Қазақ жастарының арасында топ жарып, өз жолын тапқан еңбекқор, идеяшыл режиссер-видеограф әрі блогер Қыран Талапбекті сөзге тарттық. Оның дипломы бар жұмыссыз замандас­тарына көзқарасы, өз ісін сүюдің артықшылығы, шаблон шырмауынан шығудың маңызы, жеке шығармашылық лабораториясы мен биография­сы, өмірлік ұстанымы, алғашқы табысы және видео-фото түсірілімнің айырмашылығы, NYFA-дағы (Нью-Йорк, АҚШ) оқу-тағылымдамасы туралы риясыз ой-пікірін назарыңызға ұсынамыз.

– Адамға жігерден гөрі, көбірек шабыт сыйлау­ды көздейтін Қыранның өміріндегі ең басты мақсаты және ең кішкентай арманы қандай?

– Сән-салтанаты өсіп дамыған, дәулеті артып, даңқы асқан елдер мен компаниялардың тарихына көз жүгіртсек, олардың басты жетекші күші тек ақыл-білім еместігін байқауға болады. Үлкен әрі қуатты идеология қозғаушы күш қызметін атқарды десе, артық айтқандық емес. Адам әлдебір құндылыққа сеніп, мұратына еріп қызмет етуде өміршең идеяның мәні зор. Менің пайымымдағы бұл идеология кез келген адам әлдебір мақсатта туатыны және әркім өзінің сүйген ісімен айналысуы тиіс деген мағынада. Әрқайсымыз көңіл қалаған іспен айналысқанда, барлығымыз әлдеқашан бақыт шуағына шомған болар едік.

– Арманға сенемісің?

– Анықты тайға таңба басқандай танығандай сенемін. Әрине! Ойдың заттанатынына сенімім кәміл. Сондықтан әрдайым жақсы дүние ойлау қажет. Негативке берілуге болмайды.

– Жеңілден күрделіге қарай, яғни фотодан видеоға келу себебің неде? Қайсысы жаныңа жақынырақ? Әлде бұл сауал ата-анаңның қайсыбірін қаттырақ жақсы көресің дегендей ыңғайсыз ба?

– Он төрт жасымда ата-анама «химик боламын» дедім, бір сөзге келмей қолдады. 16 жасымда үйдегілерге «бизнесмен боламын» дедім, онда да қолдады. 17-ге келгенімде «журналист боламын» дедім. Тағы да қолдады. Кәмелет жасқа толғанымда ойымнан тағы айнып, «режиссёр боламын» дедім, қолдаудан құралақан қалмадым.

Қолдау дегені үй ішінің ақшалай көмегі емес, «балам, сенің қолыңнан келеді» деген риясыз тілеулестігі, сенімі. Анам мен әкемнің қолдауы мен үшін әрқашан сарқылмас қуат көзі, қайрат-жігердің ғаламат қайнары. Ата-анам не істесем де бетімнен қаққан емес. Тек бәрін, анық-қанығын ақтарып-тергеп алатыны бар.

Ал фотодан видеоға бетбұрыс жөніне келсек, белгілі бір деңгейге жеткен соң, жаңа, өзің үшін жұмбақ аралға аяқ басу қашанда маңызды. Өсіріп, тәжірибеңді кемелдендіретін құндылық – бір сатыдағы білім-білігіңді пысықтап, ширатып алғаннан кейін жаңа сынақтарға саналы түрде бара білу тәуекелі. Осы себепті әу бастан-ақ жаныма жақын бейнетүсірілімге фото-тағылымдамадан өтіп қадам бастым. Step by step деп, асықпай, анық басып келген жол бұл.

– Фото мен видеоның автор ойын жеткізудегі мүмкіндік әлеуеті қандай? Бір қарағанға видеоның айдыны кең сияқты. Ал бұл туралы Қыран не ойлайды екен?

– Өте өзекті, орынды сұрақ. Менің шетел асуымның себебі осы. Осылар несімен артық деген сұраққа жауап іздеп жүрмін.

– Сезімнің сүзгісінен өтпеген, тек формамен (пошым) ғана әрең тыныстап тұрған туындың бар ма? Жоқ болса, өз шығармашылығыңа қатысты негізгі принциптеріңмен бөліссең.

– Бұған өз басым кәсіби тұрғыда қараймын. Қайсыбір жұмысты тапсырыс берушінің талабына қарай істеуге тура келеді. Қаламақыңды төлегендіктен, сұрауына қарай жасайсың.

Ал жеке шығармашылық бойынша айтқанда, өзіме ашқан жаңа тақырыпты бөлісерде туынды көңілден шыққанша жүз қайтара қарап, еңбектенетін кездер болады. Бірақ бұл маған жаңалық та, қиындық та туғызған емес. Ең бастысы, әр деталіне дейін жүректен шықса болғаны.

– «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген бар. Біреудікі сөз, бірінікі идея, енді бірі картина, музыка, аспап, ғылыми жаңалық болуы мүмкін. Ең бастысы гуманды туынды. Мұндай терең төлтума жасау үшін әуелі туындыгердің өзінде ғаламат энергетика болуы тиіс қой.

– Кез келген жұмысқа кірісер алдында өзіме «осы дүнием үш не бес жылдан кейін де қызықты, өзекті бола ма?» деген сауал қойып көремін. Егер адамдарға ой салатын болса, онда терең төлтума жасауға тырысамын. Бұрынғы қайраткерлер көзі тірісінде бағаланбауына себеп көп, бірақ олардың аты өз уақытында аталмауы бүгінгідей басқа заманға көрсеткіш болмауы қажет тәрізді. Еңбегің жарық көрген күннен-ақ оқырман жағынан бағаланып жатса, автор үшін зор мәртебе.

– Дипломсыз-ақ өз саласының дүлдүліне айналып, дүниеге догмасыз қарай білу мүмкін бе?

– Диплом. Менің түсінуімше, бір жапырақ қағаз. Қазір уақыт басқа. ХХІ ғасыр тек дипломы бар адамның емес, креативті-шығармашыл жасампаздың заманы. Креативтілік – нағыз лидерге тән қасиет. Алдағы уақытта жұмысқа қабылдарда маманның білімі емес, оның креатив екеніне қарайтын болады. Alibaba-ның негізін салушы миллиардердің «біз жасанды интеллектімен жарысудың орнына адамның бірегей, ғажап зердесінің мөлшерлеп болмайтын мүмкіндігіне мән беруіміз керек» дегені бар. Болашақта дипломы бар жұмыссыздардың қатары артары сөзсіз. Қазіргі технологияның жады білімнен гөрі жасампаз жандарға назар аударуға негіз болды. Сіз өмір сүріп отырған шақ шығармашыл, туындыгерлер уақыты. Сондықтан диплом мен үшін сандық түбіне файлға салып қоятын, әкеме сыйлайтын бір жапырақ қағаз ғана.

– Бір емес, екі жоғары оқу орнын аяқтамай жарты жолда тастап кеткен Қыран АҚШ-қа, NYFA-ға не мақсатпен аттанды?

– Киноакадемия әрбір видеографтың арманы болар. Бағдарламалаушыға Google-да жұмыс істеу, бизнес мамандарына Harvard эталон болғаны секілді. Арманда кетпейін деген оймен орайы келген мүмкіндікті қолдануға тырыс­тым. Тың тәжірибе арту кімге де болсын басты меже. Нью-Йорк сапары маған өмірлік зор тәжірибе, жаңа серпін берді.
АҚШ киноиндустриясында зор беделге ие, 20 жылдан бері әлемнің әр түкпірінен түлектерін тартып, тәжірибесін таратып жатқан NYFA-да «Фильм жасау» (Film making) саласында білім алдым. Әмбебаптыққа баулитын бағыт болғандықтан, камера баптау, режиссерліқ, сценарий жазу жағын үйретеді.

– Видеограф, блогер, фотограф… Мұның бәріне қалай үлгересің? Сен үшін қайсысы бірінші орында тұрады?

– Ең әуелі адам болып қалу, ішкі әлемің мен табиғи болмысыңды сақтау. Блогер болу соншалықты қиын емес. Өзімді шынайы блогермін деп санаймын. Жалған дүниемен жасандылыққа бару, керісінше, кісінің ішкі қарсылығын тудырады. Мұндай құранды блогерлер Ресейде де, бізде де жетерлік.

– Талантты режиссерді тәкаппарлық, астамсу, жеткен жетістігіне тоқмейілсу, толдым-болдым деп масаттанудан құтқаратын күш не?

– Менің қорқынышым да осы. Мұндай пендешіліктен құтқаратын дүние – айналам шығар. Көбіне өзімнен озат, мықты, үлкен бола тұра өзін қарапайым ұстайтын адамдардың ортасында жүруге тырысамын.

– Қазір өзің көріп отырғандай, тұрмыстан қажыған қазақ қоғамында арзан қалжың, сұйық вайн, хайп, әзіл-оспақшыл мәнсіздік ендігі әлсіреп, мағыналы контентке сұраныс артып жатқан тәрізді. Тап осы кезде көзін тырнап ашқан жас қазақты қалай қарай бастаған жөн?

– Жастар ойын қажетсіз ақпараттан тазартып, тұлғалық талғамын дамытқаны дұрыс болар. Мәнсіз, дәмі сорпаға татымайтын арзанқол бағдарламалардан бас тартуымыз керек. Әлеуметтік желідегі негативке бой алдырмай, жүрек тыныштығын бұзуға жол бермеуіміз шарт. Мұны дүниетаным тазалығы десе керек-ті. Оның орнына, талғамды жетілдіріп, пайдалы білім-қабілетпен қаруланған абзал. Ең әуелі, ой көзі көңілге кір шалдырмай, таза тұтқан жөн.

– Қазақ жастарының бүгінгі потенциалын қалай бағалайсың, сол деңгейде көрініп жүргендер бар ма?

– Қазақ жастарының потенциалы өте жоғары. Интернеттің әлдиімен өскен жастар әлемнің өзіндей жарыса жетіліп келеді. Саяси құрылым жағынан көріне бермес. Бірақ талант, қабілетіне сенімді жастардың мүмкіндігі мол әрі жігері де жеткілікті.

– Шығармашылыққа қатысты стиль ерекшелігіңе келсек, натуралық байланыс, яғни табиғи аураны беру сен үшін қаншалықты маңызды?

– Стиль айқындауда қарау мен көру екеуі екі басқа дүние. Қарапайым көріністі көркем көзқараста жеткізуге тырысамын. Табиғи аураны, атмосфераны бере білу өте маңызды.

– Жеке білім-білігіңе 60 мың долларлық инвестиция салуыңа кім немесе қандай жағдай себеп болды? Әлде бұрыннан жоспарда бар ой ма еді?

– Бұрыннан бар жоспар болатын. Жоғары сыныпта оқып жүрген кезімде менің түсінігімдегі идеал – соңғы модельдегі Сamry көлігі, ыстығы суынып үлгермеген Iphone маркалы қалта телефоны және айына мың доллар көлеміндегі жалақы еді. Бұған жеткен кезде ары қарай не деген сұрақ туады. Қонақүй аралау, саяхаттау, бизнес санаттағы ұшақ-яхтамен демалу… Дәмін татқан соң, соншалық қол жетпейтіндей көрінген дүние еместігіне көз жетеді. Бірақ одан да мәнді, мағыналы мұратқа қол жеткізгің келеді. Осылайша арманда кетпейін деген оймен оқуға тапсырдым. Шынына келгенде, студент оқу орнындағы білім үшін емес, «нетуоркиң» ортаға төлейді.

– Алғашқы тапқан наныңның дәмі аузыңда болар?

– Камерамен екі сағат фотосессия жүргізгеніме жеті мың теңге тапқаным әлі есімде.

– Қазіргі таңда әлемдік әрі отандық жоғары кластерлі брендтердің қысқаметражды жарнама-роликтеріне тапсырыс алу еш қиындық туғызбасы анық. Нетуоркиң процесінде келіссөз жүргізуде қандай құндылықтарға ерекше назар аударасың?

– Адамның күні адаммен. «Мені байқаңыздар» деген ішкі дауысты айғайламай, нетуоркиң кезінде жеткізуге болады. Нетуоркиң кезінде көзге түсу мен келіссөзде өзіңнің идеяңды дәлелдеу бөлек ұғым. Қабілет-қарым тұтынушының талабымен өте нәзік әрі берік байланыс табуы керек.

– Өзің мақтан тұтатын, көңілің толатын туындыңмен бөліссең. Дәл сондай биіктікте туған еңбегіңнің рецебіне басқаларынан ерекше нендей «ингредиент» (қоспа) қосып едің?

– Prado көлігіне арналған жарнама. Ең басты рецепт – жүректен шыққан болуы керек. Сапалы ерекше туындының астарына жарнаманы жасыру шеберлігі – қазір аса маңызды талап. Жалаң жарнамадан жалыққан жұрт өз өмірімен байланысы бар, мәндірек, эстетикалық колориті жоғары дүниені қажетсінеді. Осы артықшылық өзіңнің қолтаңбаңнан сезіліп қалады.

– Камера баптау, ракурс таңдау, табиғи-қосалқы жарық, ауысым эффектілерін үйлестіру, түс гармония­сы… Шығармашылық лабораторияң туралы, идея табудан бастап оны дайын өнім деңгейіне дейін жеткізу процесін саты-сатылап айтып берсең.

– Мұның бәрі арнайы көркем көзқарас пен кәсіби біліктіліктің балансымен ғана іске асатын дүние. Барлығы идеядан басталады. Өмірге айналдыру жолын командамен талқылау қажет. Олар өз ойын ортаға салады, бірге талқылаймыз. Идея мазмұнын жүзеге асыру үшін сценарий құрып, қағазға актер-локация жобасын түсіреміз. Түсірілім орнын бекітіп, арнайы кесте бойынша жұмыс тобы іске кіріседі. Рұқсат бермейтін локациялық кеңістікке әртүрлі жолмен рұқсат аламыз.

Түсірілім кезеңінен кейін материал монтажға жіберіледі. Монтаж барысында әуелі реттеліп, қоқыстан тазаланады. Монтаж жасап, одан соң шарықтау шегіне жеткізеді. Соңғы сатыда «түспен ойнату» арқылы коррекциялық өңдеуден өтеді. Дайын өнім күйіне жеткізгеннен кейін сипаттамасын жазып, көпшілік назарына ұсынылады.

– Менің білуімше, «болашақтықтарды» үкімет, ақылы бөлімдегі санау­лы жастарды ата-анасы қаржылай қолдайтынын есепке алмағанда, өз табысымен мұхит асып, оқуға аттанған Қыранның алдағы жоспары қандай болмақ?

– Шынымды айтсам, «Болашаққа» жүгініп көрдім. Бірақ бізде процесс тым ұзақ. Ешкімнің алдында қарыздар болғым келмеді. Қағазбастылықпен әуреге салынбай, өз қаражатыммен оқимын деп шештім. Жарты жыл сайын жаңа қадам жасау арқылы таным-білігімді дамытып отыру әзірше өмірлік ұстанымыма айналды. Қазақ аудиториясына сапалы контент ұсыну ниетім бар.

– Ескі әлемнің жаңа кейіпкерлерінің бір бөлігі қазақ жастарына қандай үндеу жолдайсың?

– Құрметті замандастар, құрдастар! Біздің еліміздің үлкен тарихы мен кең-байтақ даламызда зор мүмкіндік бар. Көршінің шалғыны жап-жасыл көрінеді деген бар. Шетелден бөлек ел ішінде де мүмкіндік өте зор. Ең маңыздысы, адам тұлғалық дамуға мән беріп, өз орнын табуда талмай іздене беруі керек. Бәріміз сол жолдамыз…

Сұқбаттасқан
Күлтегін Аспанұлы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз