Ердана Ержанұлы – Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі. Шет тілі: екі шет тілі мамандығын аяқтап, бүгінде Ұлыбританиядағы Кардифф университетінің магистратурасында Халықаралық журналистика мамандығы бойынша білім алып жатыр. «Төрт жылдан кейін Ұлыбританияның үздік университеттерінің бірінде оқимын-ау деп ойламаған едім», –  дейді кейіпкеріміз. Өзге тілге жетік, білім жолындағы ізденімпаз Ердананың «ұландықтарға» айтары аз емес екен.

– Шет тілдері университетіне түскен студенттердің көбі шетел асып, білімін шыңдау, дүниетанымын кеңейтуді мақсат етеді десем, өтірік емес. Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен бір семестрге шетелге барып, білім алғым келетін. Тіпті, төлқұжатымды да оқуға түсе сала жасап қойдым. Бірақ, шетелге шығудың реті кейіндеу келді. 4-курсты қорытындылап, түрлі емтихан тапсырып, сертификат алып, ақырындап қамдана бастадым. Бакалаврдың соңғы семестрінде кураторым «Болашақ» халықара-лық шәкіртақысына ие болып, Канадаға біліктілігін арттыруға баратынын айтты. «Неге мен де бағымды сынап көрмеймін, бұл да бір мүмкіндік болар» деп ойлап, кураторымнан сұрадым. Ұстазым да бейне бір алыстағыны жақындатып, уысыма түсіндірді. Бакалаврдың дипломы қолыма тиген соң, «Болашақ» бағдарламасына өтініш жаздым. Аллаға шүкір, қазір кәрі құрлықтың арғы жағындамын.

Кардифф университеті – Біріккен патшалықтың үздік университеттерінің бірі. «Халықаралық журналистика» мамандығында оқимын. Мамандығымды журналистикаға ауыстырғаннан кейін осы жақтың мықты білім ордаларын көздедім. Кардифф университетінің Журналистика мектебі Ұлыбританияның медиа саласындағы ең озық бестігіне кіріп қана қоймай, ағылшындардың атақты Russell Group қауымдастығына мүше. Бір жағынан Уэльстің астанасы Кардиффте, екіншіден, теңіз жағасындағы қалада орналасқасын ба, өзгеше әсер қалдырды.

Оқытушылар – өз ісінің маманы. Дәріс оқудан бөлек, BBC, ITV арналары үшін аянбай жұмыс істеген мамандар, Ирактағы соғыс кезінде де тікелей репортаж жасаған журналист-профессорлар да кездеседі. Сабақтың көп бөлігі теориямен қатар, практикалық жұмыстарға да бағытталған. Материалдық-техникалық базасы, 24 сағат ашық кітапхана, газет-журналдар қоры – студенттер үшін таптырмас қазына. Алғашқы семестрдің өзінде-ақ дайын журналист-репортер боп шыға келгендейміз. Десе де, әлі де тынбай еңбек ету керек.

О бастан шетелге шығамын деп ниеттенген соң, ағылшынға көбірек көңіл бөлетінмін. «Болашақ» халықаралық шәкіртақысына ие болу, тыңғылықты дайындық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін дүние болғандықтан, бәрі оңайға түспеді. Бала кезімнен теледидардан осыншама қазақстандық «Болашақ» шәкіртақысына ие болды деген жаңалықтарға қызыға қарап, мен де осыған қол жеткізсем деп ойлайтынмын. Халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтында көрсетілгендей, іріктеу үміткерді жан-жақты сынайды. Сіздің шетелге шығып оқудағы мақсатыңыз, оқу үлгеріміңіз (GPA), мемлекеттік тіл – қазақ тілін, ағылшын тілін (немесе баратын елдегі негізгі тілді) білу деңгейіңіз, ҚР Конституциясы мен Қазақстан тарихынан біліміңіз, логикалық ойлау шеберлігіңіз және де психологиялық дайындығыңыз бен денсаулығыңыз – бәрі-бәрі назарға алынады. Жоғары оқу орнын таңдауға келер болсақ, әлемдік білім беру жүйесіндегі орнына, беделіне, сараптамалық агенттіктердегі рейтингіне, ұсынатын бағдарламалары мен пәндеріне, материалдық-техникалық базасына назар аудардым. Бұған қоса, сіздің кәсіби жоспарыңыз бен университет миссиясының тұспа-тұс келуі, өзіңізді маман ретінде дамытуға берілетін мүмкіндіктер топтамасы да аса маңызды. Осы жағынан университет барлық талаптарды қанағаттандырып тұрса, сіз университетке, университет сізге лайық болса, бір асудан астым дей беріңіз. Одан арғысы тек өзіңіздің қажырлы еңбегіңізге байланысты.

Бүкіл әлемді бір жерге жиып қойғандай…

– Қазақстанмен салыстырмалы түрде ең маңызды деген ерекшеліктері мен кемшін тұстарын атап өтсеңіз..

– Екі елдің білім беру жүйесі негізінен ұқсас болғанымен, қаржылық демеуі мен мамандар даярлаудағы көпжылдық тәжірибесі, атақ-абыройы жағынан британдық университеттер көш басында. Әрине, бұл еліміздің жоғары оқу орындары нашар дегенді білдірмейді. Үйренеріміз көп. Мысалы, Қазақстанда академиялық адалдық жұмыстары енді қолға алынса, Ұлыбританияда плагиатқа қарсы жүйе – бұрыннан қалыпты жағдай. Тапсырма орындау не емтиханда біреуден көшіріп, басқадан «ұрлау» секілді заңсыздықтарға жол берілмейді. Барлығы электронды түрде қабылданып, қатаң тексеріледі. Өз күшіңіз бен еңбегіңізге сенгеніңіз дұрыс.

Тағы бір ерекшелігі, студенттердің психологиясына, денсау-лығына, бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізуіне барынша жағдай жасалған. Тегін тіл курсынан бастап, спорт үйірмелері, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің кеңесі, хоббиыңызға байланысты клубтар, жалпы 200-ге жуық ұйым бар. Тіпті, әлдебір қиындық мазалайтын болса, 24 сағат жұмыс істейтін психолог мамандар көмегіне жүгіне аласыз. Жан-жақтан келген студенттер ортасы бүкіл әлемді бір жерге жиып қойғандай әсер қалдырады. Өзге мәдениетпен танысып, алты құрлықтан дос табам десеңіз де жолыңыз ашық. Ұлыбритания университеттерінің түлектеріне жұмысқа орналасу, сұқбаттасу және тағылымдамадан өту секілді маңызды әрекеттерден көптеп қолдау көрсетіледі. Жиі-жиі электронды хабарландырулар келіп, айына бірнеше рет кеңес беру жиыны өтеді. Ұйымдар мен компаниялар өздері келіп, болашақ мамандарға «іздеу салады».

Кем тұстары десеңіз, салыстырмалы түрде қымбат болуы. Кейбір заттардың бағасы Қазақстан нарығындағы өнімдерден бірнеше есе жоғары. Ақша жұмсауды тиімді жоспарлап алғаны-ңыз жөн. Адамдардың өзін ұстауы мен мінез-құлқындағы, жеке құндылықтарындағы ерекшеліктердің ұқсамауы кейде тығырыққа тірей-ді, енді бірде қатты таңғалдырып жатады.

– Шет елге алғашқы сапарыңыз екен… Не нәрсе қиынға түсті?

– Мектеп-интернат түлегі болған соң, үйден жыраққа кету қиын болмады. Қалай болар екен, ағылшынша қатесіз сөйлей аламын ба, түсінбей қалсам қайтемін
дегендей қорқыныш болды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, Лондондағы Хитроу әуежайына түсіп, жергілікті тұрғындардан, әуежай қызметкер-лерінен жол сұрап, қорқынышым сейілгендей болды. Жатақхана мен университет кампусында барлық жағдай жасалғандықтан, өмір сүру қиын болмады. «Тек сабаққа уайымдап, соған көңіл бөлсін» деп дайындап қойғандай.

– Қазақстандағы студент Ердана мен Британиядағы студент Ердана арасында өзгеріс бар ма?

– Әрине, біраз өзгеріс болды. Бастапқыда журналистика «оң жамбасыма келетін» мамандық деп санайтынмын. Кардиффке келіп, алғашқы дәрістерге қатысқаннан кейін әлемдегі ең қауіпті әрі қиындығы мол кәсіптің бірі екенін түсіндім. Шошымадым. Себебі журналистиканың қиындығынан гөрі қызығы мол, жаңа дүниелерге ұмтылыс ретінде қабылдадым. Оқуда радиожурналистика, тележурналистика салаларын қамти отырып, әртүрлі техникалық құрылғылармен жұмыс істеуді, жаңалықтарға арналған өнімді редакциялап, өңдеп шығаруды үйрендім. Көбірек жаңалықтар оқып, сыни тұрғыдан талдауды меңгердім. Көгілдір экраннан, смартфоннан көретін ақпараттың әрқашан «бұқпасыз, боямасыз» бола бермейтінін түсініп, біраз есейгенімді байқадым. Қазақстанды бұрыннан қалай қатты жақсы көретінімді түсінгендеймін. Сағыныштан да болу керек… Дегенмен, әр елдің өкілі бар ортада, өз еліңнің әлемдегі орнын, саяси беделін, «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарға көптеген мүмкіндік жасағанын, кейбір елдерде жоқ бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің бізде бар екенін көріп, қуанып жатамын. Оқушы кезімізде балалықпен «Америкаға кетсем, Еуропада өмір сүрсем» деп қиялдайтынмын. Қай елде жүрсеңіз де, өз Отаныңыздай Ұлы еш жер жоқ.

Ердана бүгінде қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшын, қытай және жапон тілдерінде еркін сөйлей алады екен.

– Шет елге шығып, білім алғысы келетін жастарға батылдық жетпейтін сияқты. Қалай ойлайсыз?

– Батылдық жетпеуден бұрын еңбек жетіспейтіндей көрінеді. Мүмкіндік кез
келген сәтте табылады, тек дайын болыңыз. Қоржынымыз қажырлы еңбек бен тәжірибеге толы болса, өзімізді сол мақсаттарымызға жету жолында едәуір қамшылаған болсақ, «аяғымыз шынжырлы» емес қой?! Алға ұмтылыңыз! Өз арманыңызға жету жолында, тек өзіңіз ғана кедергі болып, өзіңіз ғана сол арманды жүзеге асыра алатыныңыз есіңізде болсын. Алғашқы қадамды қалай жасау керектігін көбі білмей жатады. Әркімде әртүрлі жасалатын сияқты. Менің басымнан өткені – өзіңізге не қажет екенін түсініп, сол арманға лайықты болатындай дайындық. Мүмкіндіктің дәл қайдан келетіні белгісіз. Сондықтан барлық есікті қағып көріңіз. Біреуі болмаса, біреуі ашылады. Тек берілмеңіз!

– Қала туралы айтып беріңізші…

– Кардифф қаласы – тәтті бәліштерімен, серфингқа арналған толқынды жағасымен, құпияға толы қамалы және хор әншілерімен танымал. Уэльс жұртының астанасы болған соң, ауқымды іс-шаралар өтеді. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздар келіп, ән айтады. Әкімшілік көгалдандыру жұмысына көп мән беретіні кең саябақтардан, ерекше сұрыпты ағаштардан байқалып тұрады. Аса көп биік ғимарат жоқ. Сонысымен ағаштардың көптігі, ауа райының құбылма-лығы Алматыны еске түсіретіндей. Жалпы, қала тұрғындары қонақжай. Туристердің айтуынша, жергілікті халық лондондықтардан гөрі мейірбан, көбірек жымиып, көмек созуға дайын тұрады. Қала халқының көп бөлігі студенттер болғандықтан, жақсы жағдай жасалған. Ұзақ мерзімді демалыс кезінде студенттер еліне кеткенде Кардифф «қаңырап» бос қалғандай әсер береді. «Студенттер қаласы» деп атауға болатыны сондықтан болар.

– Жоғарыда теориямен қатар, практиканы да аламыз дедіңіз. Практика қалай өтеді? Сол жайлы айтып берсеңіз…

– Иә, университет қабырғасында журналистикаға қатысты теориялық білім мен практикадағы қолданысы қатар жүреді. Таңдаған бағытыңызға қарай тәжірибе жинауға мүмкіндігіңіз бар. Деректі фильм, репортаж, фототүсірілім және бейне материалдарды жасау барысында бірнеше түрлі камерамен, қосымша құрылғылармен, микрофон, диктофонмен жұмыс істеуді үйрендім. Дайындаған материалдарыңызды арнайы бағдарламда минут-секундына дейін мән беріп өңдеу, кесіп қысқарту, субтитрларды қосу секілді маңызды дүниелерді меңгересіз. Жеке веб-сайтпен жұмыс, мақала құрылымы мен ақпаратты түсінікті әрі жинақы жеткізу де практика барысында жүзеге асады. Әрі бұл біліктілікті үйреніп қана қоймай, апта сайын дәрісте ізденіп, түсірілімге қажетті құралдарыңызды арқалап, арнайы жобалар жасайсыз. Өзім үшін кәсіби камерамен жұмыс және түсірілген материалды өңдеу секілді жаттығулар қызық. Дәл бір BBC арнасы үшін хабар дайындап жатқандай шабыттанып жүретінмін. Бас редактордың (дәріс кезінде негізгі оқытушының) көңілінен шығу оңай емес. Жел, жарық, дыбыс, фокус секілді көріністі айқын әрі түсінікті етіп жеткізетін талаптардың орындалуы мен жаңалықтың өзекті, көрерменге қызықты болуы біраз еңбек пен ізденістің арқасында келетінін түсіндім. Тіпті сұқбат барысында дұрыс сұрақ қоя білудің өзі үлкен шеберлік екенін ұғынғандай болдым.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

«Ұлан» газеті, №6
11 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз