Достар, қолөнерге, соның ішінде ұлттық бұйымдар жасауға қызығасыңдар ма? Зергерлік өнердің қыр-сырын меңгеру қиын ба? Бұл іспен қанша жастан бастап айналысуға болады? Осы және өзге де қолөнерге қатысты бірқатар сұрақтың жауабын кәсіби маманнан сұрап білдік.

Нұрдос Алиасқаров қолөнер әлеміне бала күнінен қызыққан. Бастапқыда сурет салып, ермексаздан түрлі мүсін жасаумен әуестеніпті. Бала күнгі арманын іске асыру үшін кейіпкеріміз өнер мектебіне барған. Айтуынша, сол жерде ең алғаш қолөнердің көптеген түрімен танысып, аға буын өкілдерінің жасаған бұйымдарын көріп, шағын шеберханаларда біліктілігін арттыра түскен. Металл өңдеу мамандығы бойынша білім алған зергердің бұл іспен кәсіби түрде айналысып келе жатқанына 15 жылдан астам уақыт болған. Осы уақыт аралығында ол металл өңдеудің түрлі тәсілін игеріп, көптеген зергердің жұмыстарымен танысу арқылы мол тәжірибе жинағанын айтады. Алайда зергерліктің шыңына жету мүмкін еместігін де естен шығармады. Себебі қолөнер адамнан күн сайын жаңа әдістер үйреніп, шығармашылық дамуды талап етеді.

Зергер қолөнермен айна-лысу үшін адамға бірінші кезекте білімін арттырудың маңызды екенін айтады. Демек, өз ісін сүйген адам оның шығу тарихы жайлы егжей-тегжейлі ақпаратқа қанық болғаны абзал. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қоғамының алтын бұйымнан гөрі күміске басымдық бере бастағанына үш ғасырдан астам уақыт болған екен. Нұрдос Әлмұратұлы да бағалы металдардың ішінен көбінесе күміспен жұмыс жасағанды ұнатады. Оның басты себебін күміс иілгіш, ыңғайлы, төзімді әрі түрлі тәжірибе жасауда таптырмас шикізат көзі деп түсіндірді. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз күмісті ерекше бағалап, тазалықтың символы деп білген.

Әр шебердің өнер әлеміндегі өзіндік қолтаңбасы мен бұйым жасау стилі болады. Осындай қасиеттерінің арқасында олар өзгелерден дараланады. Көшпенділер мәдениетін заманауи тұрғыдан қайта жаңғыртуды көздейтін шебер, жұмысына күнделікті күнкөріс көзі ғана емес, ең алдымен өнер туындысы тұрғысынан қарайды. Яғни коммерциялық мақсаттан гөрі, қайталанбайтын эксклюзив дүниелерді жасауға әуес. Қолөнерші Серік Рысбековтен тәлім алған шебер замандастарының арасынан Аман Мұқажанов пен Сержан Башировтың жұмыстарын жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Зергер XVI ғасырда өмір сүрген италиялық әйгілі мүсінші-зергер Бенвенуто Челлинидің жасаған өнер туындыларына қызыға қарайтынын да жасырмады. Әлемдік деңгейдегі әйгілі қолөнершілердің арасынан дәл осы италиялық шеберді техниканың қазіргідей жоғары деңгейдегі даму сатысына түспеген уақыттың өзінде таңғажайып бұйымдарды дүниеге әкеле білгені үшін ерекше құрметтейді екен. «Жігітке жеті өнер де аз» деген қағиданы ұстанатын кейіпкеріміз сурет пен мүсін өнерінің де қыр-сырын меңгерген маман. Ол өз саласының жаңашылдығын үйреніп қана қоймай, өзге-лерге де үйретуді мақсат еткен. Осылайша бас-аяғы бес жылдың ішінде шәкірті Дәурен Абанқұловты кәсіби зергер дәрежесіне көтеріпті. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы Haileybury School мен Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында да жастарға қолөнер бағыты бойынша дәріс берген.

Қазақ қолөнерінің әлемдік деңгейде лайықты бағасын алуы жолында тер төгіп жүрген азамат ерекше нақыштағы әшекей бұйымдарды сән сахнасына алып шыққан. Өз ісін сүйе білген жанның, ең алдымен әр адам елінің атын шығаруы үшін еңбектенсе екен деген ниеті бар. Сингапур, Париж, Стамбұл, Амстердам секілді дүниежүзінің ірі қалаларында жеке көрмесін өткізген зергер алдағы уақытта Бельгия, Стокгольм мен Люксембургте көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған Нұрдос Алиасқаровтың айтуынша, қолөнерге қызығушылық әр қазақтың бойына қанмен дарыған қасиет. Ол балалардың зергерлік өнерге ынтасын ашып, оларды осы салаға 10-15 жастан бастап баулу қажет дейді. Болашағын өнердің дәл осы түрімен байланыстыратын жастарға үлкен ізденіс пен шыдамдылықты қатар алып жүруге кеңес береді. Түрлі мәдениеттер мен дүниежүзі тарихын, әлемдік өркениеттен хабары бар балалардың ой- өрісі дамып, жаңа дүниелерді жасау кезінде қиялы озық болады дейді маман. Қолөнер адамды ең алдымен тазалыққа, дәлдікке, мәдениет пен ерекше ойлауға дағдыландырады. Қай ғасырды алып қарасақ та, зергерлер, мүсіншілер, суретшілер мен ұсталарға деген халықтың құрметі ерекше болған. Ерекше еңбегінің арқасында жақында Еуразия дизайнерлері одағының «Дизайн саласына қосқан үлесі үшін» деген арнайы төсбелгісімен марапатталған зергер суретшіге талантты шәкірттерінің көп болып, еңбегінің лайықты бағаланып, қазақ өнерін насихаттау жолында қажырлы еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспіз.

Бексұлтан НӨКЕРБАН

«Ұлан» газеті, №6
11 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз