Футзалдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Осымен үшінші рет Қазақстан әлемдік додада доп тебейін деп отыр.

Соңғы жылдары елімізде алаңда бес адам ойнайтын шағын футбол дамып келеді. Әрине, осы спорт түріне ерекше мән беріп жатқан азаматтардың арқасы екені түсінікті. Қазір Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Қайрат» футзал клубымен әлемнің мықтылары санасатыны өтірік емес.  Бірақ құраманы да, «Қайратты» да сүйреп жүрген – көбіне бразиялық ойыншылар. Соған қарамастан осылармен бірге шеберліктерін жетілдіріп келе жатқан өзіміздің қазақ жігіттері де жетерлік.

Жақында бразилиялық Кака жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы Чехияда өткен Еуропа аймағы бойынша элиталық раундтың іріктеу кезеңін сәтті аяқтады.

Қазақстан құрамасы D тобында Румыния, Словения және Чехия құрамаларымен кездесті. Бұл ойындардың барлығы Чехияның Брно қаласында өтті.

«Қазақстан бұған дейін әлем біріншілігіне екі рет: бірінде Азия сапынан, екіншісінде Еуропадан қатысты. 2016 жылы өзім де қатыстым. Ол кезде Колумбияда өткен. Әсері мүлде бөлек, өзге турнирлермен салыстыруға келмейді, оны тек сезіну керек. Ал әзірге басты мақсат – іріктеуден сүрінбей өту, яғни топтан бірінші орынға шығып, чемпионатқа тікелей жолдама алу. Одан кейін бұйыртқанын көре жатармыз. Әр құрама өзінше мықты. Бәрімен кездесіп көргенбіз. Сондықтан мүмкіндіктерін білемін. Румындарды ұтылып тұрып ұтсақ, Словениямен тең ойнадық. Чехиядан басым түскенбіз. Бірақ футзал бір орында тұрмайды, деңгейі өсіп кетті. Сол үшін қазір біз алдымен румындарға дайындалып жатырмыз, олардан соң Словениямен ойынға даярлыққа кірісеміз, сосын Чехия. Бәрі кезең-кезеңмен болуы тиіс»,деген еді құрама капитаны Димаш Сүлейменов.

Шынымен де, бұл іріктеу Қазақстан құрамасына оңайға соқпады. Алдымен отандастарымыз Румыния жігіттерімен жолықты. Бұл екі команда осыған дейін де алғашқы іріктеуде бір топта ойнаған. Ол кезде Қазақстан 4:2 есебімен жеңген. Алайда осы жолы бәрі керісінше өрбіді.

Команда румындардан қатарынан үш гол жіберіп, жеңілуге мәжбүр болды. Тек ойын соңында Игита бір гол соқты демесек, одан әріге шамалары жеткен жоқ.

Қазақстан – Румыния 1:3

Голдар: Стойка, 2 (0:1). Савио, 33 (0:2). Тоница, 34 (0:3). Игита, 39 (1:3).

Пенальти соға алмады: Сеч 38.

Қазақстан: Игита, Тайнан, Тұрсағұлов, Дуглас, Оразов, Гуров, Иманәлин, Нұрғожин, Лео, Валиуллин, Сүлейменов (К), Ақбалықов, Есенаманов, Кнауб;

Румыния: Тоница, Стойка (К), Савио, Сеч, Панзару – Григораш (В), Ходьнодь, Ковач, Мовиляну, Крэчун, Паулу Феррейра;

ТөрешілерВладимир Кадыков, Ирина Великанова, Юрий Неверов (бәрі де – Ресей)

Брно, Чехия. «Водова» спорт кешені.

Одан кейін Словениямен ойында кескілескен шайқас секілді болды. Кака бапкердің бұл ойында жеңілуге қақысы жоқ еді. Тіпті тең ойынның өзі мүмкіндігімізден айыратыны белгілі. Словения топтағы аутсайдер команда секілді көрінген. Алайда осы матчта олар өздерін жақсы жақтарынан көрсетті. Қазақстан құрамасы есепті бірінші таймның соңында ғана ашты. Гол авторы – Альберт Ақбалықов.

Екінші кезеңде қарсылас барлық күшпен шабуылдады. Сондай сәттердің бірінде Матей Фидершектің дәл соққысы  Игита қақпасынан табылды. Одан кейін Ален Фетич тіпті Словения алға шығарды. Абырой болғанда Дуглас таразы басын теңестірді. Бірақ олар мұнымен де тоқтамады. Кристиан Чуец үшінші голды соғып, Қазақстанды әбден састырды. Әйтеуір біздің жігіттердің шеберліктері жоғары болған соң, жеңісті жұлып алды. Алдымен, Лео есепті 3:3-ке жеткізсе, шешуші голды Дәурен Тұрсағұлов енгізді.

«Командамның көрсетіп жатқан ойынына ұялмаймын. Осы уақытқа дейін де осы сөзді айтқан едім. Жігіттердің алаңда көрсетіп жатқан ойыны менің ойымдағы футзалға жақын келеді. Олар ел үшін ойнайды. Мұндай ниеттің арқасында барлық қиындықты жеңуге болады. Бір күн демалуға мүмкіндік бердім. Чехиямен өтетін ойында жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Екінші ойынның нәтижесіне қарамаймыз. Команда жанкүйерлер үшін жеңіске жетуге ұмтылады», деді матчтан кейін ұлттық құрама бапкері Кака.

Словения – Қазақстан. 3:4
Голдар: 
Ақбалықов, 18 (0:1). Фидершек, 27 (1:1). Фетич, 31 (2:1). Дуглас, 32 (2:2). Чуец, 34 (3:2). Лео, 38 (3:3). Тұрсағұлов, 40 (3:4).

Словения: Пушкар, Р. Мордей, Хозян, Чуец, Фетич – Ловренчич (В), Корен, Осредкар (К), Турк, Буковец, Душчак, Фидершек;

Қазақстан: Игита, Нұрғожин, Сүлейменов (К), Тұрсағұлов, Оразов, Гуров (В), Тайнан, Иманәлин, Лео, Валиуллин, Ақбалықов, Есенаманов, Дуглас;

ТөрешілерЮрий Неверов, Владимир Кадыков, Иван Шабанов (бәрі де – Ресей).

Брно, Чехия. «Водова» спорт кешені.

Сөйтіп, барлығы алаң иелері Чехиямен ойында шешілетін болды. Еуропаның орталығында орналасқан елдің футзалшылары алғашқы екі ойынды ұтқан. Дегенмен, бұл ойында Қазақстан құрамасы қалай ойнау керектігін көрсетті. Матчтың 4-минутында-ақ есеп 3:0 болып тұрды. Одан кейін де қарқындарын жоғалтпаған отандастарымыз 5:2 есебімен жеңіске жетті. Құрама көшбасшылары Дуглас хет-трик, Тайнан дубльдің авторы атанды. Осылайша, Қазақстан өз тарихында үшінші рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Әлем чемпионаты 2020 жылдың 12 қыркүйегі мен 4 қазан аралығына Литвада өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан Чехия 5:2

Голдар: Дуглас, 3 (1:0). Дуглас, 4 (2:0). Тайнан, 4 (3:0). Дуглас,23 (4:0). Холы, 36 (4:1), Тайнан, 38 (5:1). Вокоун, 40 (5:2).

 Қазақстан: Игита, Гуров, Сүлейменов (К), Тұрсағұлов, Тайнан, Иманәлин, Лео, Валиуллин, Ақбалықов, Есенаманов, Дуглас;

Чехия: Вагала, Хула, Сейдлер (К), Яновски, Внук, Вокоун, Заруба, П.Дрозд, Черны, Холы, Крживанек, Словачек, Коуделка, Д.Дрозд;

Төрешілер: Неверов, Великанова (екеуі де – Ресей);

Брно, Чехия. «Водова» спорт кешені.

«Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып, кезекті табысына қол жеткізді. Элиталық кезеңнің шешуші сынында Чехиямен жолыққан біздің ойыншылар жақсы ойын өрнегін көрсетіп, айқын жеңіске жетті. Ойыншыларды іріктеу кезеңіне дайындаған жаттықтырушылар штабының да ерен еңбегін атап өткен жөн. Қазақстан құрамасы жеңісті жолды жалғастырады деп сенемін. Төрт жыл сайын өтетін дүбірлі додаға жақсы дайындықпен келеді деп ойлаймын. Жаттықтырушылар штабы, ойыншылар мен әкімшілік қызметкерлердің барлығына алғыс айтамын! Мыңдаған жанкүйерлер ұлттық құраманың жеңісін күтті», – дейді ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков.

Біздің құрамада қазіргі еліміздің азаматтығын алған 4 бразилиялық бар. Негізгі ойын тағдырын шешіп жүргендер де солар. Бірақ қазақ жігіттері осыларға ілесіп, ойнап қалғанын байқауға болады. Осы іріктеуде Дәурен Тұрсағұлов жақсы жағынан көзге түсті.

«Бұл үрдіс бізде ғана емес, барлық әлем елдерінде бар. Олар жергілікті ойыншылардың қызығушылығын арттыру, деңгейін көтеру үшін шақыртылады. Соларға қарап өсіп, шеберліктерін шыңдап жатқан жастарымыз алдағы уақытта легионерлерге мұқтаждықтан арылтады деп ойлаймын. Сондай-ақ тәжірибе үшін шетелдік клубтармен жолдастық кездесулерді жиі ұйымдастыру қажет», дейді құрама капитаны Димаш Сүлейменов.

Қазақстан құрамасының әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі мергендері:

8 – Дуглас («Қайрат»)

6 – Тайнан («Спортинг», Португалия)

2 – Игита, Ақбалықов, Тұрсағұлов (бәрі де – «Қайрат»)

1 – Оразов («Қайрат»), Кнауб («Жетісу»), Лео («Спортинг», Португалия).

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №6
11 ақпан 2020 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз