Достар, сендер өздеріңді балалардың қатарына жатқызасыңдар ма, әлде ересектердің бе? Егер екеуіне де тән белгілер болса, өтпелі кезеңде шығарсың. Ал өтпелі кезеңде адамның психологиясында, физиологиясында болатын өзгерістер туралы білуің керек. Балалықтан ересек өмірге аяқ басатын шақ болғандықтан 12-16 жас аралығын өтпелі кезең деп атайды. Жасөспірімдердің бойында осы кезде түрлі анатомиялық, физиологиялық өзгеріс болатыны табиғи заңдылық. Көңіл-күйдің құбылмалы болуы, мақсаттардың тұрақсыз болуы да осыған байланысты. «Ақ желкен» бүгін осындай сыртқы өзгерістердің психологияға әсері туралы баяндайды.

Әдетте өтпелі кезең 5-8-сыныптарда оқитын кезеңмен сәйкес келеді. Алайда адамның организмінің даму ерекшеліктеріне байланысты бұдан ерте не кеш жүруі де мүмкін. Бұл кезеңде дене, ақыл-ой, көзқарас, әлеуметтік, моральдық-этикалық құндылықтар қалыптасып, жаңа құрылымдар түзіледі.

Ғылымда физиологиялық психология деген сала бар. Физиологиялық психология физиологиялық және неврологиялық процестерге негізделген психологиялық құбылыстарды түсіндіреді. Оның пәндері мен әдістері биология және физиологиямен ортақ. Физиологиялық толысудың мерзімі нәсілдік және ұлттық ерекшеліктерге, климатқа байланысты емес. Басты ықпал ететіні – гендік ерекшеліктер мен тамақтану, басқа да әлеуметтік факторлар.

Өтпелі кезеңде жасөспірім өзінің келбеті мен дене тұлғасын мүлдем жаңаша қабылдай бастайды. Олар үшін бұл кезеңдегі басты мәселе – бойының тапал болуы, артық салмақ немесе салмақтың жетіспеушілігі, бетіне безеу шығуы, кейбір дене мүшелеріне көңілі толмауы. Әсіресе, кеш толысатын ер балалар қатты уайымдайды. Себебі мұндай өзгерістердің кешігуі оның құрдастарының алдындағы беделін төмендетіп қана қоймай, өзін қатарынан кем сезіну сезімін туғызады. Ал қыздарда керісінше, ерте даму ыңғайсыздық туғызып, басқалардың жанында қысылуы мүмкін. Қалыпты өсудің барлық нюанстары мен варианттарын білмеу көптеген жасөспірім үшін нағыз «нормалар трагедиясына» айналады.

Жасөспірімдердің анатомиялық өзгерістерінің ерте немесе кеш басталуы, өзінің бойындағы өзгерістерге үреймен қарауы психологиялық травмаға әкелуі мүмкін дейді психологтар. Жасөспірімнің тұлға болып қалыптасуында физиологиялық психология қандай рөл атқарады? Бұл туралы психолог, Ұлттық балаларды оңалту орталығының маманы Алдабергенова Алмагүл Жексембайқызынан сұрап көрген едік.

– Жасөспірімдердің бойындағы анатомиялық-физиологиялық өзгерістер оның психологиясына қалай әсер етеді? Бұл кезеңде ата-ана баласымен қалай қарым-қатынас жасау керек?

– Гормоналды өзгерістер кез келген адамның ағзасына ғана емес, жүйке жүйесіне де әсер етеді. Бұл кезеңде балаға ата-анасы мен жақындары ғана емес, қоршаған ортасы да әсер етеді. Сондықтан ұстаздары, мектеп психологы, достарының арасында мұның табиғи заңдылық екенін және бойындағы физиологиялық өзгерістер үшін ыңғайсызданудың қажеті жоқтығын түсіндіруге тырысқаны жөн. Егер балаға қоршаған ортасынан дәл уақытында мұндай ақпарат берілмесе, ол оны интернеттен, кітаптан немесе таныс емес адамдардан сұрауы мүмкін. Олардан дұрыс, нақты ақпарат алмаған жағдайда зардабы қиын болатынын ескеру керек. Бала дұрыс ақпарат алып, толық жетілуі үшін алатын ақпарат көзі мен жанындағылардың қолдауы маңызды.

– Оқушылардың физиологиясының тым ерте немесе тым кеш жетілуі оның бойында комплекс қалыптастыруы мүмкін бе? Мұндай жағдайда балаға қандай психологиялық көмек берген жөн?

– Соңғы уақытта жасөспірімдердің ерте жетілуі жиі кездеседі. Әсіресе қыздардың арасында омырауының бастауыш сыныптан бастап өсуі бүкірейіп жүруге, кең киім киюге әуестікке әкелуі мүмкін. Анасы қызын әлі кішкентай көріп, етеккір туралы ескертпегендіктен, түрлі ыңғайсыз оқиғаға тап болып жататындар да көп. Ер балаларда керісінше, кеш жетілу жиі кездеседі. Сақал-мұртының болмауы, жыныс мүшелерінің жетілмеуі ер балалар арасында топқа бөліну, мазақ қылу сияқты оқиғалар туғызып жатады. Мұның бәрі біреудің дұрыс жетілмей қалуынан емес, қоғамдағы балалардың сауатсыздығынан болады. Ер балаларға қырыну гигиенасын әкесі, ағасы үйрету керек. Жасөспірімдер арасында түрлі миф бар. Оны теріске шығарып, дұрысын түсіндіру процесі үйдегі ата-анасы мен жақындарынан басталу керек.

– Өтпелі кезеңдегі физиологиялық өзгерістер туралы балаға кім (ата-ана, мұғалім, қоршаған ортасы, психолог және т.б.), қалай түсіндіргені дұрыс?

– Оқушы көп уақытын мектепте өткізетіндіктен,

жыныстық сауаттылықты осы жерде үйреткен дұрыс деп ойлаймын. Қазір мектепте жаратылыстану, дінтану, өзін-өзі тану деген пәндер оқытылады. Бір жағынан балалар жай әншейін айтылған сөздерге қарағанда деректі, ғылыми фактілерді жақын қабылдайды және сол ақпаратқа иланады. Сондықтан мектеп психологы мен ұстаздар өтпелі кезеңдегі оқушыларға адамның даму кезеңдері, физиологиялық ерекшеліктері, жыныстық сауаттылық туралы ақпарат бергені дұрыс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Дана Маратова

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз