Сағынбек Талғатұлы мен Айя Сартбаева – Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Екеуі де жақында Әбу-Даби қаласындағы New York University (NYUAD) грантын жеңіп алды. Сағынбек пен Айяны құттықтап хабарлас-қанымызда, университет жайында, оған қалай түсуге болатыны туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Қабылдау

Нью-Йорктегі Әбу-Даби университетіне әлемдегі ең жоғары талаптармен түсесің. Қабылдау процесі АҚШ-тағы Нью-Йорк университетіндегідей, тіпті бірдей мерзімде өтеді.
*Кез келген талапкер Common Application сайты арқылы өтініш бере алады.
* Орта білім туралы анық-тама және оның транскриптін сканерлеп жүктейсіз. Өтініш берушінің мектебінен өкілі болуы керек. Ол сіздің сол мектепте оқитыныңызды растап, барлық пән бойынша оқу үлгеріміңіз туралы ақпарат ұсынады.
*Бір немесе екі мұғалімнен ұсыным хат керек.
* 80 доллар (қайтарылмай-ды) тіркеу жарнасын төлейсіз.
* SAT (Scholastic Assessment Test) немесе ACT (American College Testing) емтихан нәти-желерін жібересіз.
* Өз еліңнің ұлттық тестілеу нәтижелерін немесе егер ол әлі ресми жарияланбаған болса, «болжамды нәтижелерді» көр-сетесіз.
* Егер ағылшын тілі ана тілі болмаса, TOEFL iBT (ағылшын тілін интернеттегі шет тілі ретінде тестілеу), IELTS Academic (Халықаралық тест жүйесі), PTE Academic (Pearson test, ағылшын тілінде), C1 Advanced немесе C2 Professional (Кембридж емтиханы), MELAB (Michigan English Assessment Exam), iTEP (Халықаралық Ағылшын тесті) емтихандарының бірін тапсырасыз.
* Бітіру сыныбының бірінші жартысындағы бағаларды көрсетесіз. Мектеп кеңесшісі 1 наурызға дейін үміткердің атына жазылған «жалпы мәлім-деме» туралы веб-сайтқа есеп беруі керек.
* Мектепте оқитының туралы құжаттың түпнұсқасы немесе куәландырылған көшірмелері ғана ұсынылуы керек. Оған уәкілетті қызмет-кер қол қояды. Егер құжат ағылшын тілінде болмаса, ағылшын тіліндегі аудармасы қажет. Аударманы мектеп қызметкері немесе сол елде тіркелген аударма агенттігі жасай алады.

*Қабылдау жүйесінің басты талабының бірі – эссе. Екі эссе жазасың. Бірі не себепті бұл университетте оқығың келетіні туралы болса, екіншісі студенттің өзі, өмірі, жетістіктері, немесе ой-идеялары туралы болуы мүмкін.

Бұл сынақтардан өтсең, Әбу-Даби демалысына шақырту аласың. Онда іріктеудің екінші және соңғы сатысы өтеді. Барлық шығынды өздері төлейді. Кампусқа барғанда талапкерлер университетпен танысады, қабылдау комитетімен және профессорлармен сұқбаттасады.

Біз 17 қаңтар күні осы демалысқа шақырту алдық. Қатысушы ретінде сабаққа қатысып, шығармашылық жұмыс жазып, NYUAD басшылығымен және оқытушыларымен сұқбаттасып, басқа үміткерлермен және қазіргі студенттермен кездестік. Танысуы-мыз 3 күнге созыл-ды. NYUAD студенттерінің мүмкіндіктері туралы көп ақпарат алдық. Кандидат демалысына шақырту алған барлық түлек университетке қабылданды деген сөз емес. Біз ұтып алған грант (құны – 76 256 доллар, яғни 28 977 728 теңге) оқу, тұру және тамақтану, жылына екі рет студенттің туған еліне жол ақысын төлейді. Сондай-ақ айына 300 доллар стипендия береді. Университетте қосымша ақша табуға мүмкіндік бар. Бір семестрге NYU Global Network тобының біріне барсаңыз, университеттің өзі шығындарды өтейді.

Талапкерлердің бұған дейінгі жетістіктері

Айя:
– 12 жыл бойы озат оқушы болып келемін. Сүйікті пәндерім химия мен биология-ны тереңдетіп оқимын. Биология, ағылшын тілі пәндерінен мектепішілік, қалалық олимпиадаларға, сондай-ақ биология пәні бойынша бірнеше рет әртүрлі ғылыми жұмысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қазақстан Республикасы мемлекеттік мектептері мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің 9-12-сынып оқушылары арасында өткен Discover Kazakhstan байқауында «Жастар – қоғамдық сананы жаңғыртудың қозғаушы күші» және «Астана – Еуразияның іскер, мәдени және ғылыми орталығы» тақырыптары бойынша ағылшын тілінде үздік эссе жазу бойынша бас жүлдеге ие болдым.

Академиялық жетістіктер-ден басқа мектептің қоғамдық өмірінде де белсендімін. Мектебімізде «Жыл белсенді-сі» атағына ие болдым. Соңғы 3 жылда мектебіміздің өзін-өзі басқару ұйымында Білім, БАҚ және Сыртқы істер министрі болып сайландым. Идеялар мен ұсыныстарды беру, арнайы қонақтарға кампус тур өткізу және түрлі іс-шара ұйымдастыру – топпен қарым-қатынас жасау қабіле-тімді жақсартты. Сонымен қатар, мектебіміздегі «Теле-студия» үйірмесіне тілші, фотограф, журналист ретінде қатыстым. Бұл менің хоббиім десе де болады. Әуестігімді болашақ мансабыммен байланыстыруды ойладым және осы мақсатқа жету үшін «Ғылым әлеміне Айямен» атты жеке телебағдарламамды түсірдім. Онда ғылымға қатысты бірнеше эксперимент көрсетіп, сауал қойып, жеңімпазға арнайы сыйлық табыстайтынмын. «Телестудия» үйірмесіне қатысқанымның арқа-сында, мектептегі барлық  іс-шараның бас-қасында жүрдім.

11-сыныпта оқып жүргенде мектебімізде MUN (Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі клубын) құрып, конференцияның бас хатшысы болдым. Биыл да бұл клубтың қатысушы саны артып, белсенді жұмыс істеп келеді. Алдымыздағы наурызда болатын екінші конференция халықаралық деңгейде өтеді. Сонымен қатар, I Халықаралық Орталық Азия БҰҰ моделі (I CAMUN), Халықаралық Жаңа Жібек жолы БҰҰ моделі (New Silk Way MUN), III НЗМ Нұрсұлтан БҰҰ моделі (III MUNNISA Nur-Sultan) конференцияларына делегат және төраға ретінде қатыстым. Осы клубтың арқасында өзімнің көшбасшылық, көпшілік алдында сөйлеу, зерттеу қабілеттерімді дамыттым.

Bookcrossing, Creative Eco Fest, «Туған елге тағзым» сияқты қалалық, облыстық жобаларда ерікті болдым. Қазір де Назарбаев зияткерлік мектептері арасындағы ADAL Volunteer клубында еріктімін.

Сағынбек:
– 2016 жылдан бері Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқимын. Қызығушылығымның басым бөлігі физика-математика бағытында. Мысалы, матема-тикадан мектебіміздің олим-пиада командасындамын, STEM клубының мүшесімін.
WRO және Казроботикс робо-тотехника олимпиадаларының, пәндік олимпиаданың жеңімпазымын. Бірнеше халықара-лық және республикалық олимпиаданың жүлдегерімін. Иранда өткен геометрия олимпиадасынан, Азия-Тынық
мұхит математика олимпиада-сынан, Эйлер атындағы мате-матика олимпиадасынан жүлде алғам. Сондай-ақ жақында рес-публикалық ғылыми жобалар конкурсында 1-орын алдым.

Грант ұтып алғанмен, әзірге нақты мамандықты таңдаған жоқпын. Оны университетке барғасын таңдауға да болады. Өзім Computer Science немесе Computer Engineering болады деп жоспарлап отырмын.

P.S. Міне, достар, өздерің байқағандай, жалықпай оқыған, еңбектенген адам Айя мен Сағынбек секілді жетістікке жетеді. Екеуіне де риза болғаным, олар ана тілінде ойын еркін айтып, жаза алады екен. Қазақтың әр баласы осындай болса, қанеки!

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №8
25 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз