.

– Кәсіпкер болуға әркімнің таласы бар. Оқуды тастап кеткен бірнеше танысым кәсібінің нәсібін көріп отыр. Бұған қандай пікір білдіре аласыз?

– Кәсіп бастау деген ояна салып танымал немесе бай болып кету емес. Әр нәрсеге реалистік тұрғыдан қарау қажет. Қазір бәрі кәсіпкер болғысы келеді. Бұл бір жағынан өте жақсы. Егер осы қарқынды елу немесе он жыл бұрын бастасақ, қазір бәрі басқаша болар ма еді. Дегенмен, бәрін талдап, таразылап алған дұрыс деп есептеймін. Маған кәсібімді бастауға төрт тілді білумен қатар, заңгерлік білімім көп септігін тигізді. Барлық құжат менің қолымнан өтеді. Тіпті, сөмкенің жаңа моделі шыққанша, қызметкерлер ол туралы ақпарат таратпауы тиіс. Кейбір кәсіп бастаушылар ол туралы мүлде ойламауы мүмкін. Кәсіпкерлердің бір жиынында мультфильм кейіпкерін логотип жасамақшы болған бір қызбен кездесіп қалдым. Авторлық құқық туралы бейхабар. Кәсіп бастайтын адамның жоғары білімі болғаны дұрыс. Әрқашан Б жоспары болуы керек. Егер кәсіп дамымай жатса, оқыған мамандығыңыз көмекке келеді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, сол салада жұмыс істеп көру қажет. Ұжымда жұмыс істеп көрген адам кәсіп бастағанда өз ұжымын оңай басқарады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз