Достар, әлеуметтік желіде кайдзен, кітап оқу туралы оқырманға пайдалы пост жазатын Данияр Жігітбекті танисыңдар ғой, иә? IT маманы болса да, қолынан кітабы түспейтін Данияр аға «Ұланның» жас тілшісі болған. Алғаш шығармашылық жұмыстары біздің газетте жарияланған. Данияр Жігітбек кәсіпкерлерге арналған «Адал сауда» атты кітапша құрастырған. «Өзіңді тап» онлайн курсының авторы. Бұған дейін «26 жылда – 26 қағида» кітабын жазған. Сондай-ақ Instagram парақшасында #30күнөлең, #1жылда100өлең жобаларын жүргізіп, өзін ақындық қырынан танытты. Теlegram каналында өнімділікті арттыру, өзіңді табу, өзгеру жайлы кеңес беріп отырады.

Жуырда Данияр Жігітбектің «Кітап оқу бізге не береді?» тегін тренингімен бірге «Лайфхактар. Өміріңді өнімді өткіз» кітабының таныстырылымы болды. Сонымен, не үшін кітап оқу керек, кітап оқуға ынтаны қалай оятамыз деген сұрақтарға жауап бере отырып, Данияр ағаларың айтқан оңтайлы әдістерді ұсынуды жөн көрдік.

НЕ ҮШІН  КІТАП ОҚУ КЕРЕК?

Не үшін кітап оқу керек? Оқымай-ақ жетістікке жетуге бола ма? Кітап оқудағы мақсат не? – деген сұрақтарға Данияр Жігітбек кітап оқу тәжірибесінен мысал келтіре отырып жауап берді.

– Өзімді кітапты көп оқитындардың қатарына қоспаймын. Жылына орташа есеппен 30 кітап оқимын. 60-80 кітап оқитын азаматтарды білемін. Бір байқаға-ным, кітапқа жақын адамдардың ойы ұшқыр, сөзі мәнді, ісі нәтижелі. Алайда кітап оқудың сондай пайдалы іс екенін біле тұра, неге кітап оқуға зауқымыз соқпайды? Қызыққан күннің өзінде алғашқы он бетін оқып, ұйқымыз келіп, есіней бастаймыз. Бұл – қалыпты жағдай. Жалқаулық деуге келмейді. Мұны мидың сіз үшін қызық емес, дәл қазір пайдасы жоқ іске деген реакциясы деп қабылдаңыз. Қызық емес нәрсеге уақыт жұмсаудың қажеті шамалы. Тастай салыңыз. Кітапты біреу мақтады екен деп, басқалардан қалмау үшін, «мен де оқыдым» деп айту үшін оқу – өз-өзіңді алдау, – дейді.

Даниярдың айтуынша, кітапты өзіңді алаңдатқан, қызықтырған сұрақтарға жауап табу үшін оқу керек. Мысалы, бойындағы сенімсіздікпен күресіп жүрген адам «Как стать уверенным в себе?» сияқты кітаптарды тез әрі қызығып оқып тастайды. Себебі ол проблемасын шешудің жолын іздеп жүр.

КІТАП ОҚУҒА ЫНТАНЫ ҚАЛАЙ ОЯТАМЫЗ?

Данияр Жігітбек бала кезден кітапқа құмар болып өспепті. Ата-анасы да кітап оқуға аса баулымапты, тек «сабағыңды оқы» деп айтады екен. «Олардың кітап оқып отырған сәтін еске түсіре алмаймын» дейді ата-анасы туралы. Үйде кішкентай кітап сөресі болса да, ондағы кітаптар оқылу үшін емес, бөлменің сәнін келтіру үшін тұрған сияқты. Сонымен қатар, Данияр аға қалай «Ұланға» өлеңдерін жібергенін, сол кездегі бас редактор Сұлтан Қалиұлымен кездескенде ол кісі ескерту жасағанын, ол ескертудің кітап оқуға деген ынтасын оятқанын айтады.

– Алғаш рет саналы түрде қолыма кітап алып, өзім үшін оқығаным әлі есімде. 5-сыныпта оқып жүрген кезім. Поэзияға қызығып, өлең жаза бастадым. Төрт жол шығарғаныма өзімше мәзбін. Әдебиет пәнінің мұғалімі мақтады. Өзімді ақын сезіне бастадым. Ол кезде мектепке республикалық «Ұлан» газеті келіп тұратын. Өзіммен қатар оқушылардың өлеңдері жарияланғанын көріп, мен де жіберіп көрейінші деп ойладым. Талабымды байқаған бір апайым газеттің редакторы, марқұм Сұлтан Қалиұлының алдына жетектеп апарды. Өлеңдерімді қағазға басып шығарып алғам. Сұлтан ағайға тексертпекшімін. Ағай өте кішіпейіл екен. Әр өлеңімді ерінбей оқып шықты. Түзететін жерін түзетті. Шыны керек, түзетпеген жері қалмады. Жазғаным қып-қызыл боп шыға келді. Салым суға кетіп, автобуста түңіліп отырғаным әлі есімде. «Сонда бұған дейін жазғанымның бәрі бекер ме?» деп ойладым.

Үйде көңіл-күйім болмай, біраз жаттым. Сосын әлгі кітап сөресіндегі Қасым Аманжоловтың жыр жинағына көзім түсті. «Дұрыс өлең қандай болуы керек осы? Оқып көрейінші» дедім. Бұған дейін ақындарды тек әдебиет оқулығынан ғана оқығам. Сөйтіп сол кітапты оқи бастадым. Қолыма қарындаш алып, Сұлтан ағай айтқан ескертулерді еске түсіріп, Қасымның өлеңдерін зерттей бастадым. Бұл менің кітапты ең алғаш біреудің нұсқауымен емес, өз қажеттілігімді өтеу үшін оқығаным еді. Кітап оқуға деген ынта жеке дамуға деген қажеттілік туғанда оянады, – дейді «Ұланның» бұрынғы жас тілшісі.

ДАНИЯР ЖІГІТБЕК ҰСЫНҒАН КІТАП ОҚУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ӘДІСТЕРІ

– «Қазір шаруамды реттеп алайын, сосын кітап оқуға отырамын» дейміз. Олай болмайды екен. Кітапқа жете алмай қаласыз. Кезекте, жолда кептелісте тұрған кезде оқи беру керек. Бір бет болса да, оқылсын. Оқуды бастап кетіңіз. Ары қарай кітаптың қызығына қалай кіріп кеткеніңізді байқамай қаласыз.

– Жылдам оқудың қарапайым бір тәсілі бар. Кітап оқығанда қарындаш не қаламмен жүргізіп отырыңыз. Бұл оқу жылдамдығын 1,5 есе арттырады. Әрі көзіңізге көп салмақ түспейді.

– Кітабыңыз үнемі жаныңызда болсын. Бір жерге барсаңыз, кітабыңызды тастамаңыз. Қолыңыз қалт етсе, кітабыңызды алып, оқи кетіңіз. Том-том кітаптардың қалай тез оқылып біткеніне таңғаласыз.

– Өзгелермен жарысып оқыңыз. Жеңіске жетсем деген талпыныс адамның табиғатында бар. Кітап оқу сияқты игі істе неге жарыспасқа? Оның үстіне жеңімпазға арнайы сый тағайындалса, бұл қосымша ынталандыру болар еді. Жарысам деп жүріп, кітап оқуды әдетке айналдыра аласыз.

– Кітапты оқымастан бұрын «Мен бұл кітаптан не алғым келеді?» деп мақсатыңызды айқындап алыңыз. Мақсатсыз оқылған кітаптың пайдасы аз. Мысалы, біреу «Абай жолын» сол кездегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін түсіну үшін оқыса, басқа біреу сөздік қорын байыту үшін оқиды. Жазушылыққа қызығып жүрген тағы біреу автордың стилін үйрену үшін оқуы мүмкін. Бір кітап, үш түрлі мақсат.

– Кітап оқып отырғанда бәрін түсінесің. Бірақ кітап бетін жапқаның сол екен, бәрін ұмытып қаласың. Олай болмау үшін оқып жатқан дүниең сенің өміріңде қалай көрініс табады, соған мән бер. Сол кітаптың негізгі кейіпкері өзің бол. Бәрін образды түрде қабылдау керек. Сонда ақпарат сіңімді болады. Мысалы, «Пять языков любви» деген кітапты оқып жүргенде айналамдағы адамдардың «махаббат тілін» зерттей бастадым. Бір нәрсеге басқа қырынан қарасаң, қызық қой. Кітаптағы мысалдарды өз өмірімнен көруге тырыстым. Нәтижесінде өзім үшін біраз жаңалық аштым. Кітап пайдалы болды деп ойлаймын. Алған білім есте жақсы сақталды және оны өзгелерге айтып бере алдым.

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №7
18 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз