Биыл – Қазақстанда Еріктілер жылы. «Еріктілер жылы» деген сөзді естігенде тосырқап қалғандар да бар. Өйткені Қазақстанда еріктілер туралы нақты бір түсінік қалыптасып үлгерген жоқ. Көпшіліктің еріктілер туралы түсінігі кеңес заманынан қалған «Тимуршылар командасы» деңгейінде ғана.

Ол заман өтті, кетті. Нарық жылдары өз дегенін істеді. Оқушы балалардың бойына ізгілік дәнін себетін мұндай қозғалыстар елеусіз қалды. Міне, осы кезде шетелдегі еріктілер, яғни волонтерлар туралы ести бастадық. Дамыған елдерде жолға қойылған, жүйелі түрде жұмыс істейтін қозғалыс бар екенін білдік.

Олардың қызметі Еріктілер туралы заңда анық көрсетілген. Мысалы, әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, қарттарға, мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету, жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ортаға бейімдеу, тәрбиелеу жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу, зілзала, экологиялық, техногендік және басқа да апаттар, әлеуметтік шиеленістер, жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккен адамдарға, құқық бұзушылық құрбандарына, босқындарға және шарасыздан қоныс аударушыларға, сондай-ақ хабарсыз кеткен адамдарды, Екінші дүниежүзілік соғыс пен басқа да соғыстарға қатысушылардың жерленген жерін іздеуге қатысу, қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға, аумақтарды абаттандыруға қатысу, білім беруді, ғылымды, мәдениетті дамытуға, дене шынықтыруды, спорт пен белсенді демалысты дамыту мен өңірлік, өңіраралық, республикалық қоғамдық және халықаралық дене шынықтыру және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысу, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жұмыс жүргізу – еріктілердің негізгі жұмыстары.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда еріктілер белсене атсалысқан шараларды еске түсіріп көрейікші. 2017 жылы елімізде өткен Универсиадаға 3000 ерікті қатысты, оның 100-і шетелдіктер болды.

Сол жылы Астанада ЭКСПО-ның өтуіне 4000-нан астам ерікті атсалысты. Олар сегіз сағат үш ауысыммен жұмыс істеп, 4 миллион қонаққа тік тұрып қызмет етті. Сұрақтарына жауап беріп, жол көрсетті. Мұндай сауапты іске шын беріліп, бар уақытын соған арнағандар да бар. Біразының қолдан ұйымдастырылғаны да байқалып қалды.

Еріктілер тек осындай дулы шара, дүбірлі додаларда ғана емес, халықтың басына қиыншылық түскен кездерде де қарап қалған жоқ. Естеріңізде болса, 2015 жылы Алматының Қарғалы, Таусамалы шағын аудандарында сел жүріп, көшелер мен аулаларды тау жынысы араласқан лай су басып қалған еді. Сонда 200-ден астам ерікті зардап шеккендерге ас-су тасып, үйлер мен көшелерді батпақтан аршып, барынша көмектесті. Арыс қаласындағы жарылыс кезінде де еріктілер өздерін тағы бір көрсетті. Эвакуация бекеттерін керек-жарақпен қамтамасыз етіп, әлеуметтік желілерде материалдық көмек жинады. Сондай-ақ жарылыс кезінде бір-бірінен адасып қалған отбасы мүшелері туралы арнайы база жасап, ақпарат беріп отырды. «Ұлттық еріктілер желісі» бойынша Арыс қаласының тұрғындарына Қазақстан бойынша 35 мың ерікті көмек қолын созыпты.

Иә, қазір еріктілерсіз жұмыс бітпейді. Біреу жоғалып кетіпті десе, іздеу жұмыстарына еріктілердің қосыла кететінін білеміз. Қараусыз қалған қарт адамның да жанынан табылып, жетім қалған баланың да басынан сипап, апаттар мен қақтығыстарда бірінші болып көмекке жүретін еріктілерге ешқандай ақы төленбейді. Пейіл мен адамгершіліктің көрінісі бұл.

Дегенмен, еріктілердің алдынан шығатын кедергі де жоқ емес. Көмекке ұмтылғандарды «қайдан келесің, қайда барасың?» деп барар жеріне жібермей, тергей жөнелетіндер де бар екен. Бұл еріктілер туралы дұрыс көзқарас қалыптаспағанының салдары болса керек. «Еріктілерді еріккен деп айтпаңыздаршы» деген жанайқайларын да талай естідік. Ендеше биыл бұл сала дамудың жаңа сатысына көтерілді десек болады.

Сен де ерікті бола аласың, жас дос! Ерікті болу – өмірлік тәжірибеңді байытады, өзіңе деген сеніміңді шыңдайды. Ол үшін арнайы ұйымға тіркелудің де қажеті шамалы. Көмекке мұқтаж көршіңе қолұшын беріп жүрсең болғаны…

Б.Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз