5 жасар Ник анасының қолынан ұстап көше бойында келе жатты. Ата-анасы сатып алып берген бәтеңкесімен көшеде ойнақтады. Шешесі оны отбасынан қашып немесе әртүрлі жағдаймен үйсіз-күйсіз жүрген балалар паналайтын мекенге апаратын. Ондағысы «көйлегі көк, тамағы тоқ» ұлының өзінен жағдайы әлдеқайда нашар қатарластарына қарап, жақсы жағдайдың, бардың қадірін біліп өссін дегені болар. Әйтеуір Ник панасыз балдырғандарға тұрақты барып тұрған-ды. Бірде ол анасымен әдеттегідей кедейлер тұратын кішкентай лашыққа барды. Осы жолы киіп барған су жаңа, әдемі кроссовкасын үй-күйсіз балаларға олай-бұлай көрсетіп мақтанды. Анасы әлгі жерден шыққанда Никке бұлай мақтанудың жаралы жандарға ауыр тиетінін, себебі кейбірінде тіпті өз аяқкиімі жоқ екенін айтыпты. Ник сол сәттен бастап панасыз балаларға барғанда әрқайсысына зер салып қарайтын болды.

Қорлықтан құтқару қиын ба?

– Онда ағайынды ұл мен қыз болды. Екеуі бір аяқкиімді мек-тепке кезекпен киіп баратын. Қыз бірінші күні сабаққа киіп барады, ағасы киген күні мектептен қалып қояды. Екінші күні ұл сол қарындасының киген аяқкиімімен білім ордасына тартады. Ұл баланың қызғылт түсті, жылтыр аяқкиімді қолына алғандағы түрі сондай аянышты еді. Ол соны ұл болса да мектепке киіп баруға мәжбүр болды. Көбі оны қыздардың туфлиін кигені үшін мазақтап, қорлайтын. Сол себепті мектепке мүлде барғысы келмейтін, – дейді қоғамдық қызметінің басталуына түрткі болған оқиғаны ойға алған Ник. Афроамерикалық баланы мектептегі сыныптастарының қорлауынан құтқарғысы келген Ник оған өзінің ұқыпты киген кроссовкасын сыйлаған-ды. 5 жасар баланың аяқкиімі мектепте оқитын оқушыға шақ келмесі түсінікті ғой. Осы жайт Никтің көңілін түсірді. Алайда Никке ең ауыр тигені бұл да емес, мұндай балалардың көптігі еді. Өйткені ол үнемі анасымен баратын мекендегі балалар арасында аяқкиімнің жоқтығынан немесе жырым-жырымы шыққанын, яки өзіне тура келмейтінін кигеннен аяғы тілініп, жарылып, сүйел шығып кеткендері де көп еді. «Жағдайы жоқ, панасыз балалардың аяқкиімі болмағаннан, шақ еместігінен, жыртылғандықтан білім алмауы, сабаққа бармауы, қатарынан қалып қоюы, футбол, баскетбол ойнай алмауы әділетсіздік қой. Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар адам емес пе?» деп ойлады Ник. Осы ой оған біраз уақытқа дейін маза бермеді. Анығы, ол қаңғыбас балаларға аяқкиім сыйлауды армандады. Дәл сол сыйлық қана олардың жаңа өміріне, жақсы мүмкіндіктерге жол ашатынын түсінді.

Никтің ниеті

Ник біршама жылдан бері көз алдынан, кейін келе көңілінен кетпей қойған проблеманың бір шешімін өзінше тапқысы келді. Ол сайтындағы «Біз туралы» айдарында: – Үй-күйсіз балалардың жайы көңілімді құлазытты. Содан бастап өзімнің ұқыптап киген аяқкиімдерімді оларға сыйлауды әдетке айналдырдым. Бірақ менің аяқкиімім бәріне бірдей тура келе бермейтін. «Ең дұрысы – балаларға өзіне шақ аяқкиімнің болуы және оның жаңа болуы» деп ойладым әрі бір күндері ойға алғанымды жүзеге асыратыныма үмітім болды. Ақыры осы арма-ныма жетіп, үйсіз балаларға жаңа аяқкиім сыйлау үшін 2010 жылы қоғамдық қызмет түріндегі жобам – Gotta Have Sole (тікелей аударсақ, өзінікі болу керек деген мағынада – А.Ш.) қорын құрдым, – дейді. Ник осы кезде небәрі 12 жаста болатын.

Ойлаңызшы, 12 жастағы ойын баласы кейбір қалтасы қалың кәсіпкерлер қолға алатын үлкен іске, зор тәуекелге бел байлады. Батылдық па? Әлде сенімділік пе? Бәлкім еңбексүйгіштік шығар, өйткені мұның өзі артық жұмыс қой. Жоқ, біздіңше, бұл болжамдардың бірі де кейіпкеріміздің қасиетін, болмысын дәл бере алмас. Шынында Никтің ниеті батыл-дықтан бұрын, жай ғана мейірім-ділік; сенімділік те емес, ойға алумен тоқтап қалмайтын талап-шылдық; еңбекқор екені даусыз, десе де жүректің жұмысы еді. Бұл – жүрегі кең, жаны таза адамның тірлігі.

Николас ЛОУИНГЕР
(Nicholas Lowinger):
– 5 жасында үйсіз балаларға көмектесуді ойға алған;
– 12 жасында қор құрған;
Жарқын жобалары бар әлемдегі бүгінгінің батырларын қаржылай қолдайтын «Балалар әлемі» ұйымы Жастар жүлдесінің жеңімпазы.

Сөзден – іске

Қоғамдық қордың 12 жасар жетекшісі әлі аяққа да тұрмаған шағын ұйымының мақсат-міндеттерін жеткізу үшін алдымен Фейсбукте парақша мен арнайы сайт ашты. Содан соң ойы, қолға алған ісі, мұраты жазылған әлеуметтік желі мен порталына сілтеме жасап, аяқкиім шығаратын фабрикалар мен жаңа бәтеңке сатып алуға демеуші бола алады деген ірі компаниялар, корпорациялар, одақтарға телефон соқты. Түрлі гранттарға өтінім берді. Осыдан кейін жергілікті қаңғыбас балалар, жасөспірімдер мекендейтін орындар мен мектептерге барып, мұқтаждарға идеясын айтты. Олар жапатармағай тапсырыс берді. Қайырымды қалталылар мен хабарласқан ұйымдар Никтің ниетін құп көріп, аяқкиім немесе сатып алуға ақша бере бастады. Қордың кеңсесі Никтің үйіндегі гараж болды. Отбасылық жүк қоймасына көптеген фабрика мен дүкеннен әкелінген жаңа аяқкиім жиналды. Осылайша ешқашан аяқкиімі болмаған балаларға қалауынша, өлшеміне шақтап кроссовка, бәтеңке, сүйретпе, түрлі туфли сыйлады. Ол әсілі аяқкиім де емес, тас жолдың үстінде жалаңаяқ ойнай алмай жүрген, мектептен қалған, достарынан алыстауға мәжбүр болған балаларға қуаныш, сенім, жаңа өмір сыйлады.

Ник қордың Фейсбук парақшасына 9 жыл бұрын мектеп сахнасында өзі жазған эссені дауыстап оқыған видеоны жүктеген. Бұл кезде қоғамдық жұмысын бастағанына 1 жылдан асқан еді. Сол эссесінде ол өзінің басынан өткізгенін, жұмысын қалай бас-тағанын және сол уақытта 500-ден аса балаға көмек көрсетіп үлгергенін баяндай келіп:

Осыны оқып отырған әр адамның қайырымдылықпен жауап беретініне сенемін, – дейді. Солай болды да. Оның әлі күнге дейін қайырымды адамдар мен мұқтаж балалардың арасында алтын көпір болуы – осының айғағы.

«Көңіл жүлдеден маңызы»

www.passiton.com сайтында белгісіз адамдар бүгінгінің батыр-лары туралы жазады. Сондағы аты-жөнін жасырған жан:

– Мені бәрінен бұрын таңдандыратыны – Николастың соншалықты қарапайымдығы. Nickelodeon HALO (балалар мен жасөспірімдерге арналған әйгілі Никелодеон медиа компаниясының жыл сайынғы жүлдесі), Muhammad Ali Humanitarian Award (белгілі боксшы Мұхамед Әлидің әлемді жақсартуға, әлеуметтік теңдікті қалыптастыруға, адам құқығының сақталуына өз ортасында және бүкіләлемдік деңгейде үлес қосқан адамдарға берілетін жыл сайынғы сыйлығы), Jefferson Award for Public (1972 жылдан бері жергілікті және ұлттық деңгейде беріліп келе жатқан Америка мемлекеттік қызмет институтының наградасы) секілді көптеген жүлдеге қол жеткізсе де, оның барлығын үйсіз-күйсіз балаларға көмектесуге берілген мүмкіндік деп түсінеді. Ол үнсіз жүріп-ақ үлкен істерді атқара береді, ешқашан біреудің мойындағанын, яки құрметтегенін күтпейді және айналасындағы әр адамды қамқор болуға баулиды, шабыт-тандырады, – деп жазыпты. Ал Ник www.forward.com сайтына 17 жасында берген шағын сұқбатында: «Балалардың жаңа аяқкиімді алған кездегі шат көңілі маған осы уақытқа дейін алған барлық жүлдеден маңызды», – депті.

Ник өзі мекен ететін кәрі құрлықтың барлық штатындағы елден, қалалардан тапсырыс қабылдайды. Алғашқы жылы Род-Айленд штатындағы 400 баланы қамтыды. Мұқтаж балалар мен жасөспірімдер оған көп хабарласты. Кейіпкеріміз сыйлығын қордан көмек күткен кішкентайларға мүмкіндігінше өз қолымен табыстады. Бірақ одан жәрдем сұрағандардың саны күннен-күнге арта берді. Сондықтан ол өзі де көмек қажет ете бастады. Бұл ойын да қолдай кеткен жүрегі жомарт жандар ерікті жұмысқа тартыла бастады. Бүгінде 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кейіпкеріміздің қорында 500-ден аса волонтер өз еркімен қоғамдық қызметке тартылған. Олар аяқкиімдерді нөмірлеу, қорабының сыртын орау және ең бастысы, мұқтаждарға табыстау секілді міндеттерді атқарады. Кейіпкеріміздің қоры 2015 жылы Американың 36 штатындағы 42 мыңнан аса үйсіз балаға аяқкиім сыйласа, қазіргі таңда бақытты балақайлардың саны 100 мыңға жеткен.

P.S. Бір сөзінде Ник волонтерлік қызмет жас, ұлт, қызмет таңдамайтынын айтыпты. Ал сен, «ұландық» дос, биыл Қазақстанда Еріктілер жылы екенін білесің бе?.. Айтпақшы, кейіпкеріміздің тағы бір айтқаны өз ортасында цитатаға айналған: – Сізде күш бар. Біз әлемді бірге жақсарта аламыз!

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №6
11 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз