Әлемге әйгілі UFC тұжырымында үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен алғашқы қазақ Дамир Ысмағұловты спортсүйер қауым жақсы біледі. Шаршы алаңда қарсыластарын қапы қалдырып жүрген спортшыны алғаш рет 2016 жылы Алматыда өткен «Алаш прайд» Гран-при турнирінде көрдік. Бір кеште үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жеткен Дамир автокөлік иеленген болатын. Араға бір жыл салып, Ысмағұлов әлемдегі ең үздік тұжырымдардың бірі саналатын М-1Global ұйымының чемпионы атанды. Осыдан кейін оның спорттық мансабын жіті қадағалап, әр жетістігі туралы жазып та жүрдік. Жақында Алматыға келген UFC спортшысымен арнайы «Ақ желкеннің» оқырманы үшін сұқбаттастық.

– Дамир, футболдан жақсы нәтиже көрсетіп жүріп, аралас жекпе-жекке ауыстыңыз. Неліктен ММА-ны таңдадыңыз?

– Иә, ауылда футболдан басқа айналысатын спорт түрі болмады. Тіпті қой жайып жүргенде де жаныма доп алып жүретінмін. Біраз жарысқа да қатысып, жақсы өнер көрсеттім. Оқуға түскеннен кейін де футболды тастамадым. Шыны керек, бала күнімде футболшы болуды армандап, мықты командаларда ойнағым келді. Футболдан бөлек, жеңіл атлетикамен де шұғылданып, әжептеуір нәтижеге қол жеткіздім. Тіпті жеңіл атлетикадағы жетістігім үшін бапкерім жатақхана алып берді. Осылайша екі спортты қатар алып жүрдім. Жеңіл атлетиканың жаттығуынан шыққан соң бірден футболға баратынмын. Бірақ көңілім футболды көбірек қалағандықтан жеңіл атлетиканы қойып, біржола футболға ауыстым. Футболда жарақат алып, ММА спортына ауыстым. Әу баста ММА-ға аса қызығушылығым болмағаны рас. Бірақ бірте-бірте бұл спорт өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды.

– Балалық шағыңыз қалай өтті? Кім болуды армандадыңыз?

– Ресейдің Орынбор облысы, Первомай ауданының Ударный ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Балалық шағым бақытты әрі естен кетпестей өтті. Ауылда тай жарыстырып, доп қуалап өстік. Достарым үшін жиі төбелесіп, оларды ренжітуге жол бермейтінмін. Кейде танымайтын әлсіз балаларды қорғау үшін де төбелесетін едім. Одан бөлек, көрші көшенің атамандарының арасында мықтыны анықтайтынбыз. Соған қарамастан сабағымды жақсы оқып, мектепті үздік бітірдім. Ауыл шаруашылығы институтының олимпиадасына қатысып, грант жеңіп алдым. Бірақ таңдауым Спорт және дене шынықтыру институты болды. Бала күнімнен мал шаруашылығымен айналысқандықтан фермер болуды да армандадым. Болашақта спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін осы кәсіпке қайтып оралатын шығармын, бәлкім.

– Аралас жекпе-жек спортына аса қызығушылығыңыз болмағанын айттыңыз. Осындай дәрежеге жетем деп ойладыңыз ба?

– Рас, басында ММА-ға қызығушылығым болмады. Оның үстіне бұл спортқа кештеу келдім. Аралас жекпе-жек спортымен алғаш айналыса бастағанда жаттығулардың бірінде жақсылап таяқ жедім. Бұл қатты намысыма тиіп, бар ынтаммен жаттығып, әртүрлі айла-тәсілді үйрене бастадым. Сөйтіп біраз жарысқа қатысып, жеңіске жеттім. Тіпті мықты спортшылардың да мысын басып, әжептеуір нәтиже көрсетіп жүрдім. Ата-анам да қолдау көрсетіп, «әскерге дейін осы спортты серік етсең бір пайдаңа жарар» деді. Осылайша жеңістерден жеңістерге жалғасқан ММА-дағы жолым басталды. Шыны керек, аралас жекпе-жекті серік еткенде бұндай дәрежеге жетем деп ойламадым.

– Әр жекпе-жекте соңына дейін айқасасыз…

– Кейде жекпе-жекте соңғы күшің сарқылғанша, қайсарлық көрсетуіңе тура келеді. Бұл спортта мінез болмаса, алысқа шаппайсың. Әр жекпе-жекке жан-жақты, толыққанды дайындалуың керек. Сонда ғана өз мәнеріңде жұдырықтасып, бар өнеріңді жекпе-жекте толық көрсетесің.

– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сәтсіздікті, жеңілісті қалай қабылдайсыз?

– Жеңілістің кермек дәмін тату кімге болса да оңай емес. Менің де жеңілген кездерім болды. Жарыстан жеңіліп келгеннен кейін тұратын жерім болмай, қиын жағдайларды бастан өткердім. Жаттығудан шаршап-шалдыққанда жеңілісті есіме аламын да, оған дайын еместігімді түсінемін. Өйткені жеңіліс пен жарақат сағыңды сындыру мүмкін. Әрине, маңдайыңа жеңілу жазылса одан қашып құтыла алмайсың. Дегенмен жеңілмеу үшін шаршы алаңда да, жаттығу алаңында да жаныңды салуың керек. «Жеңістің атасы көп, жеңіліс – жетім» деп бекер айтпаған. Өмір жеңіс пен жеңілістен, сәттілік пен сәтсіздіктен, қуаныш пен қайғыдан тұратынын ұмытпау керек.

– Жақында шыққан сұқбатыңызда Арман Оспановқа кеңес беріп, аз-маз сын да айттыңыз. Жалпы Арманмен қандай қарым-қатынастасыз және кеңесіңізді жеке өзіне айттыңыз ба?

– Арманмен дос-бауыр ретінде араласамыз, жақсы қарым-қатынастамыз. Арманға сын айтып, бетіне басатын адамдар аз шығар. Меніңше, Оспанов – Қазақстандағы ең талантты спортшылардың бірі һәм бірегейі. Кейбір адамдар «оның дәуірі өтті» деген теріс пікір айтып жүр. Арманның деңгейінің қаншалықты жоғары дәрежеде екенін білемін. Оның мүмкіндігін жоғары бағалаймын. Бәлкім «бапкерсіз үлкен жетістікке жету қиын» деген сынымды дұрыс қабылдап, оң шешім шығарар. Өйткені Арманның жанкүйері ретінде тек жарқын жеңістерін көргім келеді. Оны спортшы, дос-бауыр ретінде қатты құрметтеймін, сыйлаймын. Ол әлі жас, өзінің бар мүмкіндігін әлі толық көрсеткен жоқ. Сондықтан шаршы алаңда бар өнерін паш етіп, үлкен биіктерді бағындырса екен деймін.

– UFC тұжырымындағы алғашқы жекпе-жегіңізде Қазақстанның туын да жамылып шықтыңыз. Көк туды жамылып шығу өзіңіздің ойыңызда болды ма?

– Алғашқы жекпе-жегімді өткізуге келгенде бірден Дағыстанның туымен шығуға рұқсат жоқ екенін айтты. Дағыстандық емес, қазақ екенімді айтсам да ұйымдастырушылар біраз сұқбат жүргізді. Сол кезде UFC-дегілердің қазақ ұлты туралы мүлдем хабары жоқ екенін түсіндім. Олар дағыстандықтарды, шешендерді, ирландиялықтарды, бразилиялықтарды жақсы біледі. Көк туды жамылып шығарда: «Бұл Геннадий Головкиннің эмблемасы ма?» – деп сұрады. Қазақстанның туы екенін айтып, қазақтардың кім екенін, қандай қайсар екенін көрсеткім келді. Ал үшінші жекпе-жегімде: «O, Kazakh fighters», – деп бірден таныды. Қазақтай рухы биік халық бар екенін бүкіл әлемге танытуымыз керек.

– Дамир, Қазақстанда тұруға ықтиярхат алғаныңызды білеміз. Болашақта Қазақ­стан­ның азамат­тығын алып, тек көк туды жамылып шығу жоспар­да бар ма?

– Жаңа айтқа­ным­дай, Орын­бор­да дүниеге келдім. Ол жақ­та менің ата-анам тұрады. Ауылымда ата-бабамның сүйегі жатыр. Бәл­кім бо­лаша­ғымды Қазақ­станнан көретін шығармын. Қазақстанда бауырымдай жақын боп кеткен жандар көп. Мен үшін тақым қысып отыратын қалың қазақ елі бар. Бірақ жүрегім әрқашан ата-анаммен бірге, олар қай жақта болса, мен сондамын.

– Құпия болмаса, М-1 Global тұжырымы мен UFC тұжырымынан қанша қаржы таптыңыз? Бір жекпе-жекке дайындалуға қанша ақша кетеді?

– Шыны керек, UFC-ге қарағанда М-1 Global тұжырымындағы жекпе-жектерімнен көп қаржы таптым. Дайындыққа кететін қаржының мөлшері оқу-жаттығу жиынының қайда өтетініне байланысты. Мысалы, АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізу қымбатқа түседі. Мен үшін қаржылай табыс аса маңызды емес. Бастысы, шаршы алаңда жеңіске жетіп, еліңнің намысын абыроймен қорғау. Иә, бұл спортпен де күн көруге, жақсы табыс табуға болады. Осы спорттағы табысым арқылы ата-анама, туған-туыстарыма көмектесіп отырмын. Өкініштісі, материалдық жағдайыңды жақсартқанмен, денсаулығыңа да орасан зор зиян келтіресің. Сондықтан әр спортшының қадірін біліп, құрметтесе екен деймін.

– Соңғы UFC Fight Night 157 турниріндегі жекпе-жегіңізде жеңіске жеттіңіз. Бұл тұжы­рым­дағы соңғы жекпе-жегіңіздің бірі еді, UFC-мен жаңа келісімшартқа отырдыңыз ба?

– Қытайда өткен UFC Fight Night 157 турнирінде келісімшарт бойынша үшінші жекпе-жегімді өткіздім. Әу баста тұжырыммен 4 жекпе-жекке келісімшарт жасасқанбыз. Бразилиялық мықты спортшыны айқын басымдықпен жеңгеннен кейін UFC басшыларының маған деген көзқарасы өзгергендей болды. Менеджерімнің айтуынша, жекпе-жекке қашан шыққым келетінін айтсам, маған қайтадан жаңа келісімшарт ұсынады. Бірақ жарақатымнан толық айыққанмен, ауыр жаттығуға кіріскен жоқпын.

– Үш жекпе-жегіңізде де жеңіл салмақта (70 келі) сынға түстіңіз. Осы салмақта өнер көрсетуді жалғастырасыз ба, әлде жартылай жеңіл салмаққа (66 келі) ауысасыз ба?

– Әу баста UFC тұжырымымен келісімшартқа отырғанда жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетуді жоспарладық. Бірақ үш кездесуім де жеңіл салмақта болды. Жеңіл салмақта өзімді жақсы сезінемін, бірақ үздік ондықтағы қарсыластарға қарсы әлеуетімізді бағамдасақ жағ­дайымыз қиын болады. Өйткені олардың барлығы маған қарағанда физикалық тұрғыдан өте мықты. Ал жартылай жеңіл салмақта кез келген мықтыға тегеурін көрсетіп, өзімнің мықтылығымды дәлелдей аламын. Үздік бестікте тұрған әр спортшыны жеңуге мүмкіндігім жетеді.

– Спорт жолын таңдаған жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Аралас жекпе-жекті немесе басқа да спортты серік еткен жастарға ең алдымен төзімді болыңдар дегім келеді. Кез келген спортта үлкен жетістік оңай келмейді. Жеңіс те, жеңіліс те, сәттілік пен сәтсіздік те төзімнің қаншалықты мықты екенімен өлшенеді. Сол себепті, қанша қиын болса да, өз мақсатың үшін, чемпион атансам, деген арманың үшін бәріне төзуге тиіссің. Сонда ғана аңсаған арманыңа жетесің.

– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай? Шаршы алаңға қашан ораласыз?

– Табиғатымнан қызуқанды болғандықтан ылғи жекпе-жекке шыққым келіп тұрады. Қазірдің өзінде жекпе-жектің уақытын сұрап, кез келген уақытта шаршы алаңға шығуға дайын екенімді айттым. Бірақ бапкерлерім мен менеджерім Саят өте ақылды, әркез дұрыс бағыт беріп отырады. Қысқасы, 2020 жыл біз үшін қызықты әрі қиын болмақ. Атқаратын шаруамыз да шаш-етектен.

P.S. Қазақтай қайсар халықты күллі әлемге танытуды көздейтін Дамирге арманына жетіп, әлемдегі ең беделді тұжырым – UFC чемпионы атануын тілейміз. Айтпақшы, Дамир Ысмағұлов бірінші рет көлемді сұқбат беріп отырғанын айта кеткіміз келеді.

Сұқбаттасқан
Дәурен Түлкібай 

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз