Бір циркте бес мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді десем, сенесің бе? Ал сол циркте жануарлар мүлдем өнер көрсетпейді десем ше? 1984 жылы Канадада Cirque du Soleil құрылды. Цирк атауының қазақша мағынасы – «Күн циркі». Бұл цирк жануарлардың өнерін хореография және ерекше дизайнмен алмастырған. Жылына 600 миллион доллар табыс табатын өнер ұжымы бүкіл әлемге танымал. Ал осындай атақты цирк ұжымының құрамында қазақ жігіті өнер көрсетеді. Ол – Ернұр Сыздықов. Алматыда туып-өскен қарапайым отбасының баласы үлкен циркке қалай келді? Жақында елге келгенде Ернұрмен кездесіп, әңгімелескен едік.

Cirque du Soleil-дің алғашқы ұсынысынан бас тарттым

Ұлан: Балалық шағыңыз қалай өтті? Қандай оқушы болдыңыз?

Ернұр Сыздықов: Алматыда қарапайым қазақ отбасында өмірге келдім.
Әкем – жүргізуші, анам – педагог. Әкем Қарағандыдан, анам Семейден. Екеуі отбасын құрған соң Алматыда тұрақтап қалыпты. Осы қалада мен өмірге келдім.
Мектепте жақсы оқыдым. Сүйікті пәнім математика мен физика болды. Есеп шығару оңай болатын.

Ұлан: Циркке неше жасыңызда келдіңіз? Осы саланы таңдауыңызға не әсер етті?

Ернұр Сыздықов: Үйдегілердің айтуынша, өте тынымсыз бала болыппын. Бұзықтығым да бір басыма жетіп артылатын. Энергиям көп болса керек, анда-мында жүгіріп, бәрінің мазасын кетіретінмін. Әкем сондықтан мені спортқа беру керек деп шешіпті. Әкем де бала күнінде спортпен айналысыпты. Ол кезде арнайы зал, үйірме көп болмағанымен, волейбол, баскетбол, күрес – мүмкіндік болған спорттың бәріне барыпты. Мені акробатика залына алғаш рет 5 жасымда апарды. Содан бері осы салада жүрмін.

Балабақшада Ләззат деген қыз болатын. 4 жасынан акробатикаға баратын. Түрлі қимыл көрсеткенде қызыға қарайтынмын. Қызығушылық содан пайда болған сияқты.
Мектептен кейін Қазақтың спорт және туризм академия-сында оқыдым. Академияны бітірген соң Қазақ мемлекеттік циркінде жұмыс істедім.

Ұлан: Cirque du Soleil-ге қалай тап болдыңыз?

Ернұр Сыздықов: Ұлттық құраманың сапында спорт олимпиадасына қатысып жүрдім. Бірде Францияға олимпиадаға бардық. Cirque du Soleil адамдары осындай спорт жарыстарында көзге түскен спортшыларды іріктеп, шақырады екен. Одан бөлек, жыл сайын кастинг жариялап, іріктеп алатындары да бар.

Менің олимпиадада көр-сеткен өнерім ұнаған болуы керек, 2011 жылы шақырту жіберді. Бірақ ол кезде арма-ным басқа еді. Олимпиада чемпионы атанғым келді. Сондықтан Cirque du Soleil ұсынысынан бас тартуға тура келді. Достарым мұндай мүмкіндікті жіберіп алма деп ақыл айтты. Алайда мен басқа жоспарым барын алға тарттым.

Ұлан: Cirque du Soleil-ге Олимпиада чемпионы болған соң бардыңыз ба?

Ернұр Сыздықов: Жоқ, бір өкініштісі, армандаған чемпиондыққа қол жеткізе алмадым. Лондонда өткен олимпиадаға барғанда ауырып қалдым. Сонда да барымды салдым. Елге келген соң спортты қойып, Қазақ мемлекеттік циркіне акробат болып жұмысқа орналастым. Мақсатым тәжірибе жинап, шыңдалу болды.
Қазақ мемлекеттік циркінде жүргенде түрлі трюк жасап, оны видеоға түсіріп, Youtube-ке жүктедім. Бірде Cirque du Soleil есіме түсті. Видеоларымды жинақтап, электрон пошта арқылы жолдадым.

Цирк қойылымы футболдағы сияқты 90 минутқа созылады. Бұл шоуда 46 әртіс өнер көрсетеді. Техникалық қыз-меткерлердің өзі қанша? Сондықтан бұл шоу көп дайындықты талап етті. Өзім футболдың жанкүйері болмасам да, үлкен стадионға жиналған жанкүйерлерден шабыт алдым. Месси, Шакира сияқты әлем жұлдыздары өнеріңді тамашалап отырғанда барынша тырысады екенсің.

Екі күннен соң басқа мемлекеттің нөмірінен хабарласты. Ол кезде қарындасымды әуе-жайға шығарып салуға бара жатқанмын. Көлікті тоқтатып, қоңырауға жауап бердім. Cirque du Soleil жолдаған видеомды көріп хабарласып тұр екен. Екі күннің ішінде хабарласады деп күтпеген едім. Себебі оларға келіп түсетін өтінім көп. Тіпті кейбіреуге бір жылдан кейін хабарласыпты деп еститінмін. Шақырту алғанда қатты қуандым. 19 жасымда шақырту алғанда бұлай қуанбап едім.

Месси мен Шакираның алдында өнер көрсеттім

Ұлан: Cirque du Soleil-ден не үйрендіңіз?

Ернұр Сыздықов: Циркке қабылданған соң Cirque du Soleil-дің Formation бағдарламасын оқыдым. 4 ай бойы сахна мәдениетіне үйретті. Себебі цирк тек спорт емес, ерекше өнер саласы. Мұнда акробат болу, түрлі трюк жасай білуден де маңызды нәрсе бар. Ол – аудиториямен жұмыс. Formation бағдарламасында сахнада өзіңді ұстау мәдениетін, хореография өнерін, актерлық өнерді үйретті.

Ұлан: Cirque du Soleil-де әлемнің үздіктері өнер көрсететінін білеміз. Басқа ұлт
өкілдерімен қалай тіл табыстыңыз?

Ернұр Сыздықов: Иә, ұжым өте үлкен. Бәріміз ағылшын тілінде сөйлесеміз. Француз, неміс, қытай, орыс – бәрі бар. Мәдениеті, дәстүрі, тілі бөлек болғанымен, цирк –
ортақ өнер, Cirque du Soleil – ортақ үйіміз. Әріптестеріммен тек спорт, өнер саласында емес, дәстүр жағынан да тәжірибе алмасамыз. Цирк ұжымындағы жалғыз қазақ болғандықтан, оларға қазақ халқының ерекше дәстүрі, тарихы туралы айтып беремін.

Ұлан: Алғаш қандай шоуда өнер көрсеттіңіз?

Ернұр Сыздықов: Алғаш рет футбол жұлдызы Лионель Мессиге арналған шоуда өнер көрсеттім. Оқырманға Мессидің кім екенін таныстырып отырудың өзі артық шығар. Цирк қойылымы футболдағы сияқты 90 минутқа созылады. Бұл шоуда 46 әртіс өнер көрсетеді. Техникалық қызметкерлердің өзі қанша? Сондықтан бұл шоу көп дайындықты талап етті. Өзім футболдың жанкүйері болмасам да, үлкен стадионға жиналған жанкүйерлерден шабыт алдым. Месси, Шакира сияқты әлем жұлдыздары өнеріңді тамашалап отырғанда барынша тырысады екенсің.

Ұлан: Бір шоуға қанша уақыт дайындаласыздар?

Ернұр Сыздықов: Мессидің шоуына жарты жыл дайындалдық. Тек физикалық жағынан емес, киім, музыка, хореография, талғам жағынан да дайындық мықты болды. Шоуда өнер көрсететін әр әртісте 6-7 түрлі костюм болады. 90 минутта жүз құбылып, би де билейсің, трюк те көрсетесің, киім де ауыстырасың.

Ұлан: Акробат болу оңай емес. Жарақат алып, өміріңізге қауіп төнген сәттер болды ма?

Ернұр Сыздықов: Әрине, спорт болған соң ондай жағдай кездеседі. Жиі кездеседі деуге де болады. Бірақ нақты біреуі есімде қалмапты. Цирк сахна-сында өнер көрсеткенде, халықтың қошеметіне бөлен-генде оның бәрін ұмытып кетемін.

Ұлан: Күніне қанша уақыт жаттығасыз?

Ернұр Сыздықов: Бала күнімде қалыптасқан әдет бойынша, күніне кем дегенде екі сағат жаттығамын. Кейде дайындық кезінде одан да көп дайындаламыз. Қолымыз ойылып қалатын күндер де болған. Бірақ мен үшін физика-лық ауырлық аса қиын емес.

Ұлан: Нені армандайсыз? Қандай жоспарыңыз бар?

Ернұр Сыздықов: Болашақта Қазақстанда өнер көрсеткім келеді. Демалыс сайын елге келемін. Әлеуметтік желіде, академияда «кішкентай достарым» бар. Соларға түрлі трюк, әдіс-тәсілдер үйретемін. Цирк өнері қазаққа жат, тарихында болмаған дегенді теріске шығарып, дәлелдеп келеміз. Бізден кейінгі толқын да осы дәстүрді жалғастырса екен деймін.

Ұлан: Қазақ жастарына не айтқыңыз келеді?

Ернұр Сыздықов: Бұрынғымен салыстырғанда, қазіргі жастарда мүмкіндік көп. Барлығы дерлік сауатты, көзі ашық. Ақпарат көп. Замандастарымның бәріне спортпен дос болыңдар дегім келеді. Спорт, салауатты өмір салтын сән үшін емес, өзіміз үшін, денсаулығымыз бен болашағымыз үшін ұстанайық.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №6
11 ақпан 2020 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз